44-66.docx PDF - Tatar Language Past Paper
Document Details
Uploaded by MerryOpossum9166
КазНМУ им. С.Д. Асфендиярова
Tags
Summary
This document appears to be an academic paper on Tatar language grammar, specifically focusing on word classification. It discusses the different types of words and how they have been categorized by different theorists throughout history.
Full Transcript
44\. **Сөз таптары, сөз таптарының шығуы мен дамуы.** Сөздер алуан түрлі, олар тек мағынасы жағынан ғана емес, грамматикалық құрамы, атқаратын қызметі жағынан да түрлі-түрлі. Тілдегі сөздердің бұл ерекшелігін ғалымдар ерте байқап, сонымен байланысты тілдегі сөздерді топтастыру мәселесі туындаған....
44\. **Сөз таптары, сөз таптарының шығуы мен дамуы.** Сөздер алуан түрлі, олар тек мағынасы жағынан ғана емес, грамматикалық құрамы, атқаратын қызметі жағынан да түрлі-түрлі. Тілдегі сөздердің бұл ерекшелігін ғалымдар ерте байқап, сонымен байланысты тілдегі сөздерді топтастыру мәселесі туындаған. Тілдегі сөздерді топтастыру мәселесі тіл білімі ғылымында алғашқы Аристотельдің сөздерді есім және етістік деп бөлгенінен басталған. 1914 жылы баспадан шыққан А.Байтұрсыновтың «Тіл құрал» атты оқулығында сөздерді алдымен атауыш сөздер, шылау сөздер деп екі үлкен топқа бөлген. Атауыш сөздерге: зат есім, сын есім, сан есім, есімдік деген бес сөз табын жатқызған. Ал, шылау сөздерге үстеу, демеу, жалғаулық, одағай сөздерді жатқызған. Бұл қазақ тілінде жазылған алғашқы оқулық екені белгілі. Ахмет Байтұрсынов «Тіл құралдың» 1915 жылғы басылымында сөз таптары туралы пікіріне біраз өзгерістер енгізген. Оқулықтың бұл басылымында ғалым сөздерді бұрынғы басылымдағыдай екі үлкен топқа бөлмеген. Сөздерді 9 топқа бөлген: зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу, демеу, жалғаулықтар, одағай. Қ.Жұбанов тілдегі сөздерді басқаша таптастырады. Ғалым сөз атаулыны мүшелі, мүшесіз деп екі топқа бөліп, мүшелі сөздерді түбір және шылау деп бөледі де, мүшесіз сөздерге одағайды жатқызады. Ал түбір сөздерді зат есім, сын есім, сан есім, мезгіл, мекен есімі, орынбасар, етістік. Демек, бұл алты сөз табына шылау мен одағайды қосқанда, ғалым 8 сөз табын таныған. Сонымен, бұл кезеңдерден соң мына сөз таптары танылды: *1. Зат есім. 2. Сын есім. 3.Сан есім. 4. Есімдік. 5. Етістік. 6. Үстеу. 7. Шылау. 8. Одағай.* Бұл сөз таптарын А.Байтұрсынов белгілеген, тек Байтұрсынов екі сөз табы деген жалғаулық пен демеулікті Қ.Жұбанов қосып, шылау атаған. Бұл сегіз сөз табы қазақ тілі грамматикаларында 1952 жылға дейін өзгеріссіз қолданылып келді. 1952 жылы А.Ысқақов оған еліктеуіш сөздерді қосты. 2002 жылға дейін 9 сөз табы танылып келді. Олар: 1. Зат есім. 2. Сын есім. 3.Сан есім. 4. Есімдік. 5. Етістік. 6. Үстеу. 7. Еліктеуіш сөздер. 8. Шылау. 9. Одағай. Бұл сөз таптары барлық грамматикаларда көрсетіліп жүр. Тек 2002 жылғы «Қазақ грамматикасында» модаль сөздер сөз табы ретінде қосылып, онда 10 сөз табы берілген. Бұл шолудан қазақ тілінде сөздерді таптастыру мәселесі әр кезеңде әр түрлі шешіліп, бұл мәселеде ғылымда әр түрлі пікірлер болған. Осыдан келіп, оның себебін анықтау қажеттігі туады. Олар төмендегідей: 1\. Қазақ тілі бай тіл, оның сөздік қоры алуан түрлі және ол сөздердің даму дәрежесі де ерекшелікке толы. Тіл даму үстіндегі құбылыс, сондықтан ол түрлі өзгеріске ұшырап отырады. Ол өзгерістер сөздің лексикалық мағынасына да, грамматикалық мағынасына да қатысты. Лексикалық өзгерістер сөздің көп мағыналығы мен омонимдігіне қатысты болса, грамматикалық өзгерістер нәтижесінде тілде түрлі грамматикалық қызмет атқаратын көмекші сөздер пайда болған. Бұл жағдайлардың бәрі сөздерді таптастыруды қиындатады. 2\. Ғылым, оның ішінде тіл білімі де үнемі дамып отырады. Бұл сөздерді таптастыру теориясына да қатысты. Ғылым дамыған сайын сөздерді таптастыру теориясы да айқындалып, ол теорияның ғылыми негізі қаланып, сөздерді ғылыми негізге таптастыру жүзеге асады. Бұл жағдайлардың бәрі тәжірибеде сөздерді таптастырудағы өзгерістерді туғызады. Сондықтан қазақ тілінде сөз таптарының танылуында әр кезеңде болған түрлі өзгерістердің өзіндік себебі бар. Сонымен бірге, тілдің дамуына байланысты өзгерістер, қолданыста қосылатын түрлі өзгерістер сөздерді таптастыру мәселесін қиындата түседі, пікір алалығын туғызып, таластар да туып жатады. Қазақ тіл білімінде сөздерді таптастыру теориясын, сөздерді таптастыру мәселесін зерттеген ғалым А.Ысқақов, бұл мәселеде С.Исаевтың да ғылыми пікірлері бар. Қазақ тілінде сөздер екі түрлі топтастырылады: 1) сөздерді 3 топқа бөлу, 2) сөздерді әр түрлі жеке-жеке сөз таптарына бөлу. **45. Зат есімнің лексика-грамматикалық сипаты** Зат есім сөздердің бәрі заттық ұғым сияқты жалпы мағынаны білдіргенімен, іштей зат есім сөздер нақты мағыналары жағынан бір-бірінен ерекшеленеді. Мысалы, қыз, жігіт, жар, баға, сұлулық, арман деген зат есім сөздер қолданылған. Осы алты зат есім сөздің бәрінде де заттық ұғым бар. Бірақ олардың мағынасында әр түрлі ерекшелік бар. Осындағы қыз, жігіт, жар деген зат есім сөздердің мәнін, түрі, түсі тұлғасын көзбен көріп, қолмен ұстауға болады. Сондай-ақ олар адам атаулары, жанды затты білдіреді. Ал, баға, сұлулық, арман деген зат есімдер жоғарыдағы зат есімдерге қарама-қарсы. Олардың мәнін, мағынасын оймен, санамен гана түсінуге болады, олардың нақтылы мағынасын көзге елестететін белгісі жоқ. Ал, кітап, қалам, гүл, жеміс, мал сияқты зат есім сөздерді алсақ, олар- адамнан басқа заттардың аты, кітап, қалам деген зат есім сөздер-әр түрлі заттардың аты, сол арқылы ол басқа заттардан ажыратылады. Осындағы гүл, жеміс, мал деген зат есім сөздер бір тектес әр түрлі заттардың аты, гүл: қызғалдақ, сарғалдақ т.б. гүлдердің жиынтық аты. Жеміс дегенде алма, қарақат, алмұрт, шие т.б жемістердің жалпы аты. Мал деген зат есім сөз де сиыр, қой, ешкі, түйе, жылқы сияқты әр түрлі үй жануарларының жалпы аты. Осы мысалдар зат есім сөздердің мағынасы әр түрлі екенін дәлелдеді. Осымен байланысты зат есім сөздер түрлі ірі мағыналық топқа бөлінеді, олар: 1) адамзат, ғаламзат атаулары, 2) жалпы, жалқы зат есімдер, 3) деректі, дерексіз мағыналы зат есімдер, 4) дара, жинақтық мағыналы зат есімдер, 5) әр түрлі реңк мәнді зат есім сөздер. Зат есім сөздер құрамы жағынан әр түрлі, олар: 1\. Негізгі түбір зат есімдер. Мысалы, аға, ана, әке, ана, су, ағаш, тоғай т.б. Негізгі түбір сөздер грамматикада негізгі морфема деп те аталады, өйткені негізгі түбір зат есімдердің құрамын бөлшектеуге болмайды, ол бІр морфемадан тұрып, лексикалық мағынаны білдіреді. Олар сөйлемге біртұтас лексема, сөз ретінде кіреді. 2\. Сөйлемде туынды түбір зат есім сездер қолданылады. Олардың құрамы негізгі түбір мен сөзжасамдық жұрнақтан құралады (дәрігер), кейде туынды түбір сездің құрамында бірнеше сөзжасамдық жұрнақта болады (ег-ін-ші---лік), бұл туынды түбір сөздің туыңды түбір уэждеме сөзден жасалуына байланысты **46. Адамзат зат есімдері мен ғаламзат зат есімдері** **Адамзат атаулары** Тілдегі зат атауларының бір тобы адамға қатысты атауларды ғана білдіреді. Мысалы, әке, шеше, ата, бала, ғалым, жұмыскер, инженер, әнші, нағашы, жиен, келін, құда, құдағи т.б. Зат есім сөздердің екінші тобы адамнан басқа жан-жануарлар мен түрлі заттардың атын білдіреді. Мысалы, арыстан, түлкі, торғай, маса, үй, көше, қала, өзен, теңіз, тау, ауыл, дүкен, нан, киім, орындық, құс, шөп, қант, т.б. Зат есім сөздердің осы екі тобы грамматикалық кім? Не? Сұрақтары арқылы ажыратылады. Адамзат атаулары кім? Деген сұраққа жауап береді. Мысалы, Абай Павловтан тағы бір түйінді жайды сұрады (М.Ә.). Шөбек балаларын Ақанға қас қылған улы тілі (М.Ж.). Осы мысалдардағы Абай, Павловқа, Шөбек, балаларын, Ақанға деген зат есім сөздер кім? Кімге? Кімнің? Кімін? Кімге? Деген сұрақтарға жауап береді, өйткені олар зат есім ішінде адамзат атаулары мағыналық тобына жатады. **Адамзат атауларына:** 1) адамға қатысты жалпы атаулар: қыз, жігіт, кісі, кемпір, шал, келіншек, қалыңдық, бала, әйел т.б. 2) туыс атаулары: әке, шеше, ата, әже, аға, апа, жезде, немере, шөбере, нағашы, жиен, бөле, құда, күйеу, құдаша т.б. 3) мамандық иелерінің атаулары: егінші, малшы, суретші, әнші, дәрігер, ғалым, сатушы, оқытушы, жазушы, сыншы, тілші, суретші т.б. 4) қызмет, лауазым атаулары: бастық, хан, ханым, басшы, әкім, орынбасар, сұлтан т.б. 5) кісі аттары: Асқар, Әсет, Әсел, Балқия, Оспан, Қанат, Зейнегүл, Жасұлан т.б. жатады. **Ғаламзат атаулары** Зат есімдер ішінде адамнан өзге барлық жанды-жансыз зат атаулары ғаламзат атауларына жатады да, не? Деген сұраққа жауап береді. Олар: 1) адамды қоршаған барлық жансыз заттардың аты: ағаш, көл, топ, жол, машина, ұшақ, жастық, қала, ауыл, үстел, орындық т.б. 2) жан-жануарлар атаулары: қасқыр, қоян, жолбарыс, аю, құс, қарлығаш, бөдене, балық, мысық, ит, бүркіт, кене, құмырсқа, өрмекші т.б. 3) өсімдік атаулары: жусан, алма, сәбіз, қызылша, қарбыз, қауын, пияз. 4) үй-жануарлар атаулары: ат, жылқы, түйе, сиыр, ешкі, тауық, қаз, үйрек. 5) балық атаулары: шортан, сазан, табан, алабұға. 6) тамақ атаулары: сүт, ірімшік, қаймақ, қатық, құрт, сүзбе, қымыз, қазы, қарта, жал, жая, тоқаш. Т) құрал атаулары: мылтық, пышақ, шоқпар, қайшы, бұрғы, сүзгі, шапқы, шалғы, найза, қайрақ, қармақ, күрек т.б. 8) құрт-құмырсқа, жәндік атаулары: қоңыз, өрмекші, құмырсқа, шыбын, кесіртке, ара, сона. 9) мекен-жай атаулары: жатақхана, мейманхана, асхана, наубайхана, емхана, дәріхана, қора, үй, бөлме т.б. 10) жер-су аттары: Алматы, Алатау, Балқаш, өзен, көл, теңіз, Қарағанды, Баянауыл, Талдықорған, Жетісу т.б. Ғаламзат атаулары өте көп, оларды түгел атау мүмкін емес, мұнда күнделік өмірде жиі кездесетін ғаламзат атаулары қамтылды. 47\. **Жалпы және жалқы зат есімдер** Заттарды бір-бірінен ажырату үшін, әр затқа берілген жалпы атау жалпы есім аталады. Мысалы: қалам, қарындаш, дәптер, кітап, қағаз, орындық, үстел, мұғалім, үй, көше. Қала, тау, көл, ауыл т.б. Осындай зат атауларын алсақ, олар- өмірде бірінен-бірі басқа-басқа заттардың аттары. Сандық жағынан алып қарағанда, олардың әрқайсысы да көп бола береді. Олар жалғыз заттың дербес аты емес. Сондықтан да бұл сөздер бір тектес көп затқа ортақ, жалпы атау болғандықтан, олар жалпы зат есім деп аталады. Жалпы есім деректі де, дерексіз де болады. Заттардың жалпы атауларымен бірге, белгілі бір затты ғана атайтын, заттың дербес аты да болады. Мысалы, Абай, Құнанбай, Мағауия, Мағжан, Сәбит, Ғабит, Ғабиден, Ахмет, Тайбурыл, Құлагер, Алатау, Балқаш, Көкшетау, Тараз, Алматы, «Абай жолы» т.б. Бұл мысалдардың әрқайсысы белгілі бір заттың ғана емес, олар: бір кісінің аты (Абай, Құнанбай, Сәбит, Ғабит, Ғабиден, Ахмет), үй жануарларына берілген дербес атаулар (Тайбурыл, Құлагер), географиялық атаулар (Алатау, Балқаш, Көкшетау, Тараз, Алматы), кітап аты («Абай жолы»). Осы атаулардың қайсысы болсын нақтылы бір затты ғана атайды. Жеке бір затқа ғана берілген атаулар жалқы есімдер деп аталады. Жалпы есімдер мен жалқы есімдер жазуда бір-бірінен ажыратылады. Жалпы есімдер кіші әріппен жазылады (су, көл, көше), жалқы есім бас әріппен жазылады (Қадыр, Хамит). Жалпы есімдер мен жалқы есімдердің бір-біріне ауысу мүмкіндіктері бар. Мысалы, Арыстан Оспанұлы, Жібек Есетқызы, Мақпал Асанқызы, Бөлтірік Хасенұлы, Гауһар Сұлтанқызы, Барыс Ақатұлы деген мысалдардағы Арыстан, Жібек, Мақпал, Бөлтірік, Гауһар, Барыс деген кісі аттары арыстан, жібек, мақпал, бөлтірік, гауһар, барыс деген жалпы есімдерден жасалған. Сондай-ақ, тілде жиі қолданылатын алматылық, қарағандылық, атыраулық, ақтаулық сияқты жалпы есімдер жалқы есім сөздерден жасалған. Жалқы есімдерді кісі аттары, географиялық атаулар, кітап, газет, журнал атаулары, уақиға, тарихи құбылыс, ұйым, ұжым, мекеме атаулары, ән-күй атаулары деп бөлуге болады. Олар: 1) Ахмет Байтұрсынов, Құдайберген Жұбанов, Қаныш Сәтбаев, Зейін Шашкин, Мұқағали Мақатаев т.б. Бұлар кісі аттары. 2)Орал, Қаратау, Каспий теңізі, Іле, Талдықорған, Шымкент, Қызылорда, Абай даңғылы т.б. Бұлар географиялық атаулар. 3) «Егеменді Қазақстан», «Жұлдыз», «Ұлпан», «Мөлдір махаббат», «Айқын» т.б. Бұлар газет, журнал, кітап аттары. 4) «Қазан төңкерісі», «Алаш», «Отан соғысы», «Алматы қаласының әкімшілігі» т.б. Бұлар тарихи құбылыс, ұйым, мекеме атаулары. 5) «Балбырауын», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Дариға, сол қыз», «Жас қазақ», «Сағындым», «Ұстазым», «Құлагер», «Қорлан», «Әселім», «Сарыарқа», «Адай», «Сылқылдақ» т.б. Бұлар ән-күй атаулары. 48\. **Көмекші есімдер** **Көмекші есім**--- дегеніміз зат есімнің кеңістік ұғымын білдіретін бір тобы. Жеке алып қарағанда, олар морфологиялық тұрғыдан зат есімдердің түрленуге бейімділігі бар дербес мағыналы сөздер. Көмекшілік кызметте жұмсалған кезде бұл сөздер тәуелдік жалғауының үшінші жағында тұрып тәуелдеулі септеудің үлгісімен септеледі. Көмекші есімдерге тән кеңістік мәнінің мейлінше айқындала, саралана түсуі олардың кеңістік қатынасты білдіретін барыс, жатыс, шығыс септіктерінде жұмсалуымен өзектес, сонымен сабақтас. Мысалы: Есіктің алдына келіп тоқтады. Есіктің алдынан шыға келді. Есіктің алдында жатыр. Көмекші есім деп грамматикалық өзгеріске түсіп дерексізденудің нәтижесінде заттық мағынасынан айырыла бастаған тәуелдік жалғаулы көбіне мекендік септіктерде қолданылып матаса байланысқан тіркестің екінші сыңары қызметінде жұмсалатын зат есімнің кеңістік мәнді ерекше бір тобын айтады. Сан жағынан алғанда көмекші есім қазақ тілінде аса көп емес, оған мына секілді сөздер жатады: асты, үсті, алды, арты, жаны, қасы, маңы, іші, сырты, тысы, арасы, басы, түбі, бойы, төңірегі, айналасы, жан-жағы, беті, шеті, ортасы, соңы. Мысалы: Бір мезгілде қасына Көпей келді (Бақбергенов). Арыстың екі көзі ауыл маңында (Жүнісов). Бұл ауыл өзеннің басына қонған (Әуезов). Оған алд, арт, аст, қас, маң, жан, іш, туп, сырт, бас, бет, шет, түс, бой сияқты толық лексикалық мағынасы жоқ сөздер жатады. Көмекші есімдер мекенді, заттың жақын-апыстығы (ауылдың шеті, жаны, төңірегі, маңы)\\ қыры (көпірдің асты, үсті, бойы); аралығы (екі үйдің ортасы, екі көшенің арасы) тұрғысынан саралап атайды. Кейбір көмекші есімдер қыс, жаз, түн тәрізді сөздермен тіркәсіп келіп, оларды мезгілдікжағынан нақтылап, дәлдеп тұрады (қыстың басы, түннің ортасы). 49\. **Зат есімнің құрылымы** **Зат есім**--- сөйлемде заттық ұғымға қатысты ойды білдіру үшін қолданылатын сөздер. Олар сөйлемде қандай тұлғада қолдануға түсетінін білу өте қажет. Өйткені ол лексикалық сөзтұлға мен сөздердің сөйлемдегі түрленген грамматикалық сөзтұлғаны ажырату үшін керек. Зат есім сөздер құрамы жағынан әр түрлі, олар: 1\. Негізгі түбір зат есімдер. Мысалы, ага, ана, әке, ана, көл, теңіз, өзен т.б. Негізгі түбір сөздер грамматикада негізгі морфема деп те аталады, өйткені негізгі түбір зат есімдердің құрамын бөлшектеуге болмайды, ол бір морфемадан тұрып, лексикалық мағынаны білдіреді. Олар сөйлемге біртұтас лексема, сөз ретінде кіреді. 2\. Сөйлемде туынды түбір зат есім сөздер қолданылады. Олардың кұрамы негізгі түбір мен сөзжасамдық жұрнақтан құралады (дәрігер), кейде туынды түбір сөздің құрамында бірнеше сөзжасамдық жұрнақ та болады (егіншілік), бұл туынды түбір сөздің туынды түбір уәждеме сөзден жасалуына байланысты. Негізгі түбір, туынды түбір сөздің құрамы бір ғана сөзден құралатындықтан, олар дара сөздерге жатады. Морфологиялық құрамы жағынан қазақ тіліндегі зат есімдерді түбір сөзден, туынды сөзден, біріккен сөзден, қос сөзден, қысқарған сөзден, сондай-ақ күрделі құрылымнан тұратын зат есімдер деп бөлуге болады. Түбір -- сөздің морфологиялық тұрғыдан әрмен қарай бөлшектеуге келмейтін бөлшегі. Мысалы: естияр, есті, есуас, есалаң. Туынды сөз жұрнақтың түбірге жалғануы арқылы пайда болатын сөз. Мысалы: басшы, бастаңғы, бастық, басқарма. Күрделі зат есімдерде тұтас 1 ұғымды білдіретін атау ең кем дегенде 2 сөзден тұрады, сырт белгілері жағынан мұндай күрделі есім сөздердің тіркесіне ұқсайды. Мысалы: шүрегей үйрек. 3\. Біріккен зат есім сөздер екі сөзден бірігіп, бір лексикалық мағына береді. Мысалы, алаөкпе, жылаңқышөп т.б. Біріккен зат есім сөздер екі түрлі: кіріккен сөздер: ағайын (аға іні), білезік (білек жүзік), қарлығаш (қара ала құс). Кірікпеген сөздер: әнұран, алабота, бақталас, барқытшөп т.б. 4\. Қос сөз зат есімдер екі сөздің қосақталуынан жасалып, бір лексикалық мағынаны білдіреді. Мысалы, қол-аяқ, бас-сирақ, буыншақ-түйіншек, дәрі-дәрмек, ауыл-аймақ, аға-іні т.б. 5\. Тіркесті күрделі зат есімдер екі, одан да көп сөздерден жасалып, бір лексикалық мағынаны білдіреді, яғни бір затты атайды. Мысалы, күн тәртібі, ауыл шаруашылығы, күрек тіc, азу тіс, сары май, ортан жілік т.б. 6\. Қысқарған зат есім сөздер күрделі атаулардан қысқартылып жасалған сөздер. Мысалы, ҚҰУ (Қазақ ұлттық университеті), ҰПУ (Ұлттық педагогикалық университеті), ҚПҰУ (Қазақ политехникалық ұлттық университеті). Біріккен, қос сөз, тіркесті, қысқарған зат есім сөздер тілде күрделі сөздер аталады, олар сөйлемде лексикалық мағыналы бірліктер ретінде қолданылады. Дара сөздер мен күрделі зат есім сөздер сөйлемнің қажетіне қарай зат есімнің грамматикалық категорияларының көрсеткіштерін қабылдап, түрлі грамматикалық сөзтұлғада қолданылады. **50. Зат есімнің түрлену жүйесі** Зат есімнің түрленімі дейтін түсінік оның жекеше, көпше түрде қолданылу, септік, тәуелдік, жіктік жалғауларында қолданылу жүйесін қамтиды. Сөз таптарының ішінде зат есім-грамматикалық категорияларға бай сөз таптарының бірі. Зат есімнің мынадай грамматикалық категориялары бар: 1) сандылық категориясы, 2) тәуелдік категориясы, 3) септік категориясы. Бұл категориялардың әрқайсысының өзіңдік көрсеткіштері яғни тілдік бірліктері бар. Әр категорияның көрсеткіштері сөйлемде зат есім сөздерге жалғанып, оларға өз категориясының мағынасын қосып, зат есім сөзді өз категориясының грамматикалык тұлғасына көшіреді. **Зат есімнің сандылық категориясы** Сандылық өте абстракты грамматикалық категория. Сандылық категориясы жекешелік пен көптік мағыналардың қарама-қарсылығына құрылған жалпы грамматикалық мағыналы граматикалық категория. Бұл категорияның жекеше не көптік мағынасын білдіретін тілдік бірліктері яғни көрсеткіштері бар, олар: жекешелік мағынаны білдіретін нөлдік жалғау және көптік мағынаны білдіретін көптік жалғау. Көптік жалғау санауға келетін зат атауларының қайсысымен болса да, таңдамай қолданыла береді де, ол сөздерге көптік мән қосады. Мысалы, кітап, уй, бөлме, адам, қой, ат, кесе, киім сияқты т.б. заттардың бәрі көптік жалғауын қабылдап, сөйлемде көптік тұлғада қолданыла беретіні белгілі. Қазақ тілінде көптік жалғауы -лар, -лер, -дар, -дер, -тар, -тер тәрізді алты түрлі фонетикалық варианттарда ұшырайды. **Зат есімнің тәуелдік категориясы** Зат есімнің тәуелдік категориясы түркі тілдерінің, оның ішінде қазақ тілінің грамматикалық құрылысының өзіндік ерекшелігі. Меншіктілік, тәуелділік мағына барлық тілдерде бар болғанымен, ол мағынаның грамматикалық категория, оның грамматикалық көрсеткіші арқылы берілуі тілдердің бәріне қатысты емес, славян, орыс тілдерінде бұл категория жоқ. Қазак тілінде меншіктілік, тәуелділік мағынаны білдіретін грамматикалық категория бар. Ол тәуелдік категориясы. Тәуелдік категория деп бір я көп заттың екінші бір затқа меншікті екенін білдіретін категория аталады. Мысалы, менің үйім, сенің балаң, сіздің кітабыңыз, оның киімі дегендерде үйім, балаң, кітабыңыз, киімі деген сөзтұлғалар үй, бала, кітап, киім заттарының мен, сен, сіз, ол жіктеу есімдіктері атаған заттарға меншікті екенін білдіреді. Тәуелділік мағынаның жұрнақ арқылы берілуінде жұрнақ жалғанған сөз меншікті заттың иесін ғана білдіреді. Мысалы, менікі, Сәуленікі. Ортақ тәуелденуде бір я бірнеше зат бірнеше затқа я адамға меншіктілігі білдіріледі. Мысалы, Біздің баламыз (балаларымыз), сендердің балаларың, сіздердің балаларыңыз, олардың балалары. Мұнда мән иеленушіге беріледі. Мысалы, дәптер менікі, т.б. **Септік категориясы** Қазақ тілінде септік категориясының екі түрі бар: 1) синтетикалық септік және 2) аналитикалық септік. Олардың жасалу жолы мен мағынасында өзіндік ерекшеліктері бар. Септік жалғауы -- көптік жалғауы сияқты сөзбен сөздің арасын байланыстырып, оларды өзара қарым-қатынасқа түсіреді. Септік жалғаулары арқылы есімдер сөйлемдегі етістіктермен де, шылаулармен де, олардан басқа сөздермен де, тіпті өзді-өзі де қарым-қатынасқа түседі. Мысалы, Олар мектепке келді, Олар мектепке дейін келді, Оқушылар мектепте оқиды т.б. Қазақ тілінде септелудің екі түрі бар: 1.Жай септелу -- сөздердің түбір күйінде септелуі.Мысалы,үй, үй-дің, үй-ге, үй-ді,үй-де, үй-ден, үй-мен. 2\. Тәуелді септелу -- сөздердің тәуелденіп барып септелуі. Мысалы, үй-ім,үй-ім-нің,үй-ім-е,үй-ім-ді,үй-ім-де,үй-ім-нен,үй-ім-мен **51. Зат есімнің тәуелденуі, түрлері** Зат есімнің тәуелдік категориясы түркі тілдерінің, оның ішінде қазақ тілінің грамматикалық құрылысының өзіндік ерекшелігі. Меншіктілік, тәуелділік мағына барлық тілдерде бар болғанымен, ол мағынаның грамматикалық категория, оның грамматикалық көрсеткіші арқылы берілуі тілдердің бәріне қатысты емес, славян, орыс тілдерінде бұл категория жоқ. Қазак тілінде меншіктілік, тәуелділік мағынаны білдіретін грамматикалық категория бар. Ол тәуелдік категориясы. Тәуелдік категория деп бір я көп заттың екінші бір затқа меншікті екенін білдіретін категория аталады. Мысалы, менің үйім, сенің балаң, сіздің кітабыңыз, оның киімі дегендерде үйім, балаң, кітабыңыз, киімі деген сөзтұлғалар үй, бала, кітап, киім заттарының мен, сен, сіз, ол жіктеу есімдіктері атаған заттарға меншікті екенін білдіреді. Бұл грамматикалық сөзтұлғалар тәуелдік категориясының грамматикалық көрсеткіштері арқылы жасалған. Өйткені тәуелдік категориясының меншіктілік мағынасын осы категорияның тәуелдік жалғаулары, меншікті заттың иесін ілік септік білдіреді. Меншіктілік мәнді, сөз тіркесінің мүшелерінің мағыналарын білдіретін әр мүшенің құрамында белгілі қосымша, грамматикалық көрсеткіш бар. Олар: 1) иелік мәнді білдіретін ілік септік жалғау, ол сөз тіркесінің 1-сыңарына жалғанады (менің, сенің, сіздің, оның, біздің, сендердің, сіздердің, олардың). 2) меншіктілік мәнді білдіретін тәуелдік жалғау, ол сөз тіркесінің екінші мүшесіне жалғанады (ыдысым, көйлегің, етігіңіз, ағасы, Отанымыз, өлеңдерің, киімдеріңіз, ұлдары). Тәуелдік категориясының 1-жақ көпше түрінің жалғауы бары айтылды, бірақ соған қарамастан, бұтағы деген сөз бұтағымыз түрінде қолданылмай, нөлдік тұлғада қолданылып, өлеңде 1-жақ көпше тәуелдік мағынасын білдірген. Ал ниет сөзі ниеттің теңізін түрінде емес, нөлдік тұлғада қолданылып, ілік септіктің иелік мәнін білдірген. Олай болса, ілік, тәуелдік жалғаулары бола тұра, олар қолданыста нөлдік тұлғада да қолданылуы мүмкін екені анықталды. Тәуелдік мағынаның 2-берілу жолы бар, яғни меншіктілік мағына -нікі, -дікі, тікі жұрнағы арқылы беріледі. Мысалы, 1. Айтқан бойда еретін Сөз болса бір сенікі Көз жасымды көретін Көз болса бір сенікі. (Қ.М.) 2. Үй менікі демеңіз Үй артында кісі бар. Мұндағы тәуелдік мәнді сөз тіркестері: сөз сенікі, көз сенікі, үй менікі. Меншіктілік мағынаның 1-берілу жолы (жалғау) мен 2-берілу жолы (жұрнақ) арасында үлкен айырма бар. Меншікті заттың иеленушісінің көптігіне, жекелігіне қарай тәуелдену оңаша және ортақ тәуелдену болып бөлінеді. Оңаша тәуелдену деп бір не көп заттың бір адамға меншіктілігін білдіру аталады. Мысалы, менің кітабым, менің кітаптарым, сенің балаң, сенің балаларың, сіздің қаламыңыз, сіздің қаламдарыңыз, оның дәптері, оның дәптерлері. Ортақ тәуелденуде бір я бірнеше зат бірнеше затқа я адамға меншіктілігі білдіріледі. Мысалы, Біздің баламыз (балаларымыз), сендердің балаларың, сіздердің балаларыңыз, олардың балалары. Мұнда мән иеленушіге беріледі. Мысалы, дәптер менікі, т.б. **52. Зат есімнің септелуі, түрлері** Қазақ тілінде септік категориясының екі түрі бар: 1) синтетикалық септік және 2) аналитикалық септік. Олардың жасалу жолы мен мағынасында өзіндік ерекшеліктері бар. Синтетикалық септік Септік категориясы--- зат есім сөздерді сөйлемдегі басқа сөздермен байланыстыру қызметін атқаратын категория. Мысалы, Асау терек долданып, буырқанып, тауды бұзып, жол салған, тасты жарып (Абай). Осы сөйлемдегі терек сөзі долданып, буырқанып деген баяндауыштармен, тау, жол, тасты сөздері бұзып, салган, жарып етістіктерімен байланысқан. Септік категориясы заттың басқа затқа, қимыл-әрекетке қатысын білдіру үшін, зат есім сөздерді түрлендіретін категория екені анықталды. Септік категориясы 7 септіктен тұрады. Олар: 1) атау, 2) ілік, 3) барыс, 4) табыс, 5) жатыс, 6) шығыс, 7) көмектес. Септіктің бұл жалғаулары септік категориясының көрсеткіштері, грамматикалық бірліктері ретінде көрсетіліп жүргені белгілі. Ал, сөйлемде осы жалғаулармен қолданылған сөздер септік категориясының тұлғасындағы сөздер деп танылады. Мысалы, Өткірдің жүзі, кестенің бізі, Өрнегін сендей сала алмас (А.Қ.). Осы сөйлемдегі өткірдің, кестенің, өрнегін деген сөздер септік категориясының грамматикалық сөз тұлғасындағы сөздер. Сөздің септік категориясының жалғаулары арқылы түрленуін септіктің синтетикалық парадигмасы дейді. А. қыз, хат, бөлме, белбеу І. Қыздың, хаттың, бөлменің, белбеудің Б. қызга, хатқа, бөлмеге, белбеуге Т. Қызды, хатты, бөлмені, белбеуді Ж. қызда, хатта, бөлмеде, белбеуде Ш. қыздан, хаттан, бөлмеден, белбеуден К. қызбен, хатпен, бөлмемен, белбеумен. Парадигмада берілгендей зат есімнің түбір сөздерінің бәрі тікелей септік жалғауын қабылдап, септік жүйесімен түрлене алады. Септік категориясы зат пен заттың, зат пен қимыл-әрекеттің арасындағы қарым-қатысты білдіреді. Бұл септіктің жалпы мағынасы. Бірақ септіктердің әрқайсысының өзіндік мағынасы бар, ол мағынаны білдіретін көрсеткіштері бар. Атау септік Бұл септіктің жалғауы жоқ. Бұл жағдай септік жүйесінің өз ерекшелігі, ол барлық қолданыста осы тұлғаны сақтайды.Атау септіктегі сөз сөйлемнің бастауыш мүшесі қызметін атқарады. Ілік септік Ілік септіктің басты грамматикалық мағынасы меншікті заттың иесін білдіру. Ілік септік қолданыста жалғаусыз, нөлдік тұлғада қолданыла береді, бірақ ол мағынаға әсер етпейді. Барыс септік Барыс септік заттың, қимыл-әрекеттің кімге, неге, қайда бағытталғанын яғни бағытын сандық белгінің қатысты затын білдіреді. Табыс септік Табыс септіктегі сөз қимылға түсетін затты, яғни қимылдың нысанын білдіреді. Мысалы, өлеңді айт, биді биле, кітапты оқы, әңгімені жалгастыр т.б. Жатыс септік Жатыс септік істің, қимылдың жасалу орнын, мезгілін, мекенін, көлемін білдіреді. Осы мағыналарына байланысты жатыс септік тұлғадағы сөз сөйлемнің мекен, мезгіл толықтауыш, жанама толықтауыш қызметін атқарады. Шығыс септік Шығыс септік қимыл-әрекеттің қайдан басталғанын, қайдан шыққанын, яғни шыққан орнын, себебін, мезгілін, мөлшерін білдіреді. Мысалы, Арман етіп серкелікті, Арда кез мезгілінен ерте өліпті (Қ.М.). Мен үйден де, күйеуден де кетпеймін (М.Ш.). Бір жылдан бері қарап жүрмін (М.Ш.). Көмектес септік Көмектес септік тілде кеш қалыптасқан септік. Бұл септіктің мағыналық құрамы күрделі, ол бірнеше мағынада қолданылады. Аналитикалық септік Септік категориясы мағынасының көмекші сөздердің қатысуы арқылы күрделенген түрі аналитикалық септік деп аталады. Мысалы, үйдің іші, үйдің ішіне, жұмыстан кейін, үйге қарай, үй ішін, үйден гөрі, мерзімінен бұрын, жолдасымен бірге сияқты көмекші сөздер арқылы септелген зат есімдер немесе септелген зат есім мен септеулік шылау тіркескен сөздер аналитикалық септікке жатады да, ол сөздер септіктің аналитикалық тұлғасындағы сөздер деп аталады. Аналитикалық септікте зат есімге көмекші есім тіркесіп қолданылғанда, зат есім мен көмекші есімді ілік септік жалғауы мен тәуелдік жалғаудың 3-жағы байланыстыратыны айтылды. 53\. **Зат есімнің жіктелуі** Зат есім сөздер сөйлемде өзінің грамматикалық категорияларының көрсеткіштері арқылы түрленіп, әр түрлі грамматикалық тұлғада қолданылады. Тілде зат есім сөздердің басқа тұлғада да қолданылуы бар. Мысалы, Бізге жаусың сен! (М.М.). Міне, дауыл болар алдынан қырда жылтылдайтын зеңгір оттар сол жүректің ұшқындары (М.Ж.). Сенің атаңмын, мен сені кешейін (М.Ж.). Мен қартпын (М.Ж.). Оның өмірі аяныш өмір (М.Ж.). Бүгіннен бастап, Мағжан, сен де менің шәкіртімсің (Ж.А.). Осы мысалдардағы атаңмын, қартпын сөздері 1-жақтағы сөздер, жаусың, шәкіртімсің 2-жақтағы, ұшқындары, өмір 3-жақтағы зат есімдер. Жіктік жалғаулары баяндауыш сөзге жалғанатын қосымшалар болғандықтан, олар осы мысалдардағы баяндауыш зат есімдерге жалғанған. Бұл жіктік жалғауы арқылы зат есімнің түрленуі оның синтаксистік қызметімен байланысты екенін дәлелдейді. Баяндауыш қызметінде зат есім жіктеу жүйесімен толық түрленеді, бұл парадигмада жіктік жалғау түбір зат есімге тікелей жалғанады, тек 3-жақта нөлдік жалғауда тұрады. Зат есімнің жіктелу парадигмасы Жекеше Зат есімнің жіктелу парадигмасы 1-жақ: баламын, оқушымын, жігітпін 2-жақ: баласын, оқушысың, жігітсің Сыпайы: баласыз, оқушысыз, жігітсіз 3-жақ: бала, оқушы, жігіт. Көпше 1-жақ: баламыз, оқушымыз, жігітпіз 2-жақ: баласындар, оқушысыңдар, жігітсіңдер Сыпайы: баласыздар, оқушысыздар, жігітсіздер ![](media/image2.jpeg)3-жақ: бала, окушы, жігіт 54\. **Сын есімнің лексика-грамматикалық сипаты** ![](media/image4.jpeg) ![](media/image6.jpeg)55. **Сын есімнің мағыналық топтары** Шындық өмірдегі заттар түрлі болғандықтан, олардың сындық белгілері де сан алуан. Сын есім сөздер заттың сапасын, түрлі қасиетін, көлемін, аумағын, мезгілге қатысын, заттың белгісінің басқа заттарға қатысын т.б. белгілерін білдіреді. Осымен байланысты сын есім мағыналық құрамы өте күрделі сөз табы. Сын есімнің мағыналық ерекшеліктеріне карай мынадай мағыналық топтарын көрсетуге болады: 1\. Заттың түсін білдіретін сын есімдер: ақ, қызыл, қара, көк, қоңыр, жасыл, сары, теңбіл, ала т.б. 2\. Заттың дәм белгісін білдіретін сын есімдер: тәтті, ащы, қышқыл, дәмді, тұщы т.б. 3\. Заттың иіске қатысын білдіретін сын есімдер: иісті, хош иісті, сасық т.б. 4\. Заттың көлемдік белгісін білдіретін сын есімдер: үлкен, кіші, ұзын, қысқа, т.б. 5. Заттың мезгілдік белгісін білдіретін сын есімдер: қысқы, жазғы, күзгі, түнгі, кешкі т.б. 6. Адамның келбетін білдіретін сын есімдер: әдемі, келбетті, түрсіз, ұсқынсыз, сұлу, көрікті т.б. 7\. Адамның мінез-құлқына қатысты белгіні білдіретін сын есімдер: әдепті, әдепсіз, жуас, топас, жеңілтек, тәртіпсіз, зұлым, мейірімсіз, қатал т.б. 8\. Заттың физикалық белгісін білдіретін сын есімдер: қатты, жұмсақ, берік т.б. 9\. Заттың сыртқы тұлғасын білдіретін сын есімдер: үшкір, төртбақ, сопақ, дөңгелек, жалпақ, ұзынша т.б. 10\. Заттың салмақ белгісін білдіретін сын есімдер: жеңіл, салмақты, ауыр т.б. 11\. Адамның ақыл-ой белгісін білдіретін сын есімдер: ақылды, парасатты, надан, көргенсіз, көргенді, сауатты, сауатсыз т.б. 12.Заттың мекен белгісін білдіретін сын есімдер: үйдегі, қаладағы, таудағы, ауылдағы т.б. 13\. Теңеу сыны: ақындай, баладай, таудай, инедей т.б. 14\. Көңіл-күй сыны: көңілді, көңілсіз, шат-шадыман, тұңғиық, қайғылы, ренішті т.б. 15\. Қалып сыны: ашық, жабық, құрғақ, жұмсақ, қатты, қалың, жұқа, сирек, жиі т.б. 16\. Адамның сыртқы бейнесіне қатысты сындық белгілер: толық, арық, жуан, жіңішке, төртбақ, тапал, қысқа т.б. 56\. Сын есімнің шырай категориясы, зерттелуі Сын есімнің грамматикалық шырай категориясымен сапа сындары ғана түрленеді. Шырай деп сындық белгінің әр түрлі заттардағы дәрежесін білдіретін грамматикалық категория аталады. Мысалы, қызық, қызығырақ, қызықтау, қып қызық, өте қызық, ең қызық, тым қызық, аса қызық, тіпті қызық дегендердің бәрі бір қызық деген лексикалық мағыналы сөздің шырайдың түрлі тұлғасындағы сөздер. Мұндағы қызық деген сала сыны сындық белгінің негізгі дәрежесін білдіреді, қызығырақ, қызықтау деген сөзтұлғалары салыстырмалы шырайдың тұлғасындағы сапа сындары. Олар сапаның төменгі дәрежесін білдіреді. Ал, қып қызық, өте қызық, ең қызық, тым қызық, аса қызық, тіпті қызық деген сөзтұлғалар сындық белгінің жоғарғы дәрежесін білдірген. Бұл мысалда осы грамматикалық сөзтұлғалар -- бір шырай категориясы арқылы түрленген сөздер. Бұдан сындық белгінің үш түрлі дәрежесі бары байқалды, олар- белгінің негізгі дәрежесі, төменгі дәрежесі, жоғарғы дәрежесі. Сапа сындары сөйлемде осы үш дәреженің бірінде қолданылады. Шырайдың осы үш түрлі мағынасына қарай оның үш түрі бар: жай шырай, салыстырмалы шырай, күшейтпелі шырай. Жай шырай Жай шырай деп сындық белгінің негізгі дәрежесін білдіретін шырай аталады. Жай шырай тұлғасы жағынан сапа сындарының сөздіктегі тұлғасымен сай келеді. Бірақ олардың мағыналары бірдей емес. Мысалы, ул-к-е-н үй, қ-ы-з-ы-қ уақиға! Деген қолданыстағы ул-к-е-н сөзі сөздіктегі үлкен сапа сынының, қ-ы-з-ы-қ деген мен сөздіктегі қызық сапа сынының мағынасы бір емес. Өйткені қолданыста жай шырай түрлі шырайлық реңкке ие болады. Бұл жай шырайдың қолданыста өзіндік ерекшелігі барын білдіреді, сондықтан ол шырайдың бір түрі болып саналады. Жай шырайдың мағыналық ерекшеліктерін білдіретін мынадай көрсеткіштері мен әдістері бар: 1\. Жай шырай сапаның негізгі дәрежесін білдіретіні айтылды, ал ғылымда мағына бар жерде оның көрсеткіші бар деп, ал оны білдіретін көрсеткіш болмаса, ол нөлдік жұрнақ (морфема) деп саналады. 2\. Интонация арқылы да сөйлеуші сапа сыны туралы өзінің көңіл- күйін білдіреді. Мысалы, Ал бойына біткенін атаң, сол Мыңжасар осы жүрген көп қазағыңнан әрі ақылды, әрі намыскер және қайсар да өжет! (М.Ә.) 3\. Жай шырай тұлғасындағы сын есімнің алдынан қандай, қалай есімдігі тіркесіп, сындық белгінің сапасына таңдану, ризашылық мәнін қосады. 4\. Одағай сөздер де сындық белгіні құбылта алады, әр түрлі реңк қосады. Мысалы, «О, сорлы ауыл!- деп, өкінді Асқар ішінен, жаралы ауыл!» (С.М.). 5\. Демеулік шылаулары да сөйлеушінің көңіл- күйін, ризалығын, пікірін қосады. Мысалы, Шіркін, жеңгей-ай! Ұстаган асыңның дәмдісі- ай! (С.М.). 6\. Әдетте жай шырайда салыстыру мәні жок деп саналады. Бірақ кейде жай шырай да салыстыру мәнінде қолданылады. Салыстырмалы шырай Салыстырмалы шырай деп сандық белгінің, сапаның төменгі дәрежесін білдіретін шырайдың түрі аталады. Сапаның төменгі дәрежесі сапаның негізгі дәрежесінен сәл ғана жоғары дәреженірақ,-рек,-ырақ,-ірек, -лау,-леу,-дау,-деу,-тау,-теу жұрнақтары арқылы білдіреді. Салыстырмалы шырай тұлғасындағы сөздер сөйлемде анықтауыш, баяндауыш, пысықтауыш қызметін атқарады. Мысалы, кесектеу, күштірек, кішірек, суықтау деген салыстырмалы шырай тұлғадағы сындық белгілерді кесек, күшті, кіші, суық деген негізгі сындармен салыстырғанда, олардың айырмасы бары, сәл жоғары екені байқалады, бірақ олар жоғарғы дәрежені білдірмейді. Күшейтпелі шырай Күшейтпелі шырай деп сапа сынының, сындық белгінің ең жоғары дәрежесін білдіретін шырайдың түрі аталады. Күшейтпелі шырай күшейткіш буын мен күшейткіш көмекшілер арқылы жасалады. Күшейткіш буын, күшейткіш көмекшілермен жасалған күшейтпелі шырай сөзтұлғасындағы сөз аналитикалық сөзтұлғаға жатады. Өйткені күшейтпелі шырай жұрнақтар арқылы емес, көмекшілер арқылы жасалады. Грамматикалық мағына көмекшілер арқылы жасалғанда, олар аналитикалық сөзтұлға жасайды. Мысалы, Бір жұма қатты аурудың соңынан Абай салдырап, аса жүдеу, өте әлсіз күйде ес жия бастады (М.Ә.). Күшейтпелі шырай салыстыру мағынасын білдірмейді, ол тек заттағы сапаның жоғары дәрежесін салыстырусыз білдіреді. Мысалы, өте сұлу қыз, аса ақылды адам, өте білімді кісі дегендерде олар белгілі бір заттың ғана жоғары сапасын білдірген.