Full Transcript

Сәтбай қажыға қарасты Кіші ауылдың тұрғындары көктем шуағы жылт еткенде-ақ қыстауды тастап, Қарамұрын қырқасына қоныс аударған. Рас, бәрі емес, жол-жөнекей тігетін ұранқай үйлерімен ғана көшкен. Ас-су, қазан-аяқ қорада. Жайлауда, күн қызған шақта тігілетін үлкен үйлер де қоймада жатыр. Бұлар қора ір...

Сәтбай қажыға қарасты Кіші ауылдың тұрғындары көктем шуағы жылт еткенде-ақ қыстауды тастап, Қарамұрын қырқасына қоныс аударған. Рас, бәрі емес, жол-жөнекей тігетін ұранқай үйлерімен ғана көшкен. Ас-су, қазан-аяқ қорада. Жайлауда, күн қызған шақта тігілетін үлкен үйлер де қоймада жатыр. Бұлар қора іргесінен аулаққа қонып жұрт ауыстырып жатқанда, төңіректегі ауылдар жайлауға көшуді бастаған. Соның алғашқы белгілері қыр астындағы қара жолдың бойынан белең беріп, кешелі-бүгінді боздаған түйелер даусы мен арбалар шиқылы, үрген ит, дабырлаған адамдар үні естілген. Сәтбай ауылы бірақ қыбыр еткен жоқ, жайбарақат қалпында отыра берді: күннен-күнге қызуы молайып жадырай түскен күншуақты сезбегендей, бірер апта бейғам отырса -- қаржас ауылдарының қалың көшінен қара үзіп, күллі Ақкелін атырабында сопиып оңаша қалатынын білмегендей сыңай аңғартты\... Сәтбайдан екі ауыл тарайды. Бірі -- қажының қарашаңырағы орнаған Обалы биігінің іргесіндегі Үлкен ауыл да; екіншісі -- Қарамұрын дөңінің түстік етегінен ірге тепкен Кіші ауыл -- Имантайға қарасты екі-үш үй. Екі ауылдың арасы қозы көш жер. Ортада шалғыны белуардан келетін кең өлке жатыр, оны қақ жарып, Айырық атты жіңішке өзен ағады. Айырықтың теріскей жағасына Имантай ауылы шаңырақ көтергенде небәрі екі түтін еді -- Имантайдың отау үйі мен аталас ағайын Қасеннің отбасы. Бертінде бұларға тағы да екі үй қосылды. Айналасы бес-алты жылда жатаған қырқаның етегі өріске шығарар қараң-құраңы едәуір, көрікті мекенжай болып бой көтерді. Бүгінде Кіші ауылдың түтіні бұрынғыдан да жоғары. Екі ауылдың үлкен-кішісінен бір жан Имантайға: «Би-аға, мұның не? Топырақ қауып ескі қыстауда қашанғы отырамыз?» -- дей алмайды. Қайсысы болсын, алдына шақырса -- бидің қабағын бағып, не айтасыз дегендей қол қусырып қарап тұрады\... Имантай бидің қадірі өзіне қарасты екі ауылмен ғана шектелмейді, оның бірауыз сәлемін ат шаптырым төңіректегі қаржас, бабас, атығайда, бүкіл Ақкелін болысында екі айтқызбай орындау -- соңғы 10-15 жылда бұлжымас рәсімге айналған өнеге. Сөйте тұра ол да кеудесін кернеген өксіктен құралақан емес-ті. Имантайдың өмірдегі зор өкініштерінің бірі -- бала зары. Бәйбішесі Нұрым Тасболатқызына ол алпысыншы жылдары үйленген. Содан бері отыз жыл өтті. Жастай қосылған жарына өкпесі жоқ, өмірдің небір қызық, бақуатты кезеңдерін жарастықпен өткізіп келеді. Тағдырдың қатал жазасына не шара, ертеректе көрген Күнше есімді қыз бала ғұмырлы болмады, жүгіріп жүргенде дүниеден өтті. Ал бала зары жасы ұлғайған сайын зорайып, жүрегін сыздатады\... Тұңғышының есімі -- ҚАЗИЗА. Қасиетті Құран кiтабын қолына ұстап отырып, азан айтып, аузы дуалы Құрмантай абыздың нәрестеге еншілеген есiмi -- FАБДУЛҒАЗИЗ, арабшадан аударғанда FАБДУЛ -- құл, FАЗИЗ -- адал деген ұғымның баламасы, демек ол адамның емес, Алланың адал құлы болуға тиіс. Алайда адам баласы долбарлайды, ал жазмыш өзiнше жасайдының керi болды: Имантай шаңырағына мол қуаныш әкелген сәби анасының сол сәтте аузына оралған Бөкеш деген байырғы қазақы есiммен ауыл-аймағына танылды. Тек ресми құжаттарына азан аты қысқарып, Fазиз деп жазылмақ. Әлиманың алғашқы күйеуі Қанафия марқұм өкпесін дендеген құрт ауруынан опат болған. Құдай қосқан жарына марқұмның қалдырып кеткен «мұрасы» да -- кеуде дерті. Сол дерт байғұс әйелді жаңа жұртында да босатпай, балалы болып, бағы жанып, қадірі артқан сайын бойын меңдеп, шыр айналдырып баққан. Әсіресе, биылғы қыс. Бір күн сау болған жоқ, ыңқыл-сыңқылы көбейіп, көш-қонды, жол тауқыметін көтере алмайтын дәрменсіз халге жеткен. Оның үстіне байғұс әйелдің аяғы ауыр, босанатын мезгілі таяу-ды. Сол мезет жақындаған сайын қажыға қарасты екі ауыл жүкті ананың қасына кексе әйелдерден күтуші қойып шыдамсыздана тосуда.. Көкек айының туарына бір тәулiк қалғанда ақ түйенiң қарны ақтарылды. Әлима ұл туды. Бұл жолы да Құрмантай абызға жаушы жiберiледi. Жайлауға ұзап кеткен жолынан батагөй қарт кейiн қайтады. Екi ауылдың үлкен-кiшiсi Имантай бидiң қонақ үйiне жиналып, алқа-қотан отырады. Енесiн арда емген жабағының астау толы етi желiнгеннен кейiн дастарқанға бата жасалады. Исi қаржастың үлкенi саналып, дүйiм ел қадiр тұтатын Құрмантай ақсақалдың (Бұқар жырау Қалқаманұлының ақындығы дарыған, XIX ғасырдағы Құреке аталған ұрпағы) алдына құндақтаулы нәресте келтіріледі. -- Қадiрмендi Имеке, -- дейдi абыз ауыл иесiне қарап, -- мына балаңды ел билейтiн бек, иә болыс, мырза, әлқисса батыр деген балама есімге байламаймын. Мұның да есімін ат ұстар үлкенiң Fабдулғазизге ұқсатып Fабдул қоямын. Тәубәшіл көңiлiң разы болғай, жадағай-жабы құл емес, еңсесi биiк һәм мәртебелi құл атансын деген үмiтпен Fабдулғани атаймын\... -- Қарт абыз нәрестенiң үлбіреген бетiн ашып, ашық маңдайын емiне иiскеп, құлағына тақай түсіп, -- Ей, бейкүнә балақан, бұдан былай сенiң есiмiң FАБДУЛҒАНИ, FАБДУЛҒАНИ, FАБДУЛҒАНИ болады! -- деп үш мәрте қайталап, дұға оқып, рәсiмдi батасын жасап, бетiн сипады. Нәресте қыбыр еткен жоқ. Өзі үшін өзгеше оқиғаны сезбеген, маужыраған қалпы Нұрым шешесiнiң алдына қайтарылды. -- Fабдулғани! Fабдулғани! -- деп қостайды үйдегi үлкендер. Төл шаңырағындағы осы оқиғаны Имантай би қастерлеп ұстайтын Құран кiтабының қалың мұқабасының ашық жерiне: «Доңыз жылында, жаңа есеппен 1899 жылы наурыз айында, яки марттың 31-жұлдызында мейiрiмi мол Жаппар Жаратушы Имантай есiмдi құлына ұл сыйлады. Есiмiн Қасиеттi кiтаптан қарап, Fабдулғани қойдық», -- деп тәптiштеп жазып қойыпты. Есімге ие болған балақан сәлден соң өз анасының қасына апарылады. Алды-артына тау ғып үйілген құс жастықтардың қымтауында, үлкендi-кiшiлi абысындарының қоршауында отырған бақытты Әлима кiшкене бөбегiн мейiрлене иiскеп: -- Мәртебелi құл дедi ме абыз ата? -- деп қайыра сұрайды да, кенет ойнақы қылықпен жымиып, басын шайқайды. -- Жоқ, Биатаң перзентi ешкiмге құл болмайды, иә, иә, құлдың мәртебесi биiк еңселiсi де... Ең абзалы, бұл шiркiндi FАНИ деймiз. Қысқа әрi нұсқа! Әлде FАНЫШТАЙ дейміз бе? Иә, тап солай, есiмiң құтты болсын, Fаныштайым менiң, ұзақ жаса, мәңгi менің қызығым! Жазмыштың жазуы десек те рауа, күллі ауыл қуаныштаған мерейлі сол кеште, орауда отырған Әлима анасы аузына алған есім нәрестеге бiржола бекіген: ауыл-аймағы баланың азан атын ұмытып, Fаныштай деп, бертінде Fаныш дейтiн болды (Шамалауымызша, мектепке қатынап, сірә, орысша жазу үрдiсiне түскен кезде сол есім тағы да өзгеріп, ҚАНЫШ болып түрленген. Имантайдың өз шаңырағынан бұл мектепке тұңғыш қатынаған түлек Бөкеш еді. Бұл -- 1907 жыл. Екі жылдан соң оған Қаныш та қосылады. Тоғызыншы жылы ол он жаста. Ал губернатор кеңсесінің «болыстық мектептерге тек қана 15-16 жастағы киргиз балалары қабылдансын!» деген қатаң бұйрығы неліктен ескерілмеген? Ізбасар ұрпағының жастай орысша оқып, өнер білімге талпынуын ойлаған Шорман ауылының иелері шәкірт жасына шек қойған ережеге бертінде өздерінше «түзету» енгізген. Соның пайдасы кішкентай Қанышқа да тиеді. Жалбыраған кекілі ұйпаланып маңдайын жапқан, қоңыр көзі кісіге томсырая қараған, құлағы қалқиғандау, тәмпіш мұрын, талдырмаш бойлы аққұба бүлдіршін ересек балалармен бірге дайындық бөлімінде отыр. Әлсін-әлсін айналасына жаутаңдап аңтарыла қарайды, бұл жерге қалайша тап болғанына таң сияқты. Балалардың кішісі болғандықтан оған тағанның алдыңғысы тиген (әрине, ол кездегі ауылдық мектепте парта болмаған, көпшілігі үстелге де жарымаған). Құла тайдың құлағынан әрең көрініп, жұдырықтай Қаныштың мектепке келе жатқан кейпі де бір түрлі қызық. Қаршадай болып осынікі не азап деп жаның ашығандай\... Ақкелін мектебінде бұл қарсаңда Григорий Васильевич Терентьев сабақ беретін-ді. Шыққан тегі татар, бірақ жас кезінен Еділ бойындағы орыс арасында өсіп, православие дініне кірген, жоқшылық көре жүріп Қазандағы мұғалімдер семинариясын бітірген білімпаз азамат. «Мұғаліміміз Григорий Васильевич тамаша кісі еді. Қазақша өлең айтатын, қарттармен кеңес құратын. Бірақ класқа кірісімен қазақшаны «ұмытып», тек қана орыс тілінде сөйлейтін, -- деп әңгімелеген ҚАНЫШ ИМАНТАЙҰЛЫ 1949 жылы туған еліне келген сапарында күйеу баласы, жазушы Қайнекей Жармағамбетовке. -- Григорий Васильевич атбаз кісі болатын. Алғашқы жалақысына сатып алған, сырт тұлғасы өте көркем көк аты болды. Жұрт оны «Крыша көк» дейтін. Григорий Васильевич атына «жат» десе -- жатады; «тұр» десе -- тұрады; «шап» десе -- далаға шаба жөнеледі. Ауылдағылар соған да таң болады. «Тілсіз жануарды дегеніне көндіріп алған кісі балалардың орысша сөйлемеген еркіне қоя ма? Оқу бұған әбден қонған, мұның айтқанын бұлжытпай орындау керек», -- десіп, бір-біріне мадақ айтқанын талай рет естігенмін». Ересек шәкірттердің, олардың дені сол күнде үйленер межеге жақындаған ересек жігіттер, аюдың қонжығынша қорбаңдаған кішкентай Қанышқа жаны ашып мүсіркей қарауы жыл өтпей-ақ сап тыйылып, көбіне бас шайқап таңырқайтын болды. -- Шәкірт Сәтбаев, тақта алдына! -- дейді Григорий Васильевич. Қаныш жан-жануарлардың суреті ілінген тақтаға келеді. -- Мынау не? -- Жеребенок. -- Дұрыс, балақан. Түсі қандай? -- Саврасый. -- Осы құлынды қасқыр жеп кетті дейік. Соны енді Имантай атаңа қалай айтасың? Бала томсырайып тұрып қалады. -- Қане, қасқырды орысша қалай айтасың? -- Білсем де айтпаймын! -- деп шәкірт теріс айналады. -- Әй-әй, сірә, ұмытып қалғансың, ә? -- Потому что не мог жеребенка съесть волк. Наш Касен-ага -- шибко смелый табунщик, не дал бы ему... Ересек балалар ду күледi: мына шiркiннiң құртақандай болып қиқарлығын қара! Терентьев қолын жайып, жас шәкiртiнiң ұтымды жауабына сүйсiнiс бiлдiредi. -- Сөйтсе де, Қанышжан, мысал үшiн айтып көрсеңшi. Қане, не дер едiң? -- деп түсiн суыта, үнiн де қатайта қайыра сұрайды. Қасқыр сияқты жыртқыш аңның атын атауға болмайтынын бiлмейтiн ұстазына Қаныш томсырая қарап: -- Отец, саврасого жеребенка не съел хищник, потому что\... потому что он далеко ускакал, -- дейдi... Технология институты Почтамт пен Бульвар көшелерінің өзара түйіскен тұсына орналасқан. Почтамт көшесі қаламен қойындасып жатқан тақиядай дөңгелек төбенің етегінен ұшар басына дейін созылады. Университет те, институт та сол төбенің қала жақ іргесінде, бір-біріне иық тіресе іргелес тұрғызылған ғимараттар. Екеуі де Том губерниясы ғана емес, ұлан-байтақ Сібір өлкесі мен Қазақстандағы бетке ұстар жоғары оқу орындары. Сол үшін де зиялы қауым Том өзенінің жағасында ірге тепкен бұл қаланы ХІХ ғасырда-ақ «Сібірдегі шамшырақ» атаған. Кейде тіпті ескі грек жұртының атақты ғылым ордасына теңеп, «Сібірдің Афинасы» деп те құрметтеген. Шынында да, Том шәрі, айтса айтқандай, сол күнде өнері озық, өнеркәсібі біршама өркендеген, басқа да тірлік-тынысы Сібір қалаларының көбінен ілгері мекен-ді. Осындағы университет он тоғызыншы ғасырдың 80-жылы ашылған, ал технология институтының өмірге келуі -- 1900 жыл. Университеттің оқу корпустары ескі классикалық үлгіде қаланған, аудиториялары, кабинеттері биік те кең. Әсіресе бас ғимараты, кітапхана үйі, анатомия мұражайы, микробиология зертханасы, медицина факультетінің емханасы алыстан көз тартып андыздап тұрады. Соларды қоршаған жасыл бақ қандай?! Ең ғажабы, оны ешкім отырғызбаған, осы құрылыстар жүрген кезде оталмай, табиғи қалпында сақталған тайганың жұрнағы. Технология институтының оқу жайлары да әдемілігі жөнінен университет ғимараттарынан кем емес. Алғаш көргенде-ақ Қаныш өзін білім ордасы емес, айбары зор губернатор кеңсесіне, тіпті ескі заман гректерінің философтары мәжіліс құратын «құдайлар» храмына тап болғандай сезінді. Құжаттарын кен факультетіне тапсырған. Михаил Антонович ескертіп қойған, факультет махалласында қазақ жігітін жылы шыраймен қарсы алды. ГубОНО-ның арнаулы жолдамасы мен мұғалімдер семинариясының аттестатын көрген соң-ақ тек қана математика пәнінен емтихан ұстауға міндеттеді. Математикадан бұдан екі жыл бұрынғы тиянақты әзірлігін ұмыта қойған жоқ-ты. Бұрын-соңды білгенін қайыра пысықтады. Содан бір күні профессор В.И. Шумиловтың алдына келген. Көңілінде қобалжу бар. Өйткені бұл кісінің одағай қылықтары жайында алуан қауесеттер естіген\... Шынында солай болды. Үс - тінде қазақы күпі киіп, елтірі тымағын қолтығына қысқан, кең қоныш саптама етігімен айнадай жылтыр паркетті тосырқағандай жасқана басып (емтихан ұстаушының оқшау киімінің өзі-ақ «Мынау жабайы далалыққа мұнда не бар?» дегізгендей күпір ой туғызған), алдына имене кірген ашаң өңді, жүдеу жігітке математика профессоры одырая бір қарап, дереу алгебралық теңдеу құрай бастады, екі белгісізді қарапайым есеп. Қаныш қиналған жоқ, оп-оңай қағып тастады. Профессор «Әй, мынау, түйеден түскендей түземдік киргиз қайтеді, ей?» дегендей таңданыспен сынақ тапсырушының күнге күйген қоңырқай жүзіне тағы бір мәрте одырая қарап, алғашқыдан едәуір күрделі бірнеше есеп жазып, алдына қойды. Күпілі далалық бұларды да шығарды. Тек соңғы теңдеудің қитұрқы бүкпесі бар екен, оны шешуге едәуір уақыт ойлануға тура келді. Бір мезетте оның да кілтипанын тапты. -- Мына есептің бастапқы шарты қате, Василий Иванович, -- деген-ді ол Шумиловқа батылсыздау үнмен. -- Теңдеу емес, теңсіздік шығады, міне, қараңыз. Сірә, мына жерде қосу емес, алу белгісі тұруға тиіс\... -- Оны қайдан білдің? -- Теңелу шарттарын тексеру арқылы\... -- Бәрекелді, далалық! Өзің тіпті киргиз даласында қой бақпай, үнемі есеп шығарып жүргенге ұқсайсың. Бірталай жан осы теңдеуден шатылып еді, ал сен сүрінбей өттің. Жарайсың, жайсаң киргиз, жайыңды білдім. Оқисың біздің храмда, оқисың! Әлгінде ғана құрыстанып отырған профессор Шумилов кәдімгідей жадырап, аяқастынан масаттанып қалды. Сонымен, Қаныш -- технология институтының кен факультетінің студенті. Көптен бергі арманы жүзеге асып, білімнің биік ордасына қолы жеткен бақытты жан!.. Ендігі әңгіме тіршілік ахуалы турасында: институт пен университетте екеуара жалғыз жатақхана бар; одан орын сұрау -- үмітсіздің шарасы, өйткені жатақхана кереуеті жоғарғы курстың студенттеріне ғана беріледі\... Шынтуайтын айтқанда, соларға да жетпейді. Өзге шәкірттер өзара қоғамдасып пәтер жалдап, жеке меншік үйлерде тұрады. Ал пәтер жалдауға қаражаты жоқтары институттың вестибюльдерінде, аудиториялардағы сызу тақталары мен ұзын үстелдер үстінде түнейді. Институт басшылры бұл гәпті жақсы біледі, шәкірттердің шарасыз күйіне, сірә, көмектескені шығар, көпе-көрінеу елемегенсиді. Сөйткен «баспаналары» жылы болса жөн-ау. Оқу корпустарына от жағылмайды. Дәрісті студенттер тон, күпілерін шешпей қожырайып отырып тыңдайды (әкесінің ақылына құлақ асып, қырда киетін күпі, тері кәзекей, тон, саптама, тымағын ала келгеніне Қаныш мұндай қуанбас). Дәуіттегі сия жарым сағатта қатып қалады. Сол себепті әр студент бір уыс ұштаулы қарындаш әкеліп, соныменақ сүйкектетіп жазады. Шумилов сияқты профессорлардың дәрістерін жазып үлгеруге де еп қажет: оң қолы тақтаға ұшықиырсыз теңдеу, формулаларды тізіп жатқанда, сол қолындағы шүберек үстіңгі жолдағы жазуларды сүртумен болады. Үлгермедім деп айтып көр -- мақау атанасың, болмаса аудиториядан тайып тұруыңды талап етеді. Қырсық мінезіне Василий Ивановичтің қыруар білімі тең, шынайы ғұлама адам! Шәкірттердің күн сайын тамақ тауып ішуі де оңай емес. Төрт жүз грамм қара нан алу үшін институт ләпкесінің алдында әлденеше сағат кезекте тұру керек. 1921 жылы студенттер асханасы жұмыс істемеген. «Қиыншылықтар күн сайын аяқтан шалғанмен бізді жеңе алмады. Белбеуімізді қаттырақ буынып алып шыдап бақтық, -- деп есіне алады сол жылдарда Томда оқыған Қазақ КСР ҒА толық мүшесі, профессор И.И. Бок. -- Ашпыз деп ешкім де оқуды тастап кеткен жоқ. Өйткені жұтқын тілеуінен гөрі білімге құштарлығымыз артығырақ еді». Қаныш та сондай жарау құрсақ, көңілі сергек жастардың бірі. Басқа студенттерге қарағанда, оның тұрмыс күйті әлдеқайда көнтерімді. Алғашқыда ат басын тіреп түскенімен сыпайылық ойлап пәтер іздей бастағанда, Усовтың үй іші, әсіресе Екатерина Филимоновна үзілді-кесілді қарсы болып: -- Қаныш, сыйға -- сый, сыраға -- бал деген\... Пәтер іздеп әуре болма, бір бөлмеміз оқу бітіргенше сенікі, -- деген. Азамат соғысының ауыртпалығы күйзелткен ескі қалада пұлыңа тамақ тауып ішу оңай емес. Оның үстіне оқытушылардың ай сайынғы жалақысы уақытша тоқтаған мезгіл, көпшілігі жергілікті өкімет орындары тағайындаған көмек қорымен күнелтеді. Ал Михаил Антоновичтің профессорлық үлесіне өз үй ішімен қоса қартайған анасы мен тетелес қарындасы да қарап отыр. Соған енді Қаныштың қосылуы -- амалсыздық шарасы. Бір тәуірі, үйі кең, институт ауласындағы профессорлар корпусында, бір бөлмесін дербес еншісіне беріп қойды. «Жабдықтау жоспарының қатаң нормасына сәйкес Том студенттеріне биыл 700 паек бөлінді\... -- депті губерниялық «Красное знамя» газеті 1922 жылғы 7 ақпандағы санында. -- Сібірдің азық-түлік комиссары Калманович жолдастың мархабатты жәрдемі арқасында жоғары оқу орнында жұмыс істейтін қызметкерлер мен жұмысшылар үшін қосымша 420 паек, ал стипендиат-студенттерге 300 карточка берілді. Әмбе қаладағы студенттердің 60 пайызына мемлекеттік стипендия төленбек\...» Технология институтының кен факультетiнде 1921-1922 оқу жылында 589 студент бiлiм алыпты. Бұған студент саны үш есе көп университет жастарын қосыңыз. Ал Тимирязев политехникумы, педтехникум және медицина училищесiнде қаншама шәкiрт оқиды?! Әрине, өкiмет сол жылы арнайы тағайындаған 700 паек «Сiбiр Афинасына» бiлiм iздеп келген, үнемi аш құрсақ жүретiн неше мың студенттiң оннан бiрiне ғана жүрек жалғарлық көмек. Мемлекет стипендиясының сиқы анау. Газет зор қамқорлық дегендей ишарамен дабыралай жазып отырған арнайы паек болса, үшiншi курсқа iлiккен, оның да өте жақсы оқитын ат төбелiндей аз тобына тағайындалған\... Кен факультетi төрт түрлi мамандар әзiрлеген: геология, кен қазу, металлургия және маркшейдер инженерлерi. Бес жылда факультет түлектерi техникалық бiлiм негiздерiн түгелдей оқып, таңдаған мамандығын меңгеретін пәндермен түбегейлi шұғылданады. Инженерлердiң қат кезi, технология институтын тәмамдаушыларға «кен инженерi» деген әмбебап диплом берiлген. Кен факультеті 1901 жылы ашылған. Тұңғыш деканы һәм ұйымдастырушысы -- Владимир Афанасьевич Обручев. Сол кезде ғұлама ғалымның Сібір өлкесін түбегейлі зерттеуімен, Орта Азияға жасаған ғылыми саяхаттарымен есімі дүние жүзіне мәшһүр болған шағы. Кен департаментінде көп жылдар бойы жер асты байлығын іздеумен шұғылданған кәнігі геолог жаңа факультеттің оқу бағдарламасына сол күндегі политехникалық институттардың дәстүр, тәжірибесіне ұқсамаған үлгімен мүлдем жаңаша жобалайды: теориялық курстарды мейлінше азайтады; оның есесіне практикалық сабақтарды көбейтеді және олар кеніштердің өзінде өтуге тиіс; кейбір пәндердің оқылатын мерзімі де ауысады, мәселен, Санкт Петербургтің тау-кен институтында төртінші курста оқылатын «Жалпы геологияны» Обручев бірінші семестрде жүргізеді. Сол заманның білгір мамандары Янышевский, Лаврский, Тове сияқты атақты инженерлердің кен департаментіндегі келелі қызметтерін тастап, Сібірде еңбек етуге, ұстаздық жұмысқа ауысуы -- факультет деканының ынтасы. Өз ойын әрдайым ашық білдіретін қайсар профессордың еркін саясатының үнемі жүзеге асуы -- сол күннің қатаң цензура жағдайында төзгісіз жайт. 1912 жылғы студенттер ереуілінің ерекше өршіген қарсаңында шәкірттерін қорғап, жандармерияға ашық түрде наразылық білдірген В.А. Обручевті оқу министрі Л.А. Кассо ұстаздық жұмыстан аластауға бұйрық берген. Бір жылдан соң оның орнына сол қарсаңда ғылым магистрі атағын алған М.А. Усов тағайындалады. Әлбетте, Михаил Антонович сүйікті ұстазы көп жыл тірнектеп сомдап, қыруар еңбекпен етене еткен мектеп дәстүрін одан әрі дамытып, жаңа белеске көтереді. Практика сабақтарын бұрынғыдан да көбейтіп, таукен өндірістерімен байланысты тіпті күшейтеді. Нәтижесінде әр студенттің кенішке иә зауытқа барып, бірнеше ай еңбек етіп, қайтып келген соң кафедрада есеп беруі -- болашақ инженер үшін дәстүрлі міндет. Демек, Қаныш оқыған кезде Сібір геологтары мектебінің озық өнегесі кемелденген деңгейге жеткен. -- Геология -- тарихи ілім. Тұжырымдап айтқанда, ол жер қыртысының құрылысы мен заттық құрамын, қозғалысын, даму тарихын, қазба байлықтардың жаралу, орналасу заңдылықтарын, солардың қуат-көлемін зерттейтін жаратылыстану ғылымдарының жиынтығы. Жерді планета санайтын астрономдар да бақылайды. Физикалық дене ретінде физиктер де зерттейді. Ал геологияның міндеті -- бұлардан гөрі өзгеше\... -- деп бастар еді профессор Усов алғашқы дәрісін. Аудитория мұздай суық. Кеудесіне қозы терісінен тігілген жылы кәзекей, оның сыртынан қалың күпі киіп, сеңсең елтіріден тігілген жағасын көтеріп отырса да Қаныштың бойы жылымайды. Сөйтсе де, тақта алдында тұрған профессордың аузына аңыра қарап, бір сөзін зая жібермеуге тырысып, бүрісе тыңдап отыр. Кейсәт естігенін дәптеріне тез-тез жазады\... Біраздан соң жаураған қолы икемге келмей қалады, студент жігіт бірақ қайыспайды. Екі қолын бір-біріне тез-тез ысқылап, кейде жеңіне тығып жылытып алады да, қайтадан жаза бастайды. -- Жоғарыда біз геологияны жер туралы жаратылыстану ғылымдарының жиынтығы дедік. Енді оның қандай тарамдардан тұратынына келелік. Бірінші, «Далалық геология»\... Тақтадағы түрлі түсті карта мен схемаларға қадала қарап отырып, Қаныш алуан-алуан ойға беріледі. Туған жерінің кескін келбетін төсіндегі нуы мен суына, шөп түгіне орай айырып, таулы-тасты, жазық не ойпат деп қана танитын бұрынғы қарабайыр ұғымға қазір қылау түскен, оған енді өзгеше көзбен, өзгеше түйсікпен қарайды: асқар тау, шексіз жазық, толқыған көлдер өз өзінен жаралмапты; шөл де, көл де табиғаттың жай ғана болмысы емес, неше ықылым замандар жұмысы екен; жеті қат тереңде қаншама жұмбақ сырлар жатса, көз алдындағы ойлы-қырлы жер бедерінде де соншама құпиялар бар; қарауыл төбешік пен қыран ұя салған биік шың арасы қаншама алшақ тұрса -- қатар жатқан екі түсті тастың бір-бірінен айырмасы одан да қашық\... Технология институтының студенттері қызыға тыңдайтын тілмәр лектор Усов қана емес. Металлургия пәнін сол кездің өзінде есімі Одаққа әйгілі білімпаз В.Я. Мостович оқыса, физика кафедрасын дарынды жас ғалым В.К. Кузнецов басқаратын (кейіннен академик, Еңбек Ері атанып, әлемдік физика ілімін дамытуда зор жаңалықтар ашқан ғұлама). Ал университеттің физиология кафедрасына атақты А.А. Кулябко жетекшілік ететін. Ол өлген адамның жүрегін клиникада тұңғыш рет қайтадан соқтырған ірі дәрігер-ді. Ботаниканы мұнда Оңтүстік Алтайға жасаған саяхаттарымен атағы шыққан профессор В.В. Сапожников оқиды. «Ол кезде дәріс тыңдау -- бүгінгідей міндетті емес, студенттердің өз еркіндегі шаруа, -- деп еске алады Томдағы жастық шағын Таисия Кошкина. -- Біз университетке, олардың студенттері технология институтына келіп, атақты профессорлардың дәрісін тыңдаймыз\... Мұндай алмасулар студентті рухани байытып, жан-жақты білім беретін\...» «Қаныш Сәтбаев қарапайым, мінезі біртоға шәкірт еді, оның білімге зор ынтасын бірден байқадым, -- деп куәлік етеді геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор В.А. Хахлов. -- Арнаулы әдебиеттерді оқуға ол әбден құнығып алды, көбіне кешкі уақыттарда шұғылданатын. Бірде мен оған кафедрадағы кітапхананы қарап шығуға кеңес бердім. Одан соң Вальтердің «Шөл даланың түзілу заңдары» деген кітабын оқуды тапсырдым. Кітапты қайтарған кезде ол маған көптеген сұрақтар қойды. Өйткені Қазақстанның өзіме мәлім бөктерінде жер бедерлерінің қалайша пайда болғанын енді ғана түсінген сияқтымын» дегені есімде қалыпты\...» Осылайша шәкірт шақтың естен кетпес қызық та қиын күндері зулап өтіп жатыр. Алғашқы емтихан сессиясы да аяқталды. Қаныш оған қысылған жоқ, күн-түн отырып, көз талғанша шұғылдануға тура келді. Енді аздап тынығуға да болады. Қаныш көңілін күпті етіп, жүрегін діттей беретін -- кеудедегі дерті. Бетіндегі қызыл шырай күзде-ақ жоғалған. Қазір жағы сидиып, ұрт еті сылынып қалғандай күрт түсіп кетті. Жүзі де қуарып, сүйектенген шөптей өң-сөлсіз реңге көшкен. Суық аудиторияның зардабы, тамақ та қырдағыдай емес, әлде кітапханада көп отырғанның салдары? Ал қыс ортасы ауғалы жөтел қосылып, қорғаншақ көңілін тұқыртып барады. Ақыры төсек тартып жатып қалды. М.А. Усовтың өтінішімен науқасты қараған университет профессоры, терапевт М.Г. Курлов шәкірттен сырқатының жай-жапсарын жасырған жоқ. -- Дертіңе шипа бірден-бір амал -- тыныштық, таза ауа, күшті тамақ, дәру қымыз\... Мұнда өткізген әрбір күннің үлкен қатер екенін ескертемін, жас жігіт. Бұлардың бірде-бірі Томда жоқ, ауылда. Ауыл болса аяқ жетпес қашықта. Қайтуға көңілі дауаламайды. Қайтпасқа бірақ шарасы да жоқ. Мұндай білім ордасы, өнегелі орта, зиялы қауым, Усовтай ғұлама ұстаз, ғазиз жандар өзіне қайта кезіге ме? Әлде дерті жеңіп, сырылдаған өкпесі мүлдем сөне ме?.. Жо-жоқ! Қайтып оралғың келсе, мұрат еткен білім қайнарынан мейірің қанғанша сусындау үшін де тезірек кету қажет! Сол күнде ту шалғайдағы ауылға жету де оңай емес-ті: бірден бір сенімді қатынас -- темір жол. Алайда Семей мен Том арасында ешқандай жолаушылар пойызы жүрмейді. Ділгер жолаушылар кәдімгі жүк вагондарына аяқ артады. Жолшыбай екі жерде пойыз ауыстыру керек -- бірі Тайга, екіншісі Новониколаев стансаларында. Қаныштың бірге оқитын жолдасы Омар Толыбаев шарқ ұрып жүгіріп жүріп, Семейге тура баратын вагон табады: жүк тиелген кәдімгі пульман; соның бір бұрышынан науқасқа орын тиді; тіпті ойлағаннан артық шықты деуге болады -- ортаға «буржуйка» пеш орнатылды; бір жетіге жетерлік отын да тиелді\... Бірақ жүрер сәтте Михаил Антонович: «Науқасты жалғыз жіберуге болмайды, қасына студенттердің бірі ерсін, жол шығынын мен көтеремін!..» -- деп наразылық білдіреді. Сүйікті профессордың, факультет деканының сөзін жерге тастауға бола ма? Қаныштың курстас достарының бәрі де қол ұшын беруге тілек білдіріп, аяқ астынан талас туып қалды. Ақыры, ешкімнің көңілін қалдырмау үшін жеребе тастауға тура келді. Ол Володя Домбровскийге түседі. Наурыздың бас кезінде екі студент сапарға шығады. Бір аптадай жол жүріп, көп бейнет шегіп, жүдеп-жадап, ақыр аяғында Семейге жетеді. Жазғытұрымғы көк соқтаға ұрынбай ауылына жетіп алғаны пайдаға шықты, келе-ақ сыралғы дертпен күрес басталды: ерте құлындаған бірлі-жарым биелердің сүті де, дәмді ас та науқастың аузында; көшу мен қоныс қамы, мал баққан ауылдың тірлік қарекеті де Қаныштың жолына байланған. Ақыры, екі-үш айдан соң науқас жігіттің бетіне қызыл жүгіріп, жүзі нұрлана бастады. тезірек сауығуды мұрат көрді ме -- бұл жолы ол ауылынан ешқайда шықпай, бұрнағы жылдардай әлеумет жұмысына да араласпай, өз отауында жан күйттеп тыныш жатады. Тек жай жатқан жоқ-ты, Томнан ала келген ғылыми кітаптарды құныға оқумен шұғылданады. Құштар көңілі бірақ соған тояттамайды, алыста қалған жаңа достарын, күн сайын табиғат құпиясын ашқан білім ордасын аңсайды. Небәрі алты-ақ ай жанасыпты, мардымсыз мерзім. Соның өзінде көрген-білгені қаншама! Зер сала қараса -- біраз ілімнің басын шалған, ең бастысы, геология негіздерін танып, өз бетінше ғылыми әдебиеттер оқуға жарарлық тағылым алған. «Бір күні Қанке мені станицаға жұмсады. Екі-үш салт атпен, арба да ала бардық, -- деп куәлік етеді ғалымның туысы Тәрмізи Имантаев. -- Ертерек келіппіз, бір аптадай күттік. Қайтып кетуге ерік жоқ. Өйткені Қанкең «Усовсыз қайтпа!» деп шегелеп жіберген. Содан бір күні күткен қонақтарымыз да келді: Михаил Антонович әйелімен және екі профессор орыс үй-ішімен, жиыны алты адам, Семейден бастап келген өзіміздің Кәрім ағай\...» «Усов деген кісі арықтың тарамыс қатпасы, ұзын бойлының да шаршауды білмейтін біржосын тынымсызы, -- деп әңгімелейді Нұрлан Қасенов сол күндерді есіне алып. -- Екінші келгенінде денсаулығы күйлі болып, бір күн тыныш жатқан жоқ. Қасындағы екеу де дүние оқуын тауысқан дөй кісілер, аты-жөндерін ұмыттым. Әйелдері үйде жатады, күні бойғы ермектері -- ұйқы мен кітап, өзен жағалап гүл теру. Ал күйеулерінде дамыл болмайды: тау-тас кезеді; күрек-қайлаларын көтеріп жүріп, жер қазатын көмекшілері -- біздің ауылдың жігіттері. Қанкежанды да қастарынан бір елі тастамайды\... Әй, сол жазда біз шықпаған бұл өңірде тау қалды ма екен? Нияздың биік шоқылары, Әулиетас, сонау Қалмаққырған, Үкілі, Жыланды\... Осылардың бәрінің басында Усов қалдырған белгі қазықтар бар\...» Қадірлі қонақтардың демалыс уақыты бітіп, үйлеріне қайтатын болды. Қаныш та жылы жаққа ұшуға әзірленген құстардай мазалансын: ыстық жар құшағы; тілі шыға бастаған тұңғыш перзенті -- сүйкімді Ханиса; тыныштығын бағып, құлдық ұрып отырған туған ауылы, қимас үлкендер; бәрінен де жатса-тұрса уһілеп, бір жалғыздан кенжесінің саулығын тілеген қарт әкесінен оқуға аттануға рұқсат сұрау\... -- Бір жылға кеңшілік береміз, студент шырақ. Ауылыңда қалып, денсаулығыңды күйтте, -- деп Томнан келген ұстаздары өз шешімдерін сот үкіміндей кесіп айтты. -- Имантай ақсақалға сөйтеміз деп уәде беріп қойдық, қадірменді қартты сыйлау керек. Бұл бір. Екінші, Томның тұрмыс жағдайы әлі түзелген жоқ. «Сақтансаң -- сақтаймын!» дегенді ұмытпа, тегінде, Қаныш шырақ. Ал өз курсыңнан кейіндеп қалмау жайын бізге қалдыр. Институт ректоры, профессор Н.В. Гутовскиймен бұл жайында өзіміз келісеміз\... Сөйтпеске амалы болмаған. Тиісті оқулықтар мен құралдарды ұстаздары дайындап береді. Оларды ауылына жеткізіп алу -- студенттің өз міндеті. Тыңғылықты дайындалса екінші курстың теориялық бағдарламасын осында жатып-ақ меңгеруге болады. Практикалық сабақтарды, әрине, келесі жылы, институтқа оралғанда өтеді. Әңгіме осымен тәмам болып, Усов серіктерімен суық Томға қайтты. Құстар жылы жаққа\... Қанаты қайырылған қырандай еріксіз ділгер болған шәкірт шарасыз тағдырына бойсұнып ауылында қалды. Қолынан бірақ кітап түспейді, ұйықтаса да соның бір-екеуі жастығының астында жатады. Бұрынғыдай серуенге елігіп саят құруға, ауыл қыдыруға да ынталы емес. Көшпелі ауылдың мезі тірлігіне, мал күтіп, шаруа жайлауға икемі бұрын да шамалы болатын. Ал қазір?.. Сол күндерде ол өзінің ғана емес, туған ауылының, ел жұртының тірлігіне де көз жүгіртіп, қиялға да ерік беретін. Қазан төңкерісі жаппай теңдік жария еткенімен, қазақ сияқты замана көшінде кенжелеп қалған халықтар тұрмысына нендей өзгеріс әкелді? Қазақ ауылының тірлігі бәз-баяғы қалпында -- жаз жайлауға көшеді, қысты әр жерге тарыдай шашылған ескі қыстауда өткізеді: қыр елінің бүкіл тіршілігі осы -- алдындағы азын-аулақ малдың, ертеңгі қоныстың қамы, дала түгінің шығымы, өріс жайы\... Не деген ауыр тірлік, сорлы өмір?!.. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым. Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың» деп Абай хакім айтпақшы, қашанға дейін тірлік, мұратты төрт түлік мал қамына байлап күн кешеміз? Қашанға дейін қазақ халқы көшпелі тіршілікпен күнелтеді? Отырықшы болған елдер, әне, қандай қиырға шығып кетті, өздері қайда қалды? Жоқ, ертелі-кеш көшуден тыйылмай біздің халыққа өнер де, өсу де жоқ. Бұл жайды, обалы не, газеттер жазып-ақ жатыр. Оқыған азаматтар соған үн қосып, кейбірі үлгі көрсетіп, өз ауылдарын отырықшы тұрмысқа көшіріп жатқандары да бар деседі. Абай балалары қалаға жақын жерден қыстау алған. Мұхтар Әуезов пен Даниял Ысқақұлы (Абайдың немере інісі) бір топ түтінді Шыңғыс сыртына, Бақанас бойындағы шұрайлы жерге көшіріп апарған. Қалашық салып, өзеннен су шығаратын арық жырғызыпты, сiрә, егiн салуды машық етпек. Бұл -- отырықшы жұрт болудың алғышарты\... Қаныш та өз ауылының үлкендерiне сыпыра көшуден тыйылуды, шаруаға қолайлы сулы, нулы қоныс тауып, жөндем қыстау салып, мектеп ашып, отырықшы ел болуға үгіттеп бағады. Қарт әкесi де, болыстық мансаптан құтылып, кәперетіп басқаруға көшкен ағасы Бөкеш те ұтымды ақылға қарсы болмайды. Ақыры, күзге таман қажыға қарасты екi ауыл жетпiс жылдай уақыт өздеріне құтты қоныс еткен Айрықты тастап, төр жайлаудағы жерi құйқалы, суы мол, егiн салуға қолайлы Шабақай өзенiнiң кең қолтық жағасына көшіп келiп түпкiлiктi қоныстанады.

Use Quizgecko on...
Browser
Browser