2 Лекция - Философияның қалыптасуына негіз болған тарихи алғышарттар PDF

Document Details

NicerRadiance

Uploaded by NicerRadiance

Tags

философия Тарих ежелгі Үндістан философиясы философия тарихы

Summary

Бұл лекцияда философияның тарихи алғышарттары қарастырылған. Лекцияда ежелгі Үндістан философиясы, ежелгі Қытай философиясы және антика философиясы талданған. Философиялық ойлардың дамуы және олардың әлемге көзқарасты әсері қарастырылған.

Full Transcript

Ф-ӘД-001/046 №2 Лекция тақырыбы: Философияның қалыптасуына негіз болған тарихи алғышарттар Лекцияның оқыту нәтижелері: 1. Философияның тарихи дамуы негізінде онтология мен метафизиканың негізгі мазмұнын сипаттай алады; 2. Дүниеге көзқарасты табиғи және әлеуметтік әлемді философиялық зерделеу мен зе...

Ф-ӘД-001/046 №2 Лекция тақырыбы: Философияның қалыптасуына негіз болған тарихи алғышарттар Лекцияның оқыту нәтижелері: 1. Философияның тарихи дамуы негізінде онтология мен метафизиканың негізгі мазмұнын сипаттай алады; 2. Дүниеге көзқарасты табиғи және әлеуметтік әлемді философиялық зерделеу мен зерттеудің нәтижесі ретінде негіздей алады; 3. Мифологиялық, діни және ғылыми дүниетанымның ерекшеліктері мен мазмұнына түсініктеме жасай алады. Лекция жоспары: 1. Ежелгі Үнді философиясы 2. Ежелгі Қытай философиясы 3. Антика заманының философиясы. Лекция мазмұны: Философия тарихын зерттеудің басты мәселесі – тарихта өткен философтардың ой- пікірлерін, тұжырымдары мен айқындамаларын белгілі бір білімдік жүйеге лайықтап, осы заманға бұрмаламай жеткізу.Философияның үш ірі ошағы: Қытай, Үндістан, Греция. Ежелгі Үнді философиясы Философия туралы пікірлер көне дәуірде туындаған және әр сақта таралған. Философиялық әңгімелер тарихтың терең түбірінен нәр алады, әр заманда өз жалғасы мен түйінін тапты. Тылсым дүние мен өмірге деген жалпы әуесқойлық барысында философиялық әңгімелер жалпылама сипат алды және ұдайы жаңарып отырды. Философиялық толғаныстар қашанда болмасын мәңгі, өзекті және өтімді деген қағидалар қамтыды. Біздің жыл санауымыздан үш мыңдай жыл бұрын Ежелгі Үнді жерінде қауымдық қоғам ыдырап, оның орнына құлдық қоғам қалыптаса бастады. Осыған орай ежелгі үнді қоғам варнаға (каста) бөлінді. Олар: 1) Брахмандар (абыздар) – үлесіне ой еңбегі бар адамдар енді. 2) Кшатриилер (әскербасылар) - әскери қызметтегі адамдар жатады. 3) Вайшьилер (ауқатты шаруалар) – егін шаруашылығы, қолөнер кәсібі, саудагерлік тиген адамдар. 4) Шудралар(құладар) – қара жұмысты істейтін адамдар болды. Осы кезде қоғамдық өмірге әлеуметтік қатынастарға сай келетін мифологиялық, философиялық көзқарастар қалыптасты. Олар негізінен ежелгі үнді мәдениеттің ескерткіші – ведаларда (веда-білім) жиынтықталған. Ведалар төрт бөлімнен тұрады: 1.Самхит – құдайларға араналған гимндер жинағы. 2.Брахман – самхитті түсіндіретін әр түрлі мифологиялық әңгімелер. 3.Аранъякта (Орман кітабы) – брахманға тән ритуалдардың орнына, сол құдайларадың іштей сыйлап-құрметтеу, олар туралы ойлап-толғану сияқты көзқарас. 4.Упанишадта – дәстүрлі касталарды қарсы қоюдан гөрі, олардың арасындағы ең жоғары білім арқылы жоққа шығару болады деген идея уағыздалады. Упанишадтың басты тезисі – Брахман – бар әлемнің генетикалық, түпнегіздік бастамасы және олардың соңы. Жалпы, білімділік Упанишадта өте жоғары бағаланады. Мысалы, тікелей құрбандық шалғаннан гөрі, құрбандық шалу туралы білім өте құндырақ. Нағыз брахман - өмір қиыншылығынан, үмітінен, қызғаншақтықтан арылып, тыныштық тауып, алдамай ой кешіп, атманды түсініп, білген адам. 2. Ведалар негізінде қалыптасқан философиялық ілімдерге байланысты әр түрлі бағыттарға бөлінеді: жайнизм, буддизм, чарвака-локаяттар, санкхья және т.б. Жайнизм. Жайнизм б.д.д. ІV ғ. діни ағым ретінде қалыптасады. Жайнизм идеясы, оның негізгі философиялық көзқарастары одан да бұрынғы ғасырларда қалыптаса бастаған. Жайнизмге деген сенім, деректерге қарағанда, 24 ұстаз (тиртханкара) арқылы таралады. Жайнизмнің негізін қалаушысы – Махавира Джина (джина- жеңімпаз). Жайнизмнің идеялық жүйесі «Сидханта» деген еңбекте ( б.д.д. ІІІ) жинақталынған. Жайнизм мына идеяларға сүйенді: Адамның жаны, рухы оның тәнінен, дене терісінен 1 Ф-ӘД-001/046 нәзік, биік, құдіретті. Оның басты мақсаты – қасірет деп түсінген, өмірден азат болу. Жанның бұрынғы өмірде жасаған келеңсіз қылықтарының теріс салдарын осы өмірде жеңуге болады. Ол үшін сансардан (жанның бір денеден екінші денеге көшіп жүруінен) құтылу қажет. Материалды қабаттан құтылған жан ғана мокшаға (жанды қасіреттен азат ету мүмкіндігіне) жетеді, өзін құтқарады, тіпті толық жалғандықтан босануға икемделінеді, нирваналық күйге енеді. Жайнизмде материя дегеніміз жұқа қабаттан тұратын карма немесе кармаға жабысқан тұрпайы нәрселер. Осы тұрғыдан алғанда, дүние мәңгі, өзгермейтін екі нәрседен – дживадан ( жан, рухани бастама) және адживадан (тірі емес, жансыз, материалды бастама) тұрады. Әрбір жайнизм дживадағы, тіршілігі бар ортаға ұмтылады, өйткені ол – жетік, белсенді. Тұтас дүниеде джива карма арқылы (әділ жаза арқылы) адживамен (тіршілігі жоқ кеңістікпен) байланысады. Джива карма арқылы мәңгі, үздіксіз түрленеді, денелердің айналымын құрайды. Жайнизмнің ұстаушының бірінші міндеті – карманың ағымын тоқтата алу, екіншісі – карманың қалдығын сарқу, одан арылу. Жайнизмде мокша тіршілігі бар және тіршіліксіз әлемдердің арасын толығымен алшақтатса, карма оларды біріктіреді. Карманың өзі көп түрлі. Оның бірі – денеміздің табиғатын, бізді дүниеге әкелген отбасын айқындаса, екіншісі өмірдің ұзақтығын, үшіншісі – тіршілік пен тіршілігі жоқтардың біріктірудің негізі болып есептелетін құштарлыққа, ләззаттануға қатынасты анықтайды. Сансардан азат болу үшін «үш қазынаны» сақтау керек. Ол дұрыс қылық, шынайы білім, дұрыс сенім. Дұрыс сенім - тиртханкалар деп аталатын 24 әулиенің іс-әрекетіне сену болса, дұрыс қылық – тазалықты, шындықты, сабырлықты т.б. сақтау. Ал шынайы білім – жанның сезім мүшелері мен ақыл-ойға сүйенбей алған білімі. Мұндай танып-білу процесінде жан қарастырып отырған заттармен тікелей байланысады. Жайнизм пікірінше, әлем бірінің үстіне бірі орналасқан көп қабаттан тұрады. Төменгі екі қабатында - әзәзіл ( перілер), ортаншы қабатта жер, келесі қабатта – құдайлар, ал ең жоғарғы қабатта – құдайларға ұқсас жындар орналасқан. Жайнизм пікірінше, құдай жоқ, оның бар екендігі туралы келтіріп жүрген дәлелдердің бәрі негізсіз қате, сондықтан құдайға емес, 24 тиртханкарға (әулилер) және жындарға сену керек. Жайнизм кейіннен, дигамбар және шветамбр деген екі сектаға бөлініп кетті. Жайнизмге Үндістанда қазірдің өзінде көптеген адамдар сенеді. Буддизм. Буддизмнің негізін қалаушы б.д.д. VІ ғ. шакья ( сакья) тайпасынан шыққан князьдің баласы Сидхарата Гаутаманың ( б.д.д. 563-483ж.ж.) есімімен тығыз байланысты. «Будда» термині «жарқырау», «сергу», «жадырау» деген мағынаны білдіреді. Буддалық ілім бойынша, өмір – қобалжу, азап, өмірге келу мен қарттық, ауру мен өлім, сүйгеннен арылу мен сүйметінмен бірге тұру, орындалмаған арман және қанағаттанбаған тілек – мұның бәрі де азаптың көрінісі, әрі жалғасы. Адам қанша әлеуметтік сатыда тұрса да аурудан, кәріліктен, өлімнен құтыла алмайды. Тойымсыз құштарлықты тоқтату үшін артық тілектен тартыну керек, жер бетіндегі әуреліктен арылу дұрыс. Азаптан арылудың осындай жолын тапқан нирванаға жетпек. Будда кейіннен нағыз шындыққа жетудің және нирванаға жақындаудың сегіз сатылы жолын атап өтеді: 1.Шынайы сенім. Дүние қайғы-қасіретке толы, оны тоқтату үшін ой мен бойдағы құмарлықты басу керек деген Будда сөзіне сену; 2.Тура, әділ шешімге ұмтылу. Өз құмарлығың мен қызбалықты шектейтін қысқа жолды біржолата айқындау; 3.Шыншыл сөз. Айтпақ сөзіңді мұқият қадағала, ол зұлымдыққа итермейтін, қайта дұрыс, рақымды болсын; 4.Дұрыс істер. Теріс ниетті, қас қимыл-әрекеттен сақтану, игі іске икемді болу; 5.Дұрыс өмір. Тіріге зиян келтірмейтін, құрметтеуге, тұрарлық өмір сүру; 6.Дұрыс ой. Ойыңның бағытын саралай отырып, одан күдікті, күмәнді нәрсені қудалап, жағымдыны жалғастыру; 2 Ф-ӘД-001/046 7.Ақ ниеттер. Зұлымдықты ойыңа алма; 8.Тура, дұрыс пайымдау. Ойыңды үнемі және төзімділікпен жаттықтыру, шындыққа жетпек талпынысты өзіңе шоғырландыру, оны тереңдету қабілетін шыңдау. Дұрыс жинақтала білудің өзі төрт сатыдан тұрады: 1. Ойды төрт ақиқатты түсініп, пайымдауға бағытау. 2. Осы төрт ақиқатқа сену. Ол біздің жанымыздың тыныштықты және қуанышта болуына мүмкіндік береді. 3. Қуаныш – қайғыдан, өз денеңді сезінуден арылу. 4. Толық сабырлылық және толғаусыздық жағдайға жету. Соңғы сатыны Будда «нирвана» деп атайды ( адамның тірі кезінде жанды сансардан толығымен азат ету). Нирвана жағдайына өткен адам архат (қадірлі, құрметті, сыйлы адам) деп аталады. bНирвана – ең жоғарғы ләззат. Кейіннен, нирвана ұғымы адамның бойынана бүкіл әлемдік көрініске ауысады. Әлемдегі нирвана мәңгі, оны ешкім дүниеге әкелмейді және пайда болуының себебі жоқ. Әлемдік нирвананы сезім мүшелері арқылы қабылдау мүмкін емес, оны тек қана дұрыс жолмен жүрген, ақыл-ойы таза, күнделікті қызықтан алшақ адам танып біле алады. Сонымен, Буддизмге сүйенушілер Үндістанның өзінен гөрі одан тыс мемлекеттерде көп кездеседі Біздің жыл санауымыздан үш мыңдай жыл бұрын Ежелгі Үнді жерінде қауымдық қоғам ыдырап, оның орнына құлдық қоғам қалыптаса бастады. Осыған орай ежелгі үнді қоғамы төрт варнаға (каста) бөлінді. Олар: брахмандар (абыздар), кшатрийлер (әскербасылар), вайшьилер (ауқатты шаруалар) және шудралар (құлдар). Әр варна тұйықталған әлеуметтік топ болды да, әрқайсысы қоғамда өзіне тиесілі орын алды және өздеріне ғана тән дәстүрлі қызметтері болды. Мысалы, брахмандардың үлесіне – ой еңбегі, кшатрийларға – әскери қызмет, вайшьилерге – ауылшаруашылық, қолөнер кәсібі, саудагерлік тисе, шудраларға – қара жұмыс қана тиді. Ежелгі үнді қоғамының осы даму кезеңіне сай мифологиялық, философиялық көзқарастары да, қалыптасты. Үнді философиясының мақсаттары – адамгершілікке, руханилыққа баса назар аудару, адамның «өзін басқа барлық нәрседен және басқа барлық нәрселерді өзінен» көру, «иога» жаттықтыру, денені машықтандыру. Ежелгі Қытай философиясы Қытай – көне тарихтың, мәдениеттің, философияның елі мен жері. Мамандар Қытай өркениетінің басталуын ся дәуіріне, яғни б.д.д. ІІІ-ІІ мың жылдық уақытқа жатқызады. Ал оның күйреуін Хань империясының күйреуімен (б.д.д. 220ж) ұштастырады. Б.д.д ХVІІІ-ХІІ ғ.ғ. Шан-Инь мемлекетінде қола мәдениеті дамыды, қалалар қалыптасты, шаруашылықтың құлдық қоғамдық түрі жетілді. Қала мен өндіріс төңірегінде қауымдастықтың шоғыр-лануы негізінде екі жағдайда – шаруашылық пен әскери себептеріне орай дамыды. Ежелгі Қытай мемлекеті – шын мәніндегі Шығыстық деспотия болды. Мемлекет басшысы - әрі монарх, әрі абыз және жалғыз ғана жер иесі болды. Әр түрлі рангтегі аристократия мемлекеттік қызметте болды. Олардан кейін әлеуметтік сатыда - ру басылары, от басылары тұрды. Ал құлдар болса, олар жануар сияқты, әлеуметтік сатыдан тыс қалды. Құлдардың еңбегін, әсіресе мал шаруашылығында, егінде, құрылыста, тұрмыс қажетіне пайдаланды. Шын мәнінде, заң болған жоқ, сондықтан әлеуметтік сатыда жоғары тұрғандардың өктемдігінен ешкім тыс қала алмады. Шань-Инь қоғамының саяси билігі ван топтары арқылы жүргізілді. Ван шаруашылық мәселесіне де, әскери, діни билікте де ең жоғары басшы болды. Ванның билігі шандықтар дәріптеп, оны тәңірге теңеген. «Шан-ди» деген титулға ие болған ван өзін «Мен –адамдардың арасындағы ерекше жаратылыспын, «жалғызбын» деп жариялады. Байлар мен шонжарлар арасында біртіндеп эгоорталық сипат пен пиғыл тамыр жайды. Шан – жер кіндігінің Ұлы қаласы, Қытай – жердің Ұлы орталығы 3 Ф-ӘД-001/046 деген уағыздар таратылды. Халық арасындағы қарым-қатынас күрделі, шым-шытырақ ритуалға негізделді. Бұл ритуал аспан қозғалысының тұрақтылығына, жердегі құбылыстардың реттілігіне және халықтың әдет-ғұрыптарына негізделді. Ритуалдар тірілердің өлгендерге, олардың рухына, табиғат құбылыстарына, жерге және аспанға деген қарым-қатынас негізінде қалыптасқан діни көзқараспен тығыз байланыста болды. Сонымен саяси-экономикалық жаңа жағдайлармен тайпа, цзундық әлеуметтік ұйымдасу тәртібінің арасында алшақтық біліне бастады. Дәстүр көнеге, өндіріс жаңа ережеге тартты. Мемлекет ұсақ отбасы мен топтардың жойылып кетпеуін реттеуге тырысты. Осы тұрғыдан философтар елді дұрыс басқару бағдарламасын және адамның мінез- құлқын дұрыстайтын талапты талқылағанда миф мәселесіне оралады. Ойшылдар мифті персонаждарын адамның мінез-құлқы мен қимыл-әрекеттері арқылы сипаттайды. Миф біртіндеп тарихтың ғана емес, философиялық идея мен ілімнің де құрамдас бөліміне айналды. Оны ерте Қытай діни бастауы мен философиясының қайнар көзінен пайымдаймыз. Қытайлардың сол кездегі дүниетанымдық ой-пікірлері «Бес кітап» деп аталатын кітаптарда шоғырланып, өздерін білімді санайтын әр адамның көзқарастарын қалыптастыруда зор рөл атқарды. Ежелгі Қытайда ғылымның да кейбір салалары пайда бола бастады. Мысалы: математика, астрономия, медицина. Осы ғылымдар саласындағы жетістіктер негізінде Ай мен Күннің тұтылу мезгілін анықтауға, астрономиялық құбылыстар мен жердегі құбылыстардың байланысын анықтап, күнтізбе, уақыт есептеу, және т.б. тәсілін ойлап табуға мүмкіндік туды. Бұл жағдай философиялық ілімдердің деңгейіне әсер етпей қойған жоқ. Біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ ғасырдың аяғында пайда болған Ежелгі Қытай философиясы негізгі алты философиялық бағыттағы мектептерге бөлінді. Олар: конфуцийшылдық, моизм, заң мектебі (легистер), даоизм, тұрпайы философия (натурфилософия) және Атаулар мектебі. Қытай идеологиясы мен саясатында екі бағыт айқындала бастады: консерваторлық (керітартпа) және прогресшілдік, бірі – мистикалық, екіншісі – атеистік бағыттар. Алғашқы материалистердің пікірінше, әрбір бес түрлі бастапқы әлементтерден (металл, ағаш, от, су, жер) тұратын болса, керісінше идеалистердің пікірінше, табиғаттың жаратылуы, дамуы «даоға» байланысты деп атады. 4. Қытай дүниетанымының ерекшелігі сол, ол өзін-өзі реттейтін, бастауы ішкі динамикалық тәртіппен байланысты дүниеге, әлемге негізделеді. Ертедегі Қытай философиясында конфуцийлік бағыт басты рөл атқарды. Конфуцийшылдық. Бұл философиялық ағымның пайда болуы мен қалыптасуы осы ағымның негізін қалаушы Кун-фу-цзы, оның ізбасарлары Мән-цзы және Сюн-цзының есімдерімен тығыз байланысты. Кун-фу-цзы (б.д.д.551-479ж.ж.) кедейленген ақсүйек әскербасының отбасында өмірге келген. Ата-анасынан ерте айырылған ол, тек 15 жасында ғана білімге құштарлық танытады, ал 50 жасында өз мектебін қалыптастырады. Оның көптеген ізбасарлары болады. Олар ұстазының және өздерінің ой-пікірлері, қағидалары мен тұжырымдарын жинақтап «Әңгімелер мен пікірлер» («Лун юи») деген конфуцийшылдық ілімнің негізгі шығармасын дүниеге келтірді. Қытайлардың көптеген ұрпақтары бұл кітапты үлгі тұтып, басшылыққа алған. Кун-фу-цзы бұдан басқа бірнеше кітаптары болды: «Өлеңдер кітабы», «Көктем мен күз», жылнамасы, «Сұхбат және пікір айту» т.б. Кун-фу-цзы аспанды өзіндік болмысы бар дүние ретінде, ең жоғарғы, құдіретті күш ретінде қарастырады. Аспан, ол үшін, әділеттілік аясы, аспан өз еркін әр адамға білдіреді, өз үкімін барлық аспан астындағы елдерге, мемлекеттер мен қоғамға таратады. Содан аспан ұғымы конфуция философиясында діни, саяси және этикалық қызметте атқарады. Кун-фу-цзы өз ілімінің өзегі етіп материалдық денелердің заңдылықтарын, бабалар рухын зерттеуден гөрі адам арасындағы қарым-қатынас, тәрбие мәселелерін қабылдайды. 4 Ф-ӘД-001/046 Осыған орай, мынадай ұғымдарға көп көңіл бөледі. Олар: «тең орта», «адамгершілік» және «өзара сүйіспеншілік». Осы үш ұғым бірігіп «дао» («дұрыс жол») құрайды. Әр адам осы даоның жолымен өмір сүруі қажет. «Тең орта» - адамдардың сабырсыздық пен сақтықтың арасындағы іс-әрекеті. Ал адамгершіліктің негізі «жэнь» - «ата-анасын құрметтеп және үлкен ағаларын сыйлау». Ал «өзара сүйіспеншілік» арқылы қарым-қатынас конфуцийшілдік әдептілік ілімінің негізгі өзекті ұғымы. Конфуция идеясы, ілімі, діни идеологиясы екі мың жылдан артық уақытта қытайлықтардың сана-сезімін қалыптастырды, олардың мінез-құлқына, психологиясына, сеніміне шешуші ықпал етті, өмір салтын жалғастырды. Осы бас бағыт пен үлкен әрекет барысында ұлттық тұтас менталитет қалыптасты. Ол дегеніміз: - әлеуметтік қатаң тәртіпті қажет дегенде ұсақ-шағын нәрсеге бейімдей білу; - еңбекқорлық пен білімге деген ынта-ықыласты суытпау; - қызмет бабында өсу үшін жарыстан тайынбай, өзін-өзі жетілдіруге әрдайым ұмтылу; - отбасы-әлеуметтік байланыстардың мызғымастығын сақтау. Мұның бәрі ұлттық мінездегі конфуциялық ерекшеліктер. Әлем өзінің табиғи зандылықтарымен өмір сүреді, оны зерттеп, сырын ұқса, өз қажетіңе жаратуға болады. Олай болса, бақытты немесе бақытсыз, бай немесе қайыршы болу адамдардың өзіне байланысты. Жалпы адамдар табиғатынан зұлым, қызғаншақ, дүниеқоңыз болып туады. Тәрбие арқылы адамдарды адамгершілікке баулып, оның табиғатын өзгертуге болады. Ал адамдар өз тарапынан өзін өзі жетілдіруге құлшынуы тиіс. Конфуцийшылдық б.д.д. I ғ. мемлекеттік ілімге, ал IX ғасырдан бастап Қытайдағы негізгі діни көзқарасқа айналды. Легистер (заңгерлер). Легизм (лат. т.–заң деген мағ. береді) – фацзя мектебінің заң туралы ілімі, ерте қытайдағы саяси-этикалық ілім, адамды, қоғамды және мемлекетті басқару туралы көзқарастар. Легизмнің көрнекті өкілдері – Цзы-чан (б.д.д. VІ ғ.), Гуань-Чжун (б.д.д. 645ж.қайтыс болған), Шан Ян (б.д.д. 390-338), Хан Фэй Цзы (280-233), Ли Куй т.б. Легистер конфуцийшылдардың мемлекетті әдептілікке негізделген заңдар арқылы басқару керек деген пікірлеріне қарсы болып, керісінше, мемлекетті тек қана билеушінің өзі шығарып, өзі бекіткен заңға сүйеніп басқаруға болады, себебі «мейірімділік пен адамгершілік - қылмысқа апаратын бірден-бір жол, ал шын қайырымдылық өзінің бастамасын жазалаудан алады деп уағыздады. Легистер байырғы рулық қатнастарды, оның тірегі – ақсүйектік тұқым қуалаушылықты сынады. Олар елді басқарудың рулық дәстүрі мен рәсімдерін қабылдамады. Конфуцияның этикалық талаптарын «ойын сөзге» жатқызды. Сөйтіп, легистер арожданның орнына заң алдындағы қорқыныш негізгі қағида етіп ұсынады. Бұл қағиданы жүзеге асыру үшін төмендегі ережелерді сақтау керек: 1) мақтаудан гөрі жазалау тәсілін көбірек қолдану; 2) аямай жазалау арқылы халық арасында үрей тудыру; 3) ұсақ қылмыс жасағандарды аямай жазалау арқасында үлкен қылмысқа жол бермеу; 4) адамдар арасында бір-біріне сенімсіздік тудыру. Осы қағидаларды бұлжытпай орындағанда ғана ел арасында тәртіпсіздік болмайды, халық билеушінің айтқанын екі етпей орындайды және керек болса, өлімге де барады. Мемлекеттің негізгі мақсаттары: ұсақ патшалықтарды біріктіріп, аспан аясындағы мемлекет құру және оған басқа халықтарды бағындыру. Осы тұрғыдан өнерге, білімге деген құштарлық тежелуі қажет. Мемлекеттің экономикалық негізі – қолөнер, сауда емес, егін шаруашылығы болуы керек. Жоғарғы өкіметтің бас міндеті – егін шаруашылығын жетілдіру, базардағы тауарлардың нарқын реттеу, армияны күшейту. Оның ұраны: «Халықтың дәулеті – егін шаруашылығында». Билеушінің үкіметін күшейту үшін табиғи байлыққа мемлекеттің үстемдігін орнату және табысты мемлекеттің қазынасына өткізу шарт. Сонымен конфуция ілімі шынайы мораль мен көне дәстүрге арқа сүйенсе, легистер 5 Ф-ӘД-001/046 әкімшілік тәртіпті бәрінен де жоғары қойды. Конфуция өткенге құрметпен қараса, легистер күшпен келетін билікке тәжім етті. Даоизм. (б.д.д. VІ-Vғ.ғ.) Бұл ілімнің негізін қалаушы б.д.д. VІ ғ. өмір сүрген Лао-Цзы деп есептелді. Оның негізгі еңбегі - «Дао және дэ туралы кітап» (Дао дэ цзин). Даоизм философиясының негізгі мәселесі – ұлы Дао (ұлы жол) туралы, жалпылама Заң және Абсолют туралы ілім. Даоны ешкім жасаған жоқ, бірақ бәрі де содан тараған. Дао барлық жерде, әрқашан, әр уақытта, шексіз өз үстемдігін жүргізеді. Оны сезім арқылы көруге, естуге болмайды. Дао табиғаттың, қоғамның, адам мінезі мен ойының табиғи, бірақ көрінбейтін заңы. Оның бастамасы да, аяғы да жоқ. Ол уақыт пен кеңістіктен тәуелсіз, солай бола тұра, жарық дүниедегі барлық нәрсенің негізі мен бастамасы, аты және түрі. Дао сансыз заттарды жасаса да, әрекетсіз күйін сақтайды; бос қуыс сияқты, бірақ мәңгі, таусылмайды, оларды әруақытта реттейді. Даоизмдегі қарама-қарсы пікірлерге толы, көмескіленген ілімдердің бірі – екі түрлі дао туралы ілім. Даоның бірінші түрінің аты жоқ. Себебі, ол – денесіз, екі ұшты, кішкентай, көрінбейді, жалғыз. Ол - мәңгі, еш уақытта өзгермейді, еш нәрсе оны өзіне бағындыра алмайды, ал өзі басқа заттардың дамып, жетілуіне көмектесе алады, бұл жағынан шектелуді білмейді. Ал «аты бар дао» ұсақ бөлшектерден (ци) тұрады. Ол бөлшектерде заттардың кескіні бар, сондықтан да олар «барлық заттардың анасы». «Аты бар даоның» негізгі қасиеттері: шексіз, таусылмайды, құдіретті, әрекетшіл. Бұл екі түрлі «дао» бір-бірімен іштей тығыз байланысты, екіншісі біріншісінен туындайды, ал кейбір жағдайларда олар бір-біріне ауыса береді, осының арқасында әлемде түрлі ғажайыптар болып тұрады. Сонымен «дао» түпнегіз ретінде заттарды дүниеге келтірсе, олардың әрі қарай өмір сүруі «дэге» байланысты. Себебі «дэ» олардың өмір сүру заңы, олардың өмір сүру заңы, оларды қоректендіруші. олай болса, «дао» және «дэсіз» еш нәрсе дүниеге келіп, өмір сүрулері мүмкін емес. Әлемдегі денелер аспан (ян-еркек) мен жер (инь- әйел) бастамалары және заттардың өмір сүру заңы арқасында гармониялықта бірлікте болады. Янь –еркек бастамасы, күн нұрындай жарық, ашық мекем және күшті. Ян жалпы жағымды нәрсенің бастамасы. Инь - әйел бастамасы, аймен байланысты, сондықтан көлеңкелі, күңгірт те, әлсіз. Екі бастама өзара байланыста болған, сол үйлесімділіктің нәтижесінен күллі мәнді нәрселер туындайды. Сонымен, даоизм конфуцийшылдарға, легистерге де қарсы болды. Кейін келе даоизм дінге айналып, өзінің алғашқы кездегі көптеген идеяларынан айырылып қалды. Антика заманының философиясы (б.д.д. VІІ-VІ ғғ.) Аталған дәуірлерде Эллада полистерінде (қала-мемлекет) қолөнер, сауда, ақшалай- заттық қатынастар жоғары қарқында дамып, осы себептердің негізінде өзіндік талап- мүдделері ерекшеленген әлеуметтік топтар пайда болды. Бұл ой еңбегі мен дене еңбегінің бөлінуіне, осы негізде таза зиялылар қауымының пайда болуына, әртүрлі әлеуметтік топтардың талап-мүдделеріне сай саяси-әлеуметтік, философиялық көзқарастардың қоғамдық сана ретінде қалыптасуына әкеліп соқтырды. Сонымен қатар, антика философиясының қалыптасуына Крит-Микен, Гомерлік Греция кезеңдеріндегі әдеби-діни-мифологиялық көзқарастар және күнделікті өмір тұрғысынан тұжырымдалған данышпандық ой-пікірлер негізінде дамыған грек мәдениетінің сол кездегі Көне Шығыс мәдениетінің озық үлгілерін өз бойына сіңіруі арқасында қалыптасқан әлемнің субстанционалдық негізін іздеген, рационалданған көзқарастар зор әсер етті. Демек, антикалық дүниетанымдық көзқарас өз кезеңіндегі ғылыми жетістіктерге сүйене, өзінің логикалық, категориялық аппараттарын жетілдіре отырып, философияның көзқарастық және рационалдық-жүйелілік жақтарын тығыз байланыстыра қарастырып, алғашқы философиялық ой-пікірдің қалыптасып, кейінірек келе оның классикалық деңгейге дейін көтерілуіне мүмкіндік туғызды. 6 Ф-ӘД-001/046 Б.д.д. VІІ-V ғғ. антикалық рухани даму мифологиялық, діни көзқарастан ғылыми, философиялық көзқарасқа қарай бағытталды. Бұл кезеңді антикалық философия тарихында Сократқа дейінгі, ал б.д.д. V-ІІІ ғасыр ойшылдардың мәнділіктің генетикалық бастамасын, түпнегізін жалпы дүниетанымдық көзқарастың негізі етіп алып, оны өзінің категориялық аппараты тұрғысынан түсіндіріп, философиялық ойлауды биік деңгейге көтеруіне байланысты кезеңді – Сократтан кейінгі немесе классикалық кезең деп екіге бөледі. Сократқа дейінгі кезеңде дүниеге келген алғашқы философиялық мектеп Кіші Азияда шыққан Милет мектебі болды. Оның негізін қалаушы Милет қаласында өмір сүрген, жеті данышпан қатарына жататын солардың ішінде ең сыйлысы Фалес болды (шамамен б.д.д. 625-547 ж.ж.). Ол «Бастама туралы», «Күн туралы», «Күн мен түннің теңесуі туралы», «Теңіз астрологиясы» деген еңбектер жазған, бірақ олар біздің заманымызға жетпеген. Фалестің ілімінше, барлық денелердің генетикалық бастамасы – су. Фалестің ілімін әрі қарай оның шәкірті және жолын қуушы Анаксимандр (шамамен б.д.д. 611-545 ж.ж.) жалғастырды. Негізгі еңбектері: «Табиғат туралы», «Жер картасы», «Глобус». Анаксимандр барлық денелердің бастамасын сол денелердің түпнегізі (субстанция) сатысына дейін көтереді. Бастаманы ол заттардың түпнегізі – айперонмен теңестіреді. Олай болса, айперон бастама да, түпнегіз де. Анаксимандр ілімін әрі қарай оның шәкірті Анаксимен (б.д.д. VІ ғ. ортасы) жалғастырды. Негізгі еңбегі – «Табиғат туралы». Анаксимен барлық денелердің негізі деп ауаны айтады. Ауа – шексіз (аепейрос). Сөйтіп, Анаксимандрдың аепейроны түпнегізден ауаның қасиетіне айналды. Милет мектебінде қалыптасқан философиялық дәстүрді ілгері қарай дамытқан Эфес қаласынан шыққан саяси қайраткер, ғұлама ойшыл Гераклит (шамамен б.д.д. 544-483 ж.ж.) болды. Оны іліміндегі терең ойлары үшін «тұңғиық» деп атаған. Негізгі еңбегі: «Табиғат туралы». Гераклит заттардың бастамасын от деп есептеген. От мәңгі және құдай тектес. Пифагор (б.д.д. 580-500 жж.) Б.д.д. VI ғасырдың аяғында философиялық ілімдер Кіші Азиядан «Ұлы Элладаға» ауыса бастады. Осы кезеңде оңтүстік Италия мен Сицилияда «пифагоршылар мектебі» деп аталған одақ құрылып, онда қоғамдық өмірді діни-әдептілік тұрғыдан реформалау қажеттігі туралы ілім кең өріс алады. Пифагоршылар қоғамда анархияның етек алуына қарсы болып, құдайдың айтуымен жасалған мемлекеттік заңдарды сақтау керектігін уағыздады. Пифагордың пікірінше, сандар – барлық заттардың, ғарышты, ғарыштың негізі. Оның ғарыштың бастамасы, негізі деп отырған сандары жай күнделікті өмірде қолданып жүрген сандар емес, олар – ғарыштың реттілігін, үйлесімділігін көрсететін сандар. Классикалық философия – антика философиясының екінші кезеңі. Ол Сократтың есімімен (б.д.д. 469-399 жж.) тығыз байланысты болғандықтан, «Сократтан кейінгі» немесе «классикалық кезең» деп аталады. Сократ жазбаша еңбектер қалдырмаған, оның философиялық көзқарастары бізге Платон, Аристотельдің еңбектері арқылы жетті. Элеаттар мектебінің негізгі өкілдері Ксенофан, Парменид, Зенон. Элеаттар ілімі ежелгі грек философиясының дамуындағы жаңа қадам болды. Егер Милет өкілдері түп негіз – физикалық дене, ал Пифагоршылар – сан десе Элеаттарда түп негіз – болмыс. Элеаттар негізінің қағидалары мынаған сыяды: түйсінген денелердің барлығын нақтылық деп қабылдауға болмайды. Керісінше олардың бәрінде өздерін ақыл ой арқылы негіздеуге болатын заттар ғана нақтылы өмір сүреді. Элеат мектебінің негізін қалаушы және көрнекті өкілі – Колофон, полисінен шыққан Ксенофан (б.д.д. 579-487 ж.) Оның пікірінше барлық заттардың негізі жер. Жер өзінің тамырларымен шексіздікке кетеді. Тіршіліктің шығуына жер мен қоса судың да маңызы зор. Жанның өзі де жер мен судан жаратылған. Ал судан бұлттар пайда болады да, бұлттардан аспан денелері жаралады. Егер милет мектебінің өкілдері космостың бастамасын физикалық қасиеттері бар ауа, су, от, аппейрон десе, Ксенофан жер космостың түп негізі ретінде бір тұтастық деп тұжырымдайды. Ксенофанның құдайы – таза ақыл-ой. Оның барлық күші данышпандылығында. Ол әлемді тек ақыл оймен ғана басқарады. 7 Ф-ӘД-001/046 Ксенофанның жалпы құдай туралы ілімін; әрі қарай дамытып, оны бір тұтас болмыс ұғымына дейін көтерген ойшыл – Парменид (б.д.д. 540-480 ж.) болды. Оның негізгі шығармалары: «Табиғат туралы», «Ахиллес». Парменидтің қарастырған мәселелері – болмыс пен бейболмыстың арақатынастары мен болмыс ақыл ойға қатынасы. Бұл мәселелерді тек ақыл - ой арқылы шешуге болады. Парменидтің пікірінше, болмыс пен бейболмыс тең емес, яғни болмыс - нақты өмір сүреді де бейболмыс деген жоқ нәрсе. Осы пікірін Парменид дәлелдеуге тырысқан. Парменидке дейінгі философтар өз пікірлерін дәлелдеуден гөрі метафорамен немесе ұқсастық тәсілін қолдану арқылы негіздеуге тырысқан. Парменидтің ойынша бейболмыстың болуы мүмкін емес, себебі оны танып білуге және оны сөзбен жеткізуге болмайды, басқаша айтқанда нақты өмір сүрмейтін нәрселерді түсінуге де ойлауға да болмайды. Ал болмыс бейболмыс болмағандықтан біртұтас және қозғалмайды. Болмыстың өткен кезеңі де болашағы да жоқ, ол өзгермейді дейді. Әлемнің физикалық қасиеттеріне тоқтала келіп ол от пен жердің арақатынасын қарастырады. Парменидтің ілімін ары қарай жалғастырушы оның шәкірті Зенон (б.д.д. 490-430 ж.) болды. Негізгі еңбектері: «Философтарға қарсы», «Табиғат туралы». Зенон Парменидтің болмыс жалқы, біртұтас және қозғалмайды пікірін басқа жолмен дәлелдеуге тырысты. Зенон өз дәлелін көзге көрінетін ақиқатқа жатпайтын әлемнен бастап, болмыс әлемін қарастырумен аяқтайды. Оның физикалық әлем қарама-қарсылыққа толы. Сол себепті ол – ақиқатқа жатпайды. Ал нағыз ақиқат біздің біздің түсінуімізден тыс жатқан әлем, ол – болмыс. Болмыстың жалқылығын және біртұтастығын Зенон өзінің аты шулы тәсілі – «эпихеирема» арқылы дәлелдейді. Бұл тәсілдің мәні – тікелей дәлелдеу тәсілінің орнына кері бұрмалап қарсыластарының пікірін абсурдтық жағдайға әкелу арқылы өзінің айтқан пікіріне қарсы пікірді мойындаттыру. Болмыстың қозғалмайтындығын Зенон өзінің «Дихотомия» (ортасынан қақ бөлу) «Ахиллес және тасбақа», «Жебе», «Стадион» деген апорияларына сүйеніп дәлелдейді. Атомистер ілімі. Бұл бағытқа ежелгі грек ойшылдары Левкипп, Демокрит, Эпикур және ежелгі Рим өкілі Лукреций Карр т.б. жатады. Атомистік бағыттың, қалыптасуына үлкен үлес қосқан ойшыл Левкипп болды. Ол әлем бөлінбейтін ұсақ, бөлшектерден «атомдардан» тұрады және олар бос кеңістікке алақұйын қозғалыста болады. Бір-бірімен байланысқа түсіп, жеке денелерді құрайды. Космостың өзі шексіз көп әлемдерден тұрады, олар бір-біріне ауыспайды, бірақ, әрқайсысы жеке алғанда пайда болып, даму шыңына жетіп, жоғалып жатады. Левкиптің, бұл пікірлері Демокрит ілімінің, қалыптасуына зор әсер етті. Демокрит (б.д.д. 460-371ж) 70-тен астам шығармалар жазған: «Пифагор», «Планеталар туралы», «Адам табиғаты туралы», «Табиғат туралы» т.б. Демокриттің ілімінше дүниеніц бастамасы - атомдар (шын болмыс) және бос кеңістік (бейболмыс). Болмыс пен бейболмыс бір-біріне қарама-қарсы құбылыстар. Егер болмыс өзіндік пішіні бар және ол өте тығыз болғандықтан бөлшектенбейтін атомдардан тұратын болса, бейболмыс-өзіндік пішіні, түрі жок, шексіз бос кеңістіктерден тұрады. Болмыс - сансыз көп ұсақ, бөлшектердің, жиынтығы. Ұсақ бөлшектер-атомдардың, негізгі қасиеттері: мәңгі бөлінбейді, өзгермейді, өзіне-өзі тең қозғал-майды. Бұл қасиеттер атомдардың ішкі мәні. Ал сыртқы қасиеттеріне олардың өзіндік пішін, түрлерінің және көлемінің болуы жатады. Атомдар шар, бұрыш, қармақ т.б. тәріздес. Атомдарды бос кеңістіке бөліп түрады. Атомдар бос кеңістікте өз табиғатына тән, үздіксіз қозғалыста болады, бір-бірімен соқтығысқанда, өздерінін, қозғалыс бағыттарын өзгертеді. Атомдар бос кеңістікте соқтығысып, бір-бірімен бірігіп және байланысып заттар әлемін құрайды. Атомдар өзгермейтін мәңгі болса олардан құралған заттар уақытша, өтпелі және өзгерісте болады. Денелердіц пайда болуын Демокрит былай түсіндіреді: Бос кеңістіктегі атомдардың, тығыздығы әр түрлі болғандықтан, оның бір бөлігінде тығыз орналасқан атомдар құйындатып қозғалысқа түседі де, ортасында ауыр салмақты атомдар, ал шетке таман - жеңіл салмақты атомдар топтасып, әртүрлі денелер пайда болады. Мыс: жер мен аспан ауыр салмақты атомдардан жаратылған. Ал аспаннан — от, ауа және ауа құйынын қуып жүрген 8 Ф-ӘД-001/046 жұлдыздар пайда болады. Тіршіліктің, шығуын Демокрит табиғи заңдылықтардың салдары деп түсіндірді. Бұл жерде ешқандай да жоғарғы күштердің әсері жоқ. Жалпы таным процесінің ақиқатқа жетудегі қайшылықтарын түсінген Демокрит, танымның, субъектісі болу кез-келген адамның қолынан келмейді, ол тек данышпандарға ғана тән деп есептейді. 2. Софистер. Б.д.д. V ғасырда Ежелгі грецияда құл иеленушілік демократия, логика, риторика, философияның жедел дамуына жол ашты. Соттарда халық жиналыстарында әдемі сөйлеп халықты мүмкін болса, өз қарсыластарында айтқанына сендіріп, өз жағына тарта білуі өнері алдыңғы қатарға шығады. Осыған байланысты риторика (әдемі сөйлеу өнері ) өнеріне ақы алып үйрететін ұстаздар, софистер пайда болды. Олардың басты қағидасы – «әркімнің өз ақиқаты бар». Софизмнің қалыптасуына Протагор, Горгий, Гиппий, Критий т.б. ойшылдар ат салысты. Солардың ішінде өз ерекшелігімен көзге түскен ойшыл – Протагор (б.д.д. V ғ.) болды. Негізгі еңбектері – «Ғылымдар туралы», «Мемлекет туралы» т.б. Протагор білімнің салыстырмалы екендігі туралы ілімін материяның абсолютті өзгермелі және тұрақсыздығы сияқты қасиеттеріне сүйеніп дәлелдейді. Протагордың пікірінше, «Адам барлық заттардың мөлшері» деген қағиданы ең негізгі қағида ретінде қабылдайды. Бұл қағидада да былай делінді: «Маған заттар қалай болып көрінсе, мен үшін олар солай болып қалады, ал саған қалай көрінсе, сен үшін солай болып қалады. Білімнің салыстырмалы екендігін Протагор: «Өздігінен ештеңе өмір сүрмейді және пайда болмайды, олар басқаларға қатынасы арқылы айқындалады, - деген пікір төңірегінде дәлелдейді. Алайда, софистер адамның бұзылған дәстүрлі өмір сүру тәртібінің орнына тартымды жаңашылдық ұсына алмады. Сократта, Аристотельде софистік білімді, оның ішінде Протагордың ілімін сынға алып – софизм деген шын данышпандық емес, алдамшы данышпандық. Ал софистер осының арқасында пайда тауып жүрген адамдар деп көрсетеді. Антика философиясының екінші кезеңі атақты ойшыл, философ Сократтың есімімен тығыз байланысты. Сондықтан Сократтан кейінгі немесе классикалық кезең деп аталады. Сократты сонымен қатар антик философиясы тарихының «кіндігі», «философияның бел ортасы» деп те атайды. Сократ жазбаша дерек қалдырмаған оның философиялық көзқарастары бізге Платон, Аристотельдердің еңбектері арқылы жетті. Сократ ауызша пікір таластырып, диалог арқылы өзінің қарсыластарын қарастырылып отырған мәселе туралы жаңа білім әкелуге тырысты. Бұл жолда ол мысқылдауды, ақиқатқа жетудегі таным құралы ретінде алады. Сократ қарапайым түк білмейтін адам сияқты көрінеді де, қарсыласына олардың өздері жақсы білетін сұрақтарды қояды. Қарсыласы ол сұрақтарға жауап бергеннен кейін тағы да, алдын – ала дайындалған сұрақтар қояды. Сөйтіп қарсыласы өзінің бастапқы айтқан пікіріне өзі қарсы пікір айта бастайды. Осы кезде Сократ мысқыл кекесінмен қарсыласын менменшіл өзім білем деген сияқты пікірінен толығымен арылтады. Сократ өзінің қарсыласын қойылған сұрақтарға жауап беру арқылы біртіндеп ақиқатқа жақындата түседі. Өзінің осы тәсілін ол – Майевтика деп атайды. Майевтиканың мақсаты – қарастырып отырған мәселеге түсініктеме бере отырып, осы сияқты құбылыстардың бәрін қамтитын жалпы ұғым қалыптастыру. Олай болса Сократ жалпыға қарай ой түзеп индуктивтік тәсілді қолдану арқылы жалпы ұғымды қалыптастырмақ болады. Бұл ретте қарсыластары ол ұғымды қалай қалыптастыру керектігін түсінбегендіктен ол ұғымның не екенін әлі сол Сократтың өзі де білмегендіктен ол: «Мен өзімнің түк білмейтіндігімді білемін» деген қағиданы айтқан. Осыдан келіп ол екінші қағиданы ұсынады. Ол: «Өзіңді өзің танып біл». Өзіңді өзің тану деген, өзіңді қоғамдық әдептілік тұлға ретінде қалыптастыру арқылы барлық адамдарға тән өнегелі негізгі қасиеттері төңірегінде этикалық ұғымдар қалыптастыру. Сократ бойынша таным игілікті істің, қайырымды қылықтың қажетті алғышарты. Сократ сондай-ақ бақыттың жаңа ұғымын да қалыптастырды; адам өз бақытын да, бақытсыздығының да ұстасы. Сократтың өзі күш көрсетпеу төңкерісін теориялық тұрғыда негіздеп қана қоймай, өз өлімінің дерегі арқылы да оған мәңгілік өмір сыйлайды. Жанды адамның мәнділігі ретінде белгілеуі, танымды нағыз ізгілік ретінде өзін-өзі билей алуды ішкі 9 Ф-ӘД-001/046 еркіндік ретінде бағалауы – оның этикасының осы тұжырымдарды индивид автономиясын жария етті. Сократтың өлімі сол кездегі философия саласына үлкен әсер еткен тарихи процеске айналды. Ол өзінің өлімі арқылы (ол соттың үкіміне байланысты өзі у ішіп өлді.) өзі уағыздаған философиясының шындықпен, ақиқатпен сәйкес келетіндігін дәлелдеді. Сондықтан да Сократтан кейін пайда болған оның мектебі бірнеше тамаша ойшылдарды шығарып, дүниені таң қалдырды. Сократтың өмірі оның ілімінің қалай іске асқандығын көрсететін ғажайып өмір болды. Сократтың әр адамның өз пікірі болуы мүмкін, бірақ ақиқат олардың бәріне ортақ – ол біреу ғана деген тұжырым, сол сияқты ұғымдардың ауыспалылығы туралы идеялары өзінен кейінгі ойшылдарға үлкен әсер етіп, ұғымдар диалектикасы туралы ілімнің қалыптасуына және дамуына ой түрткі болды. Б.з.д. ІV ғасыр Грекия үшін «жоғары классика» дәуірі болып табылады. Бұл дәуірде антиктік философиялық ойдың айшықты көрінісін беретін екі философиялық жүйе – Платон және Аристотельдің жүйелері қалыптасты. Сократтың философиясын дамытқан идеалист Платон (б.э.д. 427-347ж.ж.) Ертедегі грек идеализмі Платонның философиясында тұңғыш рет материализмге қарама-қарсы дүниеге көзқарас формасында көрінді. Осы кезден бастап материализм мен идеализм ертедегі грек философиясында және бүкіл одан кейінгі философиядағы өзара қарама-қарс екі негізгі бағыт болып қалыптасты. Платонның ілімі бойынша,болмыс шын және жалған дүние болып екіге бөлінді. Шын дүниеге жалпы идеялар - идеалдық мәндер жатады; ал жеке сезімдік заттар мен құбылыстар идеялар дүниесінің, яғни шын дүниенің көлеңкесі, сәулесі ғана болып табылады, сондықтан олар шындыққа жатпайды. Платон идеялар дүниесін жаратушы құдай дүнесі дей келіп, адам туылғанға дейін оның жаны сол дүниеде болады, ал содан кейін ол жан бұл дүниеге, яғни жер бетіне келіп, уақытша адам денесіне енеді де қайта шығып кете алмай тұтқын сияқты қараңғы қапаста өмір сүреді деп санады. Таным дегеніміз Платонның пікірінше, жанның жерге жеткенге дейін өткен өмірін еске түсіру болып табылады. Платонның объективтік идеализмі ойлаудың диалектикалық дәлелімен ұштасып жатты: жеке мен көптің, тепетеңдік пен өзгешеліктің, қозғалыс пен тыныштықтың диалектикасын байқауға болады. Аристотель. Аристотельдің философиясы, бір жағынан, барлық көне грек философиясының қорытындысы іспетті. Ал екінші жағынан Аристотель көзқарасы орта ғасырмен жаңа дәуірдің ғылыми ілімдерінің қайнар бастауы болды. Бұл ұлы ойшыл көне грек данышпандары көтерген проблемаларға жан – жақты талдау жасап, өз заманындағы көкейкесті мәселелерді шешіп беруге ұмтылды. Ол, сондай-ақ, өзінің өмір сүріп отырған заманы әлі де күн тәртібіне қоймаған мәселелерді шешемін деп болашаққа ой жүгіртті. Аристотель – Платонның шәкірті. Ұстазының көзі тірісінде шәкірті оның шығармаларына сын көзбен қарап, пікірлерін ашық айтпағаны рас. Бірақ кейін келе өзінің философия жүйесін жасау процесінде ол Платонның көзқарасына қарама – қарсы шықты. Енді Аристотельдің «метафизика» деген кітабындағы Платонға қарсы айтқан біраз пікірлеріне қысқаша тоқталайық. Өйткені, бұл пікірлердің ішінде Платонды сынау ғана негізгі проблема болып отырған жоқ, Сонымен бірге осы ойлар жаңа философияның іргетасын қалайтын келелі мәселелерді қозғады, Аристотель Платон сияқты ұғымдар мен идеялар өз алдына дербес өмір сүреді деген ойдан аулақ. Аристотельдің ойынша, осы болмыссыз, табиғатсыз бізді айнала қоршаған дүниесіз өз дербестігін жоғалтады. Платон ұғымдарының түрлері, идеяларды сезімдік заттар дүниесінің мәні деп қарап, оларды бір – біріне қарама – қарсы қойса, Аристотель бұған ашықтан ашық қарсы шықты. Оның айтуынша, мұндай жалған ойдың негізі тарихи жағынан алғанда өзінің бастауын сонау Гераклиттің диалектикалық көзқарасынан алады. Өйткені, Гераклит сезімдік заттар дүниесі үнемі өзгеріп, қозғалып отырады деген қағиданы негізге алды. Платон да өзінің философиялық жүйесінде осы Гераклиттің пікіріне сүйене отырып үнемі өзгеріп, қозғалып отыратын сезімдік заттар дүниесіне қатысты ешбір ақиқат жоқ деп есептеді. 10 Ф-ӘД-001/046 Аристотельдің ойынша, Платон сияқты «идеяларды» өз алдына бөлек болмыс деп, оларды сезімдік заттар дүниесінен бөліп алудың таным теориясына ешқандай пайдасы жоқ. Негізінде сезімдік заттармен идеялардың болмыс табиғаты бір ғой. Аристотель өзінің болашақ философиялық жүйесінің негізгі теориясын айқындап беріп отыр. Өйткені Платон өзінің философиясында мазмұн және форманы бір – бірінен бөліп алып, оларды алшақтатып жіберді. Ендеше, мұндай бір процестің екі жағын бір – біріне қарама – қарсы қою болмыстың мәнін аша алмайды. Аристотельдің өзінің ұстазына бағыттаған екінші қарсылығында «Платон идеялар дүниесін жеке бөліп, оның сезімдік заттар дүниесі мен арасындағы байланысты үзіп жіберді» деп көрсетеді. Әрине, Платон олардың арасын қосуға әрекеттенді. Сондықтан ол сезімдік заттар дүниесі идеяларға бір шама «қатысы» бар деп есептейді. Оның бұл түсіндірмесі баяғы замандағы пифагоршылардың әдісін қайталағаны. Олар заттардың сандарға қатысы бар, яғни соларға еліктейді деген болатын. Мұндай ой желісі мәселені толық шешіп бере алмайды, қайта бұл екі дүниенің арасындағы алшақтықты қайшылыққа әкеліп ұрындырды. Аристотель адамның ішкі рухани сапаларын жетілдірудегі пайда болатын диалектикалық қайшылықтарға да жан – жақты тоқталды. Мұнда екі жақа кететін ұшқарылық, сыңаржақтықтар бар. Аристотель бұл қарама – қарсылықтарды «аралық» және «орташалық» деп бөліп қарады. Егер осы екеуінің диалектикалық бірлігі болмаса, адамның қабілеті өз қасиетінен айырылған батпақ сияқты ортаға түседі, - деді. Бірақ, практикалық ақылды Аристотель тым асыра бағалаудан аулақ.. Ол практикалықты қайырымды кеңеспен, көрегендікпен, зерделілікпен, ойлап тапқыштықпен ұштастыра қарайды. Аристотельдің қоғамдық – саяси көзқарасы оның «Саясат» деп аталатын еңбегінде айқын көрініс тапты. Оның осы шығармасы «Этикамен» сабақтаса келіп, біртұтас ілім құрайды. Өйткені, оның «Саясат» деген шығармасындаға адам алдымен өзінің адамгершлік қасиеттерімен ғана айрықша даралануға тиіс. Ізгі ниетсіз адам нағыз бұзылған әрі дөрекі жан. Сондай – ақ, ол жыныстық қатынас пен тамаққа деген құмарлық жағынан хайуаннан ешпір айырмашылығы жоқ жануар болып шығады. Аристотельдің философиясы өз заманымен шектеліп қалмай, оның көптеген идеялары кейінгі ойшылдарының арасынан қолдау тауып, шығармашылық пен дамытылды. Бұл жерде шығыстың орта ғасырдағы үлкен алыбы философия саласында «екінші Аристотель» атанған әл – Фарабидің еңбектерін атап өтсе жеткілікті. Оның «Философиялық трактаттары», «Әлеуметтік – этикалық трактаттары», «Логикалық трактаттары» тағы басқа да еңбектері Аристотельдің көз қарасын барынша ілгері дамыта отырып, өз заманына сәйкес жаңа көзқарастарының негізін қалады. Қорыта келгенде түйіндеген ойымыз-көне грек философиясы адамның мәнін түсінуге үлкен қадам жасады. Ал одан кейінгі дәуірорта ғасыр адамға тікелей назар аударып, оны ендігі жерде ғарышпен, табиғатпен, заттармен шатастырмай, оны құдайдың сүйген құлы, тірі жан деп есептеді. Сөйтіп, жаңа дәуірде адамды сезімдік материалдық зат деп қараудан арыла бастады. Бірақ адамды затпен, табиғатпен, ғарышпен шатастырған теріс көзқарастан толық арылуға әлі де көп уақыт бар еді. Ол үшін алдағы сан ғасырларды бастан кешіру керек болды. Оқытудың техникалық құралдары: кестелер, бейнефильмдер. Оқытудың әдістері мен түрлері: баяндау, сұрақ – жауап, түсіндіру Деңгейлік тапсырмалар: 1 –деңгейлік сұрақ. Философияның үш ірі ошағы туралы айтыңыз. 2–деңгейлік сұрақ. Антика заманының философиясы туралы қарастырыңыз. 3–деңгейлік сұрақ. Үнді, Қытай философиясының негізгі ерекшеліктері БОӨЖ тапсырмалары: Философияның ежелгі кезеңнің тарихи типтері БӨЖ тапсырмалары: Философияның тарихи кезеңдерінің негізгі мәселелері Әдебиеттер: Негізгі әдебиеттер: 1. Ғабитов Т. Философия. Оқулық. Алматы, «Заң әдебиеті», 2018. 11 Ф-ӘД-001/046 2. Кенни Энтони. Батыс философиясының жаңа тарихы, 2- том, Орта ғасыр философиясы: оқулық. Алматы, 2018.- 400 б 3. Темірғалиева Қ.А., Бәкірова А.Т. Философия: оқу құралы. Алматы, 2016. 4. Рысқалиев Т.Х. Философия тарихы:оқулық. Алматы, 2015. 5. Алтаев Ж., Қасабек А. Философия тарихы. Оқулық. Алматы, 2017. 6. Алтаев Ж., Қасабек А. Қазақ философиясы. Оқулық. Алматы, 2017. Қосымша әдебиеттер: 1. Шадинова Г.А., Көлеген Г.Б. Философия негіздері. Оқу-әдістемелік құрал.– Түркістан: Тұран. 2018. 2. Дайрабаева Г.Б., Шадинова Г.А. Ақпарат философиясы. Жоғары оқу орындарының магистранттарына арналған лекциялық жинақ. Түркістан, 2018 3. Философияның таңдаулы 25 кітабы Аударм.: Құранбек Ә., Рыскиева А.А. - Алматы : Ұлттық аударма бюросы, 2018 WEB сайттар тізімі: 1.Кенни Энтони. Батыс философиясының жаңа тарихы, 1- том, Орта ғасыр философиясы. Астана, 2018. http://rmebrk.kz/ 2. Жекебаева М.Ә. Философия. Оқу құралы. Алматы, 2018. http://rmebrk.kz/ 12

Use Quizgecko on...
Browser
Browser