President's Message 2.09.2024 PDF
Document Details
![InfallibleImpressionism](https://quizgecko.com/images/avatars/avatar-7.webp)
Uploaded by InfallibleImpressionism
2025
Tags
Related
- Kazakhstan Education Documents PDF
- Kazakhstan National Security Committee (NKS) Lecture Notes PDF
- Kazakhstan National Security Committee (NKS) Lecture Notes PDF
- Foreign Policy of Kazakhstan (1992-1995) PDF
- Kazakhstan Economic Development Model PDF
- State Construction of the Republic of Kazakhstan (PDF)
Summary
This document is a draft of a lecture/study guide on the Qazaqstan President's message from September 2, 2024. It details the key points from the message and suggests possible discussion topics. Contains references to the constitution and other laws within Kazakhstan.
Full Transcript
**«БІРТҰТАС ЕЛ БІРТҰТАС ЖЕР»** **Бекітемін** **44736 әскери бөлімінің командирі** **подполковник Т.Бирбаланов** **«\_\_\_» \_\_\_\_\_\_\_\_\_2025 жыл** **44736 әскери бөлімінің офицерлер құрамымен** **мемлекеттік-құқықтық дайындық сабағы бойынша тақырыптың** **ЖАЗБА-ЖОСПАРЫ** **Тақырып: Ел П...
**«БІРТҰТАС ЕЛ БІРТҰТАС ЖЕР»** **Бекітемін** **44736 әскери бөлімінің командирі** **подполковник Т.Бирбаланов** **«\_\_\_» \_\_\_\_\_\_\_\_\_2025 жыл** **44736 әскери бөлімінің офицерлер құрамымен** **мемлекеттік-құқықтық дайындық сабағы бойынша тақырыптың** **ЖАЗБА-ЖОСПАРЫ** **Тақырып: Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы** **2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру бойынша Мемлекеттік-құқықтық даярлық топтарының жетекшілеріне көмек көрсетуге арналған әдістемелік ұсынымдар.** **[Оқу сұрақтары]:** 1. Мемлекет Басшысы Қ.К.Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауы «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ». **Күні:06.01.2025** **Уақыты:1 оқу сағаты** **Өткізу әдісі**: **әңгімелеу** **[Ұсынылатын әдебиет]:** 1. Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылғы 30 тамыз. 2. **Мемлекет Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі** «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» **атты Қазақстан халқына Жолдауы**. 3. \"Мәңгілік Ел\" патриоттық актісі (2016 жылғы 26 сәуірде ҚХА XXIV сессиясында қабылданды). 4. \"Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы\" Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 31 қаңтардағы Заңы. 5. \"Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы\" Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы Заңы. 6. 2017 жылғы 29 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының әскери доктринасы. 7. Мемлекет экономикалық еркіндікті қолдайды. Бірақ, халықты нарық тұрақсыздығының ықпалынан барынша қорғайды. Шағын және орта бизнесті мейлінше дамытады. **Реформалардың нақты бағдарлары:** **БІРІНШІ БАҒДАР. ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ САЯСАТ.** **Жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтары мыналар:** -- жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, яғни, мемлекеттік капитализмнен және мемлекеттің экономикаға шектен тыс араласуынан бас тарту; -- бәсекелестікті дамыту, яғни бәріне бірдей мүмкіндік беру; -- сондай-ақ, ұлттық табысты әділ бөлу. Мұның бәрі кезек күттірмейтін бірқатар маңызды міндетті шешуді талап етеді. **Бірінші.** Бағаны әкімшілік жолмен реттеу тұтас салалардың инвестициялық тартымдылығын төмендетеді. Сондай-ақ, тауар тапшылығын туындатып, елді импортқа тәуелді етеді. **Екінші.** Экономиканы одан ары монополиясыздандыру үшін нақты институционалдық шешімдер қабылдау қажет.«Конгломерат» ұғымын заң жүзінде айқындап алған жөн. **Үшінші.** Экономиканың тұрақты өсуі салық саясатының түсінікті және болжауға болатындай етіп жүргізілуіне тікелей байланысты. **Төртінші.** Салық саясатының тиімді болуы кеден жұмысының ашықтығына тығыз байланысты. **Бесінші.** Біз «көрпеге қарай көсілу» қажет екенін ұмытпауымыз керек. Бюджет саясатына реформа жасалады. Ақырғы нәтижені дөп басуымыз керек. Бюджет кодексінде шекті нормативтер бекітіледі. Оны бюджетті жоспарлау және орындау кезінде міндетті түрде ұстану қажет. **Алтыншы.** Кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдау. Бұл жұмыста бәрін басынан бастап реттеу керек. Тапсырма екі жылдан бері орындалмай келеді. Жүздеген, тіпті мыңдаған заңнамалық құжат пен нұсқаулықты қайта-қайта түзете бергеннен ештеңе шықпайды. Оның орнына ықшам әрі түсінікті жаңа ережелерді бекіткен жөн. Мұндай тәсілді 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап толық енгізу қажет. **Жетінші.** Мемлекет пен жекеменшік серіктестігінің жаңа үлгісіне көшу керек. **Сегізінші.** Несие ресурстарының тапшылығы отандық бизнес үшін үлкен проблема болып отыр. **Тоғызыншы.** Өнім өндіру үшін, ең алдымен, жер керек. Жері жоқ адам бизнеспен айналыса алмайды. **ЕКІНШІ БАҒДАР. НАҚТЫ СЕКТОРДЫ ДАМЫТУ.** Ең алдымен, жер қойнауын игеру ісіне инвестиция тарту үшін заңнаманы және рәсімдерді барынша жеңілдету керек. Геологиялық ақпарат туралы бірыңғай мәліметтер банкін құру жұмысын аяқтау қажет. Былтыр менің тапсырмам бойынша барлық арнайы экономикалық аймақтың тиімділігі бағаланды. Соның нәтижесінде түйткілді тұстарды анықтап, тың тәсілдерді ойластырдық. Енді арнайы экономикалық аймақтарды дамыту үшін мүлде басқа саясатқа көшкен жөн. **Келесі мәселе -- еліміздің транзиттік қуатын арттыру.** Қазақстан қазіргі геосаяси жағдайда Азия-Еуропа арасындағы аса маңызды құрлық дәлізі болып отыр. Біз бұл мүмкіндікті толық пайдаланып, әлемдік маңызы бар көлік-тасымал торабына айналуымыз керек. Еліміз осы салада ірі жобаларды жүзеге асыра бастады. Атап айтқанда, Ақтауда контейнер хабы құрылып жатыр. Транскаспий дәлізі дамып келеді. Осы жұмыстарға әлемдегі үздік логистика компаниялары тартылады. «Қазақстан теміржолы» компаниясы толыққанды транзиттік-логистикалық корпорация болып қайта құрылады. Автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керек. Бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де, бұл мәселе әлі шешімін таппай отыр. Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім. Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын. Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек. **Келесі мәселе.** Ұлттық экономика құрылымында құрылыс секторы маңызды орынға ие. Осы сала ішкі жалпы өнімнің 5-6 пайызын береді. Жанама салалар қосылса, бұл көрсеткіш одан да көп. Бүгінде Қазақстандағы сәулет-құрылыс қызметін реттейтін\ 2,5 мыңнан астам құжат бар. Бұл жүйе әбден қағазбастылыққа көмілген. Жемқорлық аз емес. Ескі құрылыс стандарттары мен нормалары әлі де қолданылады. Сондықтан, Үкіметке мүлдем жаңа құжат -- Қала құрылысы кодексін қабылдауды тапсырамын. Әрбір қаланың жер телімдері мен коммуналдық желілердің схемасы көрсетілген функционалды интерактивті картасын жасау керек. Жер кадастрында өнеркәсіптік мақсатқа арналған жер телімдерінің картасын қолданыстағы көлік және коммуникация инфрақұрылымының схемаларымен толықтырып отыру қажет. Ауыл шаруашылығын дамыту -- негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл -- стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс. **ҮШІНШІ БАҒДАР. ЕЛ БОЛАШАҒЫНА АРНАЛҒАН СТРАТЕГИЯЛЫҚ ИНВЕСТИЦИЯ.** **Еліміздің басты құндылығы -- адам.** Бұл -- айқын нәрсе. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру -- реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды. Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Дегенмен, оның жағдайы әлі де мәз емес. Әрине, жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешілмейді. Сондықтан, аса маңызды мәселелерді ретке келтіруге баса мән берген жөн. Соның бірі -- қаржыландыру жүйесі. Осы салаға қаржының жеткілікті бөлінбеуі қалыпты жағдайға айналған. Соның кесірінен, жұрт сақтандыру жүйесіне қосылса да, медициналық қызмет толық көлемде көрсетілмей отыр. Бүгінде медициналық көмек мемлекет кепілдік берген және сақтандыру пакеті деп екіге бөлінген. Ашығын айтсақ, мұндай жүйенің тиімділігі төмен. Тіпті, сақтандыру моделі тұрақсыз әрі жүйесіз дамуда. Бұл -- үлкен олқылық. Ерікті медициналық сақтандыру жүйесін енгізетін уақыт әлдеқашан жетті. Үкіметке денсаулық сақтау саласын және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру жүйесін қайта қарауды тапсырамын. Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек. Мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін тиімді пайдаланған жөн. Медицина -- инвестиция салуға қолайлы сала. Тек оған дұрыс жағдай жасау қажет. **Келесі маңызды мәселе -- білім беру жүйесі туралы.** Бұл сала ұлт сапасын жақсарту ісінде аса маңызды рөл атқарады. Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан, мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Алайда, бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды. Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет. Оған қоса, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керек. Осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілуге тиіс. Олардың жұмыс жүктемесін де біртіндеп азайтқан жөн. Өз ісіне адал ұстаздар білім беру саласының дамуына зор үлес қосады. Сондықтан, балабақшаны емес, тәрбиешіні аттестациялау қажет. Орта білімнің сапасы -- табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімін сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартамыз. Балалардың ең маңызды шағында -- сәби кезінде ата-аналары жанында көбірек болады. Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға жұмыссыз қалғаны үшін төленетін төлемақы орташа айлық табысының 45 пайызына дейін көбейтіледі. Бұл қадам осындай жағдайға тап болған жандарға септігін тигізіп, қызметке тезірек оралуына мүмкіндік береді. Атаулы әлеуметтік көмектің бірыңғай жүйесін құру азаматтардың әл-ауқатын жақсарту ісіндегі маңызды қадамның бірі болмақ. 2023 жылдан бастап, Отбасының цифрлық картасы және Әлеуметтік әмиян сияқты тәсілдерді енгізу жоспарланып отыр. Осы бастамалар аясында мемлекеттік қолдаудың түрлі шаралары біріктіріледі. Оның бәрі барынша түсінікті, ең бастысы, нақты болады әрі алдын-ала жасалады. Жастарға жан-жақты қолдау көрсету -- мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасты жұмысқа орналастыруымыз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету жалғасады. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді. **ТӨРТІНШІ БАҒДАР. МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ ІСІН ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТУ.** Экономиканы түбегейлі реформалау үшін мемлекеттік басқару жүйесіне серпіліс қажет. Жұрт бос сөзден, жарқын болашақ туралы жалынды ұрандардан жалықты. Халық мемлекеттік органдардың өз уәдесін қағаз бетінде емес, іс жүзінде орындағанын қалайды. Жергілікті өзін-өзі басқару мәселелеріне, қоғамдық кеңестердің, пәтер иелері кооперативтері мен мүлік иелері бірлестіктерінің қызметін өзгертуге айрықша назар аудару қажет. Тұрғын-үйлер мен қала инфрақұрылымын абаттандыру мәселесін қолға алу керек. Ғимараттардың сыртқы көрінісі және ішкі инфрақұрылымының қызметі азаматтардың көңілінен шықпайды, елімізді шетелдіктердің алдында ыңғайсыз жағдайға қалдырады. баяндама әзірлеуді қамтамасыз етеді және оны Парламентке жолдайды. **БЕСІНШІ БАҒДАР. ЗАҢ ЖӘНЕ ТӘРТІП.** Қоғамда заң үстемдігі берік орнығып, сот төрелігі әділ атқарылуы қажет. Осыған орай, қазылар қауымын шұғыл түрде қайта іріктеп, жаңартып жасақтау керек. Қазылар жоғары білікті, адал, сондай-ақ, жемқорлықтан таза болуы қажет. Ең алдымен, барлық судьялардың мәртебесін теңестірген жөн. Олар өзінен жоғары тұрған әріптестеріне тәуелді болмауы керек. Көптеген сот төрағасы лауазымы судья лауазымы болып өзгереді. Сот төрағасы және Сот алқасының төрағасы лауазымына үміткерді судьялар өздері сайлайтын тәсіл енгізуді ұсынамын. Жоғарғы Сот судьяларын да сайлау арқылы таңдау тәсілін енгізген жөн. Ол үшін Президент үміткерлерді баламалы негізде Сенатқа ұсынуы керек. Аталған салаға мықты заңгерлерді тарту үшін материалдық жағдай жасау қажет. Судьялардың дербестігін арттыру үшін Жоғарғы сот кеңесінің мәртебесін нығайтқан дұрыс. Судья болуға үміткерлерді дайындау, біліктілігін көтеру жұмысы Кеңестің құзыретіне беріледі. Сондай-ақ, олардың шекті жасын ұзарту, өкілеттігін тоқтату мәселесімен де осы мекеме айналысады. Бұл мемлекеттік орган нақты кадрлық функциялары бар, толыққанды институтқа айналуы керек. Кадрларды іріктеуден бастап, барлық деңгейдегі соттарды тағайындауға ұсыным беруге дейінгі бүкіл міндет соларға жүктеледі. Күштік құрылымдар сотқа ықпал етпеуге тиіс. Бұл -- өте маңызды. Судьяларға әкімшілік қысым көрсететін амал-тәсілдің бәрі жойылуы керек. Судьялардың қызметіне араласуды шектей отырып, олардың заң бұзғаны үшін жауапкершілігін арттырамыз. Судьяның өрескел қателік жіберген және күшін жойған әрбір сот актісін Қазылар алқасы тексеруге тиіс. **«Сот төрелігін атқару сапасы»** бойынша судьяларды бағалау және жауапкершілікке тарту институтын түбегейлі қайта қараған жөн. «Қасіретті қаңтар» оқиғасы тәртіп сақшылары үшін нағыз сынақ болды. Ол кезде арандатушылардың кесірінен шерулер жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Оның ақыры мемлекетке қарсы бүлік шығаруға әкеп соқтырды. Жұртты арандатушылардың көбі шартты немесе жеңіл жазамен құтылып кетті. Шын мәнінде, олардың кінәсі әлдеқайда ауыр. Өйткені, жағдайды қасақана ушықтырды. Соның салдарынан іс насырға шауып, қайғылы оқиғалар болды. Бізге ел бірлігі ауадай қажет. Ереуілге қатысқандар да, күштік құрылым қызметкерлері де -- өз азаматтарымыз. Олар сот әділ өтеді деп қана емес, қоғам кешірімді болады деп үміттеніп отыр. Мемлекет қаңтар оқиғасына қатысқан, бірақ ауыр қылмыс жасамаған азаматтардың жазасын жеңілдетті. Заң бұзғандардың бірқатары кінәсін түсініп, өткен іске өкініп отыр. Оларға кешіріммен қараған дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан, мен қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдадым. Рақымшылық жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға қатысы бар адамдарға, сондай-ақ, мемлекетке опасыздық жасағаны және билікті күшпен басып алуға әрекеттенгені үшін айыпталғандарға қолданылмайтыны түсінікті. Сондай-ақ, лаңкестік және экстремистік қылмыс жасағандарға, рецидивистерге, жұртты азаптағандарға рақымшылық болмайды. Біз адамгершілік таныта отырып, осы қайғылы оқиғадан тиісті қорытынды жасаймыз. Мұндай жағдай енді ешқашан қайталанбайды. Бұған жол бермейміз. Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған азаматтардың жағдайы төмен отбасыларына материалдық көмек беріледі. «Қазақстан халқына» қоры да осы игі іске лайықты үлес қоса береді деп ойлаймын. Біз қаңтар оқиғасынан сабақ алып, қоғамдық қауіпсіздікті едәуір күшейту қажеттігін түсіндік. Соңғы кезде адам өлтіру, қарақшылық жасау сияқты ауыр қылмыстар көбейіп барады. Аса қатыгездікпен жасалатын мұндай әрекеттер бүкіл қоғамға қатер төндіреді. Жазаны қатайту, мұндай қылмыс жасағандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды доғару арқылы осы қауіпті үрдістің тамырына балта шабу керек. Біз бүгін алдағы реформалардың бағыт-бағдарын айқындап алдық. Енді мемлекетімізді және қоғамның барлық саласын жаңғырта түсуге тиіспіз. Саяси реформалар «Күшті Президент -- ықпалды Парламент -- есеп беретін Үкімет» формуласымен жүзеге асырылып жатыр. Бұл тұжырым -- қоғамымыздың мызғымас тұғыры. Реформалардың мазмұны жан-жақты толыға түспек. Жалпыұлттық ынтымақты және билік пен қоғамның серіктестігін нығайта береміз. **«Халық үніне құлақ асатын мемлекет»** қағидасын ұстану аса маңызды. Біз қоғамға іріткі салуды емес, елді ізгі мақсатқа жұмылдыруды ойлауымыз керек. Әділетті Қазақстан идеясының түпкі мәні -- осы. Біздің алдымызда айрықша міндет тұр. Бұл -- еліміздің егемендігін және жеріміздің тұтастығын сақтап қалу. Елдігімізді қорғаудың ең басты жолы -- берекелі бірлік. Бұдан басқа жол жоқ. Ел бірлігі қашанда ең басты құндылық саналған. Қазір оның өзектілігі арта түсті. Халқымыз татулық пен тұрақтылыққа ерекше мән берген. Оны бәрінен биік қойған. Біз дәл осы кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білуіміз керек. Әділетті Қазақстанды құру ісі енді ғана басталды. Алдағы жолдың қиындығы көп. Бұл бағдарымыз ешқашан өзгермейді, ішкі және сыртқы ахуал қандай болса да жалғаса береді. Қол қусырып отыратындар мен қасақана кедергі жасайтындарға орын жоқ. **44736 әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жөніндегі** **орынбасары --бөлім бастығы** **майор А.Куашов** **Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы** **2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру бойынша Мемлекеттік-құқықтық даярлық топтарының жетекшілеріне көмек көрсетуге арналған әдістемелік ұсынымдар.** Сағат есебі: **офицерлер құрамы үшін - 4 сағат (дәріс** --**2 сағат, тестілеу** --**2 сағат);** **сержанттар құрамдары лауазымдарындағы келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілер үшін** -- **1 сағат (дәріс** -- **1 сағат);** **қатардағы құрамдардың лауазымдарындағы келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілер үшін** -- **4 сағат (дәріс** -- **2 сағат, тестілеу** -- **2 сағат);** **шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер үшін** --**4 сағат (дәріс** --**2 сағат, өзіндік дайындық** --**1 сағат, тестілеу** -- **1 сағат).** **Ұсынылатын әдебиеттер:** 1\) Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылғы 30 тамыздағы. 2\) Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» Заңы. 3\) Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңы. 4\) Қазақстан Республикасының әскери доктринасы. Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 29 қыркүйектегі № 554 Жарлығы. 5\) Ел Президентінің 2024 жылғы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауы. 2 (*екінші*) қыркүйекте VIII (*сегізінші*) шақырылымдағы Парламенттің екінші сессиясының ашылуында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «**Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм**» атты жолдауын жеткізді. Бұл Қасым-Жомарт Кемелұлының Мемлекет басшысы ретіндегі жетінші Жолдауы, ол қоғам үшін орасан зор оң серпін береді. Мемлекет басшысы Парламенттің кезекті сессиясының ашылуымен құттықтап ел игілігі үшін жасап жатқан қызметтеріне табыс тіледі. Мемлекет басшысы Қос палата депутаттарымен қабылданған 102 заң жобасының ел экономикасын дамытудағы алар орнына тоқталып өтті. Оның ішінде қоғамдық бақылауға, адам саудасына қарсы күреске қатысты заңдар бар. Сондай-ақ ғылым және технология саясатын, жылу энергетикасын, басқа да мәселелерді реттейтін заңдар күшіне енді. [Әлеуметтік салаға, әсіресе, балаларды қорғау ісіне айрықша көңіл бөлу ісі әрқашанда маңызды мәселе.] Осы бағытта биыл алғаш рет Қорғаныс министрлігі Оқу ағарту министрлігімен бірігіп жасалған келісім аясында Қонаев, Балқаш, Түркістан және Щучье қалаларындағы сауықтыру орталықтарында әскери қызметшілердің 600 баласына демалыс ұйымдастырылды. Жыл соңына дейін тағы 500 бала демалысқа жіберіледі. [Мемлекет басшысы қоғамдағы белең алған проблеманың бірі, құмар ойынға бой алдырғандармен күрес екендігіне тоқталып өтті.] Қазіргі күні Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментімен Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген Тәртіптік жарғыға, «Әскери қызметшілердің ақшалай немесе өзге де мүліктік сипаттағы құмар ойынға қатысуы және ақшаға, бағалы заттарға және өзге де мүліктерге бәс тігуі әскери қызметке кір келтіретін теріс қылық болып табылады» деген өзгерістер енгізіліп, алдағы уақытта ауыр тәртіптік теріс қылық түрлеріне жатқызылатын болды. «Президент қазіргі кезде көптеген азаматтың мойнында бірнеше несие бар екені жасырын емес. Бұл -- өте өзекті мәселе, қоғамдық қатер десек те болады» - деп тоқталып өтті. Осыған қатысты Қорғаныс министрлігімен мерзімді әскери қызметкерлерге көптеген жеңілдіктер қарастырылуда. Несиелік демалыстар туралы заңнамаға түзетулер қабылданды, оған сәйкес негізгі борышты және сыйақыны төлеуді міндетті әскери қызмет мерзіміне және ол аяқталғаннан кейін 60 күнге сыйақы есептелмей кейінге қалдыру көзделген. Сонымен қатар, Қарулы Күштер Президенттің мерзімді әскери қызметшілерді экономиканың нақты секторында сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарымен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындауда. Мемлекет басшысы өткен жылдан бері елімізде ауқымды саяси өзгерістер жүргізіліп жатқанын атап өтті. Соңғы жылдар ішінде түбегейлі өзгерістер енгізілді. Қабылданған шаралар билік тармақтары арасындағы оңтайлы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Ел күшті Парламенті бар Президенттік республиканың моделіне көшті. Осылайша, «Күшті Президент -- ықпалды Парламент -- есеп беретін Үкімет» формуласы одан да тереңдей түсті. Біз іс жүзінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаттарын іске асыруымыз керек және бұл жерде Парламентке ерекше рөл беріледі. 2024 жылдың 6 қазанында елімізде АЭС салу бойынша жалпыұлттық референдумға жеке құрамның толықтай белсенді түрде қатысып, өздерінің Конституциялық құқытарын жүзеге асыруларынына барлық жағдай жасалды. Мемлекет басшысы Жолдауда негізгі экономикалық реформаларды атап өтті: **БІРІНШІ. Ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою қажет.** **ЕКІНШІ. Инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеудің маңыздылығы.** **ҮШІНШІ. Еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану үшін жан-жақты шаралар қабылдау.** **ТӨРТІНШІ. Инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу.** **БЕСІНШІ. Еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттырудың маңыздылығы.** **АЛТЫНШЫ. Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту.** **ЖЕТІНШІ. Экологиялық ахуалды жақсарту.** **СЕГІЗІНШІ. Мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін арттыру.** **ТОҒЫЗЫНШЫ. Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажет.** Жоспарланған реформалардың басты мақсаты -- тұрақты экономикалық өсу болып табылады. Қазір жер жүзінде геосаяси текетірестер белең алып тұр. Соған қарамастан, Қазақстан бейбіт әрі эволюциялық жолмен дамып келе жатыр. Ел дамуының жаңа бағдары белгіленді. Экономиканы әртараптандыру ісіне тың серпін берді. Инфляция баяулады, яғни былтырмен салыстырғанда 2,5 есе төмендеді. Мемлекет басшысының Жолдауында көзделген бағыттарды жүзеге асыру үшін Қарулы Күштердің алдында келесідей тапсырмалар тұр: Бірінші: Бюджет қаражатын үнемдеу. 2024 жылға және одан да кейінгі жылдарға арналған шығыстардың анық басымдықтарын белгілеу. Бюджетті бөлуді стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге сәйкес жоспарлау. Еңбекақы төлеудің жаңа жүйесіне көшу бойынша жеке құраммен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру. Ағымдағы жылдың 13 тамызында Республикалық бюджет комиссиясының отырысы өтті, онда «Мемлекеттік бюджет есебінен қамтылған барлық органдар үшін қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесін бекіту туралы» ҚР Үкіметінің қаулысына өзгерістер еңгізу туралы оң шешім қабылданды. Барлық органдар үшін лауазымдық айлықақының бірыңғай (ҚМ, ІІМ, ТЖМ, Бас прокуратура, ҚМА, ЖҚКА, МФҚ) сеткасы белгіленген және бірыңғай лауазымдар реестрі құрастырылған. *Анықтама: бұрын Қарулы Күштерінің әскери қызметшілерінің айлықақылары ІІМ және ТЖМ бір деңгейге төмен болған.* *Бүгінгі күні әскери қызметшілердің айлықақылары 78 тарифтік категория бойынша жүзеге асырылады, Бірыңғай реестрге сәйкес ол 22 деңгей бойынша болады. Ол еңбекақы төлеу жүйесін елеулі жеңілдетеді және онда бар сәйкессіздікті жояды.* Осының негізінде еліміздегі Күштік құрылымдардағы еңбек ақыны төлеу жаңа жүйеге көшетін болады. Бұл әскери қызметшілердің лауазымдық ақыларының басқа Күштік құрылыммен теңестірілуі нәтижесінде еңбек ақыларының өсуіне септігін тигізеді. Екінші: Инфрақұрылымдық проблемаларды шешу. Материалдық құндылықтарды, сондай-ақ электр жарығын, суды және т.б. үнемді қолдану бойынша жұмысты күшейту, әскери нысандар мен инфрақұрылым құрылыстарының сапалы салынуы мен күрделі жөндеу қарқынын арттыру қажет. Қорғаныс министрлігінің басшылығы әскери инфрақұрылымға барынша мән беріп отырады. Соңғы үш жыл ішінде (2021-2023 жж.) 544 қорғаныс нысаны ағымдағы жөндеуден өтті, 115 модульдік ғимарат сатып алынды және орнатылды, олар тез арада тұрғызылуда және әскерлерді қажетті қорлармен қамтамасыз етеді (штабтар, казармалар, асханалар, оқу ғимараттары, техникалық объектілер және т.б.). Үшінші: Кадрлар потенциалын арттыру мен Қарулы Күштерді дамыту Әскери оқу орындарында оқу сапасын арттыру бойынша шаралар қабылдау. Келешек әскери оқу орындары, әскери колледждер мен әскери кафедра түлектерінің нағыз мамандық иесі болуларына жан-жақты жағдай жасау қажет. Қарулы Күштерді кәсіби сержанттармен қамтамасыз ету мәселелерін шешу үшін ведомстволық бағынысты үш республикалық «Жас Ұлан» мектебін кезең-кезеңімен әскери колледждерге айналдыру жұмыстары жүргізілуде. Биыл Шымкент республикалық «Жас Ұлан» мектебінің базасында Сабыр Рахымов атындағы әскери колледж ашылды. Алматы және Қарағанды республикалық мектептерін әскери колледждерге айналдыру келесі 2025 жылы жүзеге асырылады. Бұл ретте Алматы қаласында әскери-қолданбалы спорт түрлерін дамытуға жағдай жасайтын Әскери-спорт колледжін ашу жоспарлануда. Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында алдыңғы қатарлы шет мемлекеттерде білікті офицерлер даярлау тәжірибесіне сүйене отырып, оқытудың қарқындылығы мен сапасын арттыру жолымен бес жылдық оқу мерзімі оқу жоспарына өзгеріссіз төрт жылға дейін қысқартылды. Кейіннен бұл институтты танымал инженерлік мамандықтар бойынша жедел-тактикалық офицерлер деңгейінде даярлауды ұйымдастыру бойынша Әскери академияға айналдыру көзделуде. Ұлттық қорғаныс университетінде жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс факультеті құрылды, онда барлық мемлекеттік органдар үшін мамандар даярланады. Ағымдағы жылы «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңның міндетті әскери қызметтің белгіленген мерзімін өтеген Қазақстан Республикасының азаматтарына білім бойынша жеңілдіктер беру туралы нормаларын іске асыру шеңберінде 1500 сарбазға елдегі жоғары оқу орындарында тегін білім алуға сертификаттар берілді. *Анықтама:* *азаматтық жоғары оқу орындарына -- 1265 сертификат;* *әскери жоғары оқу орындарына -- 235 сертификат.* Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің дамуы Қорғаныс қабілеттілігін арттыру стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды іске асыру арқылы жүзеге асырылады, оның ішінде: «Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы», «Қарулы Күштердің құрылысы мен даму тұжырымдамасы», «Заманауи қару-жарақпен және әскери техникамен жарақтандыру жоспары» мен «Қорғаныс министрлігін дамыту жоспары» жүзеге асырылуда; 2021--2025 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы жаңартылды; Ел Президентінің тапсырмаларын орындау мақсатында Арнайы операциялық жасақтарды дамыту басым бағыт ретінде жалғасты; аумақтық әскерлер дамып келеді. Аумақтық қорғаныс мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жалпы жүйесіне енгізілді; осы саладағы қоғамдық қатынастарды реттейтін «Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы» Заң жобасы әзірленді. Жауынгерлік дайындық 2024 жылы 619 рота мен батальондық тактикалық оқу-жаттығулар өткізілді, оның 147-сі түнгі уақытта. Жауынгерлік дайындық іс-шараларының шеңберінде келесі жаңалықтар енгізілді: бөлімшелерді дайындау тәжірибесіне жаңа ату жаттығулары енгізілді. тактикалық сабақтарда қаладағы және таулы аймақтардағы заңсыз қарулы жасақтарға қарсы тұру мәселелері пысықталуда, ұрыстың «классикалық» қорғаныс және шабуыл түрлеріне, сондай-ақ дағдарыстық жағдайларды жоюда әскерлерді пайдалану бойынша жаттығулар жалғасуда. Жедел дайындық Қарулы Күштер халықаралық оқу-жаттығуларға тұрақты түрде қатысады. Осы жылдың шілде айында Орталық Азия аймағының төрт елінің және Әзірбайжан Республикасының әскери контингенттерінің қатысуымен «Бірлестік-2024» халықаралық жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті. Жаттығудың бұл форматы алғаш рет қолданылғанын айта кеткен жөн. Жақында Қазақстан мен Беларусь Қарулы Күштерінің «Бауырластық шыңы -- 2024» екіжақты тактикалық-арнайы оқу-жаттығуы аяқталып, онда барлау тапсырмалары орындалды. Қорғаныс министрлігінің жауынгерлік даярлық жоспары бойынша бірінші жартыжылдықта қойылған міндеттер толықтай орындалды. Қарулы Күштердегі Бейбітшілікті қолдау шаралары Соңғы бес жылда бітімгершілік қызмет айтарлықтай жанданды. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы миссиясына тәуелсіз мандат алған жалғыз ТМД мемлекеті. Қазақстандық әскери қызметшілердің БҰҰ бітімгершілік операцияларына қатысу географиясын кеңейту бойынша жұмыс жалғасуда. Ағымдағы жылдың 16 наурызынан бастап Қазақстан армиясының тарихында тұңғыш рет Голан жоталарындағы БҰҰ бақылаушы күштерінің миссиясына 139 адамнан тұратын тәуелсіз ұлттық контингент орналастырылды. Қазіргі уақытта БҰҰ миссияларында 151 әскери қызметші бар: Голан биіктерінде - 140, Батыс Сахарада - 6, Орталық Африка Республикасында - 2, Конго Республикасында - 2 және Ливанда - 1. Қару-жарақ пен әскери техника Қазақстан Қарулы Күштері қару-жарақ пен әскери техниканың заманауи үлгілерін алуда. Қорғаныс министрлігінің тапсырысы бойынша отандық кәсіпорындар броньды машиналарды (Т-72, БМП-2 және БТР-80 танкілері) жөндеп, жаңғыртуда. Еліміздің әуе қорғанысы күштері заманауи жойғыштармен,\ С-295 әскери-көлік ұшақтарымен, L-410 оқу-жаттығу ұшағы, Anka UAV ұшақтарымен толығуда. Әуе қорғанысы техникасының паркі жаңартылды. Сенімді зениттік-зымыран кешендері, сондай-ақ отандық «Нұр» радио жүйелері жауынгерлік кезекшіліктен орын алды. Жердегі нысандарға барлау және дәлдікпен соққы беру үшін Skylark соққы және барлау тактикалық ұшқышсыз ұшу аппараттары сатып алынды. 2025-2030 жылдар аралығында зымырандық кеме, диверсияға қарсы және десанттық катерлер, жауынгерлік және техникалық қамтамасыз етуші кемелер сатып алу жоспарлануда. Төртінші Қарулы Күштерді цифрландыру Қазақстан армиясының жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілеті мәселелерінде цифрлық түрлендірумен қатар мыналар енгізілуде: әскери міндеттілер мен мерзімді әскери қызметшілерді есепке алу цифрлық форматқа көшірілді, бұл жергілікті әскери басқару органдарының жұмысын автоматтандыруға мүмкіндік берді; Әуе қорғанысы күштері үшін ақпараттық жүйе қабылданды, бұл өз кезегінде еліміздің аумағындағы әуе кеңістігін пайдалану туралы ақпарат массивін автоматты түрде өңдеу мүмкіндігін арттырды; әскери есепке алу процесі автоматтандырылуда. Азаматтарды әскери есепке алу олардың мекен-жайын өзгерткен кезде автоматты түрде өзгереді (жылына 100 мыңнан астам азаматқа қызмет көрсетіледі). Әскери борышын өтемеген, оның ішінде 27 жасқа толған азаматтар енді әскери билет алуға өтініш берудің қажеті жоқ. Әскери қызметке міндетті адамның мәртебесі және оның әскери есептері оның Egov жеке кабинетінде көрсетіледі. «ARMIA.KZ» қызметі Тағы бір жаңалық -- «Ашық үкімет» қағидаты бойынша ел азаматтарымен өзара іс-қимылды жақсарту. Осы мақсатта ARMIA.KZ ақпараттық сервисі әзірленді. Қызметті Ұлттық қорғаныс университетінің ғылыми взводында (бюджеттік қаражатты жұмсамай) міндетті әскери борышын өтейтін IT білімі бар сарбаздар әзірледі. Жоба мобильді қосымша ретінде жүзеге асырылады, сонымен қатар веб-сайты бар. Қазақстандықтардың барлығы дерлік мобильді гаджеттерді пайдаланатынын ескерсек, бұл шешім мақсатты аудиторияның қолжетімділігін арттырады. ARMIA.KZ қызметі сарбаздар міндетті әскери борышын өтейтін әскери бөлімдер туралы ашық ақпаратты ұсынады. Азаматтар қызмет көрсету, тұру және тамақтану шарттарымен, сондай-ақ әскери өмірдің басқа да аспектілерімен таныса алады. Сонымен қатар, қосымшада бөлімшелер қолбасшылықтарының байланыстары бар, бұл азаматтарға ақпарат алу үшін тікелей әскери бөлімнің қолбасшылығына хабарласуға мүмкіндік береді. Мәселен, сарбаздың анасы баласының денсаулығы мен қызмет жағдайын білу үшін кез келген уақытта рота командиріне хабарласа алады. Бесінші: Әскери қызметшілердің денсаулығын күшейту Әскери медицина саласының алдында науқастарды диагностикалау және әскери қызметшілерге медициналық көмек көрсетудің сапасын арттыру тапсырмасы тұр. Осы мақсатта, Щучье қаласында әскери қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерін санаториялық-курорттық емдеуге арналған Бас әскери-клиникалық госпитальдің оңалту орталығы ашылды. Орталықта жыл сайын 1500-ден астам адам жүрек жеткіліксіздігі, тыныс алу мүшелері, жүйке жүйесі, сондай-ақ тірек-қозғалыс жүйесі ауруларын емдейді. Жоғары оқу орнынан кейiнгi медициналық бiлiм беру бағдарламалары бойынша әскери-ординатор-дәрiгерлердi даярлау үшiн құқықтық негiз жасалды. Биылдан бастап Астана медицина университетімен бірлесе отырып, мамандандырылған медицина мамандарын дайындауды бастадық. Әскери дәрiгерлердiң теориялық бiлiмi мен практикалық дағдыларын арттыру мақсатында азаматтық денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық практикаға жiберiлуiне рұқсат беретiн норма қабылданды. Медициналық немесе фармацевтикалық білімі бар, әскери кафедрада оқымаған, міндетті әскери қызмет өткермеген немесе әскери-техникалық оқу орнында даярлықтан өтпеген азаматтарға келісімшарт бойынша әскери қызметке кіру құқығын беретін толықтырулар енгізілді. Алтыншы: Заң және тәртіп идеологиясы Жолдауда Мемлекет басшысы Қарулы Күштердегі, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардағы әскери қызметтің қауіпсіздігіне ерекше назар аударды. Бүгінде Қарулы Күштердің жеке құрамы мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету бойынша тапсырмаларды орындауда. Әскери қызметшілер жауынгерлік кезекшілікте болады, әртүрлі жаттығуларға, оқу-жаттығуларға, авиациялық ұшуларға қатысады және басқа да тапсырмаларды орындайды. Олар індеттің, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жоюға, атап айтқанда өртті және су тасқынының салдарын жоюға қатысты. Әйтсе де, армия -- өмір сүру жағдайлары өте қиын, күнделікті өмірге қауіп төніп тұратын ерекше әлеуметтік организм. Бұл әскери техниканы пайдалану, атыс жаттығуларын, жаттығуларды, маневрлерді және марштарды өткізу. Сонымен қатар, бүгінгі күні жауынгерлік дайындықтың қарқындылығы артып, нәтижесінде тәуекелдер артты. Біз мұны жақсы білеміз және көреміз. Түсіндіру жұмыстары, қауіпсіздік шаралары бойынша нұсқаулықтар, сақтық және алдын алу шаралары арқылы оларды барынша азайтуға тырысамыз және оң динамика бар. Осылайша, жеке құрамның өлімі (басқа құқық қорғау органдарындағы әскери қызметкерлердің өлімін есепке алмағанда, тек Қарулы Күштер бойынша ғана статистика) өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30%-ға қысқарды. Соңғы үш жылдағы орны толмас шығындардың статистикасын алатын болсақ, жалпы алғанда 19%-ға, оның ішінде қауіпсіздік шараларын бұзу нәтижесінде 43%-ға, жол-көлік оқиғалары 27%-ға және сырқаттанушылықтың 24%-ға төмендеу динамикасын көруге болады. Командирлер, тәрбиешілер, психологтар жүргізіп жатқан жұмыстарға қарамастан, әскерге шақырылғандар өз мәселелерін шешуді жасырып, бөгде әрекеттерге барады. Алайда өлімнің 90 пайыздан астамы әскери қызметке байланысты емес. Біз өз кезегінде Қарулы Күштердегі әрбір өлім үшін жауапкершіліктен босамаймыз және оның туыстары мен туғандары үшін қандай қайғы екенін анық түсінеміз. Өкінішке орай, әскерге шақырылған әріптестеріне әлімжеттік көрсету фактілері де бар. Әскерге шақырылған жастардың отбасында, оқу орнында, жолдас-жораларының ортасында алған тәрбиесі әртүрлі. Бүгінгі күні мұндай құқық бұзушылықтар жеке жанжалдарға (бір шақырылымдағы екі әскери қызметші арасындағы) негізделеді және әдетте ауыр зардаптарсыз, болмашы себептермен орын алады. Бұл фактілердің барлығына бөлімшелердің басшылығы мен әскери құқық қорғау органдары дер кезінде жауап алуда. Барлық бөлімшелерде тұрақты жауапты офицерлер мен сержанттар, психологтар, әскери полиция өкілдері жұмыс істейді, күнделікті дене тексерулері мен тәулік бойы бейнебақылау жүргізіледі. Барлық оқиғалар мұқият тексеріп, қатаң тәртіптік және кадрлық шешімдер қабылданалы, оның ішінде әскери басқару органдарының бірінші басшыларына қатысты. Аурулардың алдын алу мақсатында әскери қызметшілер жыл сайын тереңдетілген медициналық тексеруден өтіп, ауруға шалдыққандар әскери қызметке жарамдылығын анықтау үшін әскери-дәрігерлік комиссияға жіберіледі. Қазірдің өзінде іске асырылып жатқан «Өмірді сақта» бағдарламаларына қосымша, Құқық бұзушылықтың мақсатты профилактикасы әдістері, әлеуметтік қауіп карталары, әскери қызметшілер өлімінің, суицидтің, ойынға тәуелділіктің алдын алу бойынша арнайы комиссияның нұсқаулары, сондай-ақ Әскери қызметтің имиджі мен тартымдылығын арттыру, патриоттық тәрбие беру, армияны цифрландыру шаралары басқа мемлекеттік органдармен, Сарбаздар аналары комитетімен, жастар және ардагерлер ұйымдарымен, оқу орындарымен бірлесе отырып дәйекті түрде жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда ең қиын, әрі уақытты қажет ететін міндеттердің бірі - жас азаматтардың санасында әскер қатарында әскери борышын өтеу уақытты бос өткізу емес, бұл абыройлы парыз ретінде қабылдауын қалыптастыру болуда. Сондықтан да біз бүгінде жастарды тәрбиелеудің барлық қолда бар нысандары мен әдістерін пайдаланып, армияны дамыту мен кәсібилендірудің барлық аспектілері бойынша әскери қызметтің мәртебесі мен беделін арттыруда кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Сөз соңында Президент, - «Біздің ұзақ мерзімге арналған даму жолымыз -- айқын. Биік мақсаттарымыз бар. Оған жету үшін, ең алдымен, ел бірлігін сақтай білуіміз керек. Бір-бірімізге қолдау білдіріп, құрмет көрсетуіміз қажет. Біз -- берекелі бірліктің арқасында түрлі сынақтан сүрінбей өткен халықпыз. Алдағы уақытта да солай болмақ. Бәріміз бір ел болып, әділетті және дамыған Қазақстанды бірге құрайық. Сонда әркім өз елінің кірпіші болып қаланып, арман-мұратына жете алады» - деп атап өтті. Қазіргі күрделі кезеңде қоғамда Қарулы Күштердің рөлі артты. Әскер әрқашан біздің егемендігімізді қорғауға дайын болуы керек. Оның кәсіби дайындығы, заманауи қару-жарақпен, озық технологиялармен жабдықталуы басты фактор. Армияның құзыреттілігі мен ұтқырлығы ұрыстың нәтижесіне тікелей әсер етеді. Президент айтқандай біздің халқымыз алаңсыз өмір сүруі үшін әскери қызметшілер өз міндеттерін мінсіз орындауы қажет. Отан күзетіндегі әрбір жауынгеріміз антына адал болады деп сенемін. Әскери қызметшілер еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау бойынша Президентпен қойылған барлық тапсырмаларды табандылықпен орындауға дайын болу қажет!