Ы.Алтынсаринның әңгімелері PDF
Document Details
Uploaded by PreciseGermanium6414
Ы.Алтынсарин
Tags
Summary
Бұл Ыбырай Алтынсариннің әңгімелерінің жинағы, оның ағартушылық істері мен өмірлік кредосы туралы айтылған. Әңгімелер қазақ мәдениеті мен өмірлік жағдайларды сипаттайды. Әңгімелер оқырмандарға көңілді болып табылады және қызықты сюжеттерді қамтиды.
Full Transcript
**Ыбырай Алтынсарин (шын аты --- Ибраһим, 1841---1889)** --- қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсарин қазақтың ағартушылық тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырды. Ол 1841 жылы қазіргі Қостанай облысының аумағы...
**Ыбырай Алтынсарин (шын аты --- Ибраһим, 1841---1889)** --- қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсарин қазақтың ағартушылық тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырды. Ол 1841 жылы қазіргі Қостанай облысының аумағында дүниеге келген. Әкесінен ерте айырылған ол атасының - белгілі би және старшын Балқожа Жаңбыршиннің қолында тәрбиеленді. Ыбырай бала кезінен бастап білімге және өз бетінше оқып білуге бейім екенін байқатты. Көп оқыды, Ресей қоғамының білімді адамдарымен жиі араласып тұрды. Орынборда оқып жүрген кезінде шығыстанушы ғалым В.В Григорьевпен жақын танысып алды. Ол өзінің бай кітапханасымен Ыбырай Алтынсариннің еркін пайдалануына рұқсат етті. Білімге құштар жас бос уақытының бәрін де сол кітапханада өткізді. Білген үстіне біле түссем деген құмарлық пен өз халқыма неғұрлым көбірек пайда келтірсем деген абзал арманға ұмтылыс жас Ыбырайдың өмірлік кредосына айналды. Өзінің мінез-құлқы жағынан қарапайым әрі еңбексүйгіш еді, көп оқыды, өзге халықтардың қол жеткен табыстарын неғұрлым көбірек біле түссем деп армандады. Алған білімін өз халқының пайдысына асыруға талпынды. **Жаман жолдас** Екі дос кісі жолдастасып келе жатып, бір аюға ұшырапты. Бұл екі кісінің біреуі әлсіз, ауру екен, екіншісі мықты, жас жігіт, аюды көрген соң бұл жігіт, ауру жолдасын тастап, өзі бір үлкен ағаштың басына шығып кетті дейді. Ауру байғұс ағашқа шығуға дәрмені жоқ, жерге құлады да созылып, өлген кісі болды да жатты: есітуі бар еді, аю өлген кісіге тимейді деп. Аю бұл жатқан кісінің қасына келіп иіскелеп тұрды да, дыбысы білінбеген соң тастап жөніне кетті. Мұнан соң манағы жолдасы ағаштан түсіп, аурудан сұрапты: \- Достым, аю құлағыңа не сыбырлап кетті? Ауру айтты дейді: \- Аю құлағыма ақыл сыбырлады, екінші рет тар жерде жолдасын тастап қашатын достармен жолдас болма деді,- дейді. **Асыл шөп** Зылиха мен Бәтима деген біреудің қызметінде тұрған екі қыз бала төбесіне бір-бір жәшік жеміс көтеріп, қалаға келе жатыпты. Зылиха аһілеп-уһілеп, Бәтима күліп, әзілдесіп келе жатады. Сонда Зылиха айтады:\ - Сен неге мәз болып, қуанып келесің? Төбеңдегі жәшіктің ауырлығы менің басымдағыдан кем емес, өзің де менен күшті емессің.\ - Мен жәшігімнің ішіне ауырды жеңілдететін бір шөп салдым, - дейді Бәтима.\ - Ай, ондай болса, сол шөбіңнің атын айтшы, мен де ауырымды жеңілдетейін, - деді Зылиха.\ - Ол шөп сенің қолыңа түспей ме деп қорқамын. Оның аты -- «сабыр», - деп, айтқан екен. **Аурудан аяған күштірек.** Сейiт орам үстiнде жүгiрiп бара жатқанда, бiр арбалы келiп, аңдаусыз соғып кетiп, аяғын сындырыпты. Ойбайлап жылап жатқан баланы көрiп шошынғаннан шешесi есiнен танып қалыпты. Мұны көрген соң, Сейiт жыламақ түгiл, сынған аяғын орнына салып таңып жат-қанда да дыбысын шығармай, қабағын да шытпай жатты. Сонда сынықшы кiсi:\ --- Аяғың ауырмай ма, қабағыңды да шытпайсың? --- деп сұрады.\ Сейiт шешесi шығып кеткен соң, демiн алып, сынықшыға сыбырлап айтты дейдi:\ --- Ауырмақ түгiл, жаным көзiме көрiнiп тұр, бiрақ менiң жанымның қиналғанын көрсе, әжем де қиналып, жүдемесiн деп, шыдап жатырмын, --- дедi. Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш *Ыбырай Алтынсарин* Атасы он жасар ұл баласымен далада келе жатып, баласынан сұрады:\ --- Анау өрмекшіні көремісің, не істеп жүр?\ --- Көремін, өрмек тоқып жүр.\ --- Анау құмырсқаны көремісің?\ --- Көремін, аузында бір нанның ұсағы бар, жүгіріп кетіп барады.\ --- Жоғары қара, аспанда не көрінеді?\ --- Жоғарыда қарлығаш ұшып жүр, аузында кесе тістеген шөбі бар.\ Сонда атасы айтты:\ ---Олай болса, шырағым, ол кішкентай жәндіктер саған әбірет Өрмекші маса, шыбынға тұзақ құрып жүр, ұстап алған соң, өзіне азық етуге. Құмырсқа бала-шағаларына тамақ аулап, бір нанның усағын тапқан соң өзі жемей, аузына тістеп, қуанғаннан үйіне жүгіріп қайтып барады. Қарлығаш балапандарына ұя істеуге шөп жиып жүр. Жұмыссыз жүрген бір жан жоқ. Сені де құдай тағала босқа жүруге жаратпаған, жұмыс істеуге әдеттену керек, --- деді. **Мейірімді бала.** Қытай жұртында ескі заң бар, біреуді алдағандығы мойнына түскен кісінің қолын кесе-тұғын. Бір төре осындай іспен күнәлі болып, әлгі айтылған жазаны беруге тұрғанда, күнәлі төренің жас қыз баласы «әкем үшін жауап беремін» деп, мәлім болды. Қызды патшаға алып келісті. --- Тақсыр патшам, --- деді қыз, --- менің әкем жазаға лайық болғаны рас, соның үшін қолынан айрылуы керек болды. Мінекей, тақсыр, әкемнің қолы, ---деп өзінің қолын көтерді. --- Бұл қол да менің жазықты болған атамның қолы, бірақ мұнымен бала-шағаларын асырауға шамасы келмейді. Бұйырыңыз, тақсыр, осы нашар қолын кесіп, жұмысқа жарап, бала-шағаларын асырайтын қолын атама қалдыруға. Патша баланың мұнша атасына мейірімділігіне рақымы келіп, төренің күнәсін кешті дейді. **Таза бұлақ.** Үш жолаушы бір бұлақтың басында бір-біріне кез болыпты. Бұлақ бір тастақ жерден шыққан, айналасы қалың біткен ағаш жапырақтары бұлақтың үстіне төгіліп, суы мұздай, салқын, шыныдай жылтылдап тұрған сонша әдемі, таза бұлақ екен. Су шыққан жеріне бір қазандай тасты біреу ойып қорғаныш кылып, тастың суағар жеріне жазу жазыпты:\ --- Әй, жолаушы, болсаң осы бұлақтай бол, --- деп. Манағы үш жолаушы бұлақтан ішіп қанған соң жазуды оқып, біреуі саудагер екен, ол айтты:\ --- Бұл жазылған ақыл сөз екен, бұлақ күн-түн тынбай ағып, алыс жерлерге барады, бара-бара кеңейіп, үлкейеді, бұған бөтен бұлақтар құйып, сөйте бара үлкен өзен болып кетеді. Мұнан мұрат сол: сен де, адам, тынбай қызмет қыл, ешуақытта жалқауланып тоқтап қалма, сөйтсең, ақырында, сен де зорайып мұратыңа жетесің дегені ме деп білемін, --- деді.\ Екінші жолаушы мүсәпір молда екен, басын шайқап:\ --- Жоқ мен олай ойламаймын, бұл жазудың мағнасы сіздің ойлағаннан гөрі жоғарырақ соқса керек, бұл бұлақ: кім-кімге болса да даяр, ыстықтағанды салқындатып, жанын рақаттандырады, сусағанның сусынын қандырады, оның үшін ешкімнен ақы дәметпейді; бұлай болса адамға да әбірет сол: біреуге жақсылық етсең, ол жақсылығыңды ешкімге міндет етпе дегені болса керек, --- деді.\ Үшінші жолаушы көркем келген бір әдемі жігіт екен, бұл үндемей тұрды. Жолдастары: «Сен не ойлайсын?» --- деп сұрады.\ Жігіт айтты:\ --- Менің ойыма бөтен бір нәрсе келеді: бұл бұлақтың суы бір орында тынып тұрып, шөп-шалам түсіп, лай-қоқым болса, бұған адам мен айуан мұнша ынтық болмас еді; бұлақ күні-түні тынбай ағып тазаланып тұрғаны үшін ынтық болады. Олай болса, жазудың мағынасы: көңіліңді, бойыңды осы бұлақтай таза сақта, нешік бұлаққа қарасақ күн түссе күннің, шөп түссе шөптің сәулесін көреміз, көңілің сол реуішті сыртқа ашық көрініп тұрсын дегені ме деймін, --- деді. **Бақша ағаштары** Начало формы Конец формы Жаздың әдемі бір күнінде, таңертең бір төре өзінің баласымен бақшаға барып, екеуі де егілген ағаштары мен гүл жапырақтарын көріп жүрді.\ --- Мынау ағаш неліктен тіп-тік, ана біреуі неге қисық біткен? --- деп сұрады, баласы.\ --- Оның себебі, балам, анау ағашты қисық бұтақтары болса, кесіп, бағу-қағумен өсірген. Мынау ағаш бағусыз, өз шығу қалыбымен өскен, --- деді, атасы.\ --- Олай болса, бағу-қағуда көп мағына бар екен ғой, --- деді баласы.\ --- Бағу-қағуда көп мағына барында шек жоқ, шырағым, мұнан сен де өзіңе өсиет алсаң болады. Сен, жас ағашсың, саған да күтім керек, мен сенің қате істеріңді түзеп, пайдалы іске үйретсем, сен менің айтқанымды ұғып, орныңа келтірсең, жақсы, түзу кісі болып өсерсің, бағусыз, бетіңмен кетсең, сен де мынау қисық біткен ағаштай қисық өсерсің, --- деді. **Бір уыс мақта.** Бiр кiшкентай қыз әкесiнiң шапанын жамап отыр екен, шешесi қасына отырып, ақыл айтты:\ --- Балам, дүниедегi жаратылған жанды-жансыздардың ешқайсысының да керексiз болып, жерде қалатыны болмайды, --- деп. Сол сөздi айтып отырғанда, қыз бала киiмiн жамап болып, жердегi мақтаның қиқымын терезеден лақтырып, далаға тастады:\ --- Әже, осы қиқымның еш нәрсеге керегi бола қалмас, --- деп.\ Шешесi:\ --- Балам, сол да жерде қалмайды, --- дедi. Осылайша сөйлесiп, терезеден қарап отырса, манағы мақтаны жел көтерiп ұшырды, мұны бiр торғай көрiп қуып барып, мақтаны тұмсығына тiстеп қана алып, ұшып кеттi. Қыз әжесiнен:\ --- Манағы мақтаның қиқымын бiр торғай алып кеттi, оны неғылады? --- деп сұрады. Әжесi айтты:\ --- Көрдiң бе, балам, күн айналмай манағы айтқан сөздiң келгенiн. Ол кiшкентай мақтаны торғай ұясына төсеп, жас балапандарына мамық етедi, --- дедi. **Салақтық.** Кәрім деген мешер өзі жұмысқа тәуір жігіт те болса, жуынып кірсіз көйлек киіп таза жүрумен ісі жоқ еді. Әркім айтушы еді:\ --- Саған не болды, Кәрім, бойыңнан кіріңді ағызып жүргенше, жуынсаң болмай ма? --- деп.\ --- Қолым тимейді, --- деуші еді ол.\ Сөйтіп жүріп, тұла бойын шиқан қаптап және қотыр болды. Бұл күйде құрысып-тырысып жатқанында, әркім сұрайды:\ --- Кәрім, саған не болды? --- деп.\ Кәрім айтады екен:\ --- Күнәм үшін құдайдың бір берген сазайы-дағы, --- деп.\ Оған қарсы таныстары:\ --- Рас, Кәрім, құдайтағала таза жүрмеген былғаныш кісіні сүймейді, тым болмаса жұмасына бір моншаға түсіп, не болмаса үйіңде сабынмен жуынуды әдет етсең, бұл бәлеге душар болмас едің.\ Сонымен Кәрімді ауру жататын үйге алып барып, таза жуындырып, таза киім киіндіріп, ем қылған соң, аз ба, көп пе жатып жазылды. Мұнан шыққан соң, Кәрім бір заводқа барып жалданыпты. Өздеріңе де белгілі шығар, заводта нәрсе бояйтын бояулардың қайсысы у болады. Бір күні қожасы Кәрімге бір бояуды былғап қой деп беріпті. Былғап отырып-отырып, кәдімгі үйренген қалыбынша, қолын жумастан барып, тамаққа отырып, нан жепті. Қолындағы бояудың жұғынының бәрі де жеп отырған нанына жабысып отырғанда, бір мезгілде Кәрімнің іші бүрісіп, ауыра бастапты. Әрлі-берлі, олай-бұлай аунақшып, біраз жатып, Кәрім ұзамай-ақ жан тапсырыпты, әлгі бояу у бояу екен. **Әке мен бала.** Бір адам он жасар баласын ертіп, егіннен жаяу келе жатса, жолда қалған аттың бір ескі тағасын көріп, баласына айтты: ---Анау тағаны, балам, ала жүр, --- деп. Бала әкесіне: --- Сынып қалған ескі тағаны алып неғылайын, --- деді. Әкесі үндемеді, тағаны өзі иіліп алды да, жүре берді. Қаланың шетінде темірші ұсталар бар екен, соған жеткен соң, әкесі қайырылып, манағы тағаны соларға үш тиынға сатты. Одан біраз жер өткен соң, шие сатып отырғандардан ол үш тиынға бірталай шие сатып алды. Сонымен, шиені орамалына түйіп, шетінен өзі бірем - бірем алып жеп, баласына қарамай, аяңдап жүре берді. Біраз жер өткен соң, әкесінің қолынан бір шие жерге түседі. Артында келе жатқан бала да тым - ақ қызығып келеді екен, жерге түскен шиені жалма-жан жерден алып, аузына салды. Бітегенеден соң және бір шие, онан біраз өткен соң және бір шие, сонымен әр жерде бір әкесінің қолынан түскен шиені он шақты рет иіліп, жерден алып жеді. Ең соңында әкесі тоқтап тұрып айтты: --- Көрдің бе, мана тағаны жамансынып жерден бір ғана иіліп көтеріп алуға еріндің, енді сол тағаға алған шиенің жерге түскенін аламын деп бір еңкеюдің орнына он еңкейдің. Мұнан былай есінде болсын: аз жұмысты қиынсынсаң --- көп жұмысқа тап боласың, азға қанағат ете білмесең --- көптен де құр боласың, --- деді. **Өрмекші,құмырсқа ,қарлығаш.** Атасы он жасар ұл баласымен далада келе жатып, баласынан сұрады: --- Анау өрмекшіні көремісің, не істеп жүр? --- Көремін, өрмек тоқып жүр. --- Анау құмырсқаны көремісің? --- Көремін, аузында бір нанның уалшығы бар, жүгіріп кетіп барады. --- Жоғары қара, аспанда не көрінеді? --- Жоғарыда қарлығаш ұшып жүр, аузында кесе тістеген шөбі бар. Сонда атасы айтты: --- Олай болса, шырағым, ол кішкентай жәндіктер саған әбірет^1^. Өрмекші маса, шыбынға тұзақ құрып жүр, ұстап алған соң, өзіне азық етуге. Құмырсқа бала-шағаларына тамақ аулап, бір нанның уалшығын тапқан соң өзі жемей, аузына тістеп, қуанғаннан, үйіне жүгіріп қайтып барады. Қарлығаш балапандарына ұя істеуге шөп жиып жүр. Жұмыссыз жүрген бір жан жоқ. Сені де Құдай-Тағала бос жүруге жаратпаған, жұмыс істеуге әдеттену керек, --- деді. 1 - Әбірет --- өнеге, үлгі. **Ақымақ дос.** Бір мырза орманнан бір аю баласын ұстап алып, үйіне алып келіп, сонша жақсы күтіп асырапты. Бір күндерде мырза қатты ауырып, бір айдай төсектен тұрмай жатып, сол уақытта аюды да қараған кісі болмай, бұл да қатты жүдеп зарығыпты. Аурудан азғана тәуір болған соң, мырза бір күні далада, есік алдына отырып, күннің жылысымен маужырап қалғиды, бірақ маңдайына, бетіне шыбын қонып, шыдатпайды. Соның бәрінде манағы аю көріп отыр екен, мырзаға тыныштық бермегені үшін шыбынға қатты кейіді. Сөйтіп, аю ыза бола тұра жұлқып кеткенде шынжыры үзіліп кетіп, жүгіріп барды да, мырзаның бетіне табанымен салып келіп кеткенде, мырза қалпақтай ұшып, сол жерде-ақ жан тапсырды дейді.\ Бұл іс Дауыт пайғамбардың заманында болған екен. Аюды халық пайғамбарға сүйретіп алып барды, бұған қалайынша жаза береміз деп.\ Әзірет Дауыт аюдан сұрады:\ --- He себептен қожаңды өлтірдің?\ Аю жылап айтты дейді:\ --- Қожам мені баласындай күтіп, асыраушы еді, ол ауырған уақытта мені күткен кісі болмай, қожамның жазылуын тілеп зарықтым. Бүгін сол аурудан тәуірірек болып, қожамның далаға шыққанына қуанып қарап тұрғанымда, мырза есік алдына отырып, қалғыйын деп еді, шыбындар тыныштық бермеді; соған ашуым келіп ұрғанымда қожам, не себептен екенін білмедім, өліп қалды. Мен қожама қастық ойламадым, шыбынды қырайын деп едім, --- деді. **Жамандыққа жақсылық** Қызылбас патшасынын Абдулла деген уәзірі бар еді. Соның заманында жұрт бұзылып, бір күн уәзір патшаға келе жатқанда халық қамап: «Дегенімізді істе, істемесең өлтіреміз» деп, ішінде бір батылдырағы уәзірді сақалынан алып жұлықты. Уәзір ашу етпеді, бұлардан шыққан соң\ патшаға барып, жұрттың тілегін беріңіз деп өтініп тілегенін патшадан алып берді және өзінің көрген кемшілігі үшін ешкімге жаза бермеңіз деп оны да тілеп алды. Ертеңіне уәзірге бір саудагер келіп:\ --- Тақсыр, кеше сізді ренжітіп сақалыңыздан жұлыққан кісіні айтайын деп келдім, ол Нағым деген менің көршім еді, алдырып жаза беріңіз, --- деді.\ Бұл сөзді есіткен соң уәзір саудагерді қайтарып, Нағымды шақыртып алды. Нағым: «Менін кешегі ісімді біреу айтып танытқан екен» деп, қорыққанынан үрейі кетіп, келе-ақ уәзірдің аяғына жығылды. Уәзір Нағымды жерден көтеріп алып айтты дейді:\ --- Мен сені жазаландыру үшін шақырмадым, бірақ, көршің саудагер жақсы кісі емес екен, сенің білместігіңді маған келіп айтты, екінші рет ол көршіңнен сақтанып жүргендей екенсін, соны айтайын деп шақырып едім, енді аман бол! --- деп ішкергі үйіне кіріп кетті дейді.