Шындық деп өткен жан еді PDF

Summary

Бұл 2013 жылы жарық көрген Зейін Шашкинге арналған ғылыми-ғұмырнамалық еңбек. Авторлар оның өмірі мен шығармашылығын жан-жақты зерттеп, талдапты. Еңбектің кітапханада сақталған ғылыми материалдарға сілтеме жасапты.

Full Transcript

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ «ҒЫЛЫМ ОРДАСЫ» РМК ҒЫЛЫМИ КІТАПХАНА «Ұлы тұлғалар» ғылыми-ғұмырнамалық сериясы ШЫНДЫҚ ДЕП ӨТКЕН ЖАН ЕДІ Жазушы, дәрігер Зейін Шашкинге арналады Алматы, 2013...

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ «ҒЫЛЫМ ОРДАСЫ» РМК ҒЫЛЫМИ КІТАПХАНА «Ұлы тұлғалар» ғылыми-ғұмырнамалық сериясы ШЫНДЫҚ ДЕП ӨТКЕН ЖАН ЕДІ Жазушы, дәрігер Зейін Шашкинге арналады Алматы, 2013 1 УДК ББК 84 Қаз-7 Ш 97 Ш 97 Шындық деп өткен жан еді: [Жазушы, дәрігер Зейін Шашкинге арналады] / Құраст. Қ.З. Шашкина, Ш.Е. Құнанбаева. Бас ред. Қ.З. Шашкина. Жауапты ред. Р.О. Кәрібжанова, «Ғылым ордасы» РМК бас директоры. – Алматы: «Ғылым ордасы» РМК Ғылыми кітапхана, 2013. – 480 б., сур. [«Ұлы тұлғалар» атты ғылыми-ғұмырнамалық серия]. ISBN 978-601-7254-49-0 УДК 821.512.122 ББК 84 Қаз-7 ISBN 978-601-7254-49-0 © «Ғылым ордасы» РМК Ғылыми кітапхана, 2013 2 АЛҒЫ СӨЗ Елуінші жылдардың орта тұсы бүкіл қоғамдық-әлеуметтік, әдеби-мәдени тіршілігімізде орасан зор өзгерістермен есте қалды. Партияның тарихи XX съезі арқасында лениндік норма қалпына келіп, жеке адамға табынушылықтың зардаптарынан арыла бастадық. Өшкеніміз – жанды, өлгеніміз – тірілді, сауы аман-есен оралды. Партия әперген шаттыққа кенелдік, қуандық. Бұл ұлы оқиға әдебиетіміздің тарихында ерекше бір құбылыс арна болғанын енді міне айқын көріп отырмыз. Бұл арна көркемдік даму тұрғысынан тұтас болып көрінгенмен іштей жылжытылып екіге айырылады. Бірі – дүбірлі дәуірдің жанды бейнесін сөз өрнегімен жеткізген дала дауылпазы Сәкен Сейфуллиннің жалынды жыршыларының, таудан аққан бұлақтың мөлдір суындай тасқынды Ілияс Жансүгіровтың эпикалық поэзиясының, өмір келбетін Мырқымбайлар санасының өсуімен қабыстыра отырып, өтпелі дәуірдегі советтік қазақ қауымының шежіресін жасаған Бейімбет шығармаларының өнегесі мол дәстүр жасай оралғанына шаттандық. Олардың шығармалары жеке жинақ, топтама, том-том кітап болып көбірек тараған сайын, тұңғыштарының туындыларынан шөлін қандырып, кәусар бұлақтан сусындаған сайын қазіргі мәдениетті ұрпақтың дарынды өкілдері жанды дәстүрдің озық үлгі-өнегесін өзінің бойына дарытып, қорлана түсті. Өздері қалып, өздері оралған ұлы дарындар енді өздерінің әсер-ықпалымен тарамданып, әдебиетіміздің бүгінгі даму процесіне тікелей араласты. Осы үлкен ағынды арнаның ендігі бір саласы – қуатты дарындардың гүлін енді ғана аша бергенде суыққа соғылған, іштен тынған, қолайлы кезі келсе бар әсемдігімен, 3 ажарымен бірден гүлдеп кетуге тұншыға дайындалған ақын- жазушылардың аман-есен әдебиетке оралуы болды. Олар жазбағанымен көркемдік дамудың логикалық ағысынан көз жазбай, ұлы іске құштарланып қайтқандар еді. Осы жайды заманымыздың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов олардың алғашқы адымдарынан анық байқап, өмірге де, творчестволық еңбекке де қомағайлана, аңсай оралған Зейін Шашкин, Хамза Есенжанов, Мұхаметжан Қаратаевты айрықша атаған еді ғой. Бұл дарындардың аз ғана жыл ішінде не тындырып, әдебиетімізге қандай олжа салғаны әлемге аян болса да, бүгін жасы жетпіске толғанын атап отырған Зейін Жүнісбекұлы Шашкиннің қаламгерлігімен тағы пысықтап өтейік. Алты кітаптан тұратын үш томдық «Қазақ әдебиеті тарихында» Зейін Шашкин «Қазіргі қазақ прозасының дамуына, оның биік профессионалдық шептерді алуына үлес қосқан жазушылардың бірі» деп бағаланған дарын қуаты жағынан болсын «Қазіргі дәуір тақырыбын жазу мәселесіне келгенде біз ең алдымен З. Шашкиннің есімін айтамыз. Ол совет адамдарының ішкі жан-дүниесін, оның ізгі адамгершілік асыл қасиеттерін бейнелеуде ерекше дарын иесі екендігін танытты» деген толымды ой-пікірлер Зейін Шашкинге өмірде де, тарих бетінде де соғылар үлкен ескерткіштің ең мықты негізі, алғашқы тұжырымы екеніне қуанайық жолдастар. Жарық дүниеде небәрі елу төрт жыл жасап, оның тәттісі мен ащысын да, ауыры мен жеңілін де, қуаныш шаттығы мен қайғы қасіретін де көрген Зейін Шашкиннің творчествосын зерттеп, арнайы монография шығарған Сапар Байжановтың сөзімен айтқанда, қайтып оралғаннан кейін «әдебиетте бас- аяғы он жылға толар-толмас уақыт қана еңбек етті. Сол аз ғана уақыттың ішінде төрт роман, үш повесть, ондаған әңгіме, очерктер, пьеса, киносценарийлер беріп үлгерді, туған әдебиет тарихынан орын аларлықтай елеулі шығармалар жазды. «Заман осылай басталады», «Ақын жүрегі» пьесалары қазақ драма театрының сахнасына қойылды. Оның шығармалары негізінде «Дүбірлі таң» (Тревожное утро) атты кинофильм экранға шықты. Осының бәрі Зейін Шашкин 4 творчествосының соқталы мұра екендігін айғақтай түседі»... Зейін Шашкиннің өмір жолы мен өнерпаздығының қадау- қадау биігі мен мәнін айтардан бұрын бір ғана естелікке кезек берейін, өйткені қазіргі көп ойдың сол кезден өріс алғандығын аңғару үшін де керек сияқты. «Советский Казахстан» журналының 1955 жылғы он екінші саны едәуір кешігіп, оқушылар қолына 1956 жылдың көктемінде тиді. «Утро Семиречья» атты повесть жарияланыпты. Авторы – Зейін Шашкин. Атын «Зейін» деп қазақшалауға болғанмен «Шашкин» деген фамилиясы аттың «шашасына» не насыбайдың шақшасына жақындығы бар деп ұға алмадым. Әйтеуір, өзіміздің Жетісудың таңын суреттеп жатыр ғой, шүршіт жазса да бәрібір емес пе оқи жөнелгенде, сіздерге өтірік, маған шын, бұрын-соңды оқып көрмеген, естіп-білмеген керемет дүниенің ішіне кіріп кеттім. Көлемі шағын шығарманы көзді ашып-жұмғанша жұтып қойдым. Үйге ала келіп тағы да оқып шықтым. Жетісуда болған тарихи шындыққа кенелдім, cтилі жинақы, сөзі нығыз, оқиғасы қою, композициясы шымыр. Әбден иі қанған, көркемдігінде қапы жоқ туынды. Орысша жазылған шығарманы рецензиялау керек пе, жоқ па деп ойланбай, ертеңінде мақалаға кірістім. «Социалистік Қазақстан» газетінде 1956 жылдың 19 майында жарияланды. Осы мақала Зейін Шашкин еңбегіне жазылған алғашқы ұнамды пікір екенін сол күні-ақ білдім, өйткені ортадан төмен, дөңгелек жүзді, мұрнының астында үшбұрышты қақорық мұрты бар шәпеті адам мені институтқа іздеп келді. Таудай рахметін айтты. Саттар Ерубаев мұрасы жайындағы менің мақаламды оқып, онсыз да риясыз көңілін білдіруге ыңғайланып жүрген жан екенін білдіріп, баспаға дайындалып жатқан Саттар жинағына естелік жазып беруге уәделесті. Арада бірнеше күн өткеннен кейін: «Сен шөлдесең ішетұғын, Достық суы – қаным бар. Жүрегімде сен деп соғар, Бір өзгеше тамыр бар...» 5 деген өлеңнің алғашқы екі жолын Саттар маған арнаса, соңғы екі жолын мен оған арнаған болатынмын. Бұл шумақ сол кездегі достық ниетті, сүйсінген тілекті қазір де өзгертпей жеткізіп тұрған тәрізді. Ой нысанасы өзгермепті. Сол дәуірдегі өмір көз алдыңда сайрап, жүрек түбінде сақталған сырлар қайта жаңғырады деп үлкен мән, сыңғырлаған жастық сезіммен басталатын «Кіршіксіз таза жан» атты естелігін әкеп берді. Осы кездесулер Зейін Шашкинге деген менің ыстық ықыласымды тасытып, әрбір жазғанын қадағалап отыратын күйге жеткізді. Бұдан кейін орысша да, қазақша да жарияланып жатқан шығармаларының ішінен тек «Тоқаш Бокин» романына ғана көлемді рецензия жаздым да, өзгелері жайында кездескенде, ыңғайы келген сәттерде ой-пікірімді өзіне айтып жүрдім. Менің бұл естелігім «күріш арқылы күрмек су ішетіннің» кебі емес, осындай аялаған жазушының өнімді еңбегіне енді міне уақыт билік айтып отыр. Зейін Шашкиннің әдебиет, мәдениет тарихында қалар маржандары қайсы, олардың көркемдік ажар-келбетінде үлгі-өнеге боларлық не бар дегенде назар аудару қажет. Өйткені – Зейін Шашкин тарих бәйгесінде жүлде алар жүйріктеріміздің бірі, қасиетті есімін әрқашан мақтана еске алар дарындарымыздың бірі. Ең алдымен, Зейін Шашкин әдебиетке қайтып оралғанда тарихи-революциялық тақырыпты жазудың жаңа бір үлгісін, жаңа бір сыр-сипатын ұсына келді. Оған әуелінде «Утро Семиречья», «Наступило утро» қазақшалағанда «Ұядан ұшқанда» болып шыққан шығармасы нақты дәлел. Ол өзінің сүбелі тақырыбымен, кейінгі шығармаларында әкеден балаға, баладан немереге жалғасып жатқан, лирикалық шегіністері арқылы іштей байланысып жатқан қалың оқиғалы сюжеттік желімен келді. Сахна Сағатовтың өзіне серік, кейін балаларына қамқоршы болған Құрышпайдың «Теміртау» романында айрықша жарқырап көрінуінің бір сыры осыған сабақтас. Дәмеш пен Асқардың кешегі үлгілі дәстүрді бүгінгі күнмен жалғастырып жатуы осындай үлкен замыселдың тарихи дамуы болатын. 6 1958 жылы жарық көрген «Тоқаш Бокин» романы – Ұлы Октябрь революциясының Жетісу өлкесіндегі дауылды күндерінің шежіресі. Егер «Ұядан ұшқанда» повесіндегі 1916 жылдың оқиғасы мен оған қатынасқандар, одан кейін шет елден қайтып оралғандарды орналастыру сияқты әлеуметтік мәселелер Жүніс Сағатов, оның баласы Саха Сағатов тағдырлары, іс-әрекеттері арқылы нақты көрініс берсе, осы екі арадағы кезеңді «Тоқаш Бокин» романы толтырды. Сондықтан, бұл екі шығарманы бір-бірінен ажырата қарамай, бір тақырыптың екі деңгейде суреттелуі деп тапқанымыз абзал. Екеуі де көркем, екеуі де айрықша мәнді шығармалар. Қазақ әдебиетінің елуінші жылдардағы өркендеуінде тарихи- революциялық тақырыпты игеруде «Ботакөзден» кейін белес жасаған, келесі көркемдік ізденістерге мұрындық болып, шылбыр тастаған шығарма екенін қазір ашық айтуымыз керек. Тарихта болған-болмаған кейіпкерлер арқылы да ұлы тақырыптың шешімін табамыз деп қан мен тер төгіп, қазалмай жүргеніміз аз емес қой. Ал тарихта шын болған, аласапыран уақытта өзінің азаматтығын танытқан, халқы үшін қасықтай қанын қиюға дайын болған ерлердің қайсыбірі сол кезде қысыр ойға, жалған жалаға кезіккендері де жоқ емес. Соның ішінде қарақан басы саудаға түсіп, үлкенді-кішілі жорамал болжамға малта тауып берген, кейінгі тағдыры бұлдырлана бастаған Тоқаш Бокиннің осы роман шыққанға дейін әрі-сәрі халде болғаны көпшілікке белгілі. Күні кеше ғана тар жол, тайғақ кешуден оралған Зейін Шашкиннің осындай аты шулы қайраткерге көз салуының өзі ірі батылдық, ел мақтанышы болған ер-азаматтың жарқын келбетін шынайы қалпында жасауға талаптануының өзі көзсіз ерлік деп атаса да болар еді. Мұндайда автордың таптық позициясы, партиялық табан­ дылығы шешетінін ол айрықша түсінді, өйткені осындай сана Зейін Шашкиннің үй ішінде алған тәрбиесінен, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысқа қатысып, Сібірге айдалып келген өз әкесі – Жүнісбектің үлгі-өнегесінен, Москваның тарих, 7 философия және әдебиет институтында оқып, Қарағанды комсомолдарының жетекшісі болып жүрген кезде-ақ оның азаматтық тұлғасына дарыған болатын. Осымен қатар Зейін Шашкинде терең біліммен ұштасқан айбынды қаламгерлік дарын бар еді. Оны осы «Тоқаш Бокин» романын жазған тұста анық байқатты. Әлі де болса қаңқу сөзден құтыла алмай жүрген қайраткердің өмірін, ерлігін тарихи деректерден, архивтерден анықтап, документтердегі мәліметтердің шын сырын Тоқашты көрген-білген адамдардың естелігімен тағы бір тексеріп алуы қайырлы еңбектің белгісі екені даусыз. Тоқаш жөнінде Зейін Шашкин бірқыдыру барлау жасады. Өйткені, «Ұядан ұшқанда» повесін жазған кезде пайдаланған материалдар Тоқаш Бокиндей ардагер азаматты тарих шыңынан арылтып алу қажеттігін аңғартқан болатын. Ел-жұрт, зиялы қауым не дер екен деп 1956 жылы 16 сентябрьде «Социалистік Қазақстан» газетінің бетінде «Тоқаш Бокин» атты принципті мақаласын жариялады. Оң жолға түскендігін сезіп, тарихшы Д. Мергеншин екеуі Тоқаштың өмір жолын баяндаған бес баспа табақтық ғылыми-зерттеу еңбегін жариялады. Театр сахнасына шығармақ боп іле-шала М.Гольдблатпен бірлесіп «Таң шапағы» атты пьеса жазды. «Жұлдыз» журналына бастырды. Осы жайлардың бәрі «Тоқаш Бокин» есімі романның жазылып жатқан кезінде қатарласа, үзеңгі қағыса жүріп жатты. Демек, роман шыққанша қоғамдық ой аңғары Тоқаш пайдасына әбден бейімделген болатын. Ерен еңбектің, адамгершілік жүректің белгісіндей болып Зейін Шашкиннің өз қолымен тарихи деректерді көшіріп алған жүз алпыс материалы қазір Қазақ ССР-ның Орталық архивінде жатыр. Архив материалдарын оқып, сырын қалай ашу жөнінде Зейін Шашкиннің талай толғанғаны да белгілі. Соны бір мақаласында принцип ретінде баяндаған да екен. Күні бүгінге дейін мәнін жоймаған құнарлы ойға құлақ салыңыздар. «Тоқаш Бокиннің архивында шым-шытырық, қиян-кескі фактілер бар. Тоқаштың жаулары оны өлтірседе тыныш жатпайды. Тарих алдында өздері ақ болып қалғысы келеді. 8 Бокинді өлтірген жауларды ақтап алмақшы болады. 1919 жыл мен 1923 жылдары Бокиннің ісі екі рет қайта қаралады. Ораз Жандосов өзі қатынасып, зорға арашалап алып қалады. Сондықтан да тарихты тексергенде кез-келген фактіні алып, солай болған екен деп қағазға түсіре беруге болмайды. Әрбір фактының сырын ашып, шын мәніне түсіне білу керек. «Фактыны талдап, айта білу зерделікті керек қылады» дегенін айрықша атап айтқым келеді. Өйткені, қазір тарихи- революциялық тақырыпқа әлі келетіні де, келмейтіні де, дайындығы бары да, жоғы да қызыл көргендей жабыса кетіп, өзінше «халық қаhарманын» жасай қойғысы келетіндері осы қасиетті тақырыптың құнын сұйылтып барады, белсендіден қайраткер жасауға тырысушылар көбейіп барады. Зейін Шашкин айтқан зергерлік жетіспей барады. Зейін Шашкиннің тарихи-революциялық тақырыпқа баруының ішкі себебі: жаңа советтік өмірдің үлкен күрес, қиян-кескі тартыс үстінде жасалғанын өз көзімен көргендігі бір болса, екінші жағынан оған жетекші, басшы болған ер- азаматтарды, еңбегі сіңген қайраткерлерді қастерлеу, кейінгі ұрпаққа үлгі етіп ұсыну мақсатын көздеген еді. Және осыған жанаса тағы бір үлкен мәселенің шеті көрінбек. Зейін тарихи хроника жасаған жоқ, оқиғалар тізбегі мен сол дәуірде адал еңбек еткен қайраткерлер есімдерінің каталогын жасаған жоқ, шын көркем шығарма жазып, жанды бейне, толымды образдар жасады, қалың оқушыға мол мағлұмат, терең сана қосатын шындықтарды суреттей отырып, керемет эстетикалық байлықтың көзін ашты. Сондықтан да, З.Шашкин тарихи қайраткерлерді, болған оқиғаларды суреттегенде оның логикалық дамуына қарай ойдан шығарған кейіпкерлерді, яғни, шығарманың композиторлық арқауын ширатып, сюжеттік желісін өрбіте түсуге септігін тигізетін геройларды өз жанынан қосып, көркемділік нанымдылықтың ауқымына сиғызып отырды. Сонда тарихи-революциялық шындық өзінің бар ажарымен оқушыға жетіп, қуатты, әсерлі күшке айналды. Зейін Шашкиннің осы саладағы қаламгерлік тәжірибесінің сыр-сымбаты міне осындай. Бұл мәселе күні 9 бүгінге шейін өзінің практикалық мәнін жойған жоқ. Тарихи- революциялық тақырыпқа барған жазушылар осындай үлгі- өнегеден көз жазбаса, қазақ әдебиеті тың туындылармен молыға берері даусыз. Кезең көріністермен нақты көрінді. Дарханов өзінің мінез-құлығы, іс-әрекетімен келді. Сұм, зымиян, оңай олжаға қызыққыш жіліктің майлы басына жабысқыш, арды аттап, абырой дегенді қарақан басының рахатына ғана жұмсайтын опасыз «Мүсілімдердің» жинақы бейнесін жасауымен ғана емес, солардың көлеңкесінің өзі кесепат екендігін аңғартумен-ақ қоғамдық ойға атой салды. «Теміртаудан», «Доктор Дархановқа» ауған сюжеттік желінің бір тарамы осындайлардың әлі де болса арамызда жүргені кездесіп қалатындығы Нияз адалдығымен айыпталады. Осындайлардан сақ болыңдар деген қамқоршы он оқушыға қалтқысыз жетті. Өздерін осы қалыпта көргендер романның ықпалын азайтпақ болып айғай-шу шығарғанда жазушы өзінің көздеген мақсатының орындалғанын анық сезді. Сондықтан да, «Доктор Дарханов» романы кезеңнің көркемдік келбетін, замандастарымыздың тыныс-тіршілігін айқын танытты. Зейін Шашкин творчествосында ғана емес, бүкіл әдебиетіміздің алпысыншы жылдардағы өркендеуінде белесті шығарма болып тарихтан орын алды. Зейін Шашкиннің соңғы романы «Сенім» өзінің проб­лема­ сымен айрықша құнды. Әрине, Нұрлан сынды агрономның туған жердің тағдыры үшін отқа түсуге дайындығы көркемдік жайынан қуантқанымен, оңды-солды парақсыз жыртылған. Жер бедері эрозия кесепаты әлі күнге дейін күн тәртібінен түспегенін өмір көрсетіп отыр. Зейін Шашкин тек моральдық- этикалық толғаныстармен ғана емес, келешекті әріден байқар қамқоршы көңілімен де біздің арамызда әлі күнге дейін күресіп жүргендей. Мұндай сезім тек елі, Отаны үшін аянбай еңбек еткендердің маңдайына жазылған бақыт. Сол бақыт құшағында қазір Зейін Шашкин жүр. Зейін Шашкиннің әдебиетке мұра болып қалған туындыларын қайталап оқығанда анық байқалатын бір жай бар. Ол қазақ тілінің даму процесіне тікелей байланысты. 10 «Шеберлік хақында» атты мақаласында мынадай бір қызық жайға назар аударған. Кейде бір жаңадан сөйлем орамын құрамыз деп, сөйлемдегі сөз орнын ауыстырып та жіберіп жүрміз. Бұл мен де бар. Әрине, тіл деген халықтың сана- сезімінің өсуімен қабат ол да өсіп өркендеп отыруы керек. Бірақ, сол жаңалыққа осқыра қарамай, ойласқан «жөн» деген ой түйді. Мұндай толымды пікірді Зейін әдейі айтты, өйткені замана дамуынан тыс қалатын ешбір құбылыс жоқ екенін ол жан-тәнімен сезе білді. Біздің әлеуметтік өмірімізде екінші ана тілімізбен күрес құралына айналып отырған ұлы орыс тілінің ықпал-әсеріне немқұрайлы қарауға болмайды. Өйткені ол күнделікті қатынас құралымыз. Өмірімізге сіңіп бара жатқан жаңалықтардың бәрі де ортақ түсінікті талап етеді. Осының алғашқы көріністері Саттар Ерубаевта ептеп байқалса, Зейін қаламгерлігінде жүйелі арнаға түсе бастады. Орысша ойлап, қазақша жазу аударма арқылы да іргесін нығайтты. Біздің қазіргі оқыған жастарымыз ғана емес, өлең-жырларын да, тұрмыстың қажетін де орыс тілі арқылы өтейтін, бірақ шығармасынан ұлттық айшығы айқын сезілетін ақын-жазушылардың күн асқан сайын көбейе түсуі тілдегі өзгерістердің молая түскенін көрсетеді. Осындай жаңалықтың алдыңғы легінде болып, өзі талай ойланып-толғанғаннан кейін көркемдік базарында тіл ажарына дарып жатқан жаңалықты осқырынбай қабылдауды Зейін өсиет етіп кеткендей болып көрінеді маған. Ал мұндай қомақты пікір, сөз жоқ, парасатты пайымнан туады. Мәселе енді «қас түзеймін деп көз шығару» сияқты әпербақандыққа немесе «жабуды жаба тоқиық» дейтін тоғышарлық ниетке бейімделуге тиіс емес. Өйткені, өмірдің даму заңдылығынан ешкім сырт тұра алмайды, бөлек жасай алмайды. Оны түсінбеген жанның ығысып, сырылып қалары да анық. Әрине, Зейін Шашкиннің көркем шығармада ішкі монологтың үлесі, салмағы басым болсын дейтін теориялық қисыны, сөз жоқ, психологизмді дамытып, әрбір образдың ішкі жан сырын жарқырата көрсетейік деген игі ниеттен тұрғай- ды. Көркемдік шеберлікке теория түрінде де, практикалық 11 тәжірибеде де Зейін Шашкин көп назар аударып, әдеби өркендетудің алдыңғы легінде болды. Зейін Шашкин қиын бақыттың иесі болғандықтан ел есінен шықпайтын, уақыт өткен сайын қадірлене, құрметтене беретін мұра жасап кетті. Өзі дүние салғаннан кейін алты томдық шығармалар жинағы шықты, творчествосы кандидаттық диссертация көлемінде зерттеліп, монографияға айналды. Айтылып-жазылып жатқан естеліктер, мақалалар, ғылыми-зерттеулер де атаусыз қалмай, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп келеді. Бұған шүкіршілік айтып, қуанғанымыз орынды болмақ. Өйткені бұл жай өскен мәдениеттің бас белгісі, алайда сол мәдениеттілікті ыждаhатпен өрістете беру жағын да ойластырайық, жанашырлықты түгелдей жасайық, өйткені, Зейін Шашкиннің 30-жылдары әдебиетке келгендігін дәлелдейтін туындылары, әсіресе Саттар Ерубаев, Есмағамбет Ысмайыловпен бірлесіп жазған өткір сындары мен теориялық ізденістері, «Известия» газетінде шыққан мақаласы, 50- 60 жылдары газет-журналдарда жарияланған көптеген очерктері, естеліктері, эсселері, Саттар жайындағы тамаша естелігі ескерусіз қалғандығы өкінішті-ақ. Өлмес өмір өңіріне жетудің негізгі арнасы творчество болса, ал ол орыс тілі арқылы еселене түсетіндігін Зейін Шашкин айрықша ұққан, түсінген жазушы. Өзі де орысша жазды, өзгеге де аудартты. Негізгі шығармалары орыс тілінде қалың оқушыға кезінде жетіп жатты. Демек, баспа орындары дүниеден өткен дарындардың қазақ әдебиетіне абырой әперетін сүбелі құнды шығармаларын топтай, томдап шығарғаны ғанибет болар еді, өйткені Зейін Шашкиннің ғана емес, Қасым Аманжолов, Хамза Есенжанов, Ғабдол Сланов, Жұмағали Сайын, Мұқан Иманжановтың туындылары халықтың рухани байлығын арттырып, экономикалық жағынан да өз жәрдемін тигізетіні сөзсіз. Сонда мәдениеттілігіміздің бар пайдасын толық көрер едік. Сонымен, өзінің дарынды қаламгерлерімен өнімді еңбек етіп, әдебиетімізге Жүніс, Саха Сағатовтарды, атақты революционер Тоқаш Бокинді, оның жан жолдасы 12 Құрышпайды, Асқар, Дәмеш Сағатовтарды, зерделі Қайырды, сұм Мүсілім, аяр Бикен, аңғал Айша, пәлсапашыл Нияз, ойлы күрескер Нұрланды алып-келіп, олардың образын қастерлеген Зейін Шашкиннің творчестволық ғұмыры енді басталды. Зейін Шашкин келесі ұрпақпен солар арқылы жалғасып, тарихтың жарқын бетінен тұлғаланып көріне берері хақ. Тұрсынбек Кәкішев Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым Академиясының академигі ЗЕЙІН ШАШКИН ТУРАЛЫ СӨЗ (Алғы сөз ретінде) * Тұрсынбек Кәкішев. Саңлақтар. Шығармалары Т.1. – Алматы: Ана тілі, 2007, 253-262 б.* 13 ЗЕЙІН ШАШКИНГЕ КӨШЕ АТЫ БЕРІЛДІ Қазақстан Республикасы Прези­ дентінің Жарлығымен 1997 жыл Жалпыұлттық татулық және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы боп жарияланғаны белгілі. Осыған орай кезінде қуғын-сүргінге ұшырап, біраз жыл айдауда болған көрнекті қазақ жазушысы Зейін Шашкиннің есімін есте қалдыру мақсатында Алматы қаласы әкімінің биылғы жылғы 21 қазандағы шешімімен Алматыдағы Университетская көшесі Зейін Шашкин көшесі боп өзгертілді. Қазақ әдебиеті, 1997 жылғы қарашаның 4-і. 14 ҚҰРАСТЫРУШЫЛАРДАН Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Ғылым ордасы» РМК Ғылыми кітапханасының «Ұлы тұлғалар» атты арнайы ғылыми-ғұмырнамалық сериясы 2001 жылдан бастап өз жалғасын табуда. Мұндағы мақсаты – халқымыздың ұлттық зиялыларын оқырман қауымына, көпшілікке насихаттау және де жастарымызды патриоттыққа, елін сүюге тәрбиелеу еді. Әр заманның өзінің өлшемі, асуы бар. Бүгінгі біздің істерімізді тек еңбекпен ғана бағалап, кемеліне жетті деуге болмайды. Жаңа заманда өмір сүрушілер еңбек етумен қатар, мәдениеттің жоғары сатысында тұруға да міндетті. Десек те, кез-келген адам баласы өз өмірін, өз қалауы бойынша кестеге ою салғандай етіп оя алмайды. Әйтседе, өзі үшін емес, елім деп өмір сүрген біртуар ұлылардың өмірінің екі кезеңі болатыны айдан анық. Ондай адамдардың ұзақ мәңгілік өмірі, өзі дүниеден өткеннен кейін ғана басталады. Ол халқының жадында мәңгі сақталады. Осындай, елім деп еңбектеніп, ереңсіз өткен даналарымыздың бірі – жазушы, дәрігер Зейін Шашкиннің қайталанбас ғажайып өмір жолы мен шығармаларын оқырман қауымына таныстыруды жөн деп көрдік. Сиқырлы қаламгерлік әлемімен қатар, адам жанының арашашысы, ақ халатты абзал жан болды. Осы екі ғажап сиқырлы әлемнің тетіктерін меңгеріп, зұлмат заманында арқау етіп жүріп өту екінің-бірінің қолынан келе бермес. Қыршын жасынан «Халық жауы» қара күйесі таңылып, түрме мен айдаудан, аурудан, мойымай, сұм тағдырдың кісенінен ұзақ жылдар бойы әділетсіздік, өктемдік көре тұра, жаужүрек қаламгер өмірмен арпалыса жүріп, есте қаларлықтай іс тындырады. Ерлік демей не дерсіз! Осы жерде Мұзафар Әлімбайдың: 15 Зейін аға ақыл түйіп дәстүрден, Зұлымдыққа майдан ашқан жас күннен. Адамға да, заманға да ем іздеп, Өтті алысып, жұлысқандай қасқырмен демекші кемеңгер де, танымал ұлы данамызға арналған бұл көрсеткішті құрастыру барысында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Ғылым ордасы» РМК Ғылыми кітапханасының қорлары, Қазақстан Республикасы байланыс және ақпарат министрлігі ақпарат және мұрағат комитетінің Орталық мемлекеттік мұрағаты қорлары пайдаланылды. 16 ЗЕЙІН ШАШКИННІҢ ҒҰМЫРНАМАСЫНАН 17 ЗЕЙІН ШАШКИННІҢ ӨМІРІ МЕН ҚЫЗМЕТІНІҢ НЕГІЗГІ КЕЗЕҢДЕРІ Зейін Шашкин 1912 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауданында Бозщакөл дейтін жерде дүниеге келген. 1930 – Павлодар қаласында орта мектепті бітіреді. 1931-1934 – Мәскеу қаласындағы редакциялық-баспа институтының студенті. 1933-1934 – Алматы қаласындағы «Лениншіл жас» газетінің партиялы-комсомолдық бөлімінің меңгерушісі. 1934-1935 – Алматы қаласындағы Журналистика институтының қазақ әдебиетінің тарихы пәнінің мұғалімі. 1935-1937 – МИФЛИ студенті. 1937-1938 – Семей қаласындағы педагогикалық институттың әдебиет және тіл кафедрасының меңгерушісі. 1938-1941 – Алматы мен Жоғарғы Орал қалаларының түрмесінде. 1941-1948 – Ташкент қаласындағы стационарлық ауруханада дәрігердің көмекшісі. 1945 – Иркутск медицина институтын бітіреді. 1948-1949 – Қарағанды қаласындағы Кировск ауданының поликлиника дәрігері. 1949-1955 – Бурабай демалыс орнындағы «Бармашино» санаторийінде фтизиолоринголог дәрігер. 1955 – «Наступило утро» («Таң атты») деген атпен орыс тілінде жарық көрген тұңғыш повесі жарияланады. 1960 – «Құрмет грамотасымен» марапатталады. 1966 – 29 наурызда ауыр науқастан қайтыс болады. 18 ЗЕЙІН ШАШКИННІҢ ӨМІРІ ТУРАЛЫ ҚЫСҚАША ОЧЕРК Жазушы Зейін Шашкин 1912 жылы қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданында Бозщакөл дейтін жерде кедей шаруа отбасында туған. Әкесі Жүнісбек жергілікті байларға қарсы бас көтергені үшін Сібірге айдалады. Айдаудан келгеннен кейін 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне қатынасып, совет өкіметін орнату жолындағы күреске атсалысады. 1920-1930 жылдарда Зейін Павлодар қаласында орта мектеп қабырғасында тәрбиеленеді. Бұдан кейін бірер жыл Москваның тарих, философия және әдебиет институтында оқиды. Сол кезден бастап әдебиетпен әуестенеді. Алғашқы шығармалары отызыншы жылдары «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газетінде, «Әдебиет майданы» журналында жарияланады. Өлеңдері, сын, зерттеу мақалалары, бірлі-жарым әңгімелері жарық көреді. Газет, баспа орындарында қызмет істейді, институтта сабақ береді. Әдебиет теориясы оқулығын даярлауға атсалысады. Бұл кезеңдегі әдеби еңбектердің ішінде Абай поэзиясының тілі, Асқар Тоқмағанбетов творчествосы жайлы зерттеу мақалалары назар аударарлық. Бұдан кейін Зейін Шашкин біраз жылдар әдебиеттен қол үзуге мәжбүр болады. Дәрігерлік кәсіппен шұғылданып, медициналық қызметте тәжірибе алады. 1945 жылы Иркутск медицина институтын бітіреді. Кейіннен елуінші жылдардың орта шеніне дейін Бурабайда «Бармашы» санаторийінде бірнеше жыл бойы дәрігер болады. «Наступило утро» («Таң атты») дейтін атпен 1955 жылы орыс тілінде жарық көрген тұңғыш повесін осында, дәрігерлік қызметпен ұштастыра жүріп жазған. Осыдан кейін Зейін Шашкин Алматыға ауысып, жазушылық қызметпен біржола айналысады. 19 Алғашқы повесін өңдеп, «Ұядан ұшқанда» деп ат қойып, 1957 жылы қазақ тілінде бастырып шығарған. Октябрьдің 40 жылдығы қарсаңында М. Гольдблатпен бірлесіп «Заман осылай басталады» атты пьеса жазады. Бұдан кейін қалың жұртшылыққа әйгілі «Тоқаш Бокин», «Теміртау», «Доктор Дарханов», «Сенім» романдарын, «Темірқазық» атты повесі мен әңгімелерін, пьесалар мен сценарийлер, очерктер мен мақалалар жазады. Зейін Шашкин әдебиетте бас-аяғы он жылға толар-толмас уақыт қана еңбек етті. Сол аз ғана уақыттың ішінде төрт роман, екі повесть, ондаған әңгіме, очерктер, пьеса, киносценарийлер беріп үлгерді, туған әдебиет тарихынан орын аларлықтай елеулі шығармалар жазды. Зейін Шашкин – жаңа заманның, жаңа советтік өмір­ дің жыршысы, Октябрьмен құрдас, Октябрь әкелген жаңа ұрпақтың сом тұлғасын мүсіндеуші суреткер. Ол өз шығар­ маларында заман ағымын, уақыт ерекшелігін сипат­ тайтын кесек, өзекті проблемалар көтерді, жаңа қаhармандар әкелді. Зейін Шашкин творчествосының соңғы жылдарында әң­ гіме жанрында да қамал тартты. Заман жайлы, замандастар жайлы көзқарасын, тебіренген ойларын әдебиеттің осы­нау шағын да оңтайлы жанры арқылы білдіріп отырды. Оның «Ақбота», «Қойшы серігі», «Дәрігердің қатесі», «Сүйкімді дауыс», «Әкесі» сияқты әңгімелері жазушының айна­ ла­ сындағы өмірден көрген-түйгендері. Тақырыптары әралуан болғанымен, бұл әңгімелердің барлығына ортақ бір қасиет бар – ол бүгінгі өмір шындығын, замандастар өмірін жырлау. Зейін Шашкин советтік заманды жан-тәнімен сүйген жазушы. Жаңа заманның әр жетістігі оны шаттандырады, керісінше мүдіс-мүкіс міндері, шалыс қадамдары қабырғасын қайыстыра толғантады. Әлі келгенше, романымен де, повесті, әңгіме, мақаласымен де, бар күшімен советтік өмірдің шуағын молайта түсуге, өсу екпінін үдете түсуге қолғабыс етуді мұрат тұтқан. Ауру бола жүріп, жатпай-тұрмай ізденген, қарманған, 20 толғана жүріп қиындық, кедергі атауларымен арпалыса жүріп, азабына ашына, кейде налып, кейде бөркін аспанға лақтыра қуана жүріп, сарыла еңбектенген. Мұны әр шығармасынан, мақалаларынан, достарына хаттарынан айқын аңғарамыз. Жазушының өз өмірі, тағдыры қандай бұлтты, нөсерлі болса, творчестволық жолы да жайдақ, жадағай болмаған, қилы белеңдерді, сын-соққы нөсерлерін де бастан өткерген. Ал Зейін Шашкин қинала жүріп, құлшына түсті, қиынға ұмтыла түсті, жаңа, бұрынғыдан құнарлы, нәрлі, өміршең шығармаларымен жауап берді. Прозаның көлемді жүгін арқалай жүріп, әркім бармаған соны арналарға жол сала жүріп, ауызға аларлық шығармалар бере жүріп, драматургия, кино саласына да қол артты ол. Әдеби сын, очерк, публицистика саласында да белсенді еңбек етті. Творчестволық жұмысты университеттегі сырттай оқумен, кең көлемді қоғамдық-саяси жұмыспен ұштастырды, бірнеше жыл Қазақстан Жазушылар одағы партия ұйымының секре­ тары болды, Алматы қалалық Советінің депутаттығына сайланды. Қазақ совет әдебиетін дамытудағы жемісті еңбегі үшін СССР Жоғарғы Советінің Президиумы 1958 жылы жазу­ шы Зейін Шашкинді «Құрмет белгісі» орденімен наградтады. Зейін Шашкин творчестволық кемеліне келген шағында 1966 жылы 29 мартта ауыр науқастан кейін мезгілсіз қайтыс болды. Тікелей әдебиетте аз ғана уақыт еңбек еткенімен ол артына өшпес із, туған әдебиетінің алтын қазынасынан орын аларлықтай игі мұра қалдырды. Зейін Шашкиннің алты томдық шығармалар жинағының жарыққа шығуы жазушының жемісті еңбегінің айғағы болумен бірге, Коммунистік партия мен Совет үкіметінің, совет халқының өнер қайраткерлеріне, олардың творчествосына деген құрметі мен қамқорлығының көрінісі болып табылады. Зейін Шашкиннің жеке шығармалары жөнінде кезінде орта­ лық газеттер мен журналдарда да, республикалық баспасөзде де көптеген мақалалар мен рецензиялар жарық көрді. 21 Олардың ішінде дұрыс пікірлермен қоса, үстірт, сыңаржақ пікірлер де болуы заңды. Жазушы Зейін Шашкиннің өмірі мен творчествосын егжей-тегжейлі зерттеп, әділ бағасын беру, оның туған әдебиет тарихынан алар орнын творчестволық ерекшелігін саралау өнер туындысын мұра тұтқан ұрпақтар мойнына жүктелетін игілікті іс. Сапар Байжанов 22 ТАҢДАМАЛЫ ЕҢБЕКТЕРІ 23 АҚБОТА Осы оқиғаны Гүлмизаның өзі айтқан еді маған. Бұл әңгімені бастамай тұрып, алдымен Тың өлкесінде аңызға айналған көрікті де, ақылды Ақботаны қалай іздеп тапқанымды бір-екі ауыз сөзбен баяндай кетейін. Редакцияның тапсырмасымен Баянауылдан Павлодарға бара жатып, жол үстінде бірінші рет Ақботаның есімін естідім. Сол өңірге аты жайылған машhүр құсбегі шал, кезінде Жаяу- Мұсадан қаршыға салуды үйренген, әйгілі «Көкмойынның» иесі менімен машинада келе жатып, Ақботаны аузының суы құри сөз қылғаны бар-ды. Қаншама азғырып, жалынып сұрасам да, кейбір шалдардай балпылдап, көсіле мақтанып, ерсілі-қарсылы еспеді, өзі туралы ләм-мим демеді, көбіне елін, елінің парасатты азаматтарын, олардың көзге түсерлік құнды істерін әңгіме қылып, соларға деген ниетін білдіріп келді шал. Күн бұлыңғыр еді. Ертесімен жауған өткінші жауын жолды езіп, ми ғып жіберсе керек, машина екі бүйірінен демін ап лайсаңға батып, мамырлап келе жатса да, шыжыған күннің көзінен кейін салқын леп денені ширықтыра желпінтіп тастады. Күндізгі сағат екіге таман әуперім деп «Коммунизм жолы» атты совхозға жеттік. Құсбегінің айтуы бойынша, Ақбота да осында тұрады. «Ақкөл» жиегіне қатарлай салынған совхоз үйлері ұзыннан-ұзақ бір-ақ көше екен, бір жақ шетінен кеп ендік. Ағаштан борап салған шатырлы үйлер мен кірпіштен қаланған үйлер аралас болса да, сәнін бұзбаған, таза да ықшамды екен. Ауылдың сырт жағында ат жалын күзегенде қалдырған шоқтық сияқты, бір топ қарағай өскен. Талтүс. Көшеде тірі жан көрінбейді. Иесіз жатқан дүние сықылды. Шеткі үйдің жанына кеп машинаны тоқтатты да, шофер аулаға кірді. Астында текемет, қолында тасбих, иманын айтып, күбірлеп отырған кемпірден жөн сұрады, Ақботаның қайда тұратынын анықтады. 24 – Гүлмизаны сұрайсыздар ма, балалар? – деді ол. – Гүлмиза емес, Ақбота керек еді! – Жаңылыс айтып отыр ма деп, түзеп қайта сұрадым. – Сол Гүлмиза ғой айтып тұрғандарың. Өзіміздің Балтабайдың қызы, – деп кемпір сәл езу тартты. – Қазір үйінде жоқ болар. – Гүлмиза мен Ақбота бір кісі болғаны ма? – Ия, шырағым. – Кемпір менің таң қалғанымды елемеді, талай естіген сықылды. – О кісі қайда? – Түйе бағады. Тұратын үйі анау! – Қолын шошайтып, ауылдың екінші жағына қарай сілтеді ол. – Аз іркіліп сөзін жалғады. – Күйеуі үйінде болар... Гүлмиза ауылдың екінші жақ шетінде, жаңадан салған «фин үйі» атанған, шебер қолдан ойып жасаған қобди тәріздес ағаш үйде тұрады екен. Үйінің айналасында көк сырмен сырланған қоршауы бар, жан-жағы тап-таза, бос жатқан бір зат көзге ілінбейді. Мен баспалдақпен көтеріліп, есігін қақтым. Ешкім үндемейді. Қаттырақ соқтым. Нұқып итеріп те көрдім, есігі жабық! Біз қағып жатқанда көршісі шығып: «Гүлмиза үйінде жоқ, күйеуі – мектептің шаруашылық жағын басқарушы еді, аудан орталығына кеткен», – деді. Амал нешік, тостық. Гүлмиза кешке жақын оралды. Тапалдау келген нәзік әйел екен. Бар бетіне ажар беріп тұрған да, көзді тартып, ынтықтыра беретін де – қос жанары екен. Бізге күлімсірей қарағанда ар жағынан біреу шырақ-шамын жағып жібергендей жүзі құлпырып шыға келді – қарағым кеп құмарта бердім. Соншалық нендей қасиетті екенін түсіне алмай әлек болдым. Бейтаныс бізді көрген бетте сәл тартылып, қымсынып қалды да, сол сәтте күлімдеп келіп, кішірек келген күшті қолымен қысты. – Сіздер маған кеп пе едіңіздер? – Үнемі күмістей сылдыраған таза да ашық екен. Бұл әйелдің сұлулығын енді 25 түсіне бастадым: жасы бірсыпыраға кеп қалса да, үнемі қара жұмыс істеп жүрсе де, көзінің айналасына шырмалып әжім жиналса да, жастықтың құпия сырын білген-ау, әйтпесе ол көрікті де сүйкімді болар ма! Үйіне кірдік. Үш бөлмелі. Ас үйі бөлек, ықшамдау пәтер екен. Тап-таза, сәнді-ақ, кірсең шыққысыз. Әдетте қазақ үйлері толған сандық, кебеже, алаша, кілем, оюлы текемет болады ғой, бұл үйде – басы артық дүние, не орынсыз жатқан зат көрмейсің. «Ақылды әйел» деп тегін айтпаған екен. Көрдің бе, дүние жинасының өзі басқадан бөлек!» деген ойға тірелдім үй ішін көзіммен бір шолып. Амандықтан кейін өзімнің әдейі арнап келгенімді, сонау Павлодар облысының шекарасынан бастап Гүлмизаның атына қанық, мадағына ортақ болғанымды сыпайылап айтқанымда, күлімсіреді де: – Мен сіз айтқандай ғажайып адам емеспін, қарапайым бақташы әйелдің, бірімін! – деді. – «Кішіпейілділік – мақтаныштың бір түрі» дей ме орыс халқы... Не десеңіз де Ақбота жайындағы аңыз ел арасына тарап кеткен, – деуім-ақ мұң екен. Гүлмиза күліп жіберді, сыңғырлаған әдемі күлкі – ұшып-қонған құстай, лезде және басыла қалды. – Ақбота дейсіз бе? Ақбота – ол менің түйем. – Түйесі несі? – дедім таңданып. – Аңыз қылып жүргендері мен емеспін, Ақбота! Гүлмизаның нұрлы көзі күлім қақты. Сөз мәнісіне қарай құбылып, өзгеріп отырған жүзі, әлденені есіне түсіргендей бұрыннан бетер жана түсті. – Ол бір оқиға соғыс біткеннен кейін іле-шала болғанды... Мен колхозда бұзаушы едім. Бастығымыз Ерден деген қатыгез, тоңмойын, нойыс мінезді, малға да, кісіге де аяусыз қатал жан еді. Алпамсадай сом денелі сары адам. Осынша денесіне қарамай, жүргенде аяғын мысықша басатын, жарқабағы кішірек көзін жауып, көрсетпей сығырайтып тұратын да, сарғыш сирек қасы, ашуланғанда тікірейіп кететін. Сол тікірейген қасы үшін біздің әйелдер Ерденге «кірпі» депте ат қойған. 26 Еркек аз болатын, көбі соғыстан келмей қалды. Ерден ауыл-үйдің арасында қанатын сүйретіп, тауық қуған сотқар қораз ұқсап, әйелдерге қырындап, күн көрсетпейтін. Колхоз шаруашылығына салақ, салқын қарайтын. Бар білгені: «давай, давай» болып, бәріміздің қан-сөлімізді сығып алды да, колхозды қаңсыған бөшке сықылды саудыратып бос қалдырды. Жолын тауып колхозды түзеудің орнына, шаруасын көтерудің орнына «давай, давайдың» астына ап, қысы-жазы ешкі құсатып қуумен болды. Екеуміздің бас араздығымыз осыдан басталды... Гүлмиза демін алып, сәл үнсіз отырып қалды. «Аржағын айтайын ба, осы да жете ме» деген адамдай ойға шомған. – Мен ол кісіні соғыстан бұрын білетінмін: көрші ауылдың жігіті де, қатар өстік. Мен сегізінші класта оқығанда, ол ауыл советінің хатшысы болатын. Соңымнан қалмай жүгіріп жүрсе де қарамағанмын. Павлодардан келген момын да жуас агроном жігітке сөзімді беріп, бір-ақ күнде, Ерден сезбей де қалды, апыл-құпыл той жасадық. Шамына тиген Ерден қыңыр қарап, кек алуға тырысты. Немен аяқтарын кім білсін, соғыс кейіп кетпеген күнде. Күйеуім қырық бірінші жылы соғысқа кетті де, қысты күні Москва түбінде қаза тапты. Колхозда билікті қолына алған күннен бастап менің махаббатыма ие болғысы келіп бұғалық салды, мен көнбедім, қасақана елемедім, одан бетер қытығыма тиіп, былай қада­ мымды аңдып, қит етсе, жалпы жиналысқа салып талқылап алатын болды. Кейде еңбек күнімді азайтып тастап жүрді. Не қылса да тіл қатпай, сіресіп жүре бердім. Бір кезде Ерден тәсілін өзгертіп те қарады. Ашық сөйлесіп, сыр ақтарғысы да келді, біріне берілмедім, үндемей діңкесін құрттым. Бұзау бағудан шығарып, шөп шабатын бригадаға жіберді де, дәл кетерде: «Бұзау бағу сенің қолың емес, келіншек, кемпірлер өздері-ақ үлгіреді. Шөп шабатын мықты қатынсың ғой!» – деді. Жаныма тисе де, ләм демедім. Жалынады, кешірім сұрайды немесе үйіне қонаққа шақырады деп ұйғарған болу керек, 27 безерген қалпымды көргенде түсі өзгеріп, ернін шайнап, күп- күрең боп отырып қалды. Таңның атысы, күннің батысы шөп шауып, шыжыған күннің көзіне, себелеп құйған жауынға қарамай мая салдым. «Жұдырықтай болса да, біздің кірпіге берілмеуін қарашы!» деп, құрбыларымның таң қалғаны да болды. «Қайтесің, сонымен қарсыласып, бәрі бір сені бір күні екі бүктейді. Одан да өзің беріл, алақанына салып ұстайды» деп, жаны ашығандар да есімде. Мен берілмедім, жанымды шүберекке түйіп алып жұмысымды істей бердім, істей бердім. Бәрінен де мені қажытқан – шөп тасып жүрген сары інген. «Шүу» десең болғаны, бақырып, жынын қысып жатып алады, ілбіп, аяғын басқысы келмейді, нағыз ығыр болған паяның өзі. Әрине, оны да бұл күйге жеткізген адамдардың әділетсіз, қатал мінезі жазықсыз ұрады, аштан-аш жұмысқа салады, аралықта шалдырып алып тыныс беруден олар ада. Малға да адамшылық көзқарас керек. «Міне білмеген жігіт ат бұзады» деген қариялар сөзі осыдан туған ба деймін. Сары інген – ана ғой, ақ ботасы көзінен екі елі таса болса, боздап тұрып алады, ұрсаң шөгіп жата қалады, қайтып тұрғызу – дүниенің қияметі... Ақбота жібек мінезді, қылықты да ерке болып өсті. Мені шешесінен артық көрмесе, кем көрмейтін, сары інгенді тығыз шаруамен бір жаққа асығыс жегіп кетсе, қасымнан айналшақтап шықпайтын. Қарны ашса, жіңішке нәзік дауысымен әндете боздап, шешесін шақыратын. Даусы қандай зарлы, сай-сүйегіңді сырқыратады! Өзі Ақбота десе, Ақбота еді. Жұмсақ жүні, күмістей жылтырап, үкідей үлбіреп, қызыққаның соншама, қолмен ұстап сипағың келіп тұратын. Мұңлы қара көзі мөлт-мөлт етіп, өркеш, мойны – бәрі де қолдан жонып жасағандай, жануардың ішіндегі келістісі еді. Сол Ақботаны баламдай жақсы көріп, қадірлеп өсірдім. Күтімі асқан сайын ол да құстай түлеп, гүлдей түрленіп, сымбатын сақтай берді. Соғыс жылдары адам түгіл, мал да қиындық көрді. Күні-түні жегілген сары інген сүт бермеді, аш ботаға аузымдағы тамағымды 28 жырып беріп асырадым. Сонда ол – қолымды жалап, арқама сүйкеніп, рахмет айтқан сықылды ниет білдіретін. Осындай ботаны Ерден жек көріп алды. Пішен басына келгенде, жұрттың бәріне бүйідей тиіп, ақырып, маған да қыңыр мінез көрсетіп, жоқ жерден сөз шығаратын. Ерденнің бұл қылығын түсініп, жақтырмай: «Кет! Неге келдің?» дегендей, Ақбота басымен арқасынан итермелеп, ерегесіп тұрып алатын. Ызалы Ерден қолына не түссе сонымен аяусыз ұратын. – Әкет мынауыңды, әйтпесе, көзін желкесінен шығарамын! – дейтін нойыс Ерден маған ызғарлана қарап. Өстіп жүріп, бір жыл өтті. Ақбота өсіп, тайлақ болды, есі кірді, сүйтсе де менен кетпеді, балам секілді, қайда барсам да соңымнан еріп жүреді. Бір күні Ақбота екеуміз түсте ауқат жасадық. Аузымдағы нанымнан Ақботаға үзіп беріп, шөлмектегі сүтімнен де қарайласып, шүйіркелесіп отырамыз. Ақбота нысапты, сыпайы жануарды. Өз үлесін алғаннан кейін қайтып қолыңдағыға ұмтылмайтын, бергеніңді жеп, аймалап кете баратын. Дәл сол бір күні сауыншылар сүт құятын бидонды ерініп жумай, бізге әкелген сүті іріп кеткен бе, әйтеуір, бір өзгеше дәмі бар екен. Ақбота иіскелеп, тыжырынып, ішпей, сүтті танауымен үрлеп үстіме шашыратты. Мен ашуланып: – Тәйт, киепетсінбей! – деп дауыстап жіберіппін. Ар жағымнан күжілдеген дауыс: – Ә, еркелетіп, жаман үйреттің бе! Байқа, келіншек, Ақботаңды етке тапсырып жіберермін, бүйте берсең, – деді. Тани кеттім – Ерден екен, кепкесін шалқайта киіп, қолындағы дырау қамшымен хром етігінің қонышын сабалап тұр. Зәрем ұшып кетті. Қолымдағы сүт құйған кесем түсіп кетіп, сүтімді төгіп алдым. Ақбота таңданып: «Тағы сен бе едің?» дегендей, басын көтеріп алып Ерденге қарады. Ол кенет дауысын өзгертіп: – Гүлмиза, егер тілесең, Ақботаны саған біржола басымен берейін? – дегені бар ма! – Ол менікі емей кімдікі? 29 – Ол қалай сенікі? – деді председатель қабағын тікірейтіп. – Менікі не, колхоздікі не, қандай айырмасы бар? – дедім күлімсіреп. Ерден не дерін білмеді, – нойыс адамның қысылғанын сонда көрдім, терлеп-тепшіп, басынан кепкасын жұлып алып, маңдайын сүртті. – Гүлмиза, сен менің жанымды қинай берме...Естимісің? – деді жұмсақ жалынышты үнмен. Мен: «Бұған не болып қалды?» дегендей таңданып бетіне үңілсем: күндегі көріп жүретін нойыс та, қатыгез бастық емес, ұялшақ, дөрекілеу еркек тұр алдымда. – Гүлмиза, сен кішкентай болғаныңмен, мейлінше мықты екенсің. Екі бүктеп астыма саламын ба деп едім, әлім жетпеді. Енді мен не айтсаң, соны істеймін. Құлыңмын... Есіңде болсын: сенің бақытың өз қолыңда. Уысыңнан шығарма! – Қайта берсеңізші, Ерден аға. Мені әурелегенде сізге түсері аз! – дедім мен салқын үнмен. – Үйлен десең, үйленейін... Тілегіңді айт? – Менің сізге деген көңілімді білмейсіз бе өзіңіз? Қайта- қайта жалынып... еркек басыңызға лайықты ма? – Тыңдашы, Гүлмиза... – Ол ойын айтып үлгермеді, Ақбота білдірмей келіп, артына ұстап тұрған кепкасын жұлып алып, шайнай бастады. Мен күліп жібердім. Ерден қолындағы қамшысын саптап, тұра ұмтылды. – Тартыңыз қолыңызды! – деп, шыр етіп, ара түскенімше болмады – бастан бір рет тартып қалды. Жерде жатқан кепка­ сын қолына алып, айналдыра қарады да, лақтырып тастап жүріп кетті. Ертеңінде Ерден «Ақботаны арбаға жегіп, жұмысқа салсын» деген бұйрық берді. Әрине, Ақботаның төзімді екеніне сенімім толық. Бірақ, кімнің қолына түседі? Ашулы адамның қолына түссе, жазықсыз ұрып, шешесі сияқты бұзып жіберуі сүттен ақ. Бригадир болып істейтін ақ бас шал сол күні жетіп келді. Қайнаға дейтінмін, мақтаншақтау, алды бар, арты жоқ, жасы келсе де пысық, жеңілтек кісі. 30 – Гүлмиза, Ақботамен қоштаса бер, – деді ол мені көріп анадайдан. – Қызыңды күйеуге береміз! – Сізге ме? – дедім мысқылдай сөйлеп... Шалдың шамына тидім білемін, көзін жыпылықтатып, даусы қатайып: – Өкірте мінермін-ау, айызым қанғанша! – деді. – Өзі де тығыршықтай, шып-шып еткізіп, ұра берсең – қолға жұмсақ! – Қайнаға, маған ерегесіп, Ақботаны ұрғанда сізге не түседі. Қайта қамқор болыңыз. Жазықсыз түлік қой! – дедім жалынып. Пішендіктің шет жағында жайылып жүрген Ақботаға қарай жақындай бергенімде, мені көріп, тайраңдап, қарсы жүгірді. Келе жұп-жұмсақ тілімен қолымды жалап, иіскелеп еркеледі де қалды. Мен мойнынан құшақтадым. – Ақылды бол боташым! Тап осы бір сәтте өзімнің балалық күнім есіме түсті – әкеме еріп, бірінші рет жұмысқа шыққаным, шөп тұздайтын ұра қазғаным, күректі ұстай алмай алақанымды күлдіретіп, ойып алғаным, қасымдағы серігімнің зекіп, көңілімді қалдырғаны – бәрі де кешегідей көз алдымда сайрады да тұрды... Қайнаға Ақботаның басына ноқтаны іле салып: – Айда, жүрдік! – деп, дікілдетіп тұра жөнелді. Әуелі бөтен адамның жетектеп бара жатқанын Ақбота сезбеді білемін, еріп жүре берді, іле – менің қалып қойғанымды байқаған соң басын кекейтіп шұлғып қалып еді, байқаусыз келе жатқан шалдың қолынан ноқтаны жұлып әкетті. – Ойбай, ұстаңдар! – дегенше болмады, Ақбота тайраңдап ала жөнелді. Оған кім жете алсын... – Бар, Гүлмиза, ұстап әкел! – деп, енді шал маған жабысты. – Жете алмаймын, қайнаға, оның аяғы менің аяғымнан екі есе ұзын. – Бармадың ба?... Онда, ұстадым бар ғой, аямаймын! – деп, шал тістене сөйледі. – Ұрмаңыз, қайнаға. Өзі де қайрылады маған, – деп едім, ашуға мінген шал: – Тосып отырайын, қашан қайырылады деп... Мойнына қыл арқан салып бұрап-бұрап сүйретіп әкелмесем, менің атымды өзге қой! – деп, қыр көрсетті маған. 31 Мақтаншақ шалдың жас күнінде атқа шауып, бәйгеге қатынасқаны, көкпар сайысына түскені бар, естігенмін. Бірақ, ол – жас кезі ғой, қазір шалда қандай қауқар бар Ақботаны тақымының астына салып үйретіп әкелетін? Әуелі өзі жетіп алсын Ақботаға... Ақботаның жүйрік екеніне өзім сенемін. Жарты сағат асқан соң саршолақ атына мініп, тепеңдеп, қарнына ілген құрығын сүйретіп жетіп келді шал. Мен маяның үстіне шығып, «қайтер екен?» – деп қарадым да тұрдым. Шал мал қайырған адам болып жанамайлап Ақботаның қасынан өте берді де, құрықты сілтеп келіп қалды. Мойнына құрық түсіп көрмеген Ақбота шамданып, аспанға қарғып жұлқына тартқанда, қайнағаны құрық-мұрығымен аттан аударып тастады да, құрықты сүйрете, құба жонға қарай қашты. Шөп шауып жүрген әйелдердің даланы басына көтеріп, рахаттана күлмесі бар ма! Мазақ болған қайнаға қап-қара болып түтігіп, колхозға қарай шауып ала жөнелді. Түс кезінде бригадирдің қасында председатель мен бухгалтер, есепші және бар, бір арба болып сау ете түсті. Мен бөгет болмайын деп, маяның үстіне қайта шықтым. Ерден бригадирдің сарышолағына қарғып мінді де, Ақботаның соңынан тепеңдеп қуа жөнелді. Қайдан жетсін! Ақбота келемеж еткендей артқы аяғын көтере сілтеп, айнала шауып, Ерденнің делебесін қоздырып алды да, құба жон қайдасың деп ызғытпасын ба келіп... Аздан соң шу қара құйрық, қарасы да көрінбей кетті. Менің қуанғаным сонша, күбірлеп: «жарайсың, боташым, тарта бер құба жонға!» дей беріппін. Әдетте түйе желгенде тайралаңдап, дөрекі желеді ғой, Ақботаның шабысы сондай жатық та сүйкімді, жер бауырлай созылып кетеді, дәл тазының жүгірісіндей. Қуғыншылар менің қасыма оралды. – Егер сен оны ұстап әкеліп, менің қолыма бермесең, атып тастаймын. Қашан аттың деме! – деді айғайлап, ашулы Ерден. Мен ажуалап сақ-сақ күлдім. 32 – Сен бекерге күлесің! – деді жиналып келген «контора» кеткен соң бригадир маған: – Ерденнің мінезін білмеуші ме едің? – Қолынан келсе аянып қалмасын! – дедім мен. Әйтсе де ойланып қалдым: атып тастайды да, ауырып өлді деп, мал дәрігеріне акты жасатады, сонансоң қайтып тірілтіп ал оны? Ерденнен бәрін күтуге болады. Қайтсем екен? Сол күні кешке председательдің кабинетіне барып, бірінші рет оның алдында пенде болдым, Ақботаға қолқа салдым. – Мен өзім үйретіп, өзім жегейін. Маған беріңіз, – дедім оған. Ерден үн-түн жоқ, түнеріп, біразға дейін жауап қайтармады. «Ә, идірдім бе басыңды, тәкаппар қатын!» дегендей езуінен де мысқылдың нышанын байқадым. Бірақ, неге болса да бекініп, шыдап бақтым. – Ал! – деді ол басын көтеріп, телміре қарап маған. – Бірақ, майлап жіберуге міндеттісің. Құрғақ қасық ауыз жыртар! Мен оған жиіркене көз тастап, үн-түн жоқ шығып жүре бердім. Ертеңінде Ақботаны таба алмай шарқ ұрдым – ұшты- күйлі жоқ болды. Не болып қалды? Әлде қасқыр жеп қойды ма? Сары інгенді міндім де бүкіл төңіректі кездім. Қырдан аса бере, өткен жылғы жазда енесі екеуінің жайылған сортаңы есіме түсіп, соған қарай тарттым. Бірақ болса сонда болар? Жобам дұрысқа шықты. Сортаңда жусанды жұлып қойып, әндете боздап жалғыз жүр екен Ақбота. Әлде мені шақырып жүр ме, кім білсін. Дауысын алыстан-ақ таныдым. Кездесуіміз қандай қызық болды десеңізші! Ақбота анадайдан танып, қарсы жүгіріп келе, сары інгеннің үстінде отырған мені тұмсығымен түрткілеп, қолымды жалап, алақанын шапалақтап, алақай салып айнала жүгірген бала сияқты, тайраңдап секіріп, әндете боздап, мәз-мейрам болды да қалды. Әттең тілі жоқ. Тілі болса: Жақсы болды-ау келгенің «алақай-алақай!» демек. Енесіне тіптен қарамайды да, есіл-дерті менде. Ақботаны колхозға алып қайттым да, ертесімен шөп жинауға жектім. Қасында мен болған соң, шатақсыз ышқына 33 тартып жүре берді боташым. Жанына бөтен біреу келсе-ақ алая қарап, үркіп, елегізіп қалады. Колхоздың тасып алған шөбі таусылып, малды асырау қиынға айналды. Март айында боран соғып, бір жұма түк көрінбей, ақ түнек болды да тұрды. Аш сиырлар бірін-бірі сүзіп, мөңіреп, азан-қазан болып ауылды басына көтерді. Председатель аяғынан тік тұрар жанды кеңсесіне жинап алып: – Даладағы шөпке кім барады? – деп түйіле қарады. Еркектерде үн жоқ. – Неге үндемейсіңдер-ей? – деді Ерден шықшытын бұлтыңдата, қысық көзін қадап: – Мал қырыла берсін, нелерің кетеді. Жауап беретін кісі бар, – деп кекете-мұқата сөз тастады. – Мен барамын! – дедім шеткерірек тұрған мен. – Ия, – деп бір тынды Ерден. Маған қараған да жоқ, мен айтпасам да тізіміне кіргізіп қойғаны беп-белгілі. – Тағы кім? Тым-тырыс. Бірінде үн жоқ. – Жарайды. Ендеше мен айтайын: үйілген маяның қай жерде екенін білетін мына бригадир, мен, сен барасың! – деді председатель қолының ұшымен ақсақ қойшыны нұсқап. Бірі қарсылық білдірмеді, түстен кейін түйе жегіп, үш шанамен шықтық. Бригадир «сен баста»! деген соң, алға Ақботаны салдық. Боран басылмады. Аппақ ақ түнек – көзге түртсе көргісіз. Сақылдаған сары аяз түйелердің жүнін мұз қылып қатырып, көзін бітеп жүргізбеді. Мен Ақботаның ноқтасынан ұстап жаяу келемін, босап кетсе, колхозға қарай бұрылып, жолдан шыға береді. Біз он километрдей жер жүруіміз керек еді, бірақ жете алмай-ақ қойдық, алыстап кеткен бе, немене. Ақыры, қар басып қалған маяны тауып алып, шанаға артып, үйге қайттық. Енді алдымызға сары атанын жегіп, бригадирдің өзі түсті. Ақботадан гөрі, тіс қаққан әккі сары атан адастырмай колхозға алып барар деген үмітте едік, ақтамады ол құрғыр. Ең ауыр бейнетті қайтуда көрдік. Сары атан адасып кетіп, түні 34 бойы ай далада, ақ боранда шыркөбелек айналып, бір орында жүре беріппіз. Шананың алдында бүрісіп, тоңып отырған қайнағам, түйенің божысын сол жағына қарай сыңар езулей тартып береді екен де, иесіне бағынып үйренген жануар, солға қарай бұрыла-бұрыла түні бойы маяны айналсоқтап, бір ізден шықпай қойған. Шанадан секіріп түсіп, Ақботаның божысын ұстап, көбік қарды омбылап, алға түстім. Қатарласа беріп, көз қиығымды тастасам, қайнағам шанада бүрісіп, қалғып отыр. Атын атап шақырсам да үн қатпайды. Менің қайнағамды шақырған даусымды естіп, ақсақ бақташы да келді. Екеулеп, шалды сілкілеп, зорға ояттық, енді болмаса үсиді екен, бет-аузын, қол-аяғын қармен қайта-қайта уқалап, тірілтіп алдық. – Мықты болыңыз, қайнаға! – дедім құлағына айғайлап. – Біз адастық! – деді ол даусы қалтырап. – Таң атқанша тоса тұрған жөн болар. – Жоқ, қайнаға, таң атқанша тосу өте қауіпті! Ұйықтап қалып, бәріміз үсіп өлуіміз мүмкін. Қалайда жылжи берген мақұл. Сонда қай жаққа қарай жүреміз? Пікір қақ жарылды, бригадир сол жаққа қарай жүрейік дегенді айтса, бақташы – оң жақты қостады, мен – тура маңдай алды жақты меңзедім. Ақыры: «Ақбота бастасын, соған сенейік! Егерде, Ақбота таппаса, онда тағдырдың жазғаны – үсідік далада!» – деп келістік те, Ақботаның көзін сүртіп, мұз болып қатқан қардан қабақ – танауын аршып, мойнын аймалап, делебені қағып қалдым. – Айт шу, Ақбота!... – Ойсылқара атаң демеу берсін, баста ауылға. Мен ерейін соңыңнан! – дедім. Тайлағым: «түсіндім!» дегендей басымен иығымнан түртіп қалып қарды омбылай, сол жаққа қарай тартып берді. Қайнағам сөзі расқа шыққан тәрізді, дегенмен жол таптық деу әлі ертерек. Ақбота колхозды таба алмауы да ықтимал. Тізесінен келген омбы қардан аяғын зорға суырып, арпалысып, тыңнан жол салып барады. Мен шанаға отырдым да, божыны бос ұстап, ерікті Ақботаның өзіне бердім. 35 Боран долданып, екілене соғады. Қар қойны-қоншыңа толып, аяз бет қаратпай, дем алудың өзі қиынға айналды. Бір кезде Ақбота күмп беріп, бір шұқырға түсті де кетті. Зәрем ұшқаны соншама, «құрыдық-ау!» деп айғайлап жіберіппін. Ақбота жанталасып, ұмтылып барып, алдыңғы тізесімен қайта шөкті. Мен шанадан секіріп түсіп, тіземнен қар кешіп, Ақботаның қасына бардым, тұрғызбай, аз дем алдырдым. – Асықпа, боташым, сен күштісің. Білем. Қазір атып тұрасың! – деп уатарын уатсам да, жүректің ар жақ түбінен үрей де басын қылтита қойды. Ақбота ескі апанқұдыққа түсіп кетті ме, жоқ, аяғын сындырып алды ма? Жалма-жан түйенің алқымы алдындағы қарды қолыммен аршып жіберіп қарасам ұра сияқты шұңқыр. Ақботаны ақырын ноқтасынан тартып қалып едім, атып тұрып, қайта шөкті. Бар даусыммен айғай салып, серіктерімді шақырдым: – Қайнаға, қайдасыңдар, жетіңдер тезірек! Менің даусымды жел жеткізді ме, әлде тоқтап тұрған соң өзі түсінді ме, әйтеуір, бақташы келіп екеулеп зорға дегенде Ақботаны ұрадан шығарып алдық та, бригадирдің халін білуге, соған қарай жүрдік... Ай, мақтаншақ қайнағам-ай, сол түнгі ол кісінің әлегі... Ақбота қақпа алдына келіп тоқтағанда, тірі қалмас па едік, кім білсін... Жаз өтті. Күз келді қара суығымен жауын-шашынын ала. Шөпті тасып үлгіре алмай қалып, суық демей, жауын демей, жұмыс істеп жүргенде суық тисе керек, буын-буыным сырқырап, денем ауырлап, бір күні жатып қалыппын. Біраз уақыт өтсе керек, қатты ұйықтап қалған екенмін, шыңғырған қызымның дауысынан ояндым. – Мамашым, мама!..Ақботаны ұрып жатыр? – деді жүгіріп кіріп. Жеңіл желпі көйлекшең тысқа атып шықтым. Қойманың жаны толы халық. Ерден қамшының астына алып, Ақботаны ұрып жатыр. Бас демей, көз демей былш-былш ұрады. Қайран, боташым!... Ақбота шөгіп жатып алған, мызғымайды, тек екі көзінен парлап жас қана ағады. Қамшы жанына батқан сайын адам құсап күрсініп қояды. 36 Жұрт алқа-қотан қоршап алған. Тістене, күйіне қарайды, бірақ айтуға дәрмен жоқ, қамшы өздеріне сілтенгендей, ұят- ар шыдамай, күбірлеп, лағнет айтып іштен тынады. Есім шығып кетсе керек-ті, жұртты итермелеп, жара-мара Ақбота мен Ерденнің арасына келіп түстім. Шашым жалбырап, өзім көйлекшең, екі қолымды жоғары көтеріп: – Ұр мені, соққан! – дедім ащы дауыспен. Ерденнің қолы көтерілген қалпы тұрып қалды... Ақботаны не үшін ұрған десеңізші? Қойманың жанында көптеген үюлі тақтай, бөренелер жататын. Соны председатель үйінің қасына көшіріп апарып, қоршау салмақ екен. Ақботаны арбаға жегіп, үстіне үймелеп салып айдаса, түйе тарта алмайды. Оған көмек берудің орнына көптен ызалы Ерден іс-міс жоқ ұра бастайды. Шамына тиген Ақбота арындап, шөгіп жатып алады... Ақботаның дірдектеп аққан қан-қан басын құшақтап жылап жібердім. Менімен бірге басқа әйелдер де жылады... Сол күннен бастап Ерденмен күресуге ант бердім. Ертеңіне Ақботаны арбаға жегіп алып, аудан орталығына бардым, кетерде бригадирге: «ауырып қалдым,

Use Quizgecko on...
Browser
Browser