Жабайы алма (Past Paper PDF)

Document Details

Uploaded by Deleted User

Сайын Мұратбеков

Tags

Tatar Literature Historical Fiction Folklore short stories

Summary

This document is a story about a wild apple tree and its surrounding community and people. It contains details about the life of children in wartime and aspects of local folklore, which includes stories of a wild dog and the experiences of its owner.

Full Transcript

**БІРІНШІ БӨЛІМ. КӨКІНАЙ** Тау бөктері тұтасқан жабайы алма болатын. Соғыс жылдары біз, жас балалар, қалың бөргезге қол-аяғымызды қызыл ала жоса ғып жырғызып, ұзақты күнге алмадан алма таңдап, сол бөктерде тентіреп жүруші едік. Қышқылтым ақ алма тістегеніңде мұз шайнағандай қаршылдайтын. Сәлден кей...

**БІРІНШІ БӨЛІМ. КӨКІНАЙ** Тау бөктері тұтасқан жабайы алма болатын. Соғыс жылдары біз, жас балалар, қалың бөргезге қол-аяғымызды қызыл ала жоса ғып жырғызып, ұзақты күнге алмадан алма таңдап, сол бөктерде тентіреп жүруші едік. Қышқылтым ақ алма тістегеніңде мұз шайнағандай қаршылдайтын. Сәлден кейін тісті қамап қалатын да зар қақтырып бастырмай тастайтын. Сонда да жейтінбіз Тапшылықта қабысқан қарынды алмамен болса да істелеп жұбату керек. Ішіміз көгеріп, ауырсына ыңқылдап жататын кезіміз де көп еді. Қоңыр самал соғатын, итмұрын, қарақат, бөргездердің неше алуан иісі аңқитын. Бірақ ақ алманың --- жабайы алманың қымыз иісі бәрінен де ерекше еді. Қай жағыңа қарасаң да бұтақтары сынып кетердей боп иіліп, көзді арбаған ақ алма сықасып тұратын. Тістеріміз жарқырап, қашырқашыр шайнайтынбыз. Кешке қарай өрістен қайтқан малмен бірге, алма толы бір-бір дорба-қоржындарымызды арқалап біз де ауылға бет алатынбыз. Ауылдың желке тұсына жеткенде, жолымыздағы көлденең тұрған жалғыз түп үлкен алып алма ағашты айналып өтеміз. Ірі ақ алмалары жерге түсіп төгіліп жатады. Бірақ біз оған жолай алмаймыз. Өйткені, бұралқы қара қаншық соның түбіндегі үңгірді мекендеп алған, жылда күшіктейді де, бізді мүлде маңайлатпайды. Жақындап кетсек-ақ үңгір түбінен тістері сақылдап, ырылдап, зәре-құтымызды ұшырады. Қарақаншық жайында балалардың арасында рас-өтірігі аралас толып жатқан аңыз-әңгімелер де бар, кейде бірімізден-біріміз білгішсініп асып түсу үшін сол әңгімелерді жарыса айтатынбыз: Қарақаншықтың анасы қыран бүркіт пен құмай тазыдан туған желқұйын тұйғын екен, кезінде бұл төңіректе жортқан төрт аяқты аңнан аң қоймапты, қолтығында қанаты болған көрінеді, ал одан туған Қарақаншық та соғысқа дейін атағы жер жарған тазы екен; иесі Бәсен соғысқа аттанып, әйелі Жайдар көрші аудандағы төркіндеріне көшіп кеткен соң, Қарақаншық далада қаңғып қалып қойған; Жайдар өзімен бірге әкетпек боп қаншама әуреге түскенімен Қарақаншық жат жерге баспай қойыпты, тіпті бір жолы Жайдар әдейілеп іздеп кеп, қаңғып жүрген Қарақаншықты шақырып ап, алдына ыстық тамақ құйып, мойнынан құшақтай отырып жылап, кәдімгі адаммен сөйлескендей оған: «Мұның не, Көкінай-ау, менен неге қашасың? Не жаманшылығымды көрдің? Әлде көшкеніме қарсымысың? Бәсенім аман-есен қайтқан соң, әлі-ақ қайтып келеміз ғой бұл жаққа. Оған дейін бір жерде болайық та»,- деп назын айтыпты, сөйтіп, жіппен байлап жетектеп әкетіпті; бірақ бірер айдан кейін Қарақаншық үйренген жеріне қайта қашып келген екен; иемденгісі келген үйлердің бірде-біріне жоламай, алып алма ағаштың түбіндей ескі үңгірге барып паналапты, өзі алма жеуді үйреніпті, жылда жазда күшіктейді де, күшіктері бауырын көтерген кезде, ауылдың үлкендері жиналып келіп, Қарақаншықты бір шетке жасқап тастап, алдына ас құяды да өздері бір-бір күшіктен үлесіп алып кетеді, сөйтіп, айналасы екі-үш жылдың ішінде ауылдағы иттердің тең жарымы Қарақаншықтың тұқымы боп кетті. Ит жайын жақсы білетін Байдалы шал айтыпты деген бір сөз бар: осы Қарақаншықтың көп күшіктерінің ішінен біреуі ғана тұқымына тартып құмай боп тууы тиіс, ал күшік дұрыс қолға тап келсе жортқан аңды құр жібермейтін нағыз желқұйынның өзі болмақ. Біз алым алма ағаштың түбінен әрі-бері өткен сайын: «Көкінай! Көкінай! Кә! Кә!» --- деп Қарақаншықтың шын атын атап шақырамыз. Кейде ол үңгірден шығып тұмсығын көтеріп біз жақтан жеткен әуені иіскеп қойып, құйрығын бұлғаңдатады, ал кейде үңгірден тұмсығын бір қылт еткізеді де, қайтып көрінбей қояды. Бірде Қарақаншық үш күн қатарынан мүлде көрінген жоқ, із-түзсіз жоғалды. Біз балалар: «Көкінайлап!» --- алма ағаштың түбінде қаншама шуылдасып шақырғанымызбен үңгір жақтан еш дыбыс болмады. Ақыры біреулеріміз: «Мүмкін, өліп қалған шығар», екіншілеріміз: «Мүмкін сағынған соң Жайдардың артынан іздеп кеткен шығар» --- десіп жорамалдар жасадық. Бірақ үңгірге жақындап, үңіліп қарауға ешқайсымыз батпадық. Ертеңіне таңертең алып алма ағаштың түбінен бөктерге қарай өтіп бара жатқанымызда Қарақаншық көзімізге оттай басылып ұшырай кетті. Алма жеп жүр екен. Іші салбырап, біртүрлі аянышты бүрсектейді. − Әй, әнең қараңдар, Қарақаншықты! − Ой, байғұс-ай, тірі екен-ау! − Көкінай, Көкінай! Кә, кә! Бұл жолы Қарақаншық дағдысынша әуені иіскеп, құйрығын бұлғаңдатқан жоқ, тістерін ақситып сақ-сақ еткізіп ырылдап қойды. Ашулы тәрізді. − Байғұс, ауру болу керек, бүрсектеуін. − Жоқ, көрмейсің бе қарнын, емшектерінің салақтауын, осы дәуде болса күшіктеген сияқты. − Рас-ей! Күшіктеген. − Ур-ра! Қарақаншық күшіктепті! Биылғы күшігінің біреуін аламыз! Ур-ра! Онан соң бәріміз жерге шөке түсіп отыра қап, демдерімізді Ішке тартып тың тыңдай бастадық. Үңгір жақтан жас күшіктердің әлсіз ғана шиық-шиық қыңсылағандары естілді. Сол арада дереу үйден қалтамызға салып шыққан азын-аулақ нандарымызды жинап, Қарақаншыққа тастадық. Байғұс, әбден ашыққан екен, көзі қып-қызыл болып «ыр-ыр» етіп нанды қомағайлана асайды. Бұл күн біз үшін мейрам болды. Төскейде алма теріп жүріп айтатын екі әңгімеміздің бірі Қарақаншық төңірегінде: соның соғыстан бұрынғы ел аузына тараған алғырлық даңқы жайлы, әрқайсымыздың үйіміздегі оның күшіктері туралы, олардың анасына тартқан кейбір ерек қылықтары туралы айтып тауыса алмаймыз. Бірімізден біріміз асып түскіміз келеді. − Байдалы шал айтқан құмайы күшігі меніңше осы жолы туған болу керек,- дейді Сыпатай деген бала білгішсініп. - Өйткені, үш күн бойы көрінбей жатып күшіктеуі тегін емес. − Ендеше мен өзім осы жолғы күшіктерінің ішінен таңдап алам. − Мен де осы жолғы күшігінен алам. − Онда естеріңде болсын, құмайы болатын күшік өте нәзік, әлсіз боп туатын көрінеді. − Өй, сен де соғады екенсің. − Мен соғып тұрғам жоқ, со Байдалы шалдың айтқаны. Өйткені, күшік нәзік, әлсіз болса кейін желқұйын болуы оп-оңай. Өстіп дуылдасып жүріп кештің қалай түскенін де аңғармаппыз. Дорба, қоржындарымызды арқалап ауылға қайттық. Дәл алып алма ағашқа таяғанымызда алдымыздан шаң-шұң айқай, қыз баланың зар қағып жылағаны естілді. Жүгіре басып бәріміз жотаға көтерілдік: алып алма ағаштың түбінде, қолында көк шыбығы бар Сыпатайдың апасы Бүбітай Тоштан деген жетім қызды шырылдатып қуып жүр екен. Тоштан біздерден бірер жас үлкен тұлдыр жетім қыз, шешесі жағынан ағайындас болған соң, Бүбітай оны қолына кіргізіп алған еді. Ертеден кешке дейін үй шаруасын істететін. Міне, сол Тоштан қолында күрегі бар, зар еңіреп қашып жылап жүр. − Апатай-ай, апатай... Басқа не айтсаңыз да істейін, бірақ мұныңызды істей алмаймын, апатай... Обал ғой, апатай...- деп жылайды. − Мен саған көм деймін, жаман қар! Сүтті ішкізген, нанды жегізген сенсің, енді көм, кәне! Мынау тілімді ала ма-ей, жоқ на?! --- деп, көк шыбықпен қызды тартыптартып қалды. − Көмбеймін, апатай! Көмбеймін! Өлтірсеңіз де көмбеймін! --- деп Тоштан қолындағы күректі лақтырып тастады да, жаңағы біз келген бөктерге қарай шырқырап қаша жөнелді. − Ұстаңдар, ана қарды! Ұстаңдар! --- деді Бүбітай соңынан ұмтылып. Біз тегіс дорбаларымызды тастай сала Тоштанның артымнан қуған болдық, бірақ сирағы ұзын қыз жеткізсін бе, лезде қалың бөргездің арасына кіріп адастырып кетті. Оны жер-жебіріне жетіп біраз қарғап, сілеген Бүбітай алып алма ағаштың, түбіне қайта оралып, әлгінде Тоштан лақтырып тастап кеткен күректі алды. Аңтарылып тұрған біздерге, бүгін түсте Қарақаншықтың есік ашық қалған кезде ауыл үйлеріне кіріп бір қазан сүтті ішіп, бір таба нанды жеп кеткенін айтты және бүйте берсе кейін күшіктерінің бәрі ұры боп өсіп, ауылға ұры иттер қаптап кетеді деді. − Ондай болса мен ол Қарақаншықтың өзін де өлтіремін,- деп қоқиланды Сыпатай. Біз үңгірге жақын келіп үңіліп қарағанбыз: бес-алты жас күшік біріне-бірі ұйлығып ұмар-жұмар боп шиықшиық қыңсылайды. Қарақаншық бұл маңайдан көрінбеді. − Әдіре қалғыр, иесі жоқ қаншықтың күшіктей бергені қайбір жақсылық дейсің,- деп кеп, Бүбітай үңгір аузын күрекпен опырып, ішіне қарай құлата бастады. Үстеріне ауыр кесектер құлаған жас күшіктер жылаған балалардай баж-баж шаңұлдасып қыңсылайды. Бүбітай қарулы әйел еді, алма ағаш түбінің лезде астаң-кестеңін шығарып, үңгірді жермен жексен ғып бітеп тастады. Әуелде қатты қыңсылағандарымен күшіктердің үні де тез өшті. Біз, балалар, бір-бірімізге жаутаңдап қарағанымыз болмаса осының бәрін бастан-аяқ үнсіз бақыладық та тұрдық. Онан соң Бүбітайға еріп, шұбап ауылға қайттық. Ымырт үйіріліп қалған. Артымызға қайырылып қарай береміз. − Әне, Қарақаншық келді,- деді бір бала сыбырлай сөйлеп. Алып алма ағаштың түбінде жер иіскелеп Қарақаншық жүр екен. Бір-екі рет әлдекімді шақырғандай үріп-үріп қойды, онан соң қыңсылады, жер тырмалап ұлыды. Ертеңіне таңертең тұра сап біз --- балалар алып алма ағаштың түбіне тартқанбыз. Әуелі алыстау тұрып: − Көкінай! Көкінай! Кә! Кә! --- деп шақырып көрдік. Бірақ Қарақаншық еш дыбыс бермеді, көрінбеді де. Біз қорқақтай басып үңгірге таяп келдік: кешегі Бүбітай көміп, тегістеп кеткен үңгір қайта қазылып, іштегі топырағы қобырап сыртқа шығып қапты. Жақын кеп үңілдік: бірде-бір күшік көрінбеді. Сірә, Қарақаншық әлі де болса күшіктерін басқа жаққа қазып әкеткен сияқты. Төңіректі тегіс шарлап, кешке дейін іздеп көрдік, бірақ Қарақаншықты да, оның өлі күшіктерін де таба алмадық. Қарақаншық со күйі ұшты-күйлі жоғалды. Біз біраз уақытқа дейін сөз қылып жүрдік те, кейін ұмыта бастадық. Алып алма ағаштың алмасы өзімізге қалды. Үйден шыға саламыз да, күні бойы соның түбінде боламыз, асық ойнаймыз, онан қала берсе үңгірді кеңейтіп, түбіне сабан төсеп үйшік жасаймыз. Күзге қарай алып алма ағаштың ақ алмасы сарғылда нып, уылжып пісе бастады. Қанша жесең де тісіңді қармамайды. Дорбаға толтырып үйге әкелгеніңше езіліп кетеді. Ортасынан тіліп, жіпке тізіп қақ жасаймыз. Ауыл балалары тегіс жиналып күнде тасимыз алманы. Аз күннің ішінде алма ағаштың алмасы тек биіктегі бұталарының ұшар бастарында ғана қалды. Созсаң қол жетпейді, сілкісең түспейді. Басқа алмалар сарғылданып піскенде, әлгі биіктегі алмалардың бір бүйірлері шиқандай боп қызарып, көздің жауын алады. «Шіркінай!» --- деп аузымыздың суы құрып қызығамыз. Бір күні Сыпатай сол ұшар биіктегі қызыл алмаларды алам деп, тоқтау айтқанымызға бой бермей, алып алма ағаштың төбесіне өрмелеп шықты. Қызыл алмаларға жетіп, енді қол соза бергенде, аяғын тіреп тұрған бұтақ сынып кетіп, төмен қарай құлап түсті. Балалар шу ете қалдық. Жүгіріп жанына барсақ, көкпеңбек боп, тыныстай алмай бүгжиіп қапты. Бір-екі бала аттандап ауылға қарай жүгірді. Ағыл-тегіл еңіреп Бүбітай жетті. Баласын жерден көтеріп алған, былқ-сылқ етіп ыңыранғаны болмаса тілге келмеді. Сыпатайдың өлімінен кейін шешелеріміз бізді алмаға жіберуді қойды. Бөктерге қарай аяғымызды қия басудан қалдық. Сол екі арада қыс түсті. Біздің ауылдың әу баста колхоз боп қалай ұйысқанын біз --- кейінгі жас ұрпақ тек үлкендер айтқан әңгімелерден ғана білеміз. Жоңғардың жықпыл-жықпылдарында шашылған тарыдай қысы-жазы бытырап көшіп жүрген көшпелі жұрт жиырмасыншы жылдардың аяғында әр тұсқа кеп, жиырма-отыз түтіннен бірігіп қоныс теуіп, артельдер құрыпты. Сөйтіп, отырықшылыққа айналған. Онан колхоз болған. Ал кейінде туған біздерге сол колхоздар адамзат жаралған күннен бастап құрылғандай боп көрінетін. «Бай», «кедей» деген сөздерді үлкендер аузынан естігеніміз болмаса, мағынасына онша түсініп жатпайтынбыз. Біздер үшін колхоз бастық бар, бригадир бар және қатардағы жәй колхозшылар бар. Бай боп тұрған ешкім жоқ, және бір кезде, яғни біз тумастан не бәрі он-он бес жыл ғана бұрын бүкіл бір ауылдың малы тегіс бір адамның меншігі болды деген ақылымызға онша сыймайтын. Қалайша дейміз: бір адам сонша малға жалғыз өзі ғана ие болады, колхозшылары болмаса ол малдарын қалай бағады? Әлі жететіндер барып ондай адамның өзін ұрып-ұрып, көп малдарын бас салып тартып алмай ма екен, дейміз. Сондай-ақ ішерге асы, киерге киімі жоқ тақыр кедейлер болды дегенге де сенбейміз. Ондай адам бір-ақ күнде аштан өліп қалмай ма деп ойлайтынбыз. Әйтеуір қалай болған күнде де біздер үшін өзіміз тумастан бұрынғы өткен өмір ертегі-аңыз боп қана көрінетін. Ал біздің ауылдың өткені аңыз әңгімелер өте көп еді. Кейде соның қайсысының расында да болғанын, қайсысының ойдан шығарылғанын айыру қиын болатын. Біздер үшін оның бәрі де қызғылықты қымбат еді, елтін отырып тыңдайтынбыз. Біздің ауыл Алмалы деп аталады, өйткені жердің атын, жабайы алма сыңсып өскен тау бөктерін солай деп атайды. Колхоз ұйысқанға дейін бұл тауда жабайы алманы қорек етіп аю өріп жүреді екен. Сондықтан болар, кейбір үлкендер күні бүгінге дейін жабайы алманы аю алма деп атайды. Ол кезде алма жегісі келгендер жүйрік атпен кеп, алманы ат үстінде тұрып жинайды екен. Егер адамның алманы үзіп жатқанын бір аю көріп қалса, қазандай тасты көтеріп ап, ақырып қуатын көрінеді. Сонда бүкіл Алмалы бойының аюлары тегіс үн қосып: «Біздің алмамызда адамзаттың ме қақысы бар»,- десіп долданысып, жер-көкті азан-қазан етіп, тітірентіп жібереді екен. (Әжеміз осы әңгімені айтып отырған кезде біздердің зәреміз ұшушы еді). Бір көрімі, біз туған кезде сол өріп жүрген аюлардан із де қалмапты. Ол кезден қалған бір ғана белгі, әлгі алып алма ағаштың түбіндегі үңгір ғана. Оны аюлардың патшасы мекендепті. Екі адамның құшағы әзер жететін кәрі алма ағаш о баста киелі саналған көрінеді. Ары өткен, бері өткен көшпелі ел әлгі киелі ағашқа қызыл байлап, яки теңге тағып өтетін бопты. Ал аюлардың патшасы сол ғұрыпты түсініп, ондай адамға тимейді екен. − Ол алма ағаштың түбінен өткендеріңде ең болмаса шүберек іліп кетіп жүріңдер,- деп қоятын әжеміз. − Түу, әже, соған да сенесіз бе? Киелі түгі де жоқ,- дейтін сондайда Нәзира әпкем. − Тек әрі! Тіліңді кесейін бе осы! --- деп әжем зекіп тастайтын. − Әжеміз діншіл адам. Ертелі-кеш аузынан «алласын» тастамайды. Бес уақыт намаз оқиды, ең соңында ылғи күбірлей сөйлеп: «Е, жаратқан, ондағысына онда, мұндағысына мұнда бір өзің медет бола көр»,- деп қоятын. Онан соң жапырлай қарап тұрған бізге: «О, жаман түгелер, кәне, алақандарыңды жайып көкемізді аман қыла көр деп, жақсы тілеу тілеңдер» --- деп бұйыратын. Біз жапатармағай қолымызды жайып: «Көкемді аман қыла көр»,- «Көкемді аман қыла көр»,- деп әлденеше қайталап тілеу тілейтінбіз. Сүмірейе қалған түрлеріміз күлкілі болу керек, үй шаруасын істеп жүрген Нәзира әпкем шыдай алмай мырс ете беретін де, зытып далаға кететін. − Осыған бірдеңе көрінетін шығар. Ой, пәтуасыз неме! --- деп әжем оның соңынан күйіп-пісіп қалатын. Тегінде, әжем мен Нәзира әпкем екеуінің арасында ымыраға келмес алшақтық болушы еді. Әпкем әжемнің әрекеттерінің бәріне, әсіресе діншілдігіне күле қарайтын да, соны сезіп қалатын әжем оған күйіп-пісіп ыза болатын. Нәзира әпкем соғыс басталардың алдында аудан орталығында оқып, жетінші класты бітірген. Онан әрі оқыған жоқ. Көкем әскерге кетісімен апама қолғабыс етем, төрт ұсақ бала мен әжемді асырауға жәрдем етем, деп үйде қалды. Қысы-жазы апаммен бірге жүріп колхоз жұмысын істейді. Осыдан үш жыл бұрын ілмиген апарық қыз еді, бүгінде қол-аяғы балғадай бойжеткен болды. Көрші-қолаң кемпір-шалдың бәрі: − Па, шіркін, қыз өссе Нәзирадай боп өссін. Бір үйдің ер-азаматын жоқтатпас! --- деп тамсанады. Сондайда араға әжем килігеді. − Осы жұрт сұқтанбаса жүре алмайды-ау деймін, түге. Қызымды ауыртасыңдар тфәй деңдер,- дейді. Онан соң үйге кіріп, қазандықтың күйесін саусағына жағып қайта шығады, - Әй, Нәзира, бері келші. − Немене, әже? − Бері кел! Аңқалақтап жүгіріп келген Нәзира әпкем: − Иә, не айтасыз? --- дейді әжемнің неге шақырғанын біле тұра. − Еңкейші бері, құлағыңа бірдеңе айтайын. Нәзира әпкем еңкейген кезде әжем саусағындағы күйені оның бір жақ шекесіне болар-болмас жағып қояды. − Болды, бара ғой. − Түу, әже-ай, осыған бола жұмысымнан бөліп. Маған ешкімнің көзі де, тілі де тимейді. − Тәйт әрі! Күпір сөйлеме! Балалық шақтан әсіресе мықтап жадымда қалғаны: көктемге қарайғы апам мен Нәзира әпкемнің жұмыстан шаршап титықтап қайтқан кейіптері. Күн ұзын соқамен жер жыртып, қара суықта өңдері қап-қара боп тотығып, шаң-топыраққа батып, әбден қалжырап қайтатын. Апамның белінің шойырылмасы бар еді, сол жанына бататын болса керек, қабағы кіржиіп күйзелген кескінмен өзін салқын ұстайтын, қарсы алдынан жаутаңдап өре түрегелгенімізде ешқайсымызға түс жылытып, еркелетпейтін. Ләм-мим деместен тас қып байлап алған белін шешетін де пештің іргесіне барып, қашан белінің сырқырағаны басылғанша қозғалмай отыратын да қоятын. Сонан кейін ғана божылдай қайнаған шәугімді алдына алып, маңдайы терши түсіп, тұз қосып, ақ су --- шай ішуге кірісетін. Төсек салып, жатар алдында апам мен Нәзира әпкем екеуі қол диірменді орталарына алып, ертең пісіретін нан үшін үн тартуға кіріседі. Біз ұсақ балалар тауықтың балапандарынша шүпірлеп кем әжеміздің бауырына кіреміз. Бізді ұйықтату үшін әжеміз ұзақ ертегі бастайды. Үйдің іші ала көлеңке. Жалп-жұлп етіп сығырайып жанған май шамның жарығы қуыс-қуысқа жете бермейді. Ірге жақтар күңгірт тартып зәремізді ұшырады, әжемізге қарай тығыла түсеміз. «Әже, бері қарап жатшы», «Әже, мен жаққа қарашы»,- деп ор тұстан тартқылап қоямыз. Апам мен Нәзира әпкем екеуінің әңгімелері өздерінше, қол диірменді бір қалыпты баяу ғана айналдыра отырып, колхоздың жұмысы жайлы, соғыс жайлы екеу ара күңкілдеп сөз етеді. Ол екеуінің әңгімелері бізге онша қызықты емес. Кейде әжеміз, айтып жатқан ертегісін үзіп тастап: − Тұқымды сеуіп болдыңдар ма? --- деп сұрайды апамнан. − Жоқ. Кіші Ақбелге ертең түсеміз, сонымен боламыз,- дейді апам даусын көтере үн қатып. − Тездетсеңдерші, топырақ құрғап кетпесін. − Адам жетіспей жатыр емес пе. − Е, жаратқан бір алла... Кіші Ақбелге биыл не себетін едіңдер? − Тары. − Ә, жөн. Ол жерге тары жақсы өседі. Баяғыда Жәпіш деген жатақ сол Кіші Ақбелге бір қап тары сеуіп, жиырма-отыз қап қып жинап алатын. Мұнан әрі әжеміз ертегісін қайта жалғастырып әкететін. Кейде әжеміз апам мен Нәзира әпкемнің әңгімелеріне құлағын түріп тына қалатын. − Сонан кейін не болды, әже? − Ары қарай айтсаңшы! --- деп біз әр бүйірден қыңқылдай бастаймыз. − Жо, түге, қоя тұрыңдаршы, сөз тыңдайын. Өздерінің әңгімелерін әжемнің де тыңдап жатқанын білген Нәзира әпкем мұнан әрі естірте сөйлейді. − Бүгінгі келген газетте біздің әскерлер Украинаның екі үлкен қаласын жаудан азат етті деп жазыпты. Дұшпанның қаншама әскерін, соғыс құралдарын, техникасын жойған көрінеді. Кескілескен ұрыс дейді. − Е, алла, өзің жар бола көр... Әлгі көкеңдер қай жағында жүрген көрінеді? − Көкем Солтүстік батыс майданда ғой. − Әйтеуір, әлгі кескілескен жерден аулақ болсын да, сөйдеп жазсаңдаршы. Осы кезде көшеден аттандаған әйел даусы шығып, ауыл үйдің арасы шаң-шұң болды да кетті. − Ойбай, тағы не боп қалды?! Тағы қай сорлының үйіне жаманат келді?! Нәзира-ау, жүгір!- деді әжем басын көтеріп. Нәзира әпкем атып далаға кетті. Апам диірмен тасты төңкеріп, тартылған ұнды жинап тегешке салып, үстібасын қаққыштай бастады − Әлгінде кешкісін ғана ауылсоветте болғанымда ешқандай жаманат хабар жоқ сияқты еді ғой,- деп қояды. Әлден соң Нәзира әпкем қайтып оралды. Көзі бағжаңдап ентігін баса алмайды. − Бүбітай жынданыпты,- деді. − Тек әрі, не дейді?! --- деді әжем мен апам қосарлана тіксініп. − Рас. Жаңа кешкісін өрістен қайтқан сиырын сауыпты да, сүтін астауға құйып есігінің алдына шығарын қойып, онан соң өзі соған қарап мөлиіп отырған. «Мұның не?» --- десе, «пісіріп отырмын»,- депті. Сөйтіпті де аттандап жылап, өзінің бетін өзі тырнай бастапты. − Астапыралла! --- деп көкірегін ұстаған әжем күбірлеп дұға оқыды.- Айтып ем ғой, Көкінайдың қарғысы жібермес деп, айтып ем ғой. Сөйтіп, келер жылы көктемде Бүбітай жынданды. Ертеден қара кешке дейін есігінің алдына шығып отырып алады да зарлап өлең айтады. Жылайды, күйеуінің, баласының аттарын атап аттандап дауыс салады. Өзі қара қайыстай боп қатып-семіп, түрі адам шошырлық күйге түсті. Сол жылы көктемде мен Нәзира әпкемді аңдитын әдет шығардым. Оным жақсы ма, жаман ба, дұрыс па, әлде бұрыс па,- ол жағын білмеймін. Әйтеу, ол ауыл үй арасы қайда барса да мен жансызданып, сыртынан бақылап жүрем: ауыл шетіндегі бұлаққа суға барғанында көрінбей соңынан ілесіп бұта-бөргездердің тасасында тұрам, екі кештің арасында көршілерден сүт, яки ыдыс-аяқ сұрай кіргенінде бұрыштағы тасадан және аңдимын. Ол болса менің бұл қылығымды әжем мен апамнан көретін, мені өзінің соңына солар салып қойды деп ойлайтын. Ал шындығында әжем де, апам да маған ештеңе айтқан емес, аңдитұғын менің өзім. Себебі соңғы кездерде мына ойдағы қауын салатын Шымырбай шалдың баласы --- Тоқтар біздің үйді төңіректеп шықпайтын боп алды. Нәзира әпкемнің соңынан қалмайды. Екеуі жанаса кетсе-ақ ыржақыржақ күлісіп, жәпектеп кеп сөйлеседі. Не сөйлесетіндерін кім білсін, әйтеуу бірінің-бірі аузына кіріп кете жаздайды. Тоқтар --- ұзын бойлы, ақсары өңді, сұлу жігіт. Үлкендер оны әлі бала дейді, бірақ біздерге ол үлкен жігіт сияқты көрінеді: биыл өзіне мұрт өсе бастаған. Оның мұртын байқамас та едім, бірде біздің үйдің алдынан өтіп бара жатып, есік алдында күн шуақта жүн иіріп отырған әжеме: − Амансыз ба, әже?! Деніңіз сау, күйлі-қуаттысыз ба? --- деп амандасқан болатын. Ал өзіне бүйтіп сәлемдескен адамға әжемнің жаны қалмайтын әдеті. − Әй, бұ қай баласың? --- деген. − Мен, Тоқтармын ғой, әже. − Шымырбайдың Тоқтарысың ба? − Иә. − Ой, айналайын, өркенің өссін, қарағым,- деп әжем әбден разы боп қалған. Ал Тоқтар: − Ағадан хат кеп тұра ма? --- дегенде әжем оған мүлде қулап түскен еді. − Кеп тұрады, қарағым. Кеп тұрады. Әй, Нәзира! --- деген онан соң дауыстап. - Айран алып шықшы мына Тоқтарға. Тоқтар алғыс айтып кете бермек болып еді, бірақ әжем жібермеді. − Қарағым, есік алдынан құр ауыз өткенің болмайды, дәм татып кет,- деді. Нәзира әпкем іштен бір тостақан айран алып шығып ұсынды. (Бұл күні ол үйдің ішін тазалап, кір-қоңды жумақ боп жұмысқа бармай, сұранып үйде қалған). Тоқтар айранды асықпай ұрттай отырып, әжеммен біраз әңгімелескен. Мен болсам Тоқтардан да, Нәзира әпкемнен де көз жазбай, бұлар қайтер екен деп, екеуіне алма-кезек қарап байқастап тұрдым. Қуларын-ай десеңші, әжемнің көзінше екеуі де түк білмегенсіп сызыла қалыпты. Бірбіріне тек көздерінің астымен ғана қарап қояды. − Қарағым өзің әйтеу әскерге шақырғаннан амансың ба? --- деп сұраған әжем. − Қыста бір рет шақырған, жасым әлі толыңқырамапты. Енді осы жазда шақыратын шығар. − Е, алла-ай, тал шыбықтай бұралып енді жеткендеріңде сендерге де ауыз салды ма?! Қу соғыс, қараң өшкір пәшис?.. Әй, Нәзира, тағы құйып әкеп бер, айран!.. − Рақмет, әже, тойдым. Есік көзінде тұрған Нәзира әпкеме Тоқтар босаған тостақанды қайтарып беріп жатып: − Рақмет,- деді сыбырлап. Нәзира әпкем көздері күлімсіреп басын изеді. «Ой, қуларын-ай» деймін-ау! Сол жолы Тоқтар кеткеннен кейін де ойында басқа дәнеңе жоқ әжем баяғы «қу соғысты», «қараң өшкір пәшисті» қарғап-сілеп ұзақ отырды, бір ауық әскердегі баласын (біздің көкемізді) есіне алып, жылап та алды. Кешкісін апам жұмыстан қайтып, шайға отырғанымызда, әжем сөз арасы: − Апыр-ай, әлгі Шымырбайдың баласы мұрты өсіп, зіңгіттей азамат бопты,- деген тамсанып. − Оны қайдан көріп жүрсіз? --- деп сұраған апам. − Бағана есік алдында жүн иіріп отырғанымда кеп, өзі амандасты. Тіпті бір инабатты боп өсіпті: «Ағадан хат кеп тұра ма?» --- дейді. − Ол мұнда неғып жүр? --- деп апам Нәзира әпкеме көзін аларта қараған. Нәзира әпкем жерге кірердей боп қысылды. − Білмеймін. Әжем екеуі сөйлескен,- деді. − Е, есік алдынан өтіп бара жатып амандасқаны ғой,- деді әжем, апамның сөзіне мән бермей. - Шіркін-ай, тал шыбықтай бұралып өскенін қайтейін, биыл жазға әскерге шақыртпақ еді дейді. − Оған қайдағы әскер,- деген апам немқұрайлы сөйлеп,- әлі екі жылы жетпейді. Біздің мынадан,- деп апам Нәзира әпкемді нұсқап қойды,- үш айдай ғана үлкендігі бар. Тоқтар жазға салым туды да, мынау күзде туды емес пе?! − Онысын қайдан білейін, маған өзі қыста бір шақыртып, жасым толмай қалғам, енді осы жазға шақыртады деді. Сөйдеді емес пе, Нәзира? --- деп әжем әпкеме қарады. − Иә,- деді Нәзира әпкем. - Ол анау жылы комсомолға өтемін деп екі жасты қостыртып жазғызған болатын. − Ә-ә,- деп апам аңырып қалды. - Қап, әттегене-ай, а... − Әй, бірақ өзі де сүйекті бала екен,- деді әжем. - Тіпті алпамсадай ғой. Міне, сонан бері мен кездескен жерде Тоқтардың мұртына қараймын. Әрине, жақыннан абайлап, үңіліп қарасаң мұрты онша мұрт сияқты боп көрінбейді екен, жаңада ғана тебіндеген ұп-ұсақ, сирек-сирек, ал алыстау тұрып қарасаң, екі ұртының үстінен әп-әдемі боп қиылып, ақсары өңіне ерекше жарасып тұрады. Жұрттың бәрі өзін жақсы көреді. Мен ғана онша ұнатпаймын. Өйткені, ертеңді-кеш Нәзира әпкемді жағалай беруі ұнамайды. Әнеу бір күні Нәзира әпкем бұлаққа суға барған кезде, мен де соңынан көрінбей ілесіп барып, анадай жердегі қалың бөргездің тасасында тұрғам. Бір мезетте атын суғармақ боп Тоқтар жетіп келді. Бірақ атын түк те суарған жоқ. Ал кеп Нәзира әпкем екеуі сөйлессін, сықылықтасып кеп күле ме-ау, бір-бірінен асып түскілері келгендей ауыздары-ауыздарына тимей, әй, жарысып сөйлейді. Қол-аяғымама бергөздің тікендері инеше қадалғандарына қарамастан, «Осылар не сөйлеседі екен, осы?» --- деп сөздеріне құлағымды түріп, жақындау келгем. Сөздерінің пәлендей қызық, соншама мәз боп күлетіндей ештеңесі де жоқ екен, баяғы мектепте оқыған күндерін, кімнің сабақ үстінде қалай отырғанын анау өйтуші еді, мынау бүйтуші еді деп, соны сөз қып тұр екеуі де. Тіпті бұлақтың басында тұрғандарын да ертең ауыл арасы өсек етер сырт көз барын да мүлде ұмытқан өздері. Шыдай алмай кеттім, жұдырықтай тас алдым да екеуінің дәл ортасына лақтырып жібергем, екеуі де селк етіп, сасып қалды. Тасты қай жақтан, кім лақтырғанын біле алмай аң-таң. Мен тағы тас лақтырдым. Осы кезде ғана Нәзира әпкем өзі мені көре алмаса да, мен жасырынып тұрған қалың бөргез жаққа қарап: − Әй, Қанат, көкшешек, қой енді, әйтпесе желкеңді қиям, -- деді. Тоқтар бірдеңе деп күңкілдеп сөйледі де тез атына мініп, түк білмегендей желдірте жүріп кетті. Нәзира әпкем иінағашпен суын көтеріп, мен жаққа қарай тағы бұрылды да: − Шық бері, жүр! --- деді. Мен бөргез арасынан шыққам жоқ, со жасырынған күйімде қала бердім. − Сені ме, бәлем, тұра тұр! --- деді әпкем. Бірақ Нәзира әпкемнен қорқып жүрген мен жоқ. Шындасам оның жігітпен сөйлескенін әжем мен апама айтып, жанын шығартам ғой. Сондықтан күштің өзім жақта екенін жақсы білетінмін. Кеше доп қуудың қызығымен кештің қалай түскенін білмей, ымырт үйіріле ойыннан қайтып келе жатқам, дәл өзіміздің сиыр қораның іргесіне жете бергенімде, бұрышта сөйлесіп тұрған екеудің үстінен түскенім. Тағы да со Тоқтар мен Нәзира әпкем. Тоқтар Нәзира әпкемді білегінен ұстап ап, жібермей тұрған сияқты. − Қойшы, Тоқтар. Айтып тұрмын ғой енді, өмір бойы сендікпін деп, сенсеңші сөзіме. Тоқтар бірдеңе-бірдеңе деп сыбырлай күңкілдеді. − Қойшы, жіберші. Үйден біреу шығып қалса, құртады мені. Қараңғыда еңкейіп жүріп қолыма іліккен кесекті ала салдым да лақтырдым. Тоқтар Нәзира әпкемді жібере салды да, әрі қарай қаша жөнелді, ал Нәзира әпкем үйге қарай зытты. Жолында тұрған мені қағып кете жаздады. − Көкшешек, аңдығаныңды қашан қоясың осы?! Желкеңді қияйын ба! Қиып көр,- дедім мен. − Қиямын,- деп кеп ол желкемнен ұстай алды. Қолы мұндай қатты, қарулы болар ма, мытып жіберді. Мен еркексініп айбат білдіріп бұлқынып көріп едім, босатар емес. Онан сайын сығымдай түседі. − Қоясың ба, аңдығаныңды? − Қоймаймын. − Мә, ендеше қоймасаң, мә... Желкемнен со сығымдап қысқан күйінде, май құйрығымнан бір-екі рет тартып-тартып жіберді. Ұрғаны қаудырлаған тері шалбардан онша өте қойған жоқ, бірақ желкемнен қысқаны жиырма бата бастады. − Әже-е! Апа-а!..- деп бақырып жібердім. Нәзира әпкем жібере салды. − Қоймасаң, көрдің ғой, алатын сыбағаң осы! − Мен қазір әжеме, апама айтам. − Айтып көр! − Айтам,- деп мен есікке беттедім. − Қанат, тоқта! Жә, тиіспеймін. Әншейін әзілдегенім ғой, шынымен кек тұтып қалдың ба? − Бәрібір айтам, Тоқтармен әнеу күнгі бұлақ басында тұрғаныңды да,... бәрін айтам қазір. Есікке қарай шегіншектеп аттай түскем. − Қанат, айналайын, не істе десең де істейін құлың болайын,- деді жаны шыға жаздаған Нәзира әпкем жалынып. - Рас, сен не істе десең де істейін. Нәзира әпкемнің өзіме осынша жалынып, жалбарынғанына қыбым қанып, рақаттанып қалдым. − Ал жарайды,- дедім өзімше күжірейіп. - Енді менің құлым боласың. Не бұйырсам да орындайсың. − Орындаймын дедім ғой. Осы арада оны құлым қылу үшін не бұйырсам екем деп ойладым да, қапелімде жөнді ештеңе ойлап таба алмадым. Тек: − Бір аяғыңды көтеріп, бір қолыңа кірпіш ұстап тұрасың,- дедім. − Не дейді? − Біздің класта Мұқан ағай тәртіп бұзғанымызда бір аяғымызды көтертіп, бір қолымызға кірпіш ұстатып бұрышқа тұрғызып қояды. Сен де сөйтесің. − Мақұл. Үйге кірген соң қабағы салыңқы апам екеумізді де біраз қуырып алды. − Сен қайда жүрсің, осынша түн жарымына дейін тентіреп?! --- деп,әуелі мені тергеді. − Ойнадық... − Ойының осылсын, ойының осылғыр. Үсті-бастан сау тамтық жоқ, алым-жұлым боп. Шық былай, сүміреймей. Осымен мен құтылдым. Енді апам Нәзира әпкеме ауысты. − Сенің не ауруың бар осы, жұмсаған жерге жоғалып кететін. Мына тұрған үйден елеуіш әкеле қой дегеніме дәл бір шай қайнатым уақыт болған шығар. − Елеуіштері бос емес, өздері ұн елеп жатыр екен, күтіп отырып қалдым. − Әйтеу, сылтау тапсаңшы. Айтпады деме, бір күні шашың. ды талдап жұлам. Нәзира әпкем зәре-құты қашып үндемейді. − Неғып тұрсың енді селтиіп, еле анау ұнды! --- дейді апам зекіп. Осымен Нәзира әпкем де құтылады. Біз, балалар, қарнымыз сыздағанша атала көжеге тойып, әжем мен апам маңдайлары терши отырып шөлдері қанғанша қаймақ қатып, тұз салып ақ су --- шай ішіп болған соң, үй ішінде аса бір көңілді жақсы шақ орнайды. Қабағынан қар жауып тұратын апам да жадырайды. Басы Нәзира әпкем болып балалар бір-бірімізді түртпектеп ойынға кірісеміз. Әсіресе, мұндайда апам көрші үйлердің біріне шаруасы боп шығып кетсе тіпті рақат. Онда көзіміз ұйқыға кеткенше біраз асыр салып қаламыз. Әжеміз үйде ойнағанымызға әсте ұрыспайды. Бүгін де апам бір шаруасымен бригадирдің үйіне барып келмек боп шығып кеткен. Апам кетісімен-ақ мен дереу Нәзира әпкеме қыдыңдауымды бастадым. Ол үлкендігін істеп бағынғысы келмей қиқаңдамақ болған. Мен: − Әже десе, мына Нәзира әпкем әлгінде кешкісін...- дей беріп едім, әпкемнің жаны шығып кете жаздады. − Қанатжан, Қанатжан, мен сенің құлыңмын ғой,- деп аяқ жағыма кеп отыра кетті. − Ендеше, ана бұрышқа бар да бір аяғыңды көтеріп, бір қолыңа кірпіш ұстап тұратын бол,- деп бұйырдым. Амалы қанша, Нәзира әпкем айтқанымды еріксіз орындады. Ауыз үйдегі ошақтың алдында күйе-күйе бос кірпіш жататын, соны алып кеп, бір қолына көтеріп тұрды. − Мен ұйықтағанша сөйтіп тұрасың,- дедім де өзім шешініп, ұйқыға кірістім. Сөйтіп, Тоқтар мен Нәзира әпкемнің бұ дүниедегі қас дұшпаны мен едім. Мен дегенде екеуінің де төбе шаштары тік тұратын. Қолдарына түскен жақсы заттары болса маған сыйлайды. Бір рет кешкісін ойыннан қайтып келе жатқанымда қарсы алдымнан Тоқтар шықты. − Қанат, мә, қызыл қарындаш керек пе? --- деді. Қуанып кеттім. − Керек,- дедім. Шынында да бояу қарындаш. Кәдімгі, Мұқан ағайдың біздің дәптерімізге баға қойып жүрген бояу қарындашы сияқты. − Менде неше түрлі бояу қарындаштар көп,- деп қойды Тоқтар. - Керек десең бәрін де саған әкеп берейін. − Әкеп берші. − Қанат, Нәзира әпкеңді шақырып жіберші, аздаған шаруам бар еді. − Мақұл,- дедім мен.- Тек ертең тағы бояу қарындаш әкелетін бол. − Мақұл,- деді ол да. Мен үйге кірсем бір жақсысы апам жоқ екен, ұсақ балалар әжемнің баурына тығылып ертегі тыңдап жатыр да (бұл көктемде мен өзімді есейдім деп біліп, бұрынғыдай әжемнің баурына кіріп жатуды қойғам, тіпті өйтуге намыстанатынмын), ал Нәзира әпкем жемпір тоқып отыр. Мен оған бояулы қарындашты көрсетіп қулана күлдім. − Жүр далаға,- дедім. − Немене, сыртымнан мені бір қарындашқа сатып келгеннен саусың ба? --- деді ол да күле сыбырлап. − Ол маған ертең тағы да әкеп беретін болды,- дедім. − Ақымақ,- деп Нәзира әпкем мені шекемнен ақырын нұқып қойды. Өзі дереу киіне бастады. − Әй, қайда барасыңдар? --- деген әжем. − Мен сақамды жоғалтып алдым есік алдында, соны іздейміз,- дедім мен табанда өтірікті қиыстырып. − Ә-ә... Сыртқа шыққан соң мен екеуіне де өктем сөйлеп, өзімнің басымдығымды білдірдім. − Тек көп тұрмаңдар. Мен өзім бақылап тұрам,- дедім. Және солай істедім де. Төрт-бес қадамдай жерде екеуінен көз айырмай қарадым да тұрдым. − Иә, не айтасың? --- деді Нәзира әпкем. − Жәй, әншейін сені көргім кеп кетті... Мұнан әрі екеуі де үндеген жоқ. Бір-біріне қарамақарсы қарады да тұрды. Әлден соң Тоқтар әпкемнің қолынан ұстаған. − Әй, әй, онша жақындаспаңдар! --- дедім мен қатал ескертіп. Екеуі менің ескертпеме күліп қана қойды. Ауыл арасы тым-тырыс. Терезелерден өлеусірей жанған май шамдар жылтырайды. Бақа шұрылдады. Бір сәт Бүбітайдың зарлаған даусы естілді. Қара көзім, Жете алмадым, Жер шалғай, Жалғыз өзім... Менің өне бойым қалтырап, зәрем ұшып кетті. Қапқараңғы мынау түн, жынды әйел салған зарлы ән, үн түнсіз тұрған Тоқтар мен Нәзира әпкем... Екеуі тас боп қатып қалған сияқты. − Әй, неге үндемейсіңдер?! --- дедім. − Қанат, қорқып тұрсың ба? Кел, біздің қасымызға,- деді Нәзира әпкем. Мен екеуінің қасына барып тұрдым. Кенет Нәзира әпкем мені бас салды да қатты қысып тұрып бетімнен сүйіп алды. Көп ұзамай етектен тауға қарай көшкен мал ауылға кеп жағалай қонып, төл аяғы жетілгенше көктеуде отырған. Мәре-сәре шуға толы қызықты кез туды. Ала қыстай сыз қорада үстері сауыс-сауыс болған қора-қора қойлар мол, тегін көкке жетіп, өлі жабағыларын сілкіп, бауырларын жазып, емін-еркін тойына бастады. Ауылаймақ тегіс жапатармағай қой сауып, аузымыз аққа бір жарыған еді. Сүт пен айранды күндіз-түн ішем десең еркің. ор үйдің қазанында бұрқылдап ірімшік-құрт қайнап, ашқұрсақ қарын бір майланған. Біз, балалар, ертеңді-кеш қозы қайырысып, шешелерімізге сауылатын қойларды қосақтасқаннан кейінақ зытып отырып ауылдың сыртындағы тас қораға тартамыз. Мұнда колхоздың құмнан көшіп келе жатқан жылқысы қамалады. Ауылдың еркек кіндік атаулысы сонда жиналып, тай-құнандарды күзейді, жылқыға колхоздың таңбасын күйдіріп басады, әскерге жіберілетін аттарды іріктейді, асаулар үйретіледі. Осқырына жер тарпыған айғырлардың төбелесі, ойнақ салып жарыса шапқан тай-құлындар, бұғалық салған кездегі аспанға шапшыған асаулар --- жатсақ-тұрсақ тауыса алмайтын әңгімеміз. Және де бәріміздің аузымыздың суы құрып сөз ететініміз --- Тоқтар. Кәдімгі, маған күнде бояу қарындаш берігі «Нәзира әпкеңді шақыршы» деп жалынып жүретін Тоқтар. Бұ күндерде өзі қолы тимейтін болу керек, біздің үйді жиі торуылдауын қойған. Үш күн, төрт күнде бір: − Қанат, өзің білесің ғой, бүгін уәделі жерде жолығайық,- дейді қулана жымиып. Сол күні мен ымырт үйіріле әр түрлі сылтау айтып Нәзира әпкемді ертіп шығамын да, өзім көз жазбай бақылап қарап тұрып, екеуін бір шай қайнатымдай ғана сөйлестірем. Онан соң Нәзира әпкемді алдыма салып үйге алып кірем. Екеуі менің осы қызметіме де өлердей риза. Өйткені мен болмасам өйтіп те кездесе алмас еді ғой, апамның қатал мінезі белгілі, Нәзираның жалғыз өзін мүлде тырп еткізбес еді. Менімен бірге шығатын болған соң күдіктенбейтін болу керек, апам онша қадалып, тексеріп жатпайды. − Көп жүрмей тез қайтыңдар,- дейді де қояды. Сол Тоқтар әскерге жарайды деп іріктелген аттардан күнде бір асау үйретеді. Небір жүген-құрық тимеген құр асауларға тақымы тиді-ақ болды, жалына мысықша жабысады да тастай қатып айырылмайды. Мейлі аспанға шапшысын, мейлі мөңкісін бірақ одан жығылар Тоқтар жоқ. Қайта біраз тулатып-тулатып алғаннан кейін қос өкпеге тепкілеп, әрлі-берлі ойқастата көсілтіп шабады, қамшыны да басады аямай. Сөйтіп, біраз шапқаннан кейін ала өкпе болған асаудың үсті-басы ақ көбік тер болып, сайтаны бастыға бастайды. Ал кешкісін құр осқырынғаны болмаса таңертеңгідей аспанға шапшуға де, мөңкуге де шамасы келмей титықтап кеп, кермеде ауыздықты күтір-күтір шайнап, таң асуға қаңтарылады. Ертеңіне кез келген адам ерттеп мініп, жүре беруіне болады. Күн сайынғы Тоқтардың асау үйретуі біз үшін дүниеде теңдесі жоқ қызық көрініс. Тоқтарды да, ол үйреткен асауларды да менсінбейтін бір-ақ адам бар, ол --- колхоздың бригадирі Байдалы шал. − Тәйірі, осы күнгінің жылқысы жылқы ма,- деп насы байды аузына тастап жіберіп, астыңғы ернін тырсита малжаңдап тұрып алады. - Сиырдың бас жібін ілмектеп мойнына тастай салсаң тұра қалады, ерттеп мініп ал да шаба жөнел, құйрығын шыжбыңдатып бір-екі шоқалақтайды да соныменен тынады. Шіркін-ай, бір асауға мінгендей боп тақымыңды қыса алмайсың ғой. Мына Тоқтарлардікі, әншейін асау үйретті деген аты ғана да. Баяғыда асауға төрт қабат арқаннан ескен бұғалықты тастап жіберіп, әлекедей жалаңдаған бес-алты жігіт өкшемізді қадап, шірене тартып, тұра қалатынбыз. Сонда әлгі асау аспанға тік шапшып сүйрете жөнелгенде етіктеріміздің ұлтаны қақырап кетуші еді. Жануарларды ұстағаныңда жылқыны емес тап бір жолбарысты ұстағандай болатынсың. Әне, асау деп соларды айтсаңшы!.. Байдалы шалдың әңгімелерін тыңдасаң, бұрын тумай, қазіргі заманда туғаныңа өкінесің. Бүгінгінің адамдары да қораш, малдары да азғын, ең аяғы иті екеш итіне дейін бұралқы. Ал біздерді --- балаларды ол мүлде іске алғысыз деп біледі. − Мұрындарын сүрте алмай жүрген осыларды қойшы. Баяғыда бұлардың жасында өзіміз отау тігіп, үй болып едік. Ал бұ түгелер ертеңнен қара кешке салпақтап киім тоздырып, ойнағаннан басқаны білмейді. − Ата, сіз неше жасыңызда үйлендіңіз? --- деп сұраймыз. − Мен бе?!- ол аузындағы насыбайын алып тастап, түкірініп қойып, неше жасымда үйленгенін іштей есептеп сәл ойланып қалады. --- Маған әкем алты жасымда қыз айттырыпты. Содан он толып, он бірге шығарымда ұрын барып, келер күзінде үйлендім ғой. − Осы кемпіріңізге ме? − Жоға тәйірі. Бұл кемпіріме кейін, бертінде совет заманында теңдік алған кезде үйлендім. − Ал, әлгі, айттырып алған әйеліңіз қайда сонда? --- деп біздер де қоймаймыз. − Бәтшағарлардың тақымдауын сонша,- деп Байдалы шал шегір көздері жасаурай күлімсіреп бәрімізді сықпырта бір боқтап алады. - Қара бұларды қатын десе тақылықтай қалғандарын, оқуға осындай боп тақылдасашы, боқмұрын немелер... Кәне, аулақ жүріңдер, жылқыны үркітесіңдер! Мұнан әрі ол сөйлескісі келмейді, қолындағы қамшысын үйіріп, жасқап біздерді тас қораның аузынан кейін қарай едәуір қуып тастайды. Оның қуғанынан кетіп жатқан біз жоқ. Біраздан кейін қайта қаумалап аламыз. − Ата, әлгі бұрынғы айттырып алған әйеліңіз қайда, айтыңызшы? --- деп тағы қиыламыз жан-жақтан. Әрине, біздерге шалдың бұрынғы үйленген әйелінің қайда екені бес тиынға да керексіз, тек оны тағы да сөйлетуге, әңгіме айтқызуға құштармыз. − Немене, қайда екенін айтсам, барып ала қояйын деп пе едіңдер, қызтәләктар, ей, мұрындарыңды...- деп тағы бір сыбап алады. - Қайда болсын, оны жер жұтты дейсіңдер ме, мына Ақтасты колхозында тұрады. Бәтшағар, Тәнеке дегеннің баласымен ашына боп, сөз байласып жүреді екен, совет үкіметі орнаған соң бір түнде сонымен қашыпты да кетіпті. − Ал сіз қайттыңыз? − Қайтушы ем. Ата-бабамда қатыннан зарығып өлген ешкім жоқ, кетсе кетсін дедім. Сөйттім де бір түнде мен де мына қазіргі әжелеріңе үйленіп алдым. − Қалай үйлендіңіз сонда, ата? − Не дейді?! Қалай үйленгені қалай?! Жә, басымды қатырмай аулақ жүріңдер. Кәне, кейін тұрыңдар, жылқыны үркітесіңдер!.. Әй, Тоқтар, бүгін анау Жиренқасқа бестіні үйретші. Өзін әскерге айдап әкет кенше біраз күн мен мініп қалайын. Жануардың әкесімен әнеу бір жылы көкпарға шапқаным бар еді. − Бұл, кәдімгі, атақты Жирен айғырдың баласы ма-ей, Байдалы? --- деді шалдардың бірі. − Иә, Шіркін, айғырым-ақ еді-ау. Сонау Ұзынбұлақта болатын үлкен той есіңде ме? Жұрт көкпарды колхозколхоз боп жақ-жаққа бөлініп тартысып еді ғой. Әуелде біресе қапшағайлар, біресе қоңырлар алып, бірақ ешқайсысы ұзаққа әкете алмаған. Көкпарға бергендері бір нән серке екен, тіпті ешкім өңгеріп жүре алмай, қайта-қайта түсіріп алады. Мен болсам, жұрт біраз қызықтай түссін деп Жирен айғырды тың сақтап, шеттеу жүргем. Бір кезде шыдай алмай кетті-ау деймін, өзіміздің Байарыстан: «Ой, өңшең тыраштар, көкпарды өстіп тарта ма екен»,- деп, атын тебініп қап, тартыстың ең ортасына кіріп кетті де, серкені қос қолдап төбесіне көтеріп, суырып алып шықты. − Паһ, шіркін, азаматым, балуан еді ғой. − Серке сөз бе екен. Байарыстан дегендер құдыққа түсіп кеткен атан түйені жұлып алушы еді ғой,- деп басқа шалдар да бір-бір үн қатысып қалды. − Иә, сонымен,- деп Байдалы шал әңгімесін жалғастырды, - әлгі Байарыстан жұрт алдына өңгере алмай жүрген нән серкені лақ көтергендей төбесіне көтеріп алып шықты да: «Мә, Байеке, әкет, тарт ауылға!» деді. Серкені алдыма өңгердім де, Жирен айғырдың басын қоя бердім. Жануар, зорға шыдап тұр екен. Тақымды қысуым-ақ мұң екен құстай ұша жөнелді. Ауыл қайдасың деп аңырады-ау, дейсің. Мен болсам серкені түсіріп алмайын деп үстінен қос қолдап басып, ердің алдыңғы қасына етпеттеп жатып алдым. Осы төңіректегі алты колхоздың небір бота тірсек саңлақтарына шалдырмай ауылдан кеп бір-ақ шықтым ғой. − О, Жирен айғырлар мал емес құс еді ғой, жануар,- деп шалдардың бірі қостап қойды. -Менің де бір көкпарға түскенім бар Жирен айғырмен. Жануар көкпардың жайын адамнан артық түсінетін. − Иә, иә. Алдыңғы жылы өзін әскерге әкеткенде, әлгі боянкомның1 адамы: «Нағыз қолбасшы мінетін айғыр екен»,- деді ғой. − Сөйдеді ме тіпті?! − Міне, Жақып тірі ғой, осының көзінше айтқан. − Онысы рас,- деді сөзге сараң Жақып шал да. Бұл кезде Тоқтар әлгі Жиренқасқа бестіге бұғалық салған. Құдай сақтасын, асау деп осыны айт. Аспанға шапшыды дейсің кеп, шапшыды дейсің. Арқаннан шірене тартқан төрт-бес адамды қаңбақ құрлы көрген жоқ. Тулап-тулап, ақыры жұлып шықты да құйрығын тік шаншып ап құла дүзге бет алып, шыбын-шіркей боп жөнелді. Тоқтар ерттеулі тұрған бір атқа міне сап қуған болып еді, қайда Жиренқасқа мүлде қарасын көрсетпей кетті. − Е, бәсе, шын асау осылай болушы еді. Шіркіннің шапшуын көрдіңдер ме. Атым-ақ болғалы тұр екен,- деді айызы қанып, риза болған Байдалы шал.- Ал, бала, екі айналымға келмейтін мәстектерді үйретіп мәз болғанша, енді мықты болсаң осы Жиренқасқаны үйретші,- деді Тоқтарды қайрай түсіп. Тоқтар жылқыдан қашаған қуатын Көкбиені ұстап міне сап, Жиренқасқаның соңынан кеткен. Әлден уақытта асауды кейіп қайырып оралды. Қашаған қуып әбден әккі болған Көкбие бастырмалатып-ақ келеді екен, тіпті жалтартпайды. Жылқыға жете бере Жиренқасқа шабысын сәл баяулатып, Көкбие онымен үзеңгілесе берген. Енді байқадық: Жиренқасқа шұбатылған бұғалықтан әйеншектеп, бір қырындап, көсіліп шаба алмай келеді екен. − Қап, өстіп жүріп осы жалғыз арқанды құртады-ау,- деді Байдалы шал күйзеле сөйлеп, онан соң Тоқтарға дауыстады: --- Әй, анау арқанды... арқанды босат!.. Мұнан әрі қалай болғанына тіпті көз ілеспей қалды. Тоқтар шауып келе жатқан бойда лып етіп Жиренқасқаның үстіне бір-ақ ырғып мінді. Мұндай оқыс қимылды күтпеген Жиренқасқа ышқына кісінеп жіберді де атқақтай тулап, қарғып-қарғып кетті. Бірақ Тоқтар оның жалына тастай қатып жабысып былқ еткен жоқ. Жиренқасқа дүркірей үріккен жылқыдан кейін бұрылып ап, тулаған күйі далаға қарай қайта алып жөнелген. Шұбатылған бұғалық жерді кесіп шаң көтеріп барады. − Ойпырмай, асауға жүгенсіз мініп мына Шымырбайдың баласы жүрек жұтқан екен. − Жазым болмаса игі еді. − Арқанға аяғы шалынысып ат жығылмасын десеңші. Онда екеуінің де мойыны үзіледі,-десіп шалдар дүрлігісіп тұр. Тоқтар қақпайлады ма кім білсін, бір кезде Жиренқасқа орағыта айналып кейін бұрылды. Бері қарай өрлеу болатын, Тоқтарға керегі де сол болу керек, ал кеп қамшыны басты дейсің. Жиренқасқа жұлдыздай аққан күйде кеп қалың жылқының ортасына қойып кетті де қақ жарып өте шықты. − Бұғалық қайда қалған? − Арқан жоқ қой! --- десті жұрт. Жиренқасқа қатты шабыстан енді іркіліп, жылқыға қарай тағы оқыс бұрыла берген сәтте, Тоқтар ыршып секіріп жерге түсті, жығылған да, дәнеңе еткен жоқ, екі аяғымен дік еткен. Бағанадан не болар екен деп демімізді ішімізге тартып тұрған біздер «уһ» дедік. − Арқан қайда? --- деді Байдалы шал. − Әнеу жерде, ши қияқтың тұсында қолымнан түсіріп алғаным,- деді Тоқтар. − Пах шіркін, Жиренқасқа да ат-ақ екен, сен де ақ екенсің! --- деді ауылдың ең үлкен ақсақалы, тоқсанға келген Қуатбей шал сүйсініп. − Мен мұны өзін мігіт пе деп жүрсем, жо, жігіт екен,- деді Байдалы шал да.- Әй, Әжібек, анау ерттеулі атқа міне сап барып, арқанды алып келші. Біздің, балалардың, Тоқтарға сүйсінуімізде шек жоқ еді. Көктемге қарай біз, балалар, сиырдың түлеген өлі жүнінен алақанымызға сап домбақтап-домбақтап бір-бір жүн доп жасап алатынбыз. Бірауық көше ортасында сол жүн доптарымызбен ойнаушы ек. Неше түрлі ойындарымыз болатын: «қашпалы доп», «жұмыртқа», «шошқа доп», деп.бірінен-бірі қызық боп кете беретін. Сондай бір ойынның кезінде, қасымыздан бригадирдің атына мініп алған Әжібек өтті. Бізге таяй бергеннен-ақ қаттықатты тебініп, тізгінді жұлқа тартып аттың текірек жорғасына салды да, өзі көлеңкесіне қарап қойып, тікіреңдеп әндете жөнелді. Түбіне Қособаның жатып алдым, Біреуді мергендікпен атып алдым. Болған соң өзім батыр кімді аяйын, Өлтіріп, Байдалының атын алдым. Гик-кай-га-га-га Гик-кай-ай-ай-а-ай... Біз болсақ ойынымызды тоқтатып аузымызды ашып, оған қызыға қарап қалғанбыз. Әжібек анадай жерден аттың басын кілт қайта бұрып, біздің қасымыздан тағы да бір ойқастата әндетіп өтті. Қыз Жібектің тұсына кеп, Төлегенді өлтіргенін естірткенде, сірә Бекежан да Көкжорғамен дәл осылай ойқастатқан шығар дейміз. − Әй, Әжібек,- деді осы кезде көшенің сонау басындағы үйінің алдында тұрған Байдалы шал бүкіл ауылды басына көтере айқайлап. - Ә, әкеңнің аузын, басыңды... шақша бас! Әй, мен саған шаппай барып суғар дедім, ғой!.. Желкең үзілгір, қинама атты!.. Әжібек болса бет-аузын қисаңдатып оны мазақтап қойды: − Кинәмә әтті,- деді тілін шайнай мәңкілдеп, - Өй, кәкпәс. Өлтіріп кеттім бе десем тірі тұр ғой, әлі. Әрине, Байдалы шал алыстан мұның бет-аузын қисаңдатып мазақтағанын да, айтқан сөздерін де көріп, естіп тұрған жоқ. Әжібек көлеңкесіне қарап қойып: Гик-кай-ги-га-га-га Гик-кай-ай-а-ай... − деп еліре әндетіп, атты тағы да езулеп, тебіне түскен. Едәуір ұзап барды да кенет тізгінді тартып, тағы кейін қайырылды. − Әй, Қанат, бері келші! --- деді маған. Мен жүгіріп қасына барғам. − Сен неғып жүрсің мұнда?! --- деді қабағын шытып. --- Дабай, үйіне қайт! Көкеңнен қаралы қағаз кеп, жұрт соны естірткелі үйіңе жиналып отыр, ал сен болсаң, панимайш, ойнап жүрсің. Өй, доп қуған дозар!.. Мұнан әрі не болғаны анық есімде жоқ, үйге жүгіріп қалай жеткенім, талып жатқан апамның үстіне қалай құлап түскенім, әйелдердің бетіме су бүріккені --- бәрі еміс-еміс қана. Құлағымда тек азан-қазан жылапсықтаған дауыстар, ауыл адамдарының өң мен түстей бет әлпеттері: бірінен кейін бірі дауыстап келіп жатыр, кейбіреулері құшақтап жылап менімен де көріседі, ондайда өне бойым ұйып, тұншыға бастаймын, бетіме біреулер тағы да су бүркеді... Түннің бір мезгілінде талықсып ұйықтап кетіппін. Таңертең оянып, басымды көтерсем: үй ішінде ауылдың кемпір-шал, қатын-қалаштары шай ішіп отыр екен. Дастарқан үстінде әр үйден келген: бауырсақ, туралған таба нан, қазан жаппа, ірімшік-құрт, сүтке шыланған талқан. Көзім әжеме түскен, бет-аузынан сау-тамтық жоқ, жосадай боп тырналған, көгеріп ісіп, көлкілдеп тұр, өзі жиі-жиі: «У-уһ!» --- деп күрсініп қойып, шай ұрттайды. Дастарқан басынан апам көрінбеген, кейіннен байқадым, мен жатқан кереуеттің түбінде жерде шалқасынан жатыр, көзі жұмулы, тек кеберсіген ернін ғана жыбырлатады. Қасында оты рған әйелдердің: − Басыңды көтеріп, ыстық шай ішші,- дегендеріне үндемейді. Маған ешкім көңіл аударған жоқ. Кереуеттен сырғып түстім де сыртқа шықтым. Сәске кезі боп қалған екен. Күн күндегісіндей жаймашуақ маужырап тұр. Есік алдында екі-үш самауыр қойылыпты, жерошақ қазылып, қазан асылып жатыр. Көкемнің бәсіресі атап, көкем соғыстан аман-есен қайтқан күні соямыз деген, ала қыстай үй-ішіміз боп тегіс мәпелеп, басқа малдан ерек күтіп жемдеген, шөптің де тәуірін соның аузына ұстаған Көксеркенің терісі қораның іргесінде ілулі тұр. Әрине, қазанда асылып жатқан --- сол Көксеркенің еті. Көрші-қолаң әйелдердің бірі шай демдеп, бірі қазанның көбігін алып жатыр, енді бір-екеуі қол диірменді орталарына алып, қаптың түбінде қалған соңғы бидайдан үн тартып отыр. Кәдімгі, ауылдағы қаралы қағаз келген қаралы үйдің қалыпты әрекет-тіршілігі. Мені сәл таңдандырған --- отын бұтап жүрген адам болды. Әдетте мұндай шаруаны ең жақын туыс-туғаның атқаруы тиіс, ал біздің үйдің отынын Тоқтар жарып жүр. Ол бізге ешқандай да жақын туыстуған емес қой деп таңданам. Нәзира әпкемді іздестіргем, анадай жерде иінағашпен бұлақтан су әкеле жатыр екен. Өңі сынық, тұнжыраңқы, ешкімге көз салмастан, бос тұрған самаурынның біріне әкелген суының бір шелегін құйып, от тұтатты. Мен үйдің бұрышында күн шуақта екі тіземді құшақтаған күйі ұзақ отырдым. Үйдің ішінен жылаған дауыс шыққанда селк ете түскем, әжем екен жоқтау айта бастаған. Зарлы қоңыр даусы өне бойымды дірілдетіп жіберді. Құлыным кетті-ау, бел асып, Беліне белбеу жарасып. Жарасқаны құрысын-ай, Қапыда қалдым адасып... А-ай... деген кезде, көз алдыма беліне белбеу буынған көкем келді, со күйі түсі суық, артынан жылап-сықтаған бізге еш қайрылмастан, адымдай басып бел асып кете барады; дәл бір отынға баратын адамша жайбарақат адымдайды, бірақ енді бізге еш уақыт қайтып оралмайтындай боп кетіп барады; өзі жападан-жалғыз... «Қайда барасың, көке-ау, бізді тастап? Қайда кеттің?».. Ып-ыстық жас көзіме құйыла берді. Көз жасының ып-ыстық болатынын мен сонда бірінші рет сездім. Дауыстап жылап жібере жаздап, өзімді-өзім зорға тежеп тістеніп, бетімді екі тіземе бастым. Әлден уақытта біреу басымнан сипады, қарасам Тоқтар екен. Оның да көзі жасқа толып, иегі дір-дір етіп, тістеніп қасымда отыр екен. Оған қарай еңкейе беріп, баурына бетімді басқан күйде еңіреп жылап жібердім. − Қанат... Қанат... Ол басымнан, арқамнан сипап жұбатқысы келеді, мен онан сайын өкси түсем. Біраз жылаған соң ішіме толған ащы өксік түгел сыртқа шығып, көкірегім босағандай болды. Жылауымды қойып, басымды көтердім. Іштегі жоқтау айтқан әжемнің даусы да басылыпты. − Беті-қолыңды жу,- деді Тоқтар шәугімнен қолыма су құйып. Салқын сумен жуынып, есімді жинап, сергиін дедім. Тоқтар өзі де жуынды. Нәзира әпкем екеумізге үйден сүлгі алып шығып берді, өзінің көзі ісініп қызара жасаурап тұр екен, мені жылатқысы келмеді-ау деймін, қабағын шытынып, тез теріс айналып кетті. − Сен еркексің ғой, бүйтіп көп жылай берме,- еді енді Тоқтар. - Әйтпесе, әне, апаң қайта-қайта қысылып қап жатыр, сенің жылағаныңды көріп онан әрмен қиналады ғой. Осы кезде есік алдына колхоз бастығы --- Нұғыман кеп атынан түсіп жатқан, Тоқтар со кісіні қарсы алуға тұрып кетті. Нұғыман өлікке әсте жылап келмейтін адам, қаралы үйге ылғи осындай жылау-сықтау басылдыау деген кезде келіп, көңіл айтып қана шығатын. Оған жылауға да және жылап-сықтау дауыс шыққан жерге баруға да болмайтын. Бір кездері --- колхоз ұйымдастыру жылдарында оны бай-құлақтар өшігіп, тірідей жерге көмген екен, содан аурулы боп қалған. Аурулы екені түрінен де белгілі, ап-арық, жағы суалған, көзі бажырайып, еш уақытта күлмейді. Қасында тұрған адамға қарағанның өзінде, бір түрлі, сонау алысқа қарап басқа бірдеңені ойлап тұрғандай болады. Соғысқа дейін пенсия алып, ешқандай жұмыс істемейтін. Үйінің төңірегіне бау-бақша өсіріп, ермек етіп, тау бөктеріндегі жабайы алмаларды екпе алмамен будандастырам деп әуре болған көрінеді. Ал соғыс басталып, дені сау еразаматтар тегіс майданға аттанған соң, амалы жоқ, колхозға бастық болған. Үйге кірген Нұғыман көп отырмастан қайта шықты. Нәзира әпкемді шақырып алып, хал-жағдайымызды сұрады да бір парақ қағаз жазып берді. Осы қағаз бойынша колхоздан жәрдем ретінде бір қой, екі пұт ұн алыңдар,- деді. - Тоқтар қалқам, сен өзің жәрдемдесерсің. − Мақұл, аға. Атына мініп кетуге ыңғайланған Нұғыман: − Нәзира шырағым, егер бірдеңе қажет болса ұялмай өзіме кел,- деді тағы да. Сөйтті де атын тебініп жүріп кетті. Бағанадан байқап тұрғам, маған бастықтың аттан түсісі де, мінген кезі де, ат үстінде отырғаны да бір түрлі қызық көрінді. − Онысы несі? --- деп сұрағам Тоқтардан. − Кеудесіне көрсет киеді,- деді. − Ол не? − Темірден жасаған кеудеше. − Онысы несі, оқ өтпесін дей ме. − Әй, Қанат-ай, қайбір жетіскенінен киеді дейсің. Кеудесі ауру ғой, оның үстіне екі қабырғасы және жоқ. − Қабырғалары қайда кеткен? − Анау жылдары бай-құлақтар жерге тірідей көмгенде екі қабырғасы сынған екен, кейін оны операция жасап алып тастады. − Ә-ә... Қаралы қағазға қарап отырып апам көкемнің қырқынберетін күнді есептеп шығарған. Соған әзірлене бастадық. Анадағы колхоз берген қойды әжем аннан-мұннан қаққыштап жем тауып байлап әжептәуір семірткен болатын, соны сойып алдағы жұмада құдайы тамақ бермекпіз. Үйде отын жоқ еді. Нәзира әпкем екеуміз таудан тобылғы шауып әкелуге шықтық. Екеуміз түске дейін жүріп, бүр жарып гүлдей бастаған тобылғыдан әрқайсымызға арқалап жүре алатындай етіп лайықтап екі арқа тобылғы шауып алдық. Нәзира әпкем оларды тап-тұйнақтай ғып буды да төмен қарай домалатып жібердік. Табанға түскен соң өздіөзіміздің тобылғымызды арқалай бастағанбыз, ауыл жақтан қылтадан сопаң етіп Тоқтар шыға келді. Анадайдан сүйінші сұрайтын адамша ыржиып күліп келеді. − Екеуіңнің отынды қалай домалатқандарыңды бағанадан көріп тұрдым,- деп қояды. − Мұның не, Тоқтар-ау?! Әнеу күні келісіп едік қой,- дейді Нәзира әпкем абыржып. Әнеу күні бұл екеуі менің алдымда: «сөзге ілікпеу үшін, күндіз жұрт көзінше кездеспейік, бір-бірімізді көрсек, анадайдан бұрылып кетейік»,- деп келіскен болатын. Оның үстіне соңғы кездері апам бұл екеуінің жиі-жиі кездесулеріне наразы еді. Бірде Тоқтарды тоқтатып алып: − Қарағым, мен сені артықсынбасам кемсінбеймін. Қызымды сенен артық ханның баласына берер деп пе ең. Тек, уақыт болса мынадай, сенің алдыңда әлі әскери міндетің тұр. Соны өтеп, аман-сау қайт. Қайтқан күннің ертеңіне үйге кеп қолынан жетектеп кетсең «тек» демеймін. Ал оған дейін басын қатырып, ұятқа қалдырма. Тоқтар қып-қызыл: боп ұялып: − О не дегеніңіз, тәте?! О не дегеніңіз?! Мен ондай емеспін ғой... Ондай емеспін...- дей берген. Сонан бері екеуі кездессе де, қас қағымдай уақыт қана сөйлесіп, ете сақ жүретін. Енді, міне Тоқтардың артымыздан келісі мынау. − Апам байқап қалады ғой, Тоқтар-ау... − Нәзира, маған шақырту келді, ертең жүрем,- деді Тоқтар күліп. − Біржола ма? − Иә, біржола. Осы ауылдан ертең таңертең төрт адам аттанамыз. Әкем мен шешем де мені шығарып салуға осында келген, қазір нағашымдікінде отыр. Жаңа сытылып әзер шықтым. − Тоқтар-оу, Тоқтар-оу... сен әлі жас емессің бе?! Мұның не?!. Нәзира әпкем өзі арқалайтын тобылғының үстіне теріс қарап отыра кетті. − Құдай-ау, соғысқа баруға сен әлі жассың ғой...- деді тағы да, Нәзира әпкемнің даусы дірілдеп, соншалық аянышты шықты. Тоқтар болса со күлген күйінде тұр, біресе маған, біресе Нәзираға жалтақтап қарай береді. Әлден соң Нәзира әпкем со теріс қарап отырған қалпында басына тартқан орамалын алып көзін сүртті. − Жарайды, кешкісін уәделі жерге кел, біз Қанат екеуміз күтеміз,- деді. Ол тобылғысын арқаламақ болған, бірақ Тоқтар оған көтертпей өз иығына салып алды. Сөйтіп ауылға кіре беріс көшеге дейін көтеріп барды. − Енді аз қалды ғой, өзіме бер,- деді Нәзира әпкем. Тоқтар тобылғыны жерге қойып, екеуі бір-біріне қарсы қарап тоқтаған. Тоқтар со бұрынғысынша күліп тұр, ал Нәзира әпкемнің көзі жасаурай береді. Тоқтардың бетінен сипады, онан қолынан ұстады. − Келші кешкісін,- деді қайталап. Кешкісін мен Нәзира әпкемнің ақылымен мал қоралаған кезде, (мал дегенде үш ешкіміз болатын) тік мүйіз сары ешкіні жекелеп бөліп, ауылдың сыртына қарап айдап жібердім. Сөйттім де апақ-сапақ шақта апама келіп: − Әлгі тік мүйіз сары ешкі жоқ, жалғыз іздеуге қорқам,- дедім. − Әне, Нәзира екеуің іздеп келіңдер. Өзіміздің де тілегеніміз осы еді, зытып далаға шықтық та, уәделі жерге қарай жүгірдік. Нәзира әпкем екеуміз ойлап тапқан қулығымызға мәз боп күлеміз. Қазір Тоқтар келген соң, апамды қалай алдап шыққанымызды оған да айтпақпыз. − Қанат-ай, сен сонан кейін, анау жерге барып тұр, жарай ма? − Қорқам ғой. − Қорықпа. Неменеден қорқасың?! Мә, қолыңа мына таяқты ұстап ал. − Мақұл. Тек сендер көп сөйлеспеңдер. − Жо, көп сөйлеспейміз. Біз естіп тықыршып Тоқт

Use Quizgecko on...
Browser
Browser