Лекциялар курсы (тас ғасырынан бастап) (1) PDF
Document Details
Uploaded by Deleted User
Tags
Summary
Бұл құжат тас ғасырынан бастап Қазақстан тарихын қамтитын лекция мазмұнын қамтиды. Лекцияда Қазақстан аумағындағы қоныстану тарихы, тас дәуірінің кезеңдері мен олардағы археологиялық зерттеулер туралы мәліметтер келтірілген. Материал тарих пен археология салалары үшін маңызды ақпараттарға ие.
Full Transcript
1- тақырып. Ежелгі заманғы Қазақстан 1. Қазақстан тас ғасыры дәуірінде 2. Қазақстан аумағындағы қола дәуірі 1. Қазақстан тас ғасыры дәуірінде Белгілі бір әлеуметтік-экономикалық формацияның дамуына байланысты адамзат тарихы ұзақ-ұзақ кезеңдерге бөлінеді. Көне тарих...
1- тақырып. Ежелгі заманғы Қазақстан 1. Қазақстан тас ғасыры дәуірінде 2. Қазақстан аумағындағы қола дәуірі 1. Қазақстан тас ғасыры дәуірінде Белгілі бір әлеуметтік-экономикалық формацияның дамуына байланысты адамзат тарихы ұзақ-ұзақ кезеңдерге бөлінеді. Көне тарихтың ұзақ уақытты қамтитын маңызды бөлігі археологиялық дерек көздері бойынша зерттеледі. Археологияда кезеңдендірудің өзіндік әдісі жасалған, оған сәйкес адамзат тарихы тас, қола, темір және ортағасырлар дәуірлеріне бөлінеді. Алғашқы қауымдық құрылыс адам баласының өсіп дамуындағы ең алғашқы кезеңі. Ғылыми зерттеулерге қарағанда алғашқы қауымдық құрылыстың дамуы барлық жерде бірдей болған. Елімізде жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстар өткен өмірдің даму тарихының алғашқы кезеңдерін ашып, дүние жүзілік адам қоғамының зерттелуіне өз үлестерін қосуда. Қазақстан жерінде алғашқы адамдардың тастан жасалған құрал- саймандары, қоныс-жайлары табылып отыр. Бұл археологиялық ескерткіштер Қазақстандағы алғашқы қауымдық құрылыстың болғандығын дәлелдейді. Алғашқы адамдардың өндіргіш күші біріншіден, алғашқы адамнан, екінші – оның тас құралынан тұрды. Археология ғылымы зерттеуді осы тас құралдардан бастайды. Қазақстандағы алғашқы қауымдық құрылыс ескерткіштерінің зерттелуінің азды-көпті өзіндік тарихнамасы бар. Қазақстан жеріндегі тас құралдар туралы алғашқы деректер ХІХ ғасырдың 50-жылдарынан басталады. 1862 жылы Гурьев облысының Александров портынан пышақ тәріздес тас құралдар табылса, ал 1883 жылы Абайдың досы Е.П.Михаэлстің тілегі бойынша Семей қаласында өлкелік музей ашылып, оның сөрелеріне 80-нен астам тас жебелер, тас найзаның ұштары, қырғыштар, пышақ тәріздес тас құралдар, тас балталар қойылады. Тастан жасалған құрал-саймандар, әсіресе, ХХ ғасырдың басында Қазақстанның әр жерінен табылып, ол туралы баспасөз беттерінде жазыла бастайды. 1895 жылы академик В.В.Бартольдтың бастамасы бойынша Түркістан әуесқой археологтар қоғамы құрылып, Қазақстан бойынша көне дәуірдің ескерткіштері туралы қамқорлық жасап, олар туралы хабар беріп отырған. Қазақстандағы алғашқы қауымдық құрылыстың тас құралдарының нағыз ғылыми тұрғыда зерттелуі 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін ғана қолға алына бастады. Кеңес дәуірінің алғашқы кезінде қазақ жеріндегі алғашқы қауымдық құрылыстың ескерткіштерінің бетін ашуда С.И.Руденконың еңбегі атап айтарлықтай. Оның жазуы бойынша алғаш рет Қостанай облысындағы Қайранкөл маңынан мысты-тас дәуірінің қонысы белгілі болған. Сол сияқты көрнекті археолог ғалым М.П.Грязнов, И.В.Синициндер 30-жылдары Қарағанды, Батыс Қазақстан жерінен жаңа және мысты-тас дәуірінің қоныстарын тапқан. 1 Жерімізде алғашқы адамдардың құрал-жабдықтарын зерттеуде айтарлықтай еңбек сіңірген ғалым академик Ә.Х.Марғұлан болды. Ғалымның жетекшілігімен жүргізілген Орталық Қазақстан экспедициясы Бетпақдаланың орталық бөлігінен бірнеше жерден тас дәуірінің қонысын тапқан. Әсіресе, ғалымның басты бір көрнекті еңбегі Сарысу бойынан мысты-тас дәуірінің шақпақ тастан құрал жасайтын шеберхананың орнын табуы. Сонымен қатар Ә.Х.Марғұлан алғашқы адамдар мекендеген көптеген қоныстар мен үңгірлер тауып, оларға ғылыми сипаттама жазған. Елімізде тас дәуірінің нағыз ғылыми тұрғыдан зерттелуі 50-жылдардың 2- ші жартысынан басталады. Қазақ Ұлттық академиясы Ш.Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография институтының ғылыми қызметкері тас дәуірінің маманы Х.Алпысбаевтың жетекшілігімен 1957 жылы құрылған «Қаратау отрядының» жүргізген жұмысы орасан зор болды. 20 жылдан астам мерзімнің ішінде ғалым тас дәуірінің төменгі кезеңінен бастап, оның соңғы кезеңіне дейінгі мезгілдерді дәлелдейтін ескерткіштерді тапты. Бұл жұмыстың нәтижесі «Оңтүстік Қазақстанның төменгі тас дәуірі» атты монография болып жарыққа шықты. Сөйтіп, Қазақстандағы алғашқы адамдардың ескерткіштері біршама зерттеліп, игілікті жұмыс жолға қойылды. ХХ ғасырдың 80- жылдарынан бастап бүгінгі күнге дейін палеолит дәуірін зерттеуді Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институты, сонымен қатар Ж.К.Таймағамбетовтің жетекшілігімен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – нің ғалымдары жүргізіп келеді. Ж.К.Таймағамбетовтың бастамасы және жетекшілігімен 2000 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ТМД елдерінің ішінде алғаш рет палеолит мұражайы ашылды. Қазақстанның солтүстік аудандарында алғаш рет неолит дәуірінің қоныстарын 1926 ж. М.П. Грязнов пен М.Н. Комарова зерттеген. Шығыс Қазақстанда неолит кезеңінің ескерткіштерін тауып және оларға ғылыми зерттеу жұмысын жүргізуде археолог ғалым С. Черниковтың еңбегі зор. Ол «Кіші Красноярск» және «Усть-Нарым» қоныстарына қазба жұмыстарын жүргізді. Сырдарияның төменгі ағысында Арал жағалауында, Қызылорда облысының жерінде неолит кезеңінің қоныстарын зерттеуде Хорезм археологиялық экспедициясының меңгерушісі С.П.Толстовтың сіңірген еңбегі айтарлықтай. Неолит ескерткіштерін зерттеуде академик Ә.Х. Марғұланның, тас дәуірінің маманы Х.А. Алпысбаевтың еңбегі зор. Адамның алғашқы еңбек құралдары тастан жасалған. Сондықтан да аса ұзаққа созылған алғашқы тарихи кезең – тас дәуірі деп аталады. Тас дәуірі мынадай 3 кезеңге бөлінеді: 1. Палеолит – ежелгі тас дәуірі (б.з.б. 2,5 млн. жылдан – 12 мың жылдыққа дейін). 2. Мезолит – орта тас дәуірі (б.з.б. 12-5 мың жылдықтар). 3. Неолит – жаңа тас дәуірі (б.з.б. 5-3 мың жылдықтар). Өз кезегінде палеолиттің өзі 3 кезеңге бөлінеді: 1) ерте палеолит (б.з.б. 2,5 млн. – 140 мың жылдықтар); 2) орта палеолит (б.з.б. 140 – 40 мың жылдықтар); 3) кейінгі палеолит (б.з.б. 40 – 12 мың жылдықтар). 2 Соңғы жылдары бұл схемаға кейбір өзгерістер енгізілді. Бірқатар авторлардың пікірі бойынша: олар палеолитті екі дәуірге – ерте және кейінгі дәуірге бөліп, мустье мен кейінгі палеолит арасына меже қояды. Бұл кезеңдеу бойынша ерте палеолит үш ірі дәуірге бөлінеді: олдувэй дәуірі (б.з.д. 2,6 млн. – 700 мың жыл), ашель дәуірі (б.з.д. 700 – 150-120 мың жылдықтар) және мустьер дәуірі (б.з.д. 150-120 – 30-25 мың жылдықтар). Кейінгі палеолит б.з.д. 30-25 – 12-10 мың жылдықтарды қамтиды. Қазақстан жеріндегі ежелгі адамның іздері ерте палеолит дәуіріне жатады. Ежелгі адамның қалдықтары әзірше табылған жоқ, бірақ олардың мекен-жай, тұрақтары табылып, зерттелуде. Адамдардың қоныстануына қолайлы жердің бірі Оңтүстік Қазақстандағы Қаратау жотасы болды. Осы жерден тастан жасалған ең көне еңбек құралдары табылды. Көне тас дәуірінің алғашқы кезеңінің ескерткіштері Қазақстанның оңтүстігінен, Арыстанды өзенінің бойынан Қызылтау, Тәңірқазған, Бөріқазған, Тоқалы және Ақкөл деген жерлерінен табылған. Шу өзенінің оң жағындағы Қазанғап шатқалынан осы дәуірге жататын ескерткіш табылды. Қарасу тұрағынан тастан жасалған 15 мыңға жуық заттар табылған. Орталық Қазақстанда ежелгі палеолит адамы оңтүстікке қарағанда кешірек пайда болған. Ол көбінесе Балқаштың солтүстік жағалауын мекендеді. Бұл жерден сол уақыттағы адамдар тұрағы көбірек табылды. Ерте палеолит кезінде адам тасты жару үшін екінші тасты пайдаланған – оларды бір-біріне соғатын болған. Мұндай тәсілді жарып түсіру техникасы яғни малтатас мәдениеті деп атап кеткен, өйткені шикізат ретінде көбінесе өзен малтатастары пайдаланылған. Ерте палеолитте адамдар тасты жару үшін жұмыр тас қолданды. Дайындалған құрал кейін шапқыш ретінде қолданылды. Бұл кезде қол шапқы қарудың аса оңтайлы, кең тараған түрі болды. Ашель кезеңінің ескерткіштері Орталық Қазақстаннан табылды. Осындай тұрақтардың бірі – Құдайкөл Сарыарқаның теріскей-шығыс шетінде орналасқан. Орта палеолит (мустьер) кезеңінде тас өңдеу әдістері жетілдіріле бастады. Енді еңбек құралдарын дөңгелек өзек тастан (нуклеус) жасау әдісі кең тарады. Сол кездегі қарулардың негізгі түрлері тілгіштер мен қырғыштар болды. Бұл кезеңде адам ағаш бұтағын бір-біріне үйкей отырып немесе шақпақ тастарды ұрып ұшқын шығарып, от алуды үйренді. Алғашқы діни сенім қалыптасты. Мустьерліктер өлген адамның аяғын бүгіп, бір қырымен жатқызып жерлеген. Өмір мен өлім туралы түсінік, өлгендерге құрметпен қарау белгілері пайда бола бастаған. Орта палеолит кезеңіндегі адамды неандертальдық деп атайды. Ежелгі адамдардың ұйымы – үлкен қауым орта палеолитте қалыптасты. Орта палеолиттің белгілі тұрақтары мыналар: Қаратау аймағындағы Топалы шатқалынан табылған және Ақкөл көлінен оңтүстікке қарай 20 шақырым жерде орналасқан Қызылрысбек тұрақтары. Осы кезеңге жататын тұрақтар сондай-ақ Арыстанды мекенінен де табылды. Солардың ішіндегі ең күрделісі Ш.Уәлиханов атымен аталды. Үшбұлақ қойнауынан аңшылардың шағын топтарының уақытша тұрағы табылды. Орталық Қазақстаннан табылған ескерткіштердің ең көнесі – Жезқазған облысындағы Обалысай тұрағы, сондай- 3 ақ Сарысу өзенінің орта ағысындағы Мұзбел және Есіл өзенінің жоғарғы жағындағы, яғни Қарағандының солтүстігіндегі Батпақ шатқалы, жоғары Ертіс өңіріндегі Қанай ауылы маңындағы тұрақтар. Мустьер кезеңінің жаңа ескерткіштері 1984 жылы Жезқазған облысының Ақадыр ауданынан табылды. Олар - Өгізтау І және ІІ, Үлкен Ақмая тұрақтары. Батыс Қазақстанның, әсіресе оның Маңғыстау түбегінде тұрған палеолиттік ескерткіштері айрықша қызғылықты. Бұрынырақ кезде А.Г.Медоев және кейінірек Ж.Қ. Таймағамбетов ашқан тұрақтардың бәрі Каспий теңізі жағалауының сөре алаңдарында орналасқан. Кейінгі палеолит біздің заманымызға дейінгі 40 мың жылдан 12 мың жылға дейінгі уақытты қамтиды. Бұл – адамзаттың жердің барша климаттық зоналарына тарап қоныстанған және нәсілдер мен нәсілдік топтардың құрылған кезі. Осы дәуірде дене бітімі қазіргі адамдарға ұқсас адамдар («саналы адам») қалыптасты. Мұндай адамның сүйегі бірінші рет Франциядағы Кро-Маньон үңгірінен табылғандықтан, оны кроманьондық деп атайды. Бұл кезеңде пышақ тіліктер, қырғыштар т.б. тас құралдары пайдаланылды. Қарулар жетілдірілді. Аң аулауда найза лақтырғыш қолданылды. Қоғамдық қатынастар жетіліп, адамдардың бірлескен ұйымының түрі – рулық қауым қалыптаса бастады. Оларда мықты аналық рулық қауым қарым- қатынасы орнады. Әйелдің қоғамдық өмірде биік орынға ие болуы қауымдық үй шаруасының ерекшелігімен, әйелдің ұрпақты жалғастырушы ретіндегі отбасылық рөлімен де анықталып қойылған. Оңтүстік Қазақстаннан бірқатар кейінгі палеолиттік ескерткіштер табылды. Олардың ішіндегі ден қоярлығы Шолаққорған қалашығының батыс жағынан табылған Ащысай тұрағы. Орталық Қазақстандағы Батпақ тұрағынан ірі қырғыш тастар мен сүңгінің ұштары табылды. Үшінші Қарабас көмбесінен 172 порфириттен жасалған заттар табылды. Шығыс Қазақстанда Қанай, Свинчатка, Үңгір және Ново-Никольское тұрақтары белгілі. Қазақстан жерінде кейінгі палеолиттің толық зерттеліп біткен ескерткіштері онша көп емес, бірақ қолдағы бар материалдар көне тас дәуірі адамдарының материалдық мәдениеті дамуының ешбір үзілмей, ұдайы жүріп отырғанына, сол сияқты Қазақстан аумағындағы қоныстану процесінің де үзілмегендігіне көз жеткізеді. Кейінгі палеолит кезеңін мезолит (Б.з.д. 12-5 мыңжылдықтар) алмастырды. Бұл кезең аз зерттелген. Сондықтан Қазақстан жерінен табылған ескерткіштер де сирек. Бұл кезеңде жебелі садақ пен бумеранг дүниеге келді. Қазба жұмыстары кезінде садақ жебесінің доғал және домалақ ұштары да табылды. Олар терісі бағалы аңдардың терісін бүлдірмей аулау үшін қолданылды. Сондай-ақ уланған немесе өртегіш жебелер кеңінен пайдаланылды. Тас өңдеу әдісі де жетілді. Пышақ тәрізді тілгіштер басқа құралдардың бәрін ығыстырып шығарды. Адамдар тас тілгіштерге ағаштан қолға ұстайтын сап орнатуды үйренді. Балық аулау кең тарады. Неолит кезеңі б.з.б. 5-3 мыңжылдықтар арасын қамтиды. Бұл тас өңдеу техникасының әбден жетілген кезі. Тасты өңдеудің жаңа технологиялық тәсілдері: тегістеу, бұрғылау, аралау пайда болады. Тастан балта, кетпен, келі, 4 келісаптар, дән үккіштер жасалды. Микролиттер дайындау неолитте меңгерілді. Сүйек өңдеу жетілдіріле түсті. Мал шаруашылығы мен егін шаруашылығының тууы, табиғаттың даяр өнімдерін пайдалану, аң аулау орнын өндіруші шаруашылықтың басуы – сол кезеңнің аса маңызды белгісі болып табылады. Ғылымда бұл құбылыс «Неолит төңкерісі» деп аталады. Адамдар жабайы жануарларды қолға үйретіп, жер өңдеудің қарапайым түрімен айналыса бастады. Шаруашылықтың жаңа түрлерінің пайда болуы адамзат қоғамының дамуына үлкен әсер етіп, адам еңбегінің ауқымы мен көлемін кеңейтті. Адам баласының бұдан былайғы экономикалық қам-қарекеті дамуының сан мың жылдық тарихы – едәуір дәрежеде шаруашылықтың осы екі түрінің өркендеп жетілу тарихы. Алғашқы қауым халқының өндіргіш күштерді дамытудағы неолит кезеңі тұсындағы қол жеткен деңгейі басқа да мәдени-тұрмыстық жаңалықтардың ашылуына ықпалын тигізеді. Осы кезде тау-кен ісі мен тоқымашылық пайда болып, керамикалық ыдыстар жасала бастайды. Сөйтіп, кен өндіру кәсібі қалыптасты. Адамдар саз балшықтан жасалып, отқа күйдірілген мықты қыш ыдыс – керамика жасауды үйренді. Ол ыдыстарға онша күрделі емес геометриялық өрнектер салынған. Қазіргі кезде Қазақстан жерінде ғылымға белгілі 500-ден аса неолиттік ескерткіш бар. Неолит тұрақтары орналасу сипатына қарай төрт түрге бөлінеді: 1) бұлақ бойындағы; 2) өзен жағасындағы; 3) көл жиегіндегі; 4) үңгірдегі. Әдетте, өзен мен көл жиегіндегі тұрақтарда бұйымдар саны едәуір көп мөлшерде кездеседі, бұл жәйттен ол тұрақтарда адамдардың түпкілікті немесе ұзақ уақыт тұрып тірлік еткенін білеміз. Қазақстан жерінде бәрінен де көбірек тарағаны бұлақ бойындағы тұрақтар – олардың дені уақытша, маусымдық – кезбе аңшылардың орыны саналған. Қазақстанның шөл-дала аймақтарындағы неолит ескерткіштерінің бір ерекшелігі – олардың басым бөлігі – ашық (жер бетіндегі) тұрақтар. Бұл тұрақтардан оқтардың жебесі, сүңгінің ұшы, балталар, қашаулар, пышақтар, қырғыштар табылған. Қазақстанның неолиттік ескерткіштері бірнеше территориялық топтардан тұрады. Арал өңірінде Сексеуіл тұрағы орналасқан. Бұл тұрақтың тұрғындары негізінен аңшылар мен малшылар болған. Солтүстік-Шығыс Балқаш маңынан табылған құралдар яшма мен кварциттен жасалған. Қостанай облысындағы Ботай тұрағынан жабайы жылқының көптеген сүйектері табылды. Кейбір сүйектер жылқылардың біразы қолға үйретілгендігін көрсетеді. Сонымен, Қазақстанның далалық аймақтарында жылқыны қолға үйрету ісі басталған. Қараүңгір неолиттік тұрағы – Оңтүстік Қазақстанның Түлкібас ауданында орналасқан. Шығыс Қазақстан облысындағы Қызылсу өзенінің оң жағалауынан Сатшақыз тұрағы табылды. Батыс Қазақстанда Келтеминар мәдениетінің бір түрі – батыс-қазақстандық үлгісі оқшау көзге түседі, оны С.П. Толстов болжап айтқан. Келтеминар мәдениеті б.з. дейінгі 4 мыңыншы жылдардың аяғы мен 2 мыңыншы жылдың бас кезінде болған және Қазақстан мен Орта Азияның едәуір территориясын қамтыған. Батыс Қазақстанда Шаңдыауыл, Құлсары, Шатпакөл, Қайнар, Жыланқабақ, Сарықамыс, Шаянды және т.б. тұрақтар бар. Солтүстік Қазақстандағы Железинка ауылының маңынан қазылып, зерттелген неолит қабірінде мәйіт қабірдің ішінде өртелген. Онда сонымен 5 қатар өлген адам денесімен бірге қабірге әр түрлі әшекей заттар, тас қарулар, қыш ыдыстар, тамақ қойылған. Бұл заттар о дүниеге барғанда қажет болады деген ойды білдірсе, ал өртеп қою отқа табынуды көрсетеді. Қоныстардан, молалардан табылған бұйымдар адам баласының өмірінде неолит кезеңінде үлкен өзгерістердің болғандығын байқатады. Жер кәсібі, қолөнер, мал шаруашылығы сияқты шаруашылықтың жаңа түрлері дами бастады. Неолит кезеңінде қоғамда аналық рулық құрылыс болды. Адамдардың күн көрісі, тіршілігінде ананың рөлі басым болған. Сөйтіп, қорыта келгенде, тас дәуірінде адамның пайда болуы, қалыптасуы және алғашқы адамдардың Қазақстан аумағына қоныс аударуы мен игере бастауы үрдісі жүрді. 2. Қазақстан аумағындағы қола дәуірі Қазақстандағы қола дәуірінің зерттелуі Кеңес өкіметінің кезінде ғылыми жағынан жүйелі жолға қойылады. 1933 жылы КСРО Ғылым академиясы Орталық Қазақстанды зерттеу үшін ұйымдастырған «Нұра экспедициясының» көрнекті мүшелері П.С.Рыков, М.И.Артамонов, М.П.Грязнов, К.Арзютов, И.В.Синицин сияқты ғалымдардың сіңірген еңбектері айтарлықтай. Қола дәуірін зерттеуде бұлардың ашқан басты жаңалықтарының бірі Шерубай-Нұра өзенінің аңғарынан қола дәуірінің атақты Дандыбай ескерткіштерін табуы. Қазақстанның батыс бөлігінде қола дәуірін зерттеуде ғалым О.А.Кривцова- Грекованың еңбегі зор. Әсіресе, Тарих, археология және этнография институтының жанынан ұйымдастырылған Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының меңгерушісі Ә. Марғұланның жүргізген жұмыстары орасан зор. Ғалым Атасу, Бұғылы, Беғазы, Ақсу-Аюлы, Дандыбай сияқты ескерткіштерге қазба жұмыстарын жүргізді. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Ә.Марғұланның қола дәуірі туралы екі үлкен монографиясы, көптеген ғылыми мақалалары жарық көрген. Шығыс Қазақстанның жерінде қола дәуірінің ескерткіштерін зерттеуде жемісті жұмыс жүргізген көрнекті ғалым С.С.Черников. ХХ ғ. 50-жылдары қола дәуірін зерттеуде үлкен еңбек сіңірген археолог ғалымдар К.А. Ақышев, А.М. Оразбаев, А.Р. Максимовалар болды. Қола дәуірі б.з. дейінгі 2 мыңжылдық пен 1 мыңжылдықтың басы аралығын қамтиды. Б.з. дейінгі 2 мыңжылдықта Евразия даласында қола алу тәсілі шығып, өндіргіш күштер қатарында төңкеріс жасалды. Ежелгі адамдар мысқа қалайыны қосу арқылы металл бұйымдардың беріктігін күшейтті. Қоладан тіршілікке қажетті құралдар мен қарулар жасалды. Қазақстан жеріндегі қола дәуірінің кезіндегі өмір сүрген адамдардың негізгі мәдениеті – ғылымда Андронов мәдениеті деп аталады. Бұл дәуірде Қазақстан даласын, Оңтүстік Сібірді және Орал аймағын шығу тегі жағынан ұқсас, өзіндік мәдениеті бар тайпалар мекендеді. Бұл мәдениеттің алғашқы ескерткіші 6 табылған Оңтүстік Сібірдегі Ачинск қаласы маңындағы Андроново селосына байланысты бұл кезең – андронов мәдениеті деген атау алды. Сол жердегі қазба жұмыстарын 1913 жылы Б.В. Андрианов жүргізген. 1927 жылы археолог М.П. Грязнов осындай қорымды Батыс Қазақстаннан да тауып, андронов мәдениетінің ескерткіштері шығыста Минусинскіден бастап батыста Оралға дейінгі орасан зор территорияға тарағанын анықтады. Зерттеушілердің көпшілігі андронов мәдениетінің өмір сүрген уақытын 3 кезеңге бөледі: 1. Ерте қола кезеңі (Федоров кезеңі) – б.з.б. ХҮІІІ-ХҮІ ғғ. 2. Орта қола кезеңі (Алакөл кезеңі) – б.з.б. ХҮ-ХІІІ ғғ. 3. Кейінгі қола кезеңі (Замараев кезеңі) – б.з.б. ХІІ-ҮІІІ ғғ. Бұл кезеңдер алғашқы зерттелген ескерткіштер атына сәйкес Федоров, Алакөл, Замараев деп аталды. Қола дәуірінің атап көрсетерлік ерекшеліктері мынадай: Түсті металдардың өндірістік жолмен игерілуі (қола металлургиясы). Ең алғашқы қоғамдық еңбек бөлінісінің жүзеге асуы, яғни мал шаруашылығының егіншіліктен бөлініп шығуы. Аталық отбасылық рулық қатынастың орнауы. Андроновтық тайпалар алғаш болып экономикалық өмірдің озық түрі – көшпелі мал шаруашылығына көшті. Рулық қатынастар ыдырап, қуатты тайпалық бірлестіктер құрыла бастады. Андронов тайпалары Қазақстанның барлық аймағын мекендеген. Негізгі қоныстанған ауданы – Орталық Қазақстан. Бұл өңірден көптеген мекендер, қорымдар, көне кен орындары, тастағы суреттер-петроглифтер, 30-дан аса қоныстар мен 150-ден аса қабір табылып зерттелген. Ертедегі Нұра кезеңінде жерлеу салтында кремация (мәйітті өртеу) басым болған. Келесі – Атасу кезеңінде жерді игеру, оның ішінде шөлейт аудандарды да игеру кеңінен жүргізіледі. Тау-кен жұмыстарының көлемі күрт өседі, оны көптеген тау кендерін өңдеу орындарының болуынан байқаймыз. Қорымдар мен қоныстардың үлкен бір тобы Атасу өзенінің бойында. Қоныстар мен қорымдарды қазған кезде қола құралдары, қару-жарақтары, сәндік заттар шықты. Мәйіттерді бір жамбасына бүк түсіріп жатқызып жерлеу жиірек ұшырасады. Қоланың кейінгі кезеңі Орталық Қазақстанда жаңа мәдениет – Беғазы- Дәндібай мәдениетінің құрылуымен белгілі. Орталық Қазақстанда көп жылдар бойы археологиялық зерттеу жұмысын жүргізген академик Ә.Х.Марғұлан қола дәуірінің соңғы кезінің өзіне тән ерекшеліктерін ескере отырып, оны Беғазы- Дәндібай мәдениеті деп атауға ұйғарды. Бұл мәдениетке ғалым Беғазы, Бұғылы, Саңғыру, Айбас дарасы, Дәндібай ескерткіштерін жатқызады. Аталған ескерткіштерден алынған материалдар қола дәуірінен темір дәуіріне өтетін өтпелі кезін көрсететіндігін дәлелдейді. Бұл мәдениетке тән бір қасиет, ол бірінші жағынан, андронов дәстүрін сақтайды, екінші жағынан, онда жаңа элементтер: мазарлардың айрықша типі, өзіндік өзгешелігі бар жерлеу салты, қыш ыдыс-аяқтардың жаңа түрлері пайда болады. Мәйіттерді бүктеп жатқызып қоюмен бірге, оларды шалқасынан жатқызып қою да кездеседі. Бұл мәдениетке 7 сонымен қатар Қарағандының оңтүстік бетіндегі Ақсу-Аюлы ІІ қабірі жатады. Осы кезде жер бетіне тастан қалап қабырғалы тұрғын үйлер салу рәсімі кең жайылады. Тұрғын үйлерді салуға ағаш кеңінен пайдаланылған. Металл өндіріп балқыту орасан зор рөл атқарған. Солтүстік және Батыс Қазақстанда көптеген андроновтық мәдениет ескерткіштері ашылып зерттелген, олардың ішінен Алексеев қонысы мен Тастыбұтақ қорымы кеңінен мәлім болды. Ертедегі қола кезеңіне мәйітті өртеп көму рәсімі жатады. Сол кездері ежелгі қалалардың прототиптері деп есептелетін қоныстар пайда болды. Соның бірі – Арқайым Челябинск және Қостанай облыстарының шекарасында орналасқан. Кейінгі қола дәуірінің бірінші кезеңінде Солтүстік Қазақстанның тайпалары Арал өңірінің Қима мәдениетінің, ал Батыс Қазақстан – Еділ бойының Қима мәдениетінің қатты ықпалына түседі. Шығыс Қазақстанда Андронов мәдениетінң дамуы да осы тектес жолмен жүреді. Ертіс пен Бұқтарманың, Күршімнің көкорай шалғынды алқаптарынан, Алтайдың таулы аудандарынан, Тарбағатай мен Сауыр далаларынан қола дәуірінің ондаған қоныстары мен қорымдары табылды. Қанай қорымы және онымен қатар орналасқан қоныс қабірлерінің дені кейінгі қола кезеңіне жатады. Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу қола дәуірінде халық тығыз қоныстанған аймақ болды. Таңбалы мен Қаратау сияқты тастағы суреттердің аса үлкен шоғыры тек Жетісу мен Қазақстанның оңтүстігінен ғана табылды. Жетісуға федоров пен алакөл тайпаларының мәдениеттері элементтерінің араласып- құраласып жататыны тән болып келеді. Федоров дәстүрінде қоршаулары тікбұрышты және дөңгелек болып келетін қабірлер көбірек кездеседі. Жетісудың орта қола дәуіріне Таңбалы, Қарақұдық қорымдары жатады. Қазақстанның оңтүстігінен, Қаратаудан Таутары қорымы қазылып аршылды. Сырдарияның төменгі жағынан, Арал алқабынан қола дәуірінің бірегей ескерткіші – Түгіскен кесенесі ашылды. Андроновшылар шаруашылығы. Андроновшылар тіршілігінде мал өсіру бәрінен де маңызды рөл атқарған. Олардың негізгі малы – қой, сиыр, жылқы болды. Андронов тайпалары тұңғыш рет қысты күні малды қолда ұстау дәстүрін енгізді. Тұрғын үйлерге жалғастырыла мал қоралары салынған. Олар қос өркешті-бактриан түйелерін өсірген. Түйе бейнелері жартастарға салынған. Ерте және орта қола кезеңдерінде, яғни б.з. дейінгі І мыңжылдықтың басында андроновшылар отырықшы болған. Олар аралас шаруашылықпен шұғылданып, егін егіп, мал өсірген. Соңғысы үй іргесінің шаруасы саналған. Мал өсірудің мұндай түрінен жайылым тез тозған. Сондықтан мал ұстаудың жаңа түрлері мен тәсілдері қажет болды. Кейіннен мал өсірудің жайлаулық тәсілі, яғни жартылай көшпелі мал шаруашылығы өмірге келді. Сөйтіп, үй іргесіндегіден – жайлауға көшу, отарлы, яғни жартылай көшпелі, сосын көшпелі мал шаруашылығы туады. Бұл дала мен шөл жайылымдарын тиімді пайдалануға жәрдемін тигізді. Көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығына өтуге байланысты бірте-бірте мал құрамы да өзгере түседі: ірі қараның саны кеміп, қой мен жылқы саны көбейе түседі. Андронов 8 тайпаларының тіршілігінде теселі егіншілік болған. Олар негізінен бидай, қарабидай және тары өсірді. Қола дәуірінде кен өндіріп балқыту ісі орасан зор көлемде жүргізілген. Мысалы, Жезқазған өңірінде 100 мың тонна мыс қорытылған, ал Успен руднигінде 200 мың тонна кен өндірілген. Ежелгі кеншілер жұмсақ кенді қайламен омыру арқылы, қатты, тығыз кенді отпен уату арқылы және сонымен қатар үңгіп қазу арқылы өндірген. Отпен уату тәсілі бойынша - кен өзегінің үстіне от жағылып, әбден қызған кезде су құйып, жарықшақтарға бөлген. Уақталған руданы қонысқа әкеліп, арнаулы пештерге салып балқытқан, ондай пештер қалдықтары Атасу, Суықбұлақ қоныстарынан, Қанай ауылының қасынан табылды. Метал балқытатын шеберханалар орны Мало-Красноярск, Алексеевка, Никольское, Петровка ІІ-де бар екені мәлім болды. Метал балқытумен бірге андроновшылар оны шыңдау, шекімелеу және қыспалау әдістерін білген. Алтын фольгамен оралған қоладан олар сырғалар, алқалар, білезіктер жасаған. Андроновтық тайпалар үй кәсіпшілігінде қыш ыдыстар жасаған. Қазақстанның далалары мен таулы алқаптарында әрбір отбасы ыдыс-аяқтарын өздері жасаған. Әйелдер саз балшықты әзірлеп, одан ыдыс-аяқ істеп, оларды ошақтағы отқа, кейде таспен қоршалған шұңқырға от жағып сонда күйдірген. Б.з. дейінгі ХҮІІ-ХҮІ ғғ. аяқ-табақтар белгілі бір тоқылған мата қалыпқа салынып істелген. Қыш ыдыстар геометриялық ою-өрнектермен әсемделген. Бұл өрнектер байлық пен молшылықты, тіл мен көзден сақтау белгісін және ыдыс ішіндегі затты білдірген. Андроновтықтардың баспанасы жертөле мен жартылай жер бетіндегі үйлер болған. Бөлмелерді жылыту үшін тастан қаланған пештер қолданылған, отын есебінде ағаш, тезек жаққан. Кейінгі қола дәуірінде Орталық Қазақстанда көп бөлмелі жер бетіндегі үйлерді ауыр дөңбек тастардан салатын болған. Мұндай көлемі үлкен үйлер Бұғылы, Ақбауыр қоныстарын қазған кезде кездесті. Осындай үлкен үйлер қоғамдық жиындар өткізетін, діни ғұрыптарды атқаратын және үлкен отбасы мекендейтін орын болып есептелген. Қоғамдық құрылысы. Қола дәуірінде мал шаруашылығы мен металлургияның жедел дамуы ерлердің еңбегін көп қажет еткендіктен қоғамда ер адамдар рөлі жоғарылап, аталық отбасылық қатынас орнады, аналық ру орнына аталық ру келді. Андроновтықтар қоғамында барлық істі халық жиналысы шешіп отырды: ру басшыларын сайлау, айыптыларды ел алдында жазалау және т.б. Жоғарыда айтқанымыздай андроновшылар үлкен үйде үлкен отбасылық қауым болып өмір сүрген және бірге тұрып, бәріне ортақ шаруаны ағайын-туыстардың бірнеше буыны бірлесіп атқарған. Қоныстар материалына қарағанда көзге түсерліктей ешбір елеулі әлеуметтік және мүліктік теңсіздік байқалмайды, алайда қорымдарды зерттеу ісі адамның байлық дәрежесі мен қоғамдағы мәртебесінің айырмашылығын анықтауға мүмкіндік береді. Ертедегі қола дәуірінің өзінде көптеген біркелкі молалар ішінен өзгелерге қарағанда қабірі үлкенірек те тереңірек, ағаш мазарының құрылысы да күрделі, мола ішіне қойылған құмыралары мен тағамы да мол зират ерекше назар аударған. Мұндай қабірлерден сондай-ақ соғыс арбасының жұрнағы мен аттардың 9 сүйектері, мәйіт басынан қола қанжарлар, жебелер табылған. Орта және кейінгі қола дәуірлерінде де тап осындай жәйттер кездеседі. Қорымдардағы қарапайым қабірлер арасынан ірі тастардан екі немесе үш қабат қоршауы бар бірнеше аса үлкен оба не мазарлар көзге түседі. Обалар салып, қабірлер қазу ісімен, онда қойылатын заттар арасындағы елеулі айырмашылықтарға жүгінсек, андронов қоғамы біртекті болмаған. Үлкен қорымдарда сол кезде қоғамда айрықша топқа бөлінген жауынгерлер қойылған. Қоғамның жіктелуі басталған – оның қатардағы қалың мүшелері арасынан бөлініп «патшалар» - билеушілер, жауынгерлер – кшатрийлер шыққан. Олардың жақындары да қоғамда жоғары дәрежеге ие болған. Үнді-иран шежірелеріне қарағанда абыздар да жоғары бағаланған. Олар діни жоралғыларды жүргізуші, ежелгі дәстүр мен білімдерді сақтаушылар болды. Олардың өзгелерден айрықша бір белгісі – ағаш табақ пен ерекше бас киімі (бөркі). Қола дәуірінде еңбек құралдарының жетілдірілуіне және шаруашылықтың дамуына байланысты азық-түлік молайып, артық қор құрылды. Қоғамда біреулер байып, басқаның еңбегін пайдалануға мүмкіндік алды. Сондықтан тұтқындарды өлтірмей, оларды құлға айналдырды. Рулық ұжымдық меншіктің орнына жеке меншік орнап, еңбекті қанау пайда болды. Бұл мүлік теңсіздігінің шығуына алып келді. Сөйтіп, қола дәуірінде рулық қауым ыдырап, шағын отбасылардың рөлі күшейіп, патриархалдық-рулық қатынастарды сақтаған көршілік қауым өркендеді. Кейінгі қола кезеңіне қарай отбасылық қауымдар бөлшектеніп, нәтижесінде алғашқы қауымдық құрылыс ыдырай бастады. Қола дәуірі адамдарының діні мен өнері. Қола дәуірінің тайпалары табиғат күштеріне табынған. Жерленген адамның басы батысқа немесе оңтүстіқ-батысқа қаратылып, қол-аяғы бүгіп жатқызылған. Бұл жер-ана құшағына барған сәби қалпындағы адам түсінігін берген. Өлікті матаушы ажал құдайы Ямаға сыйынған. Ерте қола дәуірінде жерлеу салтында кремация, яғни мәйітті өртеу басым болған. Бұдан андроновтықтардың отқа табынғанын байқаймыз. Кейінгі қола дәуірінде жерлеудің кесенемен бірге өртеу түрі болған. Үй құрылысы да құрбандық шалудан басталған. Құрбандыққа сүт толы ыдыстар, бұқа не бағлан шалынған. Сүт ішіліп, ет желініп болғасын, құмыралар мен сүйектер болашақ үйдің ошағының басына, оның табалдырығының астына көмілген. Үйдің ошағы отбасының киелі орны есебінде қатты құрметтелген. От пен күлге байланысты жөн-жоралғылардың бәрі құдайдың рақым-шапағатымен денсаулық, отбасының амандығын, құт-береке болса деген тілекпен жасалған. Мәйітті көкке әкететін от құдайы – Агнияға арнап құрбандыққа ешкі сойған. Қола дәуірінің соңына қарай күнге, айға және жұлдыздарға табынған. Ата-баба аруағына сиыну және о дүниеге сену кең тарады. Қола дәуірінің жартастар бетіне салынған суреттерінің өзіндік ерекшеліктері бар, ертедегі адамдар жартастардың тегіс бетіне қатты да үшкір тас сынықтарымен жануарлар, Күн бейнелі адамдар суретін, соғыс арбалары мен шайқас көріністерін салған. Бұл – адамның рухани мәдениеті және оның дүниетанымы жөніндегі аса бағалы хабарлар бастауы болып табылады. Қазақстан – жартастағы суреттер-петроглифтердің саны мен әралуандығы жөнінен әлемдегі ең бай жерлердің бірі. Осындай суреттер көп табылған 10 Таңбалы, Ешкіөлмес, Қаратау, Маймақ, Тарбағатай, Бөкентау аймақтары дүниежүзілік мәдениеттің қорына қосылады. Қола дәуірінің адамдары ойлаудың мифологиялық сатысында болған. Жартастардағы салынған суреттер – андроновшылардың өздерін қоршаған дүние жайлы түсініктерінің көрінісі еді. Суреттерде жиі кездесетін бейне – мүйізін алға кезеп, шоқтығы күдірейіп, алып денесі шиыршық атып, аяқтарымен жер тіреп тұрған турдың – жабайы бұқаның суреті. Әлемді жарату жөніндегі мифтерде дүние – Күн құдайы Митра құрбандыққа шалған бұқаның мүшелерінен жасалған делінеді. Сонда Митра бұқамен қатар қойылып, бірдей саналады. Ешкіөлмес тауындағы суреттердің бірінде Митра, басы күн шұғыласымен қоршаулы адам бейнелес секілденіп, бұқа үстінде түрегеп тұрған күйде бейнеленген. Бірқатар киелі орындарда ертедегі адамдардың басы күн шұғылалы Митраға тағзым етіп, табынып жатқан кездегі көрінісі салынған. Таңбалы шатқалында күн басты бір кісінің маңында айнала билеп жүрген кішкентай адамдар, парласып және жеке өзі билеп жүрген адамдар бейнеленген. Бұқа бейнесі молшылық, құдіреттілік пен күшті білдіреді. Жартас көркем өнеріндегі жиі кездесетін суреттердің бірі – қос өркешті бактриян түйесінің бейнесі. Ол ирандықтарда күн күркіреу құдайы – Веретрагна, үнділіктерде – Индра бейнесі болып есептеледі. Қола дәуірі петроглифтерінің арасында соғыс арбасын бейнелеу де кеңінен тараған. Қаратау тастарындағы суреттерде соғыс арбасы 49 жерде кездеседі, олар Таңбалыда да, Ешкіөлместе де бар. Олардың көпшілігінде екі доңғалақты аңшы және соғыс арбалары бейнеленген. Ат пен арба жайлы ирандықтар арасында көктегі күн күймесі жөнінде әпсана-аңыз бар. Олар жоғарғы құдайлардың бәрі аспанда пырақ жегілген күймелермен заулап жүреді деп есептеген. Тастағы суреттердің ішінде жер жырту көріністері де кездесіп қалады, оларда соқаға жегілген бұқалар, аттар мен ешкілер бейнеленеді. Соқа басында адам болады. Бұл көріністер жаңа жылды мейрамдауға, күн мен түннің теңелуі, табиғаттың жаңару мейрамына, құнарлылыққа байланысты болса керек. Бұл мерекенің ең бір маңызды бөлегі – түрен тарту болып табылады. Бірінші түрен тарту құқы, яғни алғашқы соқа салу құрметі патшаға берілген. Қола дәуірі мәдениетінің гүлденуі Жерорта теңізі және Кіші Азия мәдениеті мен экономикалық қатынастың нәтижесі болды. Сонымен, қорыта келгенде, Қазақстандағы қола дәуірінің өзіндік мәдениеттері болғандығын, олар өз ерекшеліктерін сақтай отырып, Қазақстан аумағында таралып, белгілі-бір даму сатыларынан өткенін байқаймыз. Осы дәуірде аридтық табиғи-географиялық жағдай көшпелі тұрмыс пен көшпелі мал шаруашылығына өтуге өз әсерін тигізді. 2-тақырып. Қазақстан аумағындағы тайпалық одақтар және ежелгі мемлекеттік бірлестіктер 1. Ерте темір дәуіріндегі тайпалық одақтар. 11 2. Қазақстан аумағындағы мемлекеттік бірлестіктер 1. Ерте темір дәуіріндегі тайпалық одақтар. Ежелгі Қазақстан аумағындағы адамзаттың даму тарихында өзіндік орын алатын қола дәуірін ауыстырып, үлкен де күрделі өзгерістер әкелген кезең б.з.д. І мыңжылдықтың басы мен біздің заманымыздың басы болып табылады. Бұл кезең Қазақстан аумағын мекендеген адамдардың өз өндірісінде темірді пайдалануы және көшпелі шаруашылықтың дамуымен ерекшеленеді. Б.з.д. І мыңжылдықта Солтүстік Үндістан, Ауғанстан, Орта Азия және Қазақстанның оңтүстік өңірін қамтитын кең – байтақ аумақта «сақ» деген атпен белгілі тайпалар мекендеген. Геродот (б.з.д. V ғ.) және басқа ертедегі тарихшылар оларды “азиялық скифтер” деп атаған. Сақ бірлестігі туралы мәліметтер кездесетін негізгі жазба деректер екі топтан тұрады: 1) антик дәуірінің авторлары (гректер) – Геродот, Страбон, Ксенофонт, Птоломей және т.б.; 2) Ахеменидтер әулетінен (көне парсы) қалған сына жазулар (Бехистун сына жазуы, т.б.). Парсы жазбалары «сақ» атауын қолданса, грек деректері бұл тайпаларды «Азия скифтері» деп атайды. Сақ тайпалары Солтүстік Қара теңіз жағалауын, Днепр өзені бойын мекендеген скифтердің және төменгі Еділ өзенінің төменгі ағысы мен Оңтүстік Орал өңіріндегі савроматтардың, Кир мен І Дарий тұсындағы парсылардың және Александр Македонский дәуіріндегі гректердің замандастары болған. Олар ежелгі парсылармен тығыз қарым-қатынас орнатып, б.з.д. VІ - V ғасырларда Ахеминидтер империясының құрамына да кірген. Ахеменидтердің сына жазбаларында сақтар туралы аз болса да анық деректер келтірілген. Оларда сақтардың үш тобы: хаомаварга-сақтары (хаома сусынын даярлайтын сақтар), тиграхауда-сақтары (шошақ бөрікті сақтар), парадарайа-сақтары (теңіздің арғы жағындағы сақтар) туралы баяндалады. Алғашқы екі тобын Герадот “ амюргия-сақтар” және “ортокарибантия-сақтар” деп атаған. Ғылымда сақтардың бұл топтарының Орта Азия мен Қазақстан аумағында шоғырланғандығы туралы түрлі болжамдар бар. Олардың біреуіне сәйкес Шаш (Ташкент ауданы), Солтүстік Қырғызстан аумағында және Қазақстанның оңтүстігінде тиграхауда-сақтары мекендеген, бұл сақ тайпаларының этникалық аумағы кеңірек болған, оған Оңтүстік Орал өңірі мен Таулы Алтай да енген. Парсы сына жазбаларында хаомаварга-сақтары ең ірі тайпа немесе тайпалар тобы деп айтылған, олар грек деректерінде амюргий-сақтары деп аталды. Бұл сақтар Ежелгі Бактрия және Маргиана аумағында (Әмудария мен Мұрғаб өзендерінің жағалауында) орналасқан. Ертедегі парсылардың танысқан сақтары осылар еді. Лингвистикалық зерттеулердің мәліметіне қарағанда сақтардың Орталық Азияның көне иран тұрақтарынан б.з.д. І мыңжылдықта бөлектеніп шыққан ирандық, нақтырақ шығыс ирандық тайпалар тобына жататындығы байқалады. Сақ тайпалар одағына массагеттер, дайлар, исседондар, аримаспылар, қаспилер, аргипейлер және т.б. сияқты ондаған тайпалар кіреді. Олар ежелгі грек авторларының еңбектерінде аталады. Зерттеушілердің болжамдары 12 бойынша олар Қазақстан аумағында былайша орналасқан делінеді: массагеттер – Сырдарияның төменгі бойы мен Арал теңізінің оңтүстік және солтүстік- шығыс өңірінде, дайлар – Сырдарияның төменгі жағын, Арал теңізінің жағалауын, исседондар – Іле мен Шу өзендерінің бойын, оның шығыс жағындағы Тарбағатай тауына дейінгі алқапты, ал кейбір зерттеушілер, соның ішінде, М.Қ.Қадырбаев оларды Орталық Қазақстан кеңістігіне орналастырады, аримаспылар – Шығыс Қазақстан аумағын, қаспилер – Каспий теңізінің шығыс жағалауын, аргипейлер – Қазақстанның солтүстік аймағын мекендеген. Деректерге сүйенсек, сақтар мал шаруашылығымен айналысып, жылқы, ірі қара, қой өсірген. Мал шаруашылығының үш түрі болды: көшпелі, жартылай көшпелі, отырықшы мал шаруашылығы. Сақтарда түйе өсіру Батыс және Оңтүстік Қазақстан аймақтарында өркен жайды. Олар атқа керемет мініп, садақ атуды өте жақсы меңгерген. Б.з.д. ҮІІІ –ҮІІ ғасырларда Қазақстан мен Орталық Азияны мекендеген тайпалардың Ассирия және Мидиямен, ал б.з.д. ҮІ ғасырдың ортасынан бастап құрылған Ахеменидтер тұсында Персиямен қарым-қатынас жасаған және сол кезеңдегі көптеген тарихи оқиғаларға араласып отырған. Жазбаша және археологиялық деректер б.з.б. VІІІ-VІІ ғғ. Қазақстан мен Орта Азияны мекендеген тайпалар ежелгі дүние өркениеті - Ассириямен және Мидиямен, ал б.з.б. VІ ғасырдың ортасында Ахеменидтер мемлекеті құрылған уақыттан бастап Персиямен байланысты болғанын көрсетеді. Сақтар сол кездегі көптеген тарихи оқиғаларға қатысты. Мәселен, Кир сақтармен одақ жасап, Мидия патшасы Крезбен соғысуы кезінде олардан көмек алады. Кейінірек Кир сақтар мен массагеттерді бағындырмақшы болып жорыққа аттанады. Бірақ, оның жорығы қатты қарсылыққа кездесіп, соңында Кир бастаған парсылар сәтсіздікке ұшырап, әскерлері талқандалып, өзі қаза табады. Герадот мынадай аңыздық мәліметтерді келтіреді: парсыларды жеңгеннен кейін сақтардың патшайымы Тұмар (Томирис) торсыққа қанды толтыра құйғызып, «Сен қанға құмартып едің, енді шөлің қансын!» деп оған Кирдің басын салдырған. Кирдің Орта Азияға басқыншылық жорықтарын І Дарий (б.з.д. 521-486) жалғастырды. Б.з.б. 518 жылы І Дарий массагет-сақтарға қарсы жорық бастап, бірақ ол да жеңіліске ұшырады. Грек тарихшысы Полиэн массагет-сақтардың парсыларға қарсы ерлікпен күрескендігі жайлы мына бір оқиғаны келтіреді. Шырақ есімді бір сақ жауынгері өзінің денесін пышақпен тілгілейді де, парсыларға барып өзін сақ көсемдерінен зардап шеккен адам сипатында көрсетеді. Одан соң өзінің тайпаластарынан кек қайтарғысы келетінін мәлімдеген Шырақ жауларын, яғни парсыларды сусыз шөл далаға апарып адастырады. Ал, ол жерде парсылардың көбі шөлге шыдамай қырылады. Өз жерін жат жерлік басқыншылардан қорғау мақсатында сақ жауынгері Шырақ осындай ерен ерлік жасады. Дегенмен І Дарий аз уақыт болса да жекелеген сақ тайпаларын, соның ішінде хаомаварга-сақтарын және басқа да кейбір тайпаларды бағындырады. Бұл тайпалар Ахеменидтердің ХV сатрапиясының (салық аймағының) құрамына кіріп, алым-салық төлеуге тиіс болды, бірақ ол өз уақытында төленіп 13 тұрмады және көбіне сыйлықтар сипатында болды. Сақтар болса Ахеменидтердің әскерінде қызмет атқарды. Тіпті, олардың біразы парсы патшасының «өлмейтін он мың» деп аталатын жеке әскери құрамасының қатарына да кірді. Б.з.б. VІ ғасырдың аяғымен V ғасырдың басында ежелгі Шығыста грек- парсы соғыстарының басталуына байланысты ірі-ірі саяси оқиғалардың болғаны белгілі. Сол тұста кейбір сақ тайпалары бұл соғыстарға одақтастар мен жалдамалылар ретінде парсылар жағында қатысып отырған. Мысалы, Гавгамелы маңындағы шайқасқа сақтардың жеңіл атты әскері қатысқан. Грек-парсы соғыстары (б.з.б. 500-449 жылдары) парсылардың жеңілуімен аяқталды. Ал, бұл кезде Грекияда экономикалық және саяси дағдарыс шиеленісе түседі, құл иеленушілер болса, бұдан шығудың жолдары шығысқа басқыншылық жорықтар ұйымдастыру деп түсінеді. Б.з.б. ІV ғасырдың 30- жылдарында македондық-гректер Александр Македонскийдің басшылығымен соңғы Ахеменидтік ІІІ Дарий Кодоманның армиясын талқандап, Орта Азияға басып кіреді. Маракандты (Самаркандты) алып, олар Сырдарияға қарай бет алады. Гректердің баса-көктеп енуіне Орта Азия халықтары табан тіресе ерлікпен қарсыласты. Александр Македонскийдің әскерлеріне қарсы күресте сол кезде Қазақстанның оңтүстік аудандарын мекендеушілер, оның ішінде массагеттер белсене қатысты. Александр Македонский әскерлерімен Сырдариядан өтпек болған кезінде сақ жебесі тиіп, жараланды. Македондық- гректер Сырдария бойындағы қалаларды қоршаған кезде олардың тылында көтеріліс шығып, оны Спитамен басқарды. Спитамен массагет-сақтардың қолдауына сүйене отырып, сол кезде жеңілмейтін деп саналған македондық- грек әскерлерін бірнеше дүркін талқандаған болатын. Үш жыл бойғы кескілескен соғыстан кейін ғана македондық-гректер Орта Азияның кейбір тайпалары мен халықтарын уақытша бағындырды. Сырдарияның арғы жағасындағы сақ тайпалары өздерінің тәуелсіздігін сақтап қалды. Александр Македонский өлгеннен кейін оның ұлан-байтақ империясы тығыз экономикалық және саяси байланыстары жоқ тайпалар мен халықтардан біріктірілгендіктен дағдарысқа ұшырап ыдырады. Б.з.б. І мыңжылдықта Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан тиграхауда-сақтарға кіретін сақ тайпаларының үлкен тобы қоныстанған Орта Азия мен Қазақстанның этно-мәдени сақ қауымының өзіндік жарқын мәдениетінің ірі ошағы болды. Сақ мәдениеті - Орталық және Алдыңғы Азияның мәдениеті мен өнері жетістіктерінің бірі болды. Ол заманға қатысты қорымдардың көп болуы ерте кезден-ақ Қазақстан аумағының оңтүстік-шығысы мен оңтүстігінің толық игерілгенін байқатады. Сырдария, Іле, Талас, Лепсі, Есік, Шелек, Шарын, Кеген өзендері мен т.б. өзендердің аңғарларында көптеген тас және топырақ обалар шоғырланған. Мысалы, Жуантөбе қорымы (Іле өзенінің сол жақ жағалауы) – 300 обадан, Берікқара қорымы (Талас өзенінің аңғары) 500 обадан, Кетпен – Төбе алқабында (Солтүстік Қырғызстан) 700 обадан тұратын қорымдар табылған. Оларда адамдар әр түрлі уақыттарда жерленіп, жүздеген жылдар бойы қалыптасқан. 14 Биіктігі 20 метрге дейін жететін «патша» обалары саналатын обалардың көп табылуы жағынан Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанға тең келетін Орта Азия мен Қазақстанның басқа аудандары жоқ. Осындай археологиялық ескерткіштердің мол табылуына байланысты А.Н.Бернштам «патша сақтары мен үйсіндер» Жетісуды мекендеген деп қорытынды жасайды. Б.з.б. V ғасырға жататын Бесшатыр қорымының тянь-шань қарағайлары бөренелерінен тұрғызылған ірі жерлеу құрлыстары тамаша сақталған күйінде табылды, олар Орта Азия мен Қазақстан аумағындағы жер бетіне ағаштан салынған ең ежелгі сәулет өнерінің бірегей ескерткіштері. Іле Алатауының солтүстік беткейіндегі үлкен қорымға енетін «Есік» обасындағы ақсүйек сақтың қабірі жерлеу ғұрпының байлығымен қайран қалдырады. Оның басынан аяғына дейінгі киімдері алтынан жасалған 4000-ға жуық қаптырма мен қалақша арқылы әшекейленген, олардың көпшілігі скиф- сақ кезіндегі «аң» стилінде жасалған. Есік қабірінен табылған күміс тостағанның маңызы ерекше, оның түбіндегі 26 таңбадан тұратын жазу, тегінде, әліпбилік жазба болуы ықтимал. Б.з.д. І мыңжылдықтың басы сақ қоғамындағы рулық қауымның ыдырап, әлеуметтік құрылымның қалыптасу үрдісінің жаңа сипатымен ерекшеленеді. Археологиялық деректер жеке меншік, ал кейіннен отбасылық меншік түрінің шыққанын айқын байқатады. Сақ заманының қоғамдық құрылымын: шағын туыс отбасылар тобы (патронимия) – яғни, көшпелі қауым-тайпалар одағы деп атауға болады. Бұл құрылымның патронимия деп аталған төменгі ұясы өрбіген үлкен патриархаттық-рулық әлеуеттің үлкейіп, табиғи бөлшектенуі нәтижесінде құрылды. Ол бөліністер әулет басшысының есімімен аталды. Ал қоғамның жіктеліп, байлар мен кедейлерге бөлінуі сақ қоғамында мүлік теңсіздігінің, яғни, әлеуметтік теңсіздіктің болғанының дәлелі болып табылады. Сақ қоғамында халықтың үш тобы болған. Олар: жауынгерлер, абыздар, қауымшыл сақтар. Осы жіктердің әрқайсысының өзіне тән дәстүрлі түсі болған. Жауынгерлерге – қызыл және сары-қызыл, абыздарға – ақ, қауымшыл сақтарға – сары мен көк түстер тән еді. Сонымен қатар, абыздардың белгісі - құрбан табақ пен айрықша бас киім болды. Сақ көсемдері мен патшалары жауынгерлер тобынан сайланған. Патшалардың белгісі жебелі садақ болды. Сақ әйелдері қоғамдық өмірдің барлық салаларына, тіпті соғыс шайқастарына да ерлермен бірдей қатынасып, ерлік көрсетіп отырған. Б.з.д. VІ-V ғасырлардың өзінде-ақ сақтардың қоғамдық құрылысының сол заманғы прогрестің неғұрлым жоғарғы сатысына көтерілгендігін, оған экономикалық және саяси алғышарттардың болғандығын көрсетеді. 2. Қазақстан аумағындағы мемлекеттік бірлестіктер. Б.з.б. І мыңжылдықта қазіргі Монғолияның оңтүстігіндегі Ордостан тартып Каспийге дейінгі Орталық Азияның ұлан – байтақ кеңістігін шығу тегі мен этникалық құрамы жағынан әр түрлі тайпалардың мекендегені белгілі. Шаруашылықтың біртіндеп даму барысы, тұрмыстың біршама ортақ болуы, этникалық жақындық пен түрлі саяси фактордың әсері Орталық Азияда 15 ертедегі ірі тайпалық бірлестіктердің құрылуына негіз болды. Олардың уақыты жағынан алғашқылары саналатыны хунну (ғұндар) еді. Б.з.д. ІІІ ғасырдың аяғында қытай деректерінде кездесетін сюнну немесе хунну (ғұндар) әр түрлі тайпаларды біріктірген. Ғұндар туралы мәліметтерді негізінен қытай жазбаларынан аламыз. Олар Тынық мұхиты мен Солтүстік Қытай, Алтай мен Жетісуға дейінгі аумақта, ал кейіннен одан әрі батысқа да таралып отырған саяси құрылым болып табылады. Ғұндар 24 руға бөлінген. Әрбір рудың көшіп жүретін өз жері болды. Ғұндардың жоғарғы билеушілері қытай деректерінде “шаньюй” деп аталған. Б.з.д. 3 ғасырдың соңына қарай ғұндар бірігіп әскер түзеп, өздерінің мемлекетін құрды. Оларды бір одаққа біріктіру әйгілі Мөде шаньюйдің есімімен байланысты. Ғұндар қытайлармен көп соғысты. Б.з.д. 3 ғасырда ғұндар шабуылының күшейгені соншалық, қытай императорын Ұлы қорғанды тұрғызуға мәжбүр етті. Б.з.д. 209 жылы ғұн тайпаларын Мөде шаньюй басқарып, ол билік құрған алғашқы жылдардың өзінде-ақ Қытайдың шекаралық аудандарына жорықтар жасап, күйрете соққы берді. Кескілескен күресте Мөде бастаған ғұндар өздерінен әскери-саяси қуаты басым Хань әулетін ғұндардың Ордостағы көшіп-қонатын жерлеріне көз тігуінен бас тартуға мәжбүр етті. Хань императоры Гаоцзу Мөде шаньюйдың алдында бас иіп, онымен “өзара тыныштық және туыстық туралы шартқа” қол қояды. Бұл шарт бойынша Хань императоры шаньюйге өзінің ханшасын әйелдікке беріп және жыл сайын салық төлеп тұруға міндеттеледі. Мөде бастаған ғұндар кейін шығыстағы “шығыс ху” тайпаларын бағындырады, ал оның құрамына Керулен және Онон өзенінің алқаптарында мекендеген сяньби және ухуань тайпалары кіретін еді. Одан соң ғұндар батыстағы юечжи тайпаларына жорықтар жасайды. Бұл кезеңде қазіргі Кореядан Тибетке және Шығыс Түркістаннан Хуанхэнің орта ағысына дейінгі кең аумақ ғұндардың қол астына өтеді, ал солтүстікте ғұн конфедерациясына кірген тайпалардың мекені Байкалға дейінгі аумақты алып жатқан еді. Ертедегі деректерге қарағанда ғұндар Саян-Алтай тайпаларына жорықтар жасаған. Б.з.д. 201 жылы сюннулердің солтүстік және солтүстік-батысқа қарай жорықтарын жалғастырып, Хуньюй, Цюйшэ, Динлин, Гэкунь және Синьли елдерін бағындырған. Олардың аумағы батысында Кем (Енисей) өзенінен Іле өзенінің алқабына дейінгі жерлерді алып жатты. Б. з. д. 201 жылғы жорықта ғұндар Алтай өңірін мекендеген тайпаларды түгелдей дерлік бағындырды. Одан кейінгі жылдарда олар батыста да белсенді әрекет жасайды. Б. з. б. 177 жылы Мөде шаньюй көршілеріне қарсы әрекет жасамақ болды деген сылтаумен өзінің батыстағы иеліктерінің билеушілерін юечжилерге қарсы жорыққа аттандырады. Ғұндардың атты әскерлері Чжанье- Ганбчжоу ауданы маңында юечжилерді жеңіп, қалыптасып жатқан бірлестігінің төңірегіндегі бірнеше иелікті бағындырады. Бұл жөнінде шаньюй былай дейді: “Аспанның рахымымен жауынгерлер аман, ал аттар мықты шықты: олар юечжилерді жойып, жуасытты; семсердің ұшына іліп немесе бағындырып, өз билігін нығайтты. Лоулань, Үйсін, Хуцзе және оларға шектес 36 иелік 16 (князьдік) сюннулерге қаратылды. Олардың бәрі сюннулердің армиясына кіріп, бір әулетке айналды”. Ғұндар бірлестігіне шығу тегі әр түрлі тайпалар мен этникалық-саяси құрылымдар кірген. Конфедерацияның қоғамдық-саяси өміріне бір орталықтандырылған билікке бағынғысы келмейтін күштер мен ұланғайыр аумақта орналасқан иеліктер арасында тығыз саяси және экономикалық байланыстардың болмауы қатты әсер етті. Б. з. д. I ғасырдың ортасында ғұн қоғамы өзінің вассалдық иеліктерінен айрылумен қатар бұрынғы бірлестік құрамында болған ғұндар б.з.д. 55 жылы оңтүстік және солтүстік болып екіге бөлінді. Оңтүстік бөлігін Хуханье шаньюй, солтүстік бөлігін Чжичжи шаньюй басқарды. Оңтүстіктегілер Ордос аумағында мекендеп қалды да, солтүстіктегілер өз тайпаларының қысымына шыдамай Саян мен Байкал өңіріне ығысып, яғни солтүстік пен батысқа қарай қоныс аударды. Б. з. д. 49 жылы Чжичжи Хань империясының боданына айналған оңтүстік ғұндардың жерін басып алуға, сол арқылы бірлікті қайта орнатуға әрекет жасады. Бірақ оның бұл әрекетінен нәтиже шықпады. Өз күші жетпеген соң үйсін күнбиінен көмек сұрайды, бірақ үйсін күнбиі оған көмек беруден бас тартады. Осыдан кейін одақтассыз қалған солтүстік ғұндар оңтүстік ғұндардың жерінен кетуге мәжбүр болады. Солтүстік ғұндардың билеушісі Чжичжи шаньюй солтүстік-батыс Моңғолиядағы Қырғыз-Нұр көліне таяу жерде өз ордасын орнатады. Осы арадан ол үйсіндердің көрші тайпаларына жорық жасап тұрады. Сөйтіп, б.з.д. І ғасырдың екінші жартысында Чжичжи бастаған ғұндар Қазақстанның Жетісу аймағына алғаш рет көшіп келе бастады. Ғұндардың батысқа қарай қоныс аударуының екінші толқыны б.з. 93 жылы басталады. Олар Сырдария бойы мен Арал өңіріне, Орталық және Батыс Қазақстан аймақтарына барып енеді. Б.з. ІҮ ғасырында ғұндар Еуропаға дейін жетеді. Ғұндардың Батысқа жорығы Халықтардың ұлы қоныс аударуының басталуына түрткі болды. Олар Шығыс Рим империясының жерлеріне шапқыншылықтар жасайды. Әсіресе, Ү ғ. басында Ругила патшалық құрып тұрған кезде Рим мемлекетіне шабуылы күшейеді, Дунай жағалауындағы римнің иеліктерін жаулап алады. Паннония (қазіргі Венгрия аумағы) жерінде жаңа мемлекет – Батыс ғұн империясы құрылады. Ғұндар Рим империясына үлкен қауіп туғызады. 433 жылы Ругила қайтыс болғаннан кейін мемлекет билігі іс жүзінде Аттиланың (Еділ батыр) қолына көшеді. Ол 453 жылы қайтыс болғанға дейін Еуропаның көптеген халықтарын өзіне бағындырып, бүкіл Еуропаны дүр сілкіндірді. Бірақ Аттила өлгеннен кейін Батыс ғұн империясы ыдырап кетті. Ғұндардың өмірінде көшпелі мал шаруашылығы басты рөл атқарады. Жылқы өсіріп, ат баптауды жетік меңгерген. Ғұндардың ішінде отырықшы тұрмыс кешіп, егіншілікпен шұғылданғандары да болған. Дәнді дақылдың ішінде тарыны көп өсірген. Ғұндар өмірінде аңшылық та үлкен орын алған. Қолөнері мен бейнелеу өнері жоғары деңгейде болды. Зергерлік өнердегі 17 полихромдық стильді дүниеге әкелген. Көк тәңіріне табынып, ата-баба рухына сиынған. Өздерінің дәстүрлі құқық жүйесін қалыптастырған. Ғұндар қоғамында патриархалды-рулық қарым-қатынастар күшті болған. Елді шексіз билік иесі – шаньюй басқарған, оның жақын туыстары түменбасы лауазымын иеленді. Деректер ғұндарда малға және жерге де жеке меншік болғанын білдіреді. Ер азаматтардың барлығы дерлік қатардағы жауынгер саналған. Ғұн әскерінің негізін атты әскер құрады. Ғұндар жауынгер халық еді. Олардың жауынгерлік құдіретінен сескенген қытайлықтар Ұлы Қытай қорғанын салдырған. Сонымен, қорыта келгенде, ғұндар – бастапқы кезде Орталық Азияда пайда болған ежелгі дәуірдегі тайпалар одағы, түркі халықтарының арғы тегі. Бұл тайпалардың бір бөлігі қазақ халқының құрамына қосылып, қазақ халқын қалыптастыруға елеулі үлес қосты. Соның үшін ежелгі ғұндарды қазақ халқын құраған қайнардың бірі деуге болады. Үйсін мемлекеті. Б.з.д. ІІ – б.з ҮІ ғасырларда Қазақстан аумағында мекендеп мемлекеттік дәрежеге көтерілген көне тайпалық одақтардың бірі үйсіндер болып табылады. Үйсін – қазақ халқының қалыптасуына негіз болған ежелгі түркі тайпаларының бірі. Ежелгі қытай жазбаларында үйсін атауы б.з.б. 2 ғасырдан бастап кездеседі. Жетісу үйсіндерінің шығу тегіне келетін болсақ кейбір ғалымдар үйсіндердің сақ заманындағы исседондармен туыс екенін дәлелдеп, оларды Тянь-Шань және Шығыс Түркістан тармағы деп бөледі. Белгілі антрополог О. Смағұлұлының дәлелдеуінше үйсін антропологиялық типінің морфологиялық құрылыстары нәсілдік жағынан сақ дәуірінде өмір сүрген тайпаларға өте жақын. Демек үйсіндерді сақ тайпаларының тікелей ұрпақтары деп тұжырымдау орынды. Белгілі қытайтанушы тарихшы-ғалым Н. Мұқаметқанұлы: “Үйсін мемлекеті дегеніміз – үйсін тайпалар одағынан құрылған Қазақстан аумағында б.з.д. ІІ – ҮІ ғасырларда өмір сүрген байырғы мемлекеттердің бірі. Байырғы үйсіндер, Үйсін мемлекеті бізге қытай жылнамаларының орысша аудармасы арқылы “Усунь” деген атпен белгілі болған. Үйсін мемлекеті жөнінде жазылған тарихи деректер мол, қазылған археологиялық мұралар көп, зерттеу еңбектері де аз емес”... Аталмыш “Үйсін” деген этноним ең алғаш қытай тарихшысы Сы Мачянь (Сыма Цянь) жазған “Тарихнама - Ши цзы. Хұндар тарауында” хатталған”, - деп көрсетеді. Үйсін мемлекетінің негізгі территориясы қазіргі Қазақстанның Жетісу өлкесі, Шу, Талас өңірі, Ыстықкөл аумағы және Қытайдың Іле аймағы болды. Шекаралары батысында Шу мен Талас өзені, шығысында Тянь-Шаньның шығыс атырауларына, солтүстігінде Балқаш көліне, оңтүстігінде Ыстықкөлге дейінгі аумақты алып жатты. Үйсі мемлекеті батысында қаңлылармен, шығысында ғұндармен, ал оңтүстігінде Ферғанамен шектесіп жатты. Қытай жазба деректері бойынша Үйсін мемлекетінің астанасы Чигу-Чэн (Қызыл аңғар) қаласы болған. Ол Ыстық көлдің жағасында орналасқан. Ғұндардың күшеюінен қорыққан қытай үкіметі өзіне одақтас іздеп, батыс елдеріне елшілік жіберді. Қытай елшісі келген кезде үйсіндер Қытаймен және ғұндармен терезесі тең қуатты мемлекет болды. 18 Үйсіндер мен Үйсін мемлекеті жайлы жазылған қытай деректеріндегі мәліметтерге қарағанда – үйсіндердің 120 мың түтіні, 630 мың адамы, 188 мың 800 әскері болған. Мемлекеттің ең жоғарғы билеушісі гуньмо (күнби) деп аталған. Үйсін елі құрылғаннан бастап, оның бүкіл елді басқаратын үкіметтік ұйымы болды. Әлеуметтік қатынастар заңдар арқылы реттелді, күшті, ұйымдасқан әскері болып, қытайлар үшін «Батыс өлкедегі ең күшті мемлекет» саналды. Үйсін қоғамы біртекті болмаған, онда байлары – тайпа мен ру дәулеттілері, жасауылдар мен абыздар және қатардағы бұқара – малшылар мен егіншілер болған. Үйсіндер қоғамында құлдар да болған, олар негізінен соғыс тұтқындарынан құралды және үй шаруашылығында пайдаланылды. Үйсін қоғамында мүліктік және әлеуметтік теңсіздік, малға жеке меншік болды. Әрбір отбасы өздерінің малын ажырататын өз таңбаларын салды. Жер иеленуге де жеке меншік болғанын жазба деректер мәлімдейді. Үйсін қоғамында әлеуметтік теңсіздіктің болғанына археологиялық қазбалар дәлел. Жетісудың көптеген қорғандарының көлемі әртүрлі - үлкен, орташа және шағын болып келеді. Үйсіндердің шаруашылығы мен мәдениет?