Пиза тапсырмасы PDF
Document Details
Uploaded by Deleted User
Tags
Summary
Бұл құжатта адам ағзасындағы зат алмасуы және энергия алмасуы туралы мағлұматтар берілген. Зат алмасу процесінің түрлері мен олардың маңыздылығы туралы ақпараттар бар.
Full Transcript
Мәнмәтін Заттар мен энергия алмасу арқылы ағзаның ішкі ортасының (қан, ұлпа сұйықтығы, лимфа) тұрақтылығы сақталады. Ағза заттар мен энергия алмасу арқылы өседі, дамиды және тіршілігін жалғастырады. Заттар мен энергияның алмасуы 2 процестен тұрады. Біріншісі -- пластикалық алмасу (ассимиляция),...
Мәнмәтін Заттар мен энергия алмасу арқылы ағзаның ішкі ортасының (қан, ұлпа сұйықтығы, лимфа) тұрақтылығы сақталады. Ағза заттар мен энергия алмасу арқылы өседі, дамиды және тіршілігін жалғастырады. Заттар мен энергияның алмасуы 2 процестен тұрады. Біріншісі -- пластикалық алмасу (ассимиляция), екіншісі -- энергетикалық алмасу (диссимиляция). Алмасудың бұл екі жолы өзара тығыз байланысты, әрі бір-біріне тәуелді, біртұтас процестер. **Пластикалық алмасу**. Пластикалық (латынша «plastіke» -- құрылысының қайта қалпына келуі) алмасу кезінде тағамдық заттардан ағзаның өзіне тән органикалық қосылыстар түзіледі. Мұндай қосылыстар жасушадағы тіршілігін жойған құрылымдардың орнын басады, жаңа жасушалар пайда болады. Пластикалық алмасу кезінде түзілген органикалық қосылыстар жасушааралық заттардың құрамына да кіреді. Пластикалық алмасуды екінші сөзбен ассимиляция (латынша «asіmіlatіо» -- өзі тектес) деп те атайды. Соңғы кезде анаболизм (грекше -- «аnavole» -- көтерілу, өрлеу) атауы көбірек қолданылады. **Нәруыздардың алмасуы**. Адамның дене салмағының 25%-ын нәруыздар құрайды. Нәруыздар көптеген амин қышқылдарынан құралған. Ағзадағы амин қышқылдардың маңызына байланысты алмастыруға болатын және алмастыруға болмайтын деп 2 топқа бөледі. Алмастыруға болатын амин қышқылдар ағзаның өзінде түзіледі. Алмастыруға болмайтын амин қышқылдар ағзаға тағаммен бірге қабылданады. Адам ағзасына қажетті барлық амин қышқылдары бар нәруыздық тағамдарды бағалы нәруыздар деп атайды. Бағалы нәруыздар сүт, жұмыртқа, ет және балық тағамдарының құрамында көптеп кездеседі. **Майдың алмасуы**. Адамның дене салмағының 10--20%-ын май құрайды. Майдың құрамында қаныққан және қанықпаған май қышқылдары болады. Қанықпаған май қышқылдары ағзаға тек тамақпен бірге түседі. Мұндай май қышқылдары өсімдіктен алынатын майлардың құрамында көбірек кездеседі. Май цитоплазманың, жасуша ядросы, жарғақшасының, витаминдердің және т.б. құрамында болады. Май ыдыраған кезде басқа органикалық заттардан екі есе көп энергия бөлінеді. Ағзада артық май тері астында, іште және т.б. жерлерде қор ретінде жиналады. **Көмірсулардың алмасуы**. Адамның дене салмағының 1%-ы көмірсулар. Табиғи тағамның құрамында көмірсулар көбіне моно- және полисахаридтер күйінде кездеседі. Көмірсулар асқорыту мүшелерінде қантқа (глюкозаға) дейін ыдырап, ұлпаларға таралады. Көмірсулардың ыдырауы кезінде соңғы өнімдер ретінде су мен көмірқышқыл газы бөлінеді. Көмірсулар қанның құрамындағы қант мөлшерінің тұрақты болуын реттеуге қатысады. Қанның құрамында қанттың мөлшері үнемі 0,12% қалпында тұрақты болады. Ағзаға түскен артық қант гликоген түрінде бұлшықеттерде және бауырда қор ретінде жиналады. Гликоген ағзаның қарқынды іс-әрекеті кезінде қажетті жұмыстарға жұмсалады. Көмірсулар тамақ құрамында аз болса, ол ағзадағы нәруыздардан, майлардан да түзіледі. Егер көмірсулар тағаммен ағзаға көп түссе, майға айналады. **Су мен минералды тұздардың алмасуы**. Адамның дене салмағының шамамен 60%-ы су. Балалардың ағзасында су ересектерге қарағанда едәуір көп. Адам ағзасындағы жеке мүшелердегі судың мөлшері де түрліше. Мысалы, бауырдың, бұлшықеттердің, көкбауырдың салмағының 80%-ға жуығы су. Сүйек ұлпасында су -- 20%-дай. Минералды тұздар жасушаның құрамына кіреді және нәруыздардың, ферменттердің, гормондардың түзілуіне әсер етеді. Қанның, ұлпа сұйықтығының қысымын реттейді. Жүйкенің қозуы, бұлшықеттердің жиырылуы, қанның ұюы минералды тұздарға байланысты. Адамның дене салмағының шамамен 4%-ы минералды тұздар. Адам ағзасына көбірек қажетті элементтерге Na, K, Ca, Mg, Cl, P жатады. Бұл элементтер минералды тұздардың құрамына кіреді. Кейбір минералды тұздар өте аз мөлшерде болса да, ағза үшін маңызды рөл атқарады.