Жай сөйлемнің күрделену жолдары PDF
Document Details
Uploaded by FeasibleYeti
Tags
Summary
This document discusses the ways in which simple sentences can be made more complex in Tatar. It analyzes different sentence structures, provides examples, and explains how the relationships between words create more intricate sentences.
Full Transcript
ЖАЙ СӨЙЛЕМНІҢ КҮРДЕЛЕНУ ЖОЛДАРЫ БІРЫҢҒАЙ МҮШЕ Сөйлем мүшелері сөйлемде жеке-жеке қолданылумен бірге топ-тобымен де қолданыла алады. Осындай сөйлем мүшелері бір сөз табынан да, бір ғана синтаксистік қызметтегі әртүрлі сөз таптарынан да жасалады, олардың бәріне бірдей бір ғана сұрақ қо...
ЖАЙ СӨЙЛЕМНІҢ КҮРДЕЛЕНУ ЖОЛДАРЫ БІРЫҢҒАЙ МҮШЕ Сөйлем мүшелері сөйлемде жеке-жеке қолданылумен бірге топ-тобымен де қолданыла алады. Осындай сөйлем мүшелері бір сөз табынан да, бір ғана синтаксистік қызметтегі әртүрлі сөз таптарынан да жасалады, олардың бәріне бірдей бір ғана сұрақ қойылады. Бұлардың тұлғалары да көбінесе бір формада болып келеді. Бұндай мүшелер бір сұраққа жауап беріп, бір синтаксистік қызмет атқарып, тобымен сөйлемнің белгілі бір мүшесімен ғана қатынасқа түсіп сөйлемнің бірыңғай мүшесі бола алады. С.Аманжолов бұл туралы былай дейді: «Кейбір сөйлемде бастауыш, баяндауыш толықтауыш, анықтауыш, пысықтауыштар бірнеше болып келеді. Мұның ойға, ой толықтығына әсері бар. Өйткені бұлардың көп болуы ойдың жан-жағынан көрінуін, айқындалуын қамтамасыз етеді. Көп бастауышты, әдетте, сыйысқан сөйлем дейміз. Өйткені олар істің бірыңғайлылығымен ғана бір сөйлем болып тұрады. Істері бірыңғай болмаса, әрқайсысы бөлек сөйлем болатыны даусыз» БІРЫҢҒАЙ МҮШЕ Сонымен, сөйлемде бір-бірімен салаласа байланысып, бір сұраққа жауап беретін, бір ғана сөйлем мүшесі бола алатын бірнеше сөздерді сөйлемнің бірыңғай мүшелері деп айтамыз. Бірыңғай мүшелер интонация арқылы да, жалғаулық шылаулар арқылы да байланысады. Бірыңғай мүшелер бір-бірімен салаласа, ал сөйлемнің басқа мүшелерімен сабақтаса байланысады. Бірыңғай мүшелер бір сөзден құралған жалаң не сөз тіркесінен құралған жайылма болады: Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста – сөйлемінде бірыңғай жалаң толықтауыштар болса, Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты, сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін?! (Абай) – сөйлемінде бірыңғай жайылма анықтауыштар қолданылған. БІРЫҢҒАЙ ТҰРЛАУЛЫ МҮШЕЛЕР. БІРЫҢҒАЙ БАСТАУЫШ Бастауыш болатын сөздер тұлғалық жағынан бір тектес зат есімдер болуы немесе бұған қарама-қарсы әр текті зат есімдер болуы мүмкін: Әйтсе де камерадағы ұйқысыз түндер, мазасыз күндер, тергеушілердің кемсітуі, күзетшінің қорлауы, абақты тақсіреті Дулатовтың күнбе күн сағын сындырып, жүйкесін жұқарта берген секілді (Д. Досжанов). Сен ат шалдырмаған шат пен шатқал, қылта мен қуыс, жайдақ пен терең, құм мен шалғын кем де кем (С.Сүлейменов). Бірыңғай сөйлем мүшелерін жинақтап тұратын сөз жалпылауыш сөз деп аталады. Сөйлемдегі бірыңғай мүшелер бірнешеу болғандықтан олардың көптігін білдіретін көптік жалғау ең соңғы мүшеге жалғанады. Бұлар мынадай жағдайларда қолданылады: 1. Бірыңғай бастауыш кісі атттары болғанда олардың ең соңғысына көптік жалғау жалғанады. Ондайда көптік жалғауы жинақтаушы қызмет атқарады. Үйде Қажекеңнен басқа Сәбит Мариямен, ағайынды Риза, Шафық Шокиндер, Қалижан Жамалымен, Тайыр Мунирасымен, Қажым, Жұмағали, тағы басқа достар болатын (Күш атасы). 2. Біркелкі бірыңғай бастауыштарды (кей басқа да мүшелерді) жинаушы сөз жинақтау сан есімдері болады: Жұрт тарай бастағанда, Михайл, Айдынғали, Жақсылық үшеуі оңаша қалған еді (Ғ.Сланов). 3. Бірыңғай мүшелерді жинақтау қызметінде бәрі, барлығы да, осының бәрі, көптік жалғаулы деген есімшесі тәрізді сөздер жиі қолданылады: Оның өз әкесі Құнанбай, оның әкесі Өскенбай, үшінші атасы Ырғызбай – бұлардың барлығы да ірі феодал болған, ру ішінде үлкен үстемдік жүргізген адамдар (Б.Кенжебаев). Қызғалдақ, жауқазын, сарғалдақ, бәйшешек дегендер... құлырып жайнайды (М.Әуезов). Егер жалпылауыш сөз сөйлемнің басында келсе, одан кейін қос нүкте қойылады: Түрксибтен келген вагонмен Москваға тоғыз кісі: Байжан, Гүлнар, Сырбай, Бақытжан, Рахмет, Ағайша, Масақбайдың екі баласы мен әйелі жүріп кетті (С.Мұқанов). Егер соңында келсе, алдынан сызықша қойылады: Арғын, Найман, Керей, Уақ - бәрі бас қосыпты (М.Әуезов). Бірыңғай мүше мен жалпылауыш сөз бір сұрауға жауап беріп, сөйлемдерде бір синтаксистік қызмет атқарады. Мысалы: Серік, Ләйлі, Гүлжайна – бәрі қуанышын бөлісіп жатыр. БІРЫҢҒАЙ БАЯНДАУЫШ Бірыңғай баяндауыштың бәрі бірдей бастауышқа бағынады. Бірыңғай баяндауыштардың барлығының мағыналық салмағы бірдей болғанмен, негізінен ең соңғы баяндауыштың сөйлем құрауда синтаксистік қызметі ерекше болады. Бірыңғай баяндауыштар етістікті және есімді болып келеді. Етістікті бірыңғай баяндауыштар қимылдың бірінен соң бірі болып жатқан үдетпелілігін және мезгілдестігін білдіреді: Мұң мен назы аралас Мұстапаның зарлы әні жорғадай тайпалып, құйындай екпіндеген Жарылғаптың «Алтыбасары» Дәрменді де қыздырды, екілендірді (Ж.Аймауытов). Менің мұнда келетінім баяғыдан белгілі, ұлтшылмын, алашордашылмын (Д.Досжанов). БІРЫҢҒАЙ ТҰРЛАУСЫЗ МҮШЕЛЕР Тұрлаусыз мүшелердің барлығының бірыңғай болу амалдары бірдей емес. Толықтауыштар бірыңғай болғанда, олар жалғаулықты, жалғаулықсыз байланыста тұрып, екі түрлі тұлғаланады: бірде (көбінесе) әрбір бірыңғай толықтауыш тиісті септік жалғауда айтылса, кейде ондай жалғау ең соңғы толықтауышқа ғана жалғанып, алдыңғыларды сол жалғауға сырттай телініп, жалғаусыз айтылады: Бір күні бай баласын үлде мен бүлдеге орап, киіндіріп, ат-тұрманын сайлап, қасына бір жас шешен жігіт пен бір ақынды қосып, ауыл-ауылды аралап, қыз көруге жіберіпті (Сөз тапқанға қолқа жоқ). Ақсақ соқырды, жарықты, тазды, көксауды алмайды екен (Ж.Аймауытов). БІРЫҢҒАЙ АНЫҚТАУЫШ Анықтайтын сөзіне қатысы бірдей бірнеше анықтауыш бір сөзді әр жағынан анықтайды. Олар мағыналық грамматикалық белгілері жағынан ыңғайлас болады. Бұл үй кілемді, текеметті, алашалы, көрпелі меймандос мол үй (М. Әуезов). Мұндай мағыналас, көбінесе тұлғалас сөздерден барлығы бірдей дәрежеде бір сөзге қатысты болып тұратын анықтауыштар – бірыңғай анықтауыштар – ойды көрікті, көркем етудің де тәсіл бояулары. Кейде тұлғасы, мағынасы жағынан түрлі сөз табына жататын сөздер де бірыңғай анықтауыштар болуы мүмкін. Ондайда олар да айырым интонациямен айтылады. Мысалы: Орысша киінген, ақ құба, қара сақалды, орта бойлы адам үйге кірді. БІРЫҢҒАЙ ПЫСЫҚТАУЫШ Пысықтауыштар да анықтауыш сияқты бірыңғай болып жиі жұмсалады. Әсіресе, туынды үстеулерден, көсемшелерден болған пысықтауыштардың бірыңғай болу қабілеті күшті. Олар көбінесе интонация арқылы, кейде жалғаулықтар арқылы да байланысады: Ол хатты асықпай, баппен, жақсылап, тағы бір оқып шықты (С.Көбеев). Абай біресе қабақ шытып, біресе күрсініп тымағын қолына алды (М.Әуезов). СӨЙЛЕМНІҢ АЙҚЫНДАУЫШ МҮШЕЛЕРІ АРҚЫЛЫ КҮРДЕЛЕНУІ Айқындауыш – анықтауыштың ерекше бір түрі. Анықтауыштан өзгешелігі: Анықтауыш анықталатын сөздердің алдында тұрып, оның өзіне тән, басқа заттан ерекше сынын, сапасын білдірсе, айқындауыш анықтайтын сөзінен кейін тұрып, көбінесе оның лексикалық мағынасын, мүшелік қызметін басқа сөздермен дәлдеп толықтырады немесе қосымша, көлденең сапасын көрсетеді. Құрылысына қарай 3-ке бөлінеді: қосалқы, қосарлы, оңашаланған айқындауыш ҚОСАЛҚЫ АЙҚЫНДАУЫШ 1. Қосалқы айқындауыш – зат есімнің қосымша сыны ретінде жұмсалатын сөздер. Олар анықтайтын сөздердің қосымшасы, заттың сапасы болмағандықтан, анықтауыштардай олармен тығыз байланыста болмайды. Сондықтан олар айқындайтын сөздерімен орын ауыстыра береді. (Алпамыс батыр, Баян бәйбіше, Үсен ақсақал). Қосалқы айқындауыш сөйлемде айқындайтын сөзімен ұласып, ол екеуі сөйлемнің біртұтас күрделі мүшесі болып жұмсалады. ҚОСАРЛЫ АЙҚЫНДАУЫШ 2. Қосарлы айқындауыш деп анықтайтын сөзімен қосарлана жұмсалатын сөздерді айтамыз (телефон-автомат, батыр-ұшқыш, инженер-технолог). ОҢАШАЛАНҒАН АЙҚЫНДАУЫШ 3. Оңашаланған айқындауыш деп өзі қатысты сөзінен соң тұрып, онымен тұлғалас болатын және оның мағынасын түсіндіріп тұратын сөздерді айтамыз. Оқшау айтылып, екі жағынан үтірмен бөлінеді. Оңашаланған айқындауыштар айқындайтын сөздерін нақтылай түсу, сипаттау, мінездеу ыңғайында айтылады да, оның әр қырлы қайталамасы ретінде келеді. Сондықтан оңашаланған айқындауыштар айқындайтын сөзімен мағыналас, тұлғалас болып, оның соңында тұрады. Сөйлем ішінде басқа жағдайға байланысты үтір қойылса немесе айқындауыш мүшелер бірнешеу болып, үтірмен ажыратылса, сөйлемнің бірыңғай мүшелеріне ұқсап кетпеу үшін олар сызықша арқылы бөлінеді. Мысалы: Біздерге, 4 курс студенттеріне, аса үлкен міндет – практиканы жақсы өткізу міндеті жүктелген. Оңашаланған айқындауыш бірыңғай мүшелерден жасалса, оның алдынан қос нүкте, соңынан сызықша қойылады. Мысалы: Қазақтың ұлттық аспаптарының: домбыраның, сыбызғының, сазсырнайдың - әуені ерекше. СӨЙЛЕМНІҢ ОҚШАУ СӨЗДЕР АРҚЫЛЫ КҮРДЕЛЕНУІ Сөйлемде басқа сөздермен синтаксистік байланысқа түспей, олардан дауыс ырғағы арқылы ерекшеленетін сөздер оқшау сөздер деп аталады. Олар жазуда басқа сөздерден белгілі тыныс белгілері арқылы, яғни үтірмен бөлінеді. Оқшау сөздер тілімізде үшке бөлінеді: 1. Қаратпа сөз 2. Қыстырма сөз 3. Одағай сөз Қаратпа сөз. Біреуге арналып айтылған сөйлемде оның кімге арналғанын білдіретін сөз не сөз тіркесін қаратпа сөз деп атаймыз. Мысалы: Апа, бері келіңізші. Қаратпа диалогта, шешендік сөздер, поэзияда, түрлі хаттар мен ісқағаздарда қолданылады. Қаратпа сөз сондай-ақ кісінің көңіл-күйін, модальдылықты, кісінің сезімін білдіреді. Бишара-ай, қор болды-ау! Шырағым, сен қорықпа. Дүкенге баршы, қалқам, - деді. Қаратпа қызметінде көбінесе кісінің аты, тегі, әкесінің аты және кім? деген сұрақ қоюға болатын шырақ, нағашы апа, жолдас, балалар, оқушылар сияқты зат есімдер (көптеліп, тәуелденіп, түбір күйінде тұрып) жұмсалады. Қаратпа сөз сөйлемнің басында келсе одан кейін, ортасында келсе екі жағынан, соңында келсе алдынан үтір, одан кейін сөйлемнің айтылу мақсатына қарай нүкте не леп белгісі арқылы ажырайды. Қыстырма сөз. Сөйлемдегі ойға, оның айтылу тәсіліне айтушының қалай қарайтынын білдіретін оқшау сөз қыстырма сөз деп аталады. Қыстырма сөздер сөйлемдегі басқа сөздермен байланыспай, белгілі сөйлем мүшесі болмай, олардан оқшау тұрады. Бүгінгі мәселе, қорыта келгенде, осымен аяқталады. Осының бәрі, әрине, солардың міндеті. Байқаймын, ертең кетесің. Сен ертең кел, кім біледі, мүмкін жолың бар. Жаңылмасам, ол бүгін келер. Қыстырма сөзді мағынасына қарай былай бөліп қарастыруға болады. Қыстырма сөздер мынадай мағыналарды білдіреді: 1. Кісінің көңіл күйін, сезімін білдіретін қыстырма сөздер: несін айтасың, бақытымызға қарай, амал қанша т. б. 2. Жорамалдау, нануды білдіретін қыстырма сөздер: әрине, әдетте, рас, сөз жоқ, сірә, мүмкін, шамасы, расында, шынында, өзіңіз білесіз, шынын айту керек т. б. 3. Ойдың айтылу амалы, тәсілін білдіретін қыстырма сөздер: қысқасы, сайып келгенде, былайша айтқанда, жалпы алғанда, демек, ендеше т. б. 4. Ойға басқаның немесе сөйлеушінің пікірі тұрғысынан қарағандықты білдіретін қыстырма сөздер: оның айтуына қарағанда, біздің ойымызша, меніңше, сіздіңше т.б. Одағай сөз. Сөйлем мүшелерімен грамматикалық байланысқа түспейтін, өздігінен сөйлем мүшесі бола алмайтын, сөйлемде тек айтылған ойға сөйлеушінің түрліше көңіл күйін білдіретін оқшау сөздің бірін одағай сөз дейді. Мысалы: Шіркін, мына шайдан ішкен де арманда, ішпеген де арманда! Япыр-ай, қай дұшпаным жеткізді екен, - деп еңіреп жіберіп, үйден шыға жөнеліпті (Қ. Жұмаділов). Одағайлар көбінесе ауызекі сөйлеуде, көркем әдебиетте қолданылады. Сөйлемнің басында келеді, кейде сөйлемнің соңында келеді. Одағай сөз қалыпты, баяу айтылса, жазғанда одағайдан кейін үтір қойылады, ал көтеріңкі дауыспен айтылса, леп білгісі қойылады. Сөйлемдегі сөздердің орын тәртібі Сөйлемдегі сөздердің ғасырлар бойы жасалып, қалыптасқан белгілі бір орын тәртібі болады. Сөйлемдегі сөздердің орналасу тәртібі екі түрлі болады: сөйлемдегі бірқатар сөйлем мүшелерінің орын тәртібі тұрақты, бірқатарының орын тәртібі жылжымалы болады. Сөйлем мүшелерінің қалыптасқан орын тәртібі төмендегідей болады. Баяндауыш сөйлемнің ең соңында, бастауыш одан бұрын анықтауыш анықталатын сөзінен бұрын, толықтауыш пен пысықтауыш сөздері қатысты сөзінен бұрын тұрады. Сөйлем мүшелерінің қалыпты орын тәртібін өзгертіп қолдану инверсия деп аталады. Мысалы: Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін… Қалыпты орын тәртібі бойынша жазбаймын баяндауышы сөйлемнің соңында, пысықтауыш мүше оның алдында тұруы керек еді. Инверсия жасау арқылы сөздерге логикалық екпін түсіріп айтуға болады. Сонда сөйлем мүшелерінің орнын ауыстырып, инверсия жасау стильдік қызмет атқарады.